Қазақстан Республикасында коммуналдық жылу энергетикалық шаруашылықтың жұмысын қалыпқа келтіру жөніндегі шаралар туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы 1999 жылғы 25 наурыз N 292

      Коммуналдық жылу энергетикасын ұстауға арналған мемлекеттік қаражатты үнемдеу, қысқы кезеңде Қазақстан Республикасының елді мекендерін жылумен тұрақты жабдықтауды қамтамасыз ету, сондай-ақ отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
      1. Қазақстан Республикасының елді мекендеріндегі тұрғын үй, әлеуметтік-мәдени және әкімшілік-шаруашылық мақсаттағы объектілерді жылытудың дербес жүйесіне көшіру:
      1) бюджеттік қаражат пен отын-энергетикалық ресурстарды үнемдеуді;
      2) қазіргі бар орталықтандырылған жүйелердің жөндеу-қалпына келтіру мұқтаждарына арналған қаржыландыруды қысқартуды;
      3) жылу энергетика мақсатындағы өнімдерді шығарумен айналысатын отандық тауар өндірушілерді қолдауды;
      4) мемлекеттік бюджеттің қаражаты есебінен ұсталатын объектілерді жылумен жабдықтауды жақсартуды қамтамасыз ететін аса маңызды іс-шара деп есептелсін.
      2. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне, өз баланстарында Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджетінен қаржыландырылатын тұрғын үй, әлеуметтік-мәдени және әкімшілік-шаруашылық мақсаттағы объектілер бар мемлекеттік органдардың басшыларына:
      1) жылумен жабдықтаудың орталықтандырылған және орталықсыздандырылған схемаларының салыстырмалы экономикалық және экологиялық талдауын жасау, соңғысының орындылығы жағдайында жылытудың дербес жүйесіне кезең-кезеңмен көшуді жүргізу;
      2) Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс істері жөніндегі комитеті әдістемелік нұсқауларының негізінде 2003 жылға дейін мерзімде коммуналдық және ведомстволық бағыныстағы объектілерді жылытудың дербес жүйесіне кезең-кезеңмен көшірудің жоспар-кестесімен бірге аймақтық және ведомстволық бағдарламаларды, сондай-ақ жылу энергетикалық мақсаттағы өнімдерді сатып алуға арналған тапсырыстарды әзірлеу және үш ай мерзім ішінде оларды тұтастай алғанда республика бойынша қажетті есептер жасау және бағдарламалардың орындалуын бақылау үшін Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлігіне ұсыну;
      3) жылытудың дербес жүйесіне көшудің есебінен қол жеткізілген бюджеттік қаражаттың үнемделуін коммуналдық және ведомстволық жылу энергетикасының басқа объектілерін ұстауға және жөндеуге пайдалану;
      4) 1999 жылдың үшінші тоқсанынан бастап Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс істері жөніндегі комитетіне осы қаулының орындалу барысы туралы ақпарат табыс ету ұсынылсын.
      3. Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс істері жөніндегі комитеті коммуналдық және ведомстволық бағыныстағы объектілерді жылытудың дербес жүйесіне кезең-кезеңмен көшуге әдістемелік басшылықты үйлестіруді және оның мониторингін жүзеге асырсын.
      Осы мақсаттарда:
      1) коммуналдық және ведомстволық бағыныстағы объектілерді дербес жылыту жүйелеріне көшіру жөнінде әдістемелік нұсқама әзірлесін және екі ай мерзім ішінде оларды облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне, өз баланстарында мемлекеттік бюджеттің қаражаты есебінен ұсталатын тұрғын үй, әлеуметтік-мәдени және әкімшілік-шаруашылық мақсаттағы объектілері бар мемлекеттік органдардың басшыларына жолдасын;
      2) тапсырысшыларды әдістемелік және нормативтік құжаттамалармен қамтамасыз етуге, оның ішінде жылытудың дербес жүйесін енгізудің экономикалық тиімділігін бағалау мен жылу өндіруге арналған отын мен электр энергиясы шығындарының нормаларын белгілеуге ұдайы көмек көрсетсін.
      4. Қазақстан Республикасы Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс істері жөніндегі комитетіне шарттық негізде жылытудың дербес жүйесіне көшу жөніндегі әдістемелік нұсқамаларды, нормативтік-техникалық және конкурстық құжаттамаларды әзірлеу үшін мамандандырылған заңды тұлғаларды тартуға рұқсат етілсін.
      5. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі 1999 жылдың 1 сәуіріне дейін 1999 жылға арналған республикалық бюджетте жобалау-зерделеу, конструкторлық және технологиялық жұмыстарды орындауға көзделген қаражаттың есебінен Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлігіне жылытуды дербес жүйеге көшіру жөніндегі әдістемелік нұсқамаларды, нормативтік-техникалық және конкурстық құжаттамаларды әзірлеуге үш миллион теңге бөлсін.
      6. Облыстардың, Астана, Алматы қалаларының әкімдері және Қазақстан Республикасының республикалық мемлекеттік органдары мемлекеттік бюджеттің есебінен ұсталатын объектілер бойынша жылу энергетикалық мақсаттағы өнімдердің тапсырысшысы болып табылады де белгіленсін.
      Жылытудың дербес жүйесіне көшу жөніндегі іс-шараларды қаржыландыру үшін облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне жергілікті өкілді органдармен келісім бойынша жергілікті атқарушы органдардың қарыз алу лимиттерінің шегінде екінші деңгейдегі банктердің несиелерін тарту ұсынылсын.
      7. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сатып алу жөніндегі агенттігі жылу энергетикалық мақсаттағы өнімдерді сатып алу жөніндегі конкурстардың бірыңғай ұйымдастырушысын белгілесін және аталған мәселе бойынша конкурстар өткізудің тәртібін бақылауды қамтамасыз етсін.
      8. Конкурстың бірыңғай ұйымдастырушы облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары ұсынған жоспар-кестемен және тапсырыстармен бірге аймақтық және ведомстволық бағдарламалардың негізінде қысқа мерзімдерде республиканың кәсіпорындарында жылу энергетикалық өнімдердің алғашқы партиясын орталықтандырылған сатып алуға арналған конкурс өткізуді ұйымдастырсын.
      Бұл ретте:
      1) шетелдік жинақтаушылардың құны өнімді дайындаудың өзіндік құнында бірінші жылы 50 проценттен және одан кейінгі жылдары 30 проценттен аспауы тиіс;
      2)
      Ескерту. 8-тармақтың 2)-тармақшасы алынып тасталды - ҚР Үкіметінің
               2000.07.06. N 1025 қаулысымен. P001025_
      9. Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөніндегі агенттігі

 

Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлігімен

бірлесіп, қазіргі заманғы жоғары тиімді жабдықтар шығаруды игерген бар

кәсіпорындарға Қазақстан Республикасының "Тікелей инвестицияларды

мемлекеттік қолдау туралы" Заңында көзделген жеңілдіктерді берудің

мүмкіндігін қарасын.

     10. Осы қаулының атқарылуын бақылау Қазақстан Республикасының

Энергетика, индустрия және сауда министрлігіне жүктелсін.

     11. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.


     Қазақстан Республикасының

        Премьер-Министрі



    Оқығандар:

    Қобдалиева Н.

    Омарбекова А.     





Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады