Авиациялық қызмет көрсетулер рыногын одан әрі дамыту және Қазақстан Республикасы авитасымалдаушыларының халықаралық авиажелілеріндегі бәсекелестік қабілетін арттыру, ұшулардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасындағы әуе тасымалын реттейтін нормативтік және құқықтық база мен шетелдік рейстерді жүзеге асырудың тәртібін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясы саласын дамытудың 1998-2000 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілсін.
2. Қоса беріліп отырған "Эйр Қазақстан" жабық акционерлік қоғамының Стратегиялық бизнес жоспары (бұдан әрі - Стратегиялық бизнес жоспар) мақұлдансын.
3. Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникациялар министрлігі:
1) ұсынылып отырған Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясы саласын дамытудың 1998-2000 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес 1998 жылдың 1 желтоқсанына дейін мерзімде Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясы саласын дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарын әзірлесін және бекітсін.
2) екі апталық мерзім ішінде қолданылып жүрген нормативтер мен жолаушыларды, багажды, почтаны және жүктерді тасымалдау кезінде ұшуларды орындаудың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін авикомпаниялар мен әуежайларға қойылатын талаптарды халықаралық стандарттарға, бірақ өз әуе кемелерімен, жарғылық капиталдың ең төменгі мөлшерлерін арттырумен, оның шығу тегімен, шетелдік заңды және жеке тұлғалардың акцияларын (үлестерін) сатуға шектеу қоюмен, сондай-ақ чартерлік рейстерді ұйымдастыру мен орындаудың тәртібімен және әуе қатынастары туралы халықаралық келісімдерді орындаудың кепілдіктерімен шектелместен, кезең-кезеңмен сәйкес келтіруді көздейтін "Қазақстан Республикасында авиацияны құруды және оның қызметін реттейтін кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізсін;
3) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен бірлесіп екі апталық мерзім ішінде сатып алу және лизинг шарттарымен сатып алынған жаңа авиациялық технологиялардың импорты мен пайдаланылуын ынталандыру (салық салу бөлігінде) жөніндегі нормативтік-құқықтық актілердің жобаларын Қазақстан Республикасының Үкіметіне енгізсін;
4) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментімен бірлесіп бір айлық мерзім ішінде аймақішілік және аймақаралық авиатасымалдары рыногында ұшулар қауіпсіздігі мен авиақызмет көрсетулерінің қажетті деңгейін қамтамасыз етуге қабілетті аймақтық авиакомпанияларды қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды аяқтасын;
5) 1998 жылдың 1 желтоқсанына дейін мерзімде Әуежайлық және ұшу қызмет көрсетулері қызметтерін алушылардың санаттары туралы нұсқаулықты бекітсін.
4. Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитетіне 1998 жылдың 15 желтоқсанына дейін мерзімге қызмет көрсетулердің түрі мен оларды алушыларға ұсынудың шарттарына қарай оларды саралауды көздеп, әуежайлық және ұшу қызмет көрсетулеріне арналған бағаларды қайта қарау ұсынылсын.
5. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлігімен бірлесіп "Эйр Қазақстан" ЖАҚ қажетті құжаттарды ұсынуына қарай белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кепілдігімен Стратегиялық бизнес жоспарға сәйкес әуе кемелерін сатып алуға 16 000 000 (он алты миллион) АҚШ долларына дейін сомада мемлекеттік емес сыртқы заемды тарту туралы қаулының жобасын енгізсін.
6. Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің Экономикалық жоспарлау жөніндегі комитеті Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігімен бірлесіп, 1999-2000 жылдарға арналған мемлекеттік инвестициялар бағдарламасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігімен Стратегиялық бизнес жоспарға сәйкес әуе кемелерін сатып алуға жыл сайын 100 000 000 (жүз миллион) АҚШ долларына дейін сомада мемлекеттік емес сыртқы заемды тартуды көздесін.
7. Еуропалық Қайта жаңарту және Даму Банкінің Қазақстан Республикасының азаматтық авиациясы саласын дамыту жөніндегі іс-қимыл жоспарын іске асыруға қаржылық қатысу туралы ұсынысына келісім берілсін.
8. Осы қаулының орындалуына бақылау жасау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары О.Ә. Жандосовқа жүктелсін.
9. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі