БН-350 реакторының ядролық материалдарын кәдеге жаратуға қатысты қазақстан-американ бастамасын iске асыру жөнiндегi шаралар туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң қаулысы 1998 жылғы 20 наурыздағы N 239

      Қазақстан Республикасының Президентi мен АҚШ-тың Вице-президентi 1997 жылғы 18 қарашада қол қойған Қазақстан-американ бiрлескен комиссиясының қорытынды баяндамасына сәйкес БН-350 реакторының ядролық материалдарын кәдеге жаратуға қатысты қазақстан-американ бастамасын iске асыру туралы уағдаластыққа және Қазақстан Республикасының Ғылым министрлiгi - Ғылым академиясы мен АҚШ-тың Энергетика министрлiгi арасындағы БН-350 ядролық материалдарын ұзақ мерзiмдi орналастыруға қатысты 1997 жылғы 18 қарашадағы Атқару шартына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
      1. Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлiгi, Ғылым министрлiгi - Ғылым академиясы Қазақстан Республикасының мүдделi мемлекеттiк органдарымен, ұйымдарымен және американдық қатысушылармен бiрлесе отырып:
      "Маңғышлақ атом энергетикасы комбинаты" республикалық акционерлiк қоғамының БН-350 реакторының пайдаланылған ядролық отынын тұрақтандыру мен буып-түю;
      пайдаланылған ядролық отынды Қазақстан Республикасының Ғылым министрлiгi - Ғылым академиясы Ұлттық ядролық орталығының "Байкал - 1" алаңына ядролық материалдарды есепке алу мен бақылаудың мемлекеттiк жүйесiнiң және МАГАТЭ кепiлдiктерi жүйесiнiң талаптарын орындай отырып тасымалдау және сақтауға беру жөнiндегi жұмысты ұйымдастырсын.
      2. Қазақстан Республикасының Көлiк және коммуникациялар министрлiгi, Iшкi iстер министрлiгi Ұлттық қауiпсiздiк комитетiмен келiсе отырып, ТН-350 пайдаланылған отынын тасымалдауды және тасымалдау кезiнде оның МАГАТЭ талаптарына сәйкес физикалық қорғалуын қамтамасыз етсiн.
      3. Қазақстан Республикасының Ғылым министрлiгi - Ғылым академиясына Қазақстан Республикасының мүдделi министрлiктерi мен ведомстволарының, кәсiпорындары мен ұйымдарының БН-350 реакторынан алынған пайдаланылған отынды қауiпсiз сенiмдi қоймаға сақтауға орналастыру жөнiндегi бағдарламаның американдық қатысушыларымен өзара iс-қимылын үйлестiру жүктелсiн.
      4. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлiгi Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы континентаралық баллистикалық ракеталардың шахталық ұшыру қондырғыларын жоюға, апатты жағдайлардың салдарын жоюға және ядролық қарудың таралуын болдырмауға қатысты 1993 жылғы 13 желтоқсандағы Келiсiмге сәйкес Қазақстан Республикасының Ғылым министрлiгi - Ғылым академиясы мен АҚШ Энергетика министрлiгi арасындағы БН-350 ядролық материалдарын ұзақ мерзiмдi орналастыруға қатысты 1997 жылғы 18 қарашадағы Атқарушы Шартқа сәйкес жүзеге асырылатын өнiм беру мен жұмыстарды салықтардан, баждардан және басқа да алым алудан босатсын.
 

     Қазақстан Республикасының

         Премьер-Министрi



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады