Жекеше нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң Қаулысы 1998 жылғы 29 шiлдедегi N 718. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 2003.07.31. N 765 қаулысымен.

      "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 14 шiлдедегi Заңын  (Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1997 ж., N 13-14, 206-құжат) орындау үшiн Қазақстан Республикасының Үкiметi қаулы етедi:
      1. Жекеше нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы қоса берiлiп отырған Ереже бекiтiлсiн.
      2. Жекеше нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыруды сақтандырудың осы түрiн жүзеге асыруға лицензиясы бар сақтандыру ұйымдары жүзеге асырады деп белгiленсiн.
      3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi және жариялануға жатады.

     Қазақстан Республикасының
     Премьер-Министрi

Қазақстан Республикасы        
Үкiметiнiң              
1998 жылғы 29 шiлдедегi        
N 718 қаулысымен            
бекiтiлген                

            Жекеше нотариустардың азаматтық-құқықтық
           жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру туралы
                            ЕРЕЖЕ

                     1. Жалпы ережелер

      1. "Сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң  Заң күшi бар Жарлығына , "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасының Заңына  сәйкес әзiрленген осы Ереже жекеше нотариустардың нотариаттық iс-әрекеттер жасауы нәтижесiнде үшiншi тұлғаларға зиян келтiру салдарынан туындайтын мiндеттемелерi бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктерiн мiндеттi сақтандырудың тәртiбi мен шарттарын айқындайды.
      2. "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабына сәйкес мiндеттi сақтандыруға жекеше нотариустың мынадай нотариаттық iс-әрекеттер жасауы нәтижесiнде зиян келтiру салдарынан туындайтын мiндеттемелерi бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгi жатады:
      1) мәмiлелердi куәландыру (жылжымайтын мүлiкпен жасалған мәмiлелердi куәландыру бойынша);
      2) мұралық мүлiктi қорғау жөнiнде шаралар қабылдау;
      3) мұраға деген құқығы туралы куәлiк беру;
      4) ортақ бiрлескен меншiк құқығындағы мүлкi бар ерлi-зайыптылардың және өзге де адамдардың ортақ мүлiктегi үлеске деген меншiк құқығы туралы куәлiк беру;
      5) мүлiктi иелiктен шығаруға тыйым салу және салынған тыйымды алып тастау;
      6) депозитке ақша қабылдау;
      7) атқарушылық жазба жасау;
      8) құжаттар мен бағалы қағаздарды сақтауға қабылдау.
      3. Жекеше нотариустың нотариаттық iс-әрекет жасаудың нәтижесiнде зиян келтiрудiң салдарынан пайда болатын мiндеттемелер бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру (бұдан әрi - сақтандыру) сақтанушы мен сақтандырушының арасында "Сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығына және осы Ережеге сәйкес жасалатын сақтандыру шартының негiзiнде жүзеге асырылады.
      4. Осы Ережеде мынадай анықтамалар қолданылады:
      жекеше нотариус - нотариаттық қызметтi жүзеге асыру құқығына заңда белгiленген тәртiппен лицензия алған Қазақстан Республикасының азаматы;
      сақтандырушы - заңда белгiленген тәртiппен алынған лицензияның негiзiнде сақтандыру қызметiн жүзеге асыратын коммерциялық ұйым;
      пайда алушы - нотариаттық iс-әрекеттер жасау үшiн нотариусқа жүгiнген және сақтандыру шарты бойынша тарап болып табылмайтын және зиян келтiрудiң салдарынан туындайтын мiндеттемелер туралы Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес жәбiрленушi болып танылған адам;
      нотариаттық iс-әрекеттер жасау кезiндегi азаматтық-құқықтық жауапкершiлiк - жекеше нотариустың нотариаттық iс-әрекеттер жасауы кезiндегi қасақана емес әрi әдейi жасалынбаған қателiктердiң және кемшiлiктердiң салдарынан пайда алушыға келтiрiлген материалдық залалды өтеу жөнiндегi заңмен белгiленген мiндетi.

