Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Мажар Республикасы Үкiметiнiң арасындағы халықаралық жолаушылар мен жүктердiң автомобиль тасымалдаулары туралы келiсiмдi бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Қаулысы 1998 жылғы 21 сәуiрдегi N 374

      Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
      1996 жылы 7 қазанда Будапешт қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Мажар Республикасы Үкiметiнiң арасындағы халықаралық жолаушылар мен жүктердiң автомобиль тасымалдаулары туралы келiсiм бекiтiлсiн.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Мажар Республикасы Үкiметiнiң арасындағы халықаралық жолаушылар мен жүктердiң автомобиль тасымалдаулары туралы
КЕЛIСIМ

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Мажар Республикасының Үкiметi (бұдан әрi - Келiсушi Жақтар деп аталады),
      халықаралық автомобиль қатынасы саласында мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты бұдан әрi дамытудың қажеттiгiн басшылыққа ала отырып,
      екi мемлекет арасында, сондай-ақ олардың аумағы арқылы транзитпен автомобиль қатынасын жүзеге асыруды жеңiлдетуге ұмтыла отырып,
      осы мәселелердi өзара көмек, ынтымақтастық пен өзара пайда рухында реттеуге ынталана отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

I Бөлiм
Қолдану саласы мен түсiнiктердi анықтау
1-бап

      1. Келiсушi Жақтар осы Келiсiммен Қазақстан Республикасы мен Мажар Республикасының арасындағы, олардың аумағы бойынша транзитпен, сондай-ақ үшiншi елдерге немесе керi қарай Келiсушi Жақ мемлекетiнiң аумағында тiркелген автокөлiк құралдарымен орындалатын халықаралық жолаушы және жүк тасымалдарын реттейдi.
      2. Осы Келiсiм Келiсушi Жақтардың өзара мiндеттi болып табылатын бiр-бiрiмен бекiткен халықаралық келiсiмдерiнен, шарттарынан және ережелерiнен туындайтын мiндеттемелерi мен құқықтарын қамтымайды.

2-бап

      Осы Келiсiмде
      "Тасымалдаушы":
      - жеке немесе заңды тұлға, сондай-ақ Мажар Республикасы үшiн - бiр Келiсушi Жақ мемлекетiнiң аумағында тiркелген және осы мемлекеттермен төлем үшiн немесе пәрмендi ұлттық заңдар мен ережелерге сай өз есебiнен автокөлiк тасымалын орындауға жiберiлген заңды тұлға болып табылмайтын - экономикалық қоғам; 
      "Автокөлiк құралы": 
      жолаушыларды тасымалдаған кезде: 
      - техникалық талаптарға сай жүргiзушiнiң орнын қоса есептегенде, отырар орындықтары 9-дан артық болатын, жолаушылар тасымалдауға арналған механикалық жүргiзгiшi бар автобус немесе кез келген автокөлiк құралы, сондай-ақ жеке багаж тасымалдауға арналған тiркеме; 
      жүктердi тасымалдаған кезде: 
      - жүк тасымалдауға арналған механикалық жүргiзгiшi бар кез келген автокөлiк құралы, немесе бiр Келiсушi Жақ мемлекетiнiң аумағында автопойыз тартқышы тiркелген жағдайда, тiркемелер мен жартылай тiркемелердi қосқанда, техникалық талаптарға сай қайта құрастырылған автокөлiк құралы; 
      "жолаушыларды автобуспен жүйелi тасымалдау": 
      алдын ала анықталған және жарияланған кесте, тариф бойынша белгiлi қозғалыс жиiлiгiмен және алдын ала анықталған аялдамалар пункттерiнде жолаушыларды тиеу мен түсiру жүргiзiлетiн маршрут барысы бойынша жүзеге асырылатын тасымалдар; 
      "жолаушылардың автобуспен жүйесiз тасымалдары": 
      а) ылғи да, бiр топ жолаушылар сол бiр автокөлiк құралымен жөнелту пунктiнен автокөлiк құралы тiркелген тiркеу мемлекетiндегi бағыт алған пунктке және осындай жол жүру кезiнде жолаушылардың дербес құрамы өзгермейтiн, тасымалдар; 
      б) дербес құрамы өзгермейтiн-бiр топ жолаушылар автокөлiк құралы тiркелген мемлекеттен басқа мемлекетке және автокөлiк құралы бос қайтатын, тасымалдар; 
      "Жолаушыларды автобуспен маятниктi тасымалдау": 
      - бiр жөнелту пунктiсiнен бiр бағыт алған пунктке алдын ала қалыптасқан жолаушылармен керi жол жүру кезiнде жөнелту пунктiне, бiрiншi тасымалдан кейiн автокөлiк құралы бос қайтатын және соңғы тасымалдың алдында екiншi Келiсушi Жақ мемлекетiнiң аумағына бос жiберiлетiн көп реттi тасымал.
      "Каботаж тасымалы":
      - бiр Келiсушi Жақ мемлекетiнiң тасымалдаушыларымен екiншi Келiсушi Жақ мемлекетiнiң аумағында орналасқан екi пункттер арасында орындалатын тасымал.

II Бөлiм
Жолаушы тасымалдары
3-бап

      1. Осы Келiсiмге сай жолаушылардың автобус тасымалдары, осы баптың 5 тармағында көрсетiлген тасымалдарды қоспағанда, рұқсаттар негiзiнде жүзеге асырылатын болады. 
      2. Келiсушi Жақтар мемлекетiнiң құзырлы органдарының өзара келiсiмi бойынша жолаушылардың автобуспен жүйелi тасымалдарына рұқсат берiледi. 
      Әрбiр Келiсушi Жақ мемлекетiнiң құзырлы органдары өз аумағы бойынша өтетiн маршрут бөлiгiне ғана рұқсат бередi. 
      Келiсушi Жақтар мемлекетiнiң құзырлы органдары жалпы уағдаластық негiзде рұқсат беру жағдайын белгiлейдi, жеке алғанда, рұқсат күшiнiң мерзiмi, кесте мен қолданылатын тарифтер. 
      3. Жолаушылардың автобуспен жүйелi тасымалдауларына рұқсат беру туралы өтiнiш, Келiсушi Жақ мемлекеттерiнiң құзырлы органдарымен бiр-бiрiне жiберiледi. Өтiнiште маршрут, кесте және тарифтер туралы мәлiметтер, сондай-ақ қозғалыстың ашылуына жобаланған уақыты көрсетiлуi тиiс. 
      4. Өтiнiштiң мазмұны мен нысаны, сондай-ақ рұқсаттар Келiсушi Жақ мемлекеттерiнiң құзырлы органдарымен анықталады. 
      5. Мына автобустармен жолаушы тасымалдарын орындау үшiн рұқсаттар талап етiлмейдi: 
      а) дербес құрамның бiр тобы, автобус тiркелген Келiсушi Жақ мемлекетiнiң аумағында басталған және аяқталған және осындай жол жүру кезiнде жолаушылардың дербес құрамы өзгермеген жағдайда, бүкiл жол бойы бiр автобуспен тасымалданған жағдайда; 
      б) автобус тiркелген бiр Келiсушi Жақ мемлекетiнiң аумағында басталған және тасымалдан кейiн автобус бос қайтқан жағдайда, екiншi Келiсушi Жақ мемлекетiнiң аумағында аяқталатын бүкiл жол жүру бойындағы бiр бағытта, бiр автобуспен, бiр дербес құрам тасымалданған жағдайда; 
      в) транзит қозғалысы кезiнде жүйелi емес тасымал жағдайында; 
      жүйеленген жағдайларды қоспағанда, барлық тасымал кезiнде, автобуста болуы тиiс жолаушылар тiзiмi талап етiледi. 
      6. Бұзылған автобусты пайдалануға жарамды автобуспен алмастыру кезiнде, бұл автобуспен осы баптың 5 тармағында көрсетiлген тасымалды жүзеге асырған жағдайда, рұқсат талап етiлмейдi. 

4-бап  

      Жолаушыларды автобуспен маятник тасымалы арқылы тасымалдаған кезде екiншi Келiсушi Жақ мемлекетiнiң құзырлы органының кепiлдемесi бойынша бiр Келiсушi Жақ мемлекетiнiң құзырлы органының рұқсаты талап етiледi. Тасымалдаушылар жолаушыларды автобуспен маятник тасымалы арқылы тасымалдауға өтiнiштi өз мемлекетiнiң құзырлы органдарына бередi, олар бұл сұранымды қарап, бұл жөнiндегi өз кепiлдемесiн екiншi Келiсушi Жақ мемлекетiнiң құзырлы органына жiбередi.

5-бап

      Бiр Келiсушi Жақ мемлекетiнiң аумағында екiншi Келiсушi Жақтың бос автобустары кiруi үшiн, 3-баптың 5 және 6 тармақтарында айтылған жағдайларды қоспағанда, осы Келiсушi Жақ мемлекетiнiң құзырлы органдарымен берiлетiн жеке рұқсат қажет.

II Бөлiм
Жүк тасымалдары
6-бап

      1. Осы Келiсiмнiң 7-бабында көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, Келiсушi Жақ мемлекеттерi аумақтарының арасында, олардың аумағы арқылы транзитпен, немесе үшiншi мемлекетке немесе үшiншi мемлекеттен жүк тасымалдау, Келiсушi Жақтар мемлекеттерiнiң құзырлы органдарымен берiлетiн рұқсаттар негiзiнде жүзеге асырылады. 
      2. Әрбiр рейске және әрбiр автокөлiк құралына жеке рұқсат берiлуi тиiс. Әрбiр рұқсат солай және керi қарай бiр рейс жасауға ғана құқық бередi. Бiр Келiсушi Жақ мемлекетiнiң аумағына кiрушi бос автокөлiк құралы үшiн де рұқсат талап етiледi. Автопойызбен жүк тасымалдаған кезде тартқыш үшiн ғана рұқсат қажет. 
      3. Рұқсаттың екi түрi бар: 
      а) негiзiнде екi Келiсушi Жақ мемлекетiнiң аумағынан арасында тасымал, сондай-ақ екiншi Келiсушi Жақ мемлекетiнiң аумағы арқылы тасымал жүзеге асырылатын әмбебап рұқсаттар (екiжақты/транзиттiк); 
      б) негiзiнде бiр Келiсушi Жақ мемлекетiнен үшiншi мемлекетке немесе үшiншi мемлекеттен екiншi Келiсушi Жақ мемлекетiне тасымал жүзеге асырылатын, үшiншi мемлекетке рұқсат. 
      4. Осы баптың 3 тармағында көрсетiлген рұқсат түрлерi мынадай болуы мүмкiн: 
      а) салық/алым төлеуi бар (Мажар Республикасының аумағында - автокөлiк құралының салығы, Қазақстан Республикасының аумағында - автокөлiк құралының алымы), 
      б) көрсетiлген салық/алымды төлемеу арқылы. 
      5. Келiсушi Жақтардың құзырлы органдары жыл сайын Аралас комиссияның мәжiлiсiнде осы Келiсiмнiң 14-бабының 1 тармағында көрсетiлген тең негiзде салық/алым төлеусiз өзара берiлетiн рұқсаттар санын, сондай-ақ автомобиль тасымалдаушыларына салық/алым төлеу арқылы тасымал орындауға құқық беретiн рұқсаттар санын анықтайды. 
      6. Келiсушi Жақтар мемлекетiнiң құзырлы органдары өзара келiсiлген рұқсат бланкiлерiнiң санын бiр-бiрiне тапсырады. Әрбiр Келiсушi Жақ мемлекетiнiң құзырлы органдары рұқсат бланкiлерiн дербес әзiрлейдi. 
      7. Тасымалдаушыларға жүк тасымалын орындауға рұқсатты автокөлiк құралы тiркелген мемлекеттiң құзырлы органы бередi. Рұқсат тек тасымалдаушыға берiледi және үшiншi тұлғаға тапсыруға жатпайды. 
      8. Осы Келiсiмде ескертiлген рұқсаттар екiншi Келiсушi Жақ мемлекетiнiң аумағында орындалатын тасымалдар барысында автокөлiк құралында болуы тиiс және бақылауға құқығы бар органдардың талап етуiмен ұсынылатын болады. 
      9. Рұқсат күнтiзбелiк жылға және келесi жылдың 31 қаңтарына дейiн жарамды. 

7-бап  

      1. Мына тасымалдаулар үшiн рұқсаттар, сондай-ақ салық пен алым төлемдерi (Мажар Республикасының аумағында - автокөлiк құралына салық, Қазақстан Республикасының аумағында - автокөлiк құралына алым) талап етiлмейдi: 
      а) көшi-қон кезiнде қозғалмалы мүлiктердi; 
      б) жәрмеңке мен көрмелер үшiн арналған экспонаттарды, жабдықтар мен материалдарды; 
      в) көлiк құралдарын, хайуандарды, спорт шараларын жүргiзуге арналған спорт құрал-саймандары мен мүлiктердi; 
      г) театрдағы сахна көркi мен реквизиттердi, музыка аспаптарын, кино түсiрулер, радио, теледидар хабарлары мен цирк көрiнiстерiне арналған жабдықтарды;
      д) қайтыс болғандардың денелерi мен мәйiттерiн;
      е) бұзылған көлiк құралдарын;
      ж) тасымал жiберушiмен немесе қарсы алушы органмен немесе оның ведомствосымен расталған жағдайда, табиғи апат, қирау болған кезде жедел көмек көрсету бойынша;
      з) пошта жiберiлiмдерiн;
      и) жалпы салмағы тiркемелердi қосқанда 7,5 тоннадан немесе оның жүк көтерiмдiлiгi 3,5 тоннадан аспайтын жүк автокөлiк құралдарымен орындалатын;
      2. Бiр Келiсушi Жақ мемлекетiнiң тасымалдаушылары үшiн сатып алынған жүк автокөлiк құралының бiрiншi бос жол жүруi үшiн рұқсаттар талап етiлмейдi.

IV Бөлiм
Жалпы ережелер
8-бап

      Жолаушылар мен жүктердi каботажбен тасымалдауға рұқсат етiлмейдi. Келiсушi Жақтар мемлекетiнiң құзырлы органдары осындай тасымалдаулар үшiн ерекше жағдайда ғана рұқсат етедi.

9-бап 

      1. Автокөлiк құралының жүргiзушiсi өздерiнiң басқаратын көлiк құралының санатына сай ұлттық немесе халықаралық жүргiзушi куәлiгi болуы тиiс және Жол қозғалысы туралы ООН/ЕЭК Конвенциясына сай (1968 ж.) келетiн автокөлiк құралына ұлттық тiркеу құжаты болуы тиiс. 
      2. Келiсушi Жақтар мемлекеттерiнiң тасымалдаушылары және автокөлiк құралының жүргiзушiлерi аумағында жолаушы және жүк тасымалдарын жүзеге асыратын мемлекеттiң жол қозғалысының ережелерi мен құқылық қалыптарын сақтауға мiндеттi. 
      3. Салмағы немесе мөлшерi екiншi Келiсушi Жақ мемлекетiнiң аумағында анықталған ең көп салмақ мөлшерiнен асатын арнайы автопойыздармен жүк тасымалдауды, осы Келiсушi Жақ мемлекетiнiң құзырлы органдарының арнайы рұқсатын алған соң ғана бастауға болады. 
      Келiсушi Жақтар мемлекетiнiң құзырлы органдары арнайы рұқсат беру туралы сұрауға, өтiнiш алған күннен бастап 10 күннен кешiктiрмей жауап беруi тиiс. 
      4. Осы баптың 3 тармағында ескертiлген рұқсаттар автокөлiк құралының белгiлi маршрутта қозғалысын шектеген жағдайда, тасымал осы маршрут бойында ғана жүзеге асырылуы тиiс. 
      5. Келiсушi Жақтардың екеуi де қауiптi жүктердi тасымалдау кезiнде Автомобиль тасымалдауларындағы қауiптi жүктер жөнiндегi Еуропалық Шарт (ДОПОГ (ADR)) қалыптары мен ережелерiн орындауға мiндеттенедi.

10-бап  

      Бiр Келiсушi Жақ мемлекетiнiң құзырлы органдары екiншi Келiсушi Жақ мемлекетiнiң құзырлы органдарының келiсiмi бойынша жолаушылар мен жүк тасымалын ұйымдастыру мақсатында соның аумағында өз уәкiлдерiн құрылтайшылауы мүмкiн.

11-бап  

      1. Бiр Келiсушi Жақ мемлекетiнiң аумағында осы Келiсiмнiң шеңберiнде тасымал орындаушы бұзылған автокөлiк құралын жөндеу үшiн әкелiнген қосалқы бөлшектер салықтарда, баж және алым төлеуден босатылады. 
      2. Алмастырылған қосалқы бөлшектер автокөлiк құралы тiркелген мемлекетке керi қайтарылады немесе кедендiк органдардың бақылауымен жойылады. 
      3. Көлiк құралында жасаушы-зауытпен қондырылған бактердегi 200 литрге дейiнгi отын көлемi кедендiк баждар мен алымдардан босатылады. 
      4. Осы Келiсiм негiзiнде тасымалды жүзеге асырушы және салықсыз рұқсаты бар автокөлiк құралдары, оны иеленуге және пайдалануға байланысты барлық салықтардан және алымдардан босатылады. 
      5. Осы баптың 1 тармағындағы ережелер автострада, тоннель көпiр және инженерлiк-техникалық жол құрылыстарының жеке учаскелерi бойынша жол жүргенi үшiн алынатын салықтар мен алым төлеуге, сондай-ақ автомобильдiң рұқсат етiлген жалпы салмағынан асқанда және/немесе Келiсушi Жақ мемлекетiнiң ұлттық заңдарымен белгiленген оске әрекет ету күшi жоғары болғанда төленетiн айыппұлға таратылмайды.

12-бап

      Шекаралық, кедендiк және санитарлық бақылауға қатысты Келiсушi Жақ мемлекетiнiң ұлттық заңдарының ережелерi, сондай-ақ қатысушылары екi Келiсушi Жақ болып табылатын халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.

13-бап

      Жолаушылардың автобуспен жүйелi тасымалдарында және хайуандарды, тез бұзылатын және қауiптi жүктердi автомобиль көлiгiмен тасымалданған кезде Келiсушi Жақ мемлекетiнiң тиiстi шекаралық, кедендiк және санитарлық органдары кезексiз бақылау жасайтын болады. 

14-бап 

      1. Осы Келiсiмнiң ережелерiн орындау үшiн және туындаған дау-дама мәселелерiн тез шешу үшiн Келiсушi Жақтар өз мемлекетiнiң құзырлы органдарының өкiлдерiнен Аралас Комиссия құрады. Аралас Комиссияның мәжiлiсi Келiсушi Жақ мемлекеттерiнiң аумағында кезекпен жыл сайын бiр реттен сиретiлмей жүргiзiлетiн болады. 
      2. Аралас Комиссия осы Келiсiмнiң толықтырулары мен өзгерiстерiне қажеттi ұсыныстарды беруi мүмкiн. Осындай өзгерiстер немесе толықтырулар әрбiр Келiсушi Жақтың, оны бекiткенi жөнiнде нота алмасқан сәттен бастап күшiне енедi.

15-бап 

      1. Келiсушi Жақ мемлекеттерiнiң құзырлы органдары өз тасымалдаушыларының осы Келiсiмнiң ережелерiн сақтауын қамтамасыз ететiн болады. 
      2. Екiншi Келiсушi Жақ мемлекетiнiң аумағында автомобиль тасымалына және жол қозғалысына байланысты пәрмендi құқылық қалыптар мен ережелердi, сондай-ақ осы Келiсiмнiң ережелерiн бұзған тасымалдаушылар мен жүргiзушiлерге қатысты аумағында осындай ереже бұзу болған мемлекеттiң құзырлы органдары мына шараларды қабылдайды: 
      а) ескерту; 
      б) ереже бұзу болған Келiсушi Жақ мемлекетiнiң аумағы бойынша тасымал орындау құқығын уақытша, жартылай немесе толық алып алу. 
      3. Осы баптың 2 тармағының негiзiнде қабылданған шаралар туралы Келiсушi Жақ мемлекеттерiнiң құзырлы органдары бiр-бiрiне хабарлайды. 
      4. Осы баптың ережелерi iшкi ұлттық заңдарына сай ереже бұзу болған мемлекеттiң әкiмшiлiк органының немесе соттың қабылдауы мүмкiн шараларына кедергi болмайды. 

16-бап 

      1. Келiсушi Жақтар Атқару Хаттамасында осы Келiсiмдi орындау ережелерiн анықтайды. Атқару Хаттамасына Келiсiммен бiрге қол қойылады және оның ажырамас бөлiгi болып табылады. 
      2. Осы Келiсiмнiң 14-бабына сай құрылған Аралас Комиссия Атқару Хаттамаға осы баптың 1 тармағында көрсетiлген өзгертулер мен толықтырулар жөнiнде ұсыныс енгiзуге құқықты. 
      Осындай өзгертулер мен толықтырулар, оларды, Келiсушi Жақтар бекiткен соң күшiне енедi.

17-бап 

      1. Осы Келiсiм Келiсушi Жақтардың өзара мемлекет iшiнiң процедураларын орындағанын растайтын соңғы мәлiмдеменiң дипломатиялық арналар бойынша түскен күнiнен бастағанда 30-шы күнi күшiне енедi. 
      2. Осы Келiсiм бес жыл бойы күшiнде болады, бұдан әрi оның күшi келесi бес жылға, Келiсушi Жақтардың бiрi оның күшiн тоқтатқаны жөнiнде, 6 ай мерзiм iшiнде, бiр-бiрiне жазбаша хабарламаған жағдайда, өзiнен өзi созылады.
      1996 жылы 7 қазанда Будапешт қаласында екi дана болып, әрқайсысы қазақ, мажар және орыс тiлдерiнде, әрi барлық мәтiндердiң күшi бiрдей жасалды.
      Келiсушi Жақтар түсiндiру мәселесiне келгенде орыс тiлiндегi мәтiндi пайдаланатын болады.

      Қазақстан Республикасының             Мажар Республикасының
          Үкiметi үшiн                         Үкiметi үшiн

Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Мажар Республикасы Үкiметiнiң арасындағы халықаралық жолаушы мен жүктердi автомобильмен тасымалдау туралы Келiсiмдi қолдану ережелерi туралы
АТҚАРУ ХАТТАМА

      Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Мажар Республикасы Үкiметiнiң арасындағы 199 "___" ____________ қаласында қол қойылған халықаралық жолаушылар мен жүктердiң автомобиль тасымалдары туралы Келiсiмдi қолдануға қатысты мына уағдаластыққа қол жеткiзiлдi:
      1. Аталмыш Келiсiмде мыналар құзырлы органдар болып табылады:
      Қазақстан Республикасы жағынан:
      а) 3, 4, 5, 6, 10, 14 және 15 баптар бойынша - Көлiк және коммуникациялар министрлiгi
      480083, Алматы қаласы, Сейфуллин даңғылы, 458.
      Тел: 7-3272-604040
      Факс:7-3272-393255
      б) 9-бап бойынша - Iшкi iстер министрлiгi
      480091, Алматы қаласы, Қабанбай батыр, 95

      Мажар Республикасы жағынан:
      Көлiк, байланыс және су шаруашылығы министрлiгi
      1077 Будапешт, Доб көшесi, 75/81 үй
      Тел: 361-322-0220
      Факс:361-351-7523
      2. Жүк тасымалына "Рұқсат" бланкiлерi былай әзiрленедi:
      Мажар жағынан: мажар, орыс және ағылшын тiлдерiнде;
      Қазақстан жағынан: қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiнде
      "Рұқсат" бланкiлерiнде бiр жылға құрастырылған рет нөмiрлерi, сондай-ақ тиiстi құзырлы және атқарушы органның қолы мен мөрi болуы тиiс.
      3. Жолаушы тасымалына қатысты рұқсатқа қоса берiлген тiркеу құжаттарында мына мәлiметтер болуы тиiс:
      а) рұқсат құжатының ұқсас нөмiрi;
      б) автокөлiк құралының тiркеу нөмiрi;
      в) рұқсат етiлген ең көп жолаушы саны;
      г) маршруттың бастапқы және соңғы пунктi;
      д) кедендiк органдардың мөр қою орны.
      4. Екiншi Келiсушi Жақ мемлекетiнiң аумағында орындалатын тасымал барысында жолаушы тасымалының рұқсаты және оған қосылған тiркеу құжаттары автокөлiк құралында болуы тиiс және бақылауға құқығы бар органның талап етуiмен көрсетiлуi тиiс. 
      5. Келiсушi Жақтар бiр-бiрiне рұқсат бланкiлерiн бергенi үшiн төлем алмайды.
      Осы Атқару Хаттамасы 1996 жылы 7 қазанда Будапешт қаласында екi дана болып, әрқайсысы қазақ, мажар және орыс тiлдерiнде, әрi барлық мәтiннiң күшi бiрдей жасалды.
      Келiсушi Жақтар түсiндiру мәселелерi бойынша орыс тiлiндегi мәтiндi пайдаланатын болады.

      Қазақстан Республикасының             Мажар Республикасының
          Үкiметi үшiн                        Үкiметi үшiн

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады