Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
"Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының арасындағы
әскери саладағы ынтымақтастық туралы шартты бекіту туралы" Қазақстан
Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасы Парламенті
Мәжілісінің қарауына енгізілсін.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Жоба
Қазақстан Республикасының
Заңы
Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының
арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық туралы
шартты бекіту туралы
1997 жылғы 8 сәуірде Алматы қаласында жасалған Қазақстан
Республикасы мен Қырғыз Республикасының арасындағы әскери саладағы
ынтымақтастық туралы шарт бекітілсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасының
арасындағы әскери саладағы ынтымақтастық туралы
Шарт
Бұдан әрі "Тараптар" деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Қырғыз
Республикасы,
Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының, Хельсинки Қорытынды актісінің және ЕҚЫҰ-ның басқа да құжаттарының мақсаттар мен принциптеріне өздерінің адалдығын қуаттай отырып,
Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы 1993
жылғы 8 маусымдағы Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы
Шартты негізге ала отырып,
өздері қатысушы болып табылатын тиісті халықаралық шарттарды ескере
отырып,
Тараптар арасындағы әскери ынтымақтастық үшін құқықтық негізді
қамтамасыз ету ниетін білдіре отырып,
төмендегілер жөнінде келісті:
1-бап
Тараптар мемлекеттік егемендік пен аумақтық тұтастықты сыйлау, шекараның беріктігі, дау-дамайларды бейбіт түрде реттеу, күш қолданбау және күш қолданып қауіп-қатер төндірмеу, тең құқықтылық және ішкі істеріне араласпау, алған міндеттемелерін шын ниетпен орындау принциптеріне өздерінің адалдығын қуаттайды.
Тараптардың әскери саладағы қарым-қатынастары ұлттық заңдарға және осыларға сәйкес қабылданған өз Қарулы Күштері туралы шешімдерге негізделеді.
2-бап
Тараптардың әрқайсысы екінші бір Тарапқа қарсы бағытталған әскери сипаттағы одақтарға немесе келісімдерге қатыспауға, сондай-ақ өз аумақтарын қарулы агрессия мақсатында пайдалануға немесе екінші бір Тарапқа қарсы бағытталған дұшпандық қызметке жол бермеуге міндеттенеді.
3-бап
Басқа мемлекеттер тарапынан қарулы күштер шабуыл жасау қаупі пайда болған немесе өздерінің аумақтық тұтастығына қауіп-қатер төнген жағдайда Тараптар қажетті көмек көрсетеді, сонымен қатар екі жақтық негізде, сондай-ақ өздері қатысушы болып табылатын халықаралық ұйымдар шеңберінде бір-бірімен кеңесіп отырады.
4-бап
Тараптардың Қорғаныс министрліктері ерекше кезеңде Тараптардың өзара қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүддесі үшін әскерлерді бірігіп жоспарлау мен қолдану, сондай-ақ басқару органдары мен әскерлерді даярлау жөніндегі бірлескен шараларды жоспарлау мен жүргізу мәселелері бойынша жекелеген келісімдер әзірлеп, жасайды.
5-бап
Тараптар бір-бірін өздерінің әскери қызметі туралы хабардар етіп отырады және келіп түскен сұраныс негізінде қажетті ақпарат беріп тұрады.
6-бап
Тараптар қару-жарақтың, әскери техниканың өндірісі, жөндеу және олармен жабдықтау, пайдалану-техникалық құжаттамамен, жинақтаушы элементтермен, қосалқы бөлшектермен және басқа да әскери мүлікпен қамтамасыз ету жөніндегі қалыптасқан және жаңа байланыстарды шарттық негізде дамытады.
Қару-жарақ пен әскери техниканы әзірлеу мен олардың өндірісі Тараптардың мемлекеттік тапсырыстары бойынша жүзеге асырылатын болады.
Тараптар өз Қорғаныс министрліктерінің тапсырыстарын өнеркәсіп кәсіпорындарында орналастыруды қамтамасыз етеді және олардың орындалуы жөнінде шараларды қарастырады.
Тапсырыстарды ресімдеу және қару-жарақтың, әскери техника мен оқ- дәрілердің жеткізілімдерін қамтамасыз ету үкіметаралық келісімдер негізінде, ал қосалқы бөлшектер, керек-жарақтар мен басқа да әскери мүліктердің жеткізілімі тікелей шарттар негізінде жүзеге асырылады.
7-бап
Тараптардың қару-жарақты, әскери техниканы қайта экспорттау саласында және әскери-техникалық өзара іс-әрекеттің басқа мәселелері бойынша ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады.
Тараптар қару-жарақ пен техниканың жаңа түрлерін әзірлеу
саласында ғылыми-зерттеу және тәжірибе-конструкторлық жұмыстарды
дамыту мәселелерін бірлесіп шешетін болады.
Мұндай ынтымақтастықтың бағыттары мен нысандары, сондай-ақ өзара
іс-қимыл механизмі жекелеген келісімдермен реттелетін болады.
8-бап
Тараптардың әрқайсысы екінші бір тараптың аумағына қару-жарақты,
әскери техника мен әскери мүліктің жеткізілімдерін кедендік төлемдерді,
салықтар мен басқалай алымдарды алусыз өзара келісім бойынша жүзеге
асырады.
9-бап
Бір Тараптың аумағынан екінші бір Тараптың аумағына әскери
командалардың, қару-жарақтың, әскери техника мен әскери мүліктің орын
ауыстыруы, сондай-ақ транзиттік тасымалдар кедендік төлемдерді,
салықтар мен басқа да алымдарды алусыз өзара келісім бойынша жүзеге
асырылады.
10-бап
Тараптар әскери кадрларды даярлау мәселелері бойынша
ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады.
Мұндай ынтымақтастықтың бағыттары мен нысандары, сондай-ақ өзара
іс-қимыл механизмі жекелеген келісімдермен реттелетін болады.
11-бап
Тараптар Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері мен құралдарының өзара іс-әрекетін жүзеге асырады және әуе жағдайы жөнінде ақпарат алмасуға, апатқа ұшыраған немесе бағытынан айрылған әуе кемелеріне көмек көрсетуге, әуе кемелерін алып кетудің немесе басып алудың алдын
алуға байланысты мәселелер бойынша ынтымақтасатын болады.
12-бап
Тараптар бірлескен қолбасшылық негізінде біріккен әскери
құрамалар құра алады. Тараптар бірлесіп пайдаланатын біріккен әскери
құрамаларды басқару, жинақтау, материалдық-техникалық және тыл жағынан
қамтамасыз ету тәртібі жекелеген келісімдермен айқындалады.
13-бап
Білімгерлік қызмет саласында Тараптар қабылданған халықаралық
міндеттемелерді, екі жақты келісімдер мен ұлттық заңдарын негізге ала
отырып ынтымақтастықты жүзеге асыратын болады.
14-бап
Тараптар жекелеген келісімдер негізінде әскери барлау саласында
ынтымақтастықты жүзеге асырады.
15-бап
Тараптар әскери салаға қатысты ұлттық заңдарын жетілдіру мен
жақындастыру мәселелері бойынша кеңесіп отыратын болады.
Тараптар әскери мәселелер жөніндегі көп жақты халықаралық
шарттарды жүзеге асыруда өзара көмек көрсетеді. Әскери ынтымақтастық
саласында шарттар мен келісімдерді жасасу кезінде Тараптардың
әрқайсысы екінші бір Тараптың қауіпсіздік мүддесін ескеруге міндеттенеді.
16-бап
Тараптар Қарулы Күштердегі тәрбие жұмысы саласындағы ұйымдастыру,
әдістемелік және практикалық тәжірибемен алмасу жөніндегі
ынтымақтастықты нығайтады және дамытады.
17-бап
Тараптар әскери қызметшілерге берілген әскери атақтардың,
мемлекеттік наградалармен наградталуының және әскери білімі туралы
құжаттардың күші бар екендігін мойындайды.
18-бап
Тараптар әскери қызметтен босатылған адамдардың, олар Тараптардың
бірінің аумағында тұрақты тұруды қалап алған жағдайда, әлеуметтік
құқықтарының сақталуын қамтамасыз етеді.
19-бап
Тараптар Қарулы Күштер әскери қызметшілерін, олардың отбасы
мүшелерін, жұмысшылары мен қызметшілерін медициналық қамтамасыз ету
санаториялық-курорттық емдеу және демалысы саласында ынтымақтасатын болады.
20-бап
Осы Шарт қандай да бір болмасын мемлекетке қарсы бағытталмайды
және Тараптардың әрқайсысында қатысты қолданылып жүрген, басқа
мемлекеттермен жасалған көп жақты және екі жақты шарттардан туындайтын
қандай да болмасын құқықтар мен міндеттерге нұқсан келтірмейді.
21-бап
Осы Шарт нормаларын түсіндіруге және қолдануға қатысты даулар
пайда болған жағдайда, Тараптар оларды консультациялар мен келіссөздер
жолымен шешеді.
22-бап
Осы Шартқа Тараптардың бірінің бастамасы бойынша өзара келісім негізінде өзгертулер мен толықтырулар енгізуге болады, ол екі Тарап бекіткеннен кейін күшіне енетін және осы Шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын тиісті хаттамалармен ресімделеді.
23-бап
Осы Шарт бекітілуге жатады және бекіту грамоталарымен алмасқан
күннен бастап күшіне енеді.
Осы Шарт бес жыл мерзімге жасалады және егер Тараптардың бірде
біреуі тиісті мерзімнің бітуіне алты ай қалғанға дейін оның қызметін
тоқтату туралы өз тілегін жазбаша түрде хабарламаса, оның қызметі
кейінгі бес жылдық кезеңге өзінен-өзі ұзартылады.
Алматы қаласында 1997 жылғы 8 көкекте екі түпнұсқа дана болып,
әрқайсысы қазақ, қырғыз және орыс тілдерінде жасалды, сондай-ақ барлық
мәтіндердің күші бірдей.
Қазақстан Республикасы Қырғыз Республикасы
үшін үшін
Оқығандар:
Қобдалиева Н.
Орынбекова Д.