               2. Жекеше нотариустың азаматтық-құқықтық
          жауапкершiлiгiн сақтандырудың тәртiбi мен шарттары

      5. Жекеше нотариустың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандырудың шарты (бұдан әрi - сақтандыру шарты) сақтандырушы мен сақтанушы (жекеше нотариус) арасында мүддесiне нотариаттық iс-әрекеттер жасау кезiнде қолданылып жүрген заңдарда көзделген мiндеттердi нотариустың қасақана емес бұзуымен немесе әдейi емес қателiктер мен олқылықтар жiберуiмен материалдық залал келтiрiлуi мүмкiн пайда алушының пайдасына жасалған шарт болып табылады.
      6. Сақтандыру шарты сақтандырушы бекiткен нысан бойынша сақтанушының жазбаша өтiнiшiнiң негiзiнде, тараптардың бiр құжатты дайындауы жолымен жасалады және сақтандырушының сақтанушыға сақтандыру полисiн беруiмен расталады.
      Сақтандыру шартын сақтандырудың осы түрiн жүргiзуге лицензиясы бар сақтандырушы ғана жасай алады.
      7. Сақтандыру шарты жыл сайын жасалады.
      8. Жекеше нотариустың осы Ереженiң 2-тармағында көзделген нотариаттық iс-әрекеттер жасауының нәтижесiнде зиян келтiрудiң салдарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандырудың аумағы болып Қазақстан Республикасының бүкiл аумағы есептеледi.
      9. Пайда алушының пайдасына жасалған сақтандыру шартының мазмұны сақтандыру заңдарының талаптарына сәйкес болуға тиiс.
      10. Сақтандыру шарты сақтандыру төлемi түскен күннен бастап, ал бөлiп төленген жағдайда сақтандырушының банктiк шотына бiрiншi сақтандыру жарнасы түскен күннен бастап (қолма-қол ақша төлеген жағдайда - төлем кассаға түскен күннен бастап) күшiне енедi және тараптар үшiн мiндеттi болады.
      11. Сақтандыру шарты:
      1) оның мерзiмi өткен;
      2) сот сақтандыру шартын жарамсыз деп тану туралы шешiм қабылдаған;
      3) сақтанушы немесе сақтандырушы сақтандыру шартын бұзған жағдайда олардың талап етуi бойынша;
      4) егер шартта өзгеше көзделмесе, бiрiншi сақтандыру жағдайы бойынша сақтандыру төлемi төленген жағдайларда тоқтатылады.
      Сақтандыру шарты тоқтатылған жағдайда жекеше нотариус өз қызметiн жүзеге асыру үшiн сақтандыру шартын қайта жасасуға мiндеттi.
      12. Сақтандыру шартының күшi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған жағдайда тараптар сақтандыру заңдарының талаптарын басшылыққа алады.

                 3. Сақтандыру жағдайларының түрлерi

      13. Жекеше нотариустың:
      жылжымайтын мүлiкпен жасалған мәмiлелердi куәландыру кезiнде;
      қорғауға алынған мұралық мүлiктi тiзiмдеу актiн жасаған кезде;
      жалпы ортақ меншiк құқығындағы мүлкi бар ерлi-зайыптылар мен өзге де адамдардың ортақ мүлiктегi үлесiне меншiк құқығы туралы куәлiктерiн ресiмдеу кезiнде;
      мұраға құқық туралы куәлiктi беру кезiнде;
      атқарушылық жазбалар жазған кезде;
      сот пайда алушыға зиян келтiрiлгенін анықтаған жағдайда мүлiктi иелiктен алуға тыйым салған және салынған тыйымды алып тастаған кезде қолданылып жүрген заңдарды қасақана емес және әдейi емес бұзуының нәтижесiнде пайда алушыға келтiрiлуi мүмкiн зиян сақтандыру жағдайы болып табылады.
      Сонымен қатар:
      сақтау шартымен бағалы қағаздарды орналастырған кезде және депозитке ақша қабылданған кезде нотариус жауапкершiлiгiнiң тууына әкеп соқтыратын тосын оқиғалар;
      құжаттарды сақтауға қабылдаған кезiнде нотариуске жауапкершiлiгiнiң тууына әкеп соққан тосын оқиғалар (ұрлау, тонау, жарылыс, өрт) сақтандыру жағдайлары болып табылады.
      14. Сақтанушының нотариаттық әрекеттер жасаудың нәтижесiнде пайда алушыға келтiрiлген зиянды өтеу жөнiндегi мiндетi анықталған сәттен бастап сақтандыру жағдайы туды деп есептеледi.

           4. Сақтандыру төлемдерi мен сақтандыру өтемiнiң
              мөлшерi, оларды төлеудiң тәртiбi мен мерзiмi

      15. Сақтандыру төлемi - сақтанушының сақтандырғаны үшiн сақтандырушыға төлейтiн ақысы. Сақтандыру төлемiнiң мөлшерi сақтандыру сомасының төрт процентi болуға тиiс.
      Сақтандыру төлемi жекеше нотариустың салық салынатын табысынан шегерiлетiн шығындарына жатады.
      Сақтандыру төлемi сақтандыру жарнасы түрiнде шарт жасалған кезде белгiленген мерзiмде бiр рет немесе бөлiнiп төленуi мүмкiн.
      Сақтандыру төлемдерiн төлеу мерзiмiн өткiзiп алғаны үшiн сақтанушыдан мерзiмi өткен әрбiр күн үшiн Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң (жалпы бөлiм) 353-бабында көзделген, бiрақ белгiленген сақтандыру төлемiнiң жалпы мөлшерiнен аспайтын сомада тұрақсыздық айыбы алынады.
      16. Бiр сақтандырушымен үш не одан көп жылға сақтандыру шартын жасасқан сақтанушыға сақтандыру жағдайы болмаған жағдайда екiншi жылы сақтандыру төлемi сомасының бес процентi, үшiншi жылы - он процентi, төртiншi жылы - он бес процентi, бiрақ кейiнгi жылдары сақтандыру шартын келесi мерзiмге жасау кезiнде жиырма процентiнен аспайтын мөлшерде жеңiлдiк берiледi.
      17. Жекеше нотариустардың азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн сақтандыру жөнiндегi сақтандыру сомасы тараптардың келiсiмiмен белгiленедi, бiрақ ол 500 (бес жүз) есе есептi көрсеткiштен кем болмауға тиiс.
      18. Сақтандыру жағдайы пайда болғанда сақтандырушы нотариустың нотариаттық iс-әрекет жасаудың нәтижесiнде пайда алушыға келтiрiлген зиянның анықталған мөлшерiне қарай, сақтандыру сомасының шегiнде сақтандыру өтемiн төлейдi.
      Сақтандыру өтемiнiң сомасы пайда алушының жағдайының тууы нәтижесiнде пайда алушының шеккен нақты залалының мөлшерiнен аспауға тиiс.
      19. Сақтандыру өтемi пайда алушыға сақтандырушының жауапкершiлiк мөлшерi белгiленген сот шешiмi заңды күшiне енгеннен кейiнгi 10 банктiк күннен кешiктiрмей төленедi.

               5. Сақтандыру өтемiн төлеуден бас тарту

      20. Сақтандырушы "Сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң Заң күшi бар Жарлығында көзделген негiздер бойынша сақтанушыға сақтандыру төлемiн толық немесе iшiнара төлеуден бас тартуға құқылы.
      21. Егер сот сақтанушының сақтандыру тәуекелiнiң дәрежесiн анықтау үшiн елеулi мәнi бар мiндеттемелер туралы қасақана қате және жалған мәлiметтер бергенiн анықтаған, сондай-ақ сақтанушы залалдың келтiрiлуiне кiнәлi адамнан тиiстi өтем алған жағдайда сақтандыру төлемi төленбейдi.
      22. Сақтанушы қайтыс болған жағдайда пайда алушыға тиесiлi сақтандыру өтемi оның мұралық мүлкiнiң құрамына кiрмейдi.
      23. Мiндеттi сақтандыру арқылы пайда алушының моральдық залал шегуiне және айырылып қалған пайдасына байланысты мүддесi өтелмейдi.
      24. Егер Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе, сақтандыру шарттарында сақтандыру өтемiн төлеуден бас тарту үшiн басқа да негiздер көзделуi мүмкiн.
      25. Сақтандыру өтемi төленгеннен кейiн сақтандырушыға керi талап қою құқығы ауысады.

             6. Сақтандырушының құқықтары мен мiндеттерi

      26. Сақтандырушы:
      сақтандыру жағдайы туралы акт жасау кезiнде қатысуға және оған қол қоюға;
      әдiлет, тергеу органдарынан, нотариалдық палаталардан, сондай-ақ басқа да құзыреттi органдардан сақтанушының кiнәсi фактiсi мен кiнәсiнiң дәрежесiне байланысты мәлiметтер сұратуға;
      сақтанушы шарттық мiндеттемелерiн орындамаған немесе лайықты орындамаған жағдайда сақтандыру шартының күшiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуға құқылы.
      27. Сақтандырушы:
      сақтанушыға одан азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi сақтандыруға өтiнiш алынғаннан және сақтандыру жарнасының төленгенi расталғаннан кейiн сақтанушыға сақтандыру полисiн беруге;
      сақтандыру жағдайының болғаны туралы хабар алғаннан кейiн үш күн мерзiм iшiнде акт жасауға;
      қажет болған жағдайда акт жасау кезiнде себептердi, шығындардың мөлшерiн және мүлiктiң құнын анықтау үшiн мамандарды (сарапшыларды) шақыруға;
      сот шешiмi күшiне енгеннен кейiнгi он банктiк күннен кешiктiрмей пайда алушыға сақтандыру төлемдерiн төлеудi бастауға;
      сақтанушы мен үшiншi тұлғалардың өзара қарым-қатынасына байланысты барлық мәлiметтердi құпияда ұстауға мiндеттi.
      Мiндеттi сақтандыру шартында сақтандырушының басқа да мiндеттерi мен құқықтары көзделуi мүмкiн.

               7. Сақтанушының құқықтары мен мiндеттерi

      28. Сақтанушы:
      сақтандырушыдан азаматтық-құқықтық жауапкершiлiктi мiндеттi сақтандыру шартының қолданылу шарттары мен тәртiбiн түсiндiруiн талап етуге;
      сақтандырушы шарттық мiндеттерiн орындамаған немесе лайықты орындамаған жағдайда сақтандыру шартының күшiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуға құқылы.
      29. Сақтанушы:
      1) сақтандыру жарнасын уақытылы төлеуге;
      2) нотариаттық iс-әрекеттердi жасау кезiнде заңдарды сақтауға;
      3) сақтандыру жағдайының себептерiн, барысы мен салдарын анықтау үшiн барлық мүмкiн және мақсатқа сай шараларды қабылдауға;
      4) кiдiрiссiз (демалыс күндерiн қоспағанда, өзiне сақтандыру жағдайының туындағаны белгiлi болған күннен бастап 48 сағаттың iшiнде) сақтандырушыға сақтандыру жағдайына байланысты оған қойылатын барлық талап-тiлектерi туралы хабарлауға;
      Сақтандыру жағдайының пайда болғаны туралы хабарлау мүмкiн болмаған жағдайда ақпарат беру сақтанушы мүшесi болып табылатын нотариалдық палатаға жүктеледi.
      5) сақтандырушыға сақтандыру жағдайының себептерi, барысы мен салдары, келтiрiлген залалдың сипаты мен мөлшерi туралы бiлуге мүмкiндiк беретiн өзiнiң қолы жеткен барлық ақпарат пен құжаттамаларды ұсынуға;
      6) сақтандыру жағдайының пайда болғаны туралы нотариалдық палатаға және аумақтық әдiлет органына хабарлауға;
      7) сақтандырушының өкiлiне сақтандыру жағдайының пайда болу себептерi мен мән-жайын анықтау мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
     Сақтандыру шартында сақтандырушының басқа да құқықтары мен мiндеттерi көзделуi мүмкiн. 

                          8. Дауларды шешу

     30. Шарт жөнiндегi барлық даулар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен қаралады.   

 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады