Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры туралы ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы 1999 жылғы 7 қазан N 1538. Тақырып жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 19 ақпандағы № 66 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі). Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 28 қыркүйектегі № 605 қаулысымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Үкіметінің 28.09.2018 № 605 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.02.2018 № 66 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Ұлттық архив қоры және архивтер туралы" 1998 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.02.2018 № 66 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры туралы ереже бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.02.2018 № 66 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі



  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
1999 жылғы 7 қазандағы
N 1538 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры туралы ереже

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 19.02.2018 № 66 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қоры туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Ұлттық архив қоры және архивтер туралы" 1998 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді.

      2. Ереже құжаттарды қалыптастыру, Қазақстан Республикасы Ұлттық архив қорының (бұдан әрі – Қор) құрамына жатқызу тәртібі, оларды есепке алу мен сақтауды ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді.

      3. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) Қор – Заңда белгіленген тәртіппен ұлттық құндылық деп танылған барлық архивтердің, архивтік қорлар мен коллекциялардың, деректі ескерткіштердің, тарихи, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық, саяси немесе мәдени айрықша маңызы бар құжаттардың жиынтығы;

      2) архив – архив құжаттарының жиынтығы, сондай-ақ архив мекемесі немесе мекеменің, ұйымның не кәсіпорынның пайдаланушылардың мүдделері үшін архив құжаттарын қабылдау мен сақтауды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі;

      3) архив қорлары – бір-бірімен тарихи немесе қисынды байланысты құжаттар жиынтығы;

      4) архив коллекциясы – қор құрушылар қызметінде құрылған және бір немесе бірнеше белгілері бойынша біріктірілген құжаттар жиынтығы.

      4. Қор мемлекеттік және жеке меншіктегі құжаттардан тұрады.

2. Құжаттарды, архивтерді, архивтік қорлар мен коллекцияларды
Қордың құрамына жатқызу тәртібі

      5. Құжаттарды, архивтерді, архивтік қорлар мен коллекцияларды Қордың құрамына жатқызуды Қазақстан Республикасының архивтер мен құжаттаманы басқарудың уәкілетті мемлекеттік органы (бұдан әрі – уәкілетті орган) құжаттардың құндылығын мемлекеттік сараптаудың негізінде осы Ережеде белгіленген тәртіппен жүзеге асырады.

      6. Республикалық меншіктегі құжаттар құндылығының мемлекеттік сараптамасын ұйымдастыру үшін уәкілетті орган Орталық сараптау-тексеру комиссиясын (бұдан әрі – ОСТК), коммуналдық меншіктегілер үшін облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – жергілікті атқарушы органдар) сараптау-тексеру комиссияларын (бұдан әрі – СТК) құрады.

      7. ОСТК туралы ережені және оның құрамын уәкілетті орган бекітеді, СТК туралы ережені және оның құрамын жергілікті атқарушы органдар бекітеді.

      8. Құжаттардың пайда болуы, мазмұны, сыртқы ерекшеліктері оның құндылығының өлшемі болып табылады.

      9. Құжаттың құндылығын мемлекеттік сараптау нәтижесі оң болған кезде уәкілетті орган құжатты Қордың құрамына жатқызу бойынша заңнамада көзделген шараларды қабылдайды.

      10. Уәкілетті орган құжаттың құндылығын мемлекеттік сараптау қорытындысы теріс болған кезде Қордың толықтыру көздеріне Қор құрамына құжатты енгізуден бас тарту туралы жазбаша хабарлама жібереді.

      11. Қордың толықтыру көздері СТК қорытындыларына ОСТК-ға шағым жасауы мүмкін.

      12. Қордың мемлекеттік меншіктегі құжаттары ведомстволық архивтерде уақытша сақталу сатысынан өтеді, содан соң Қордың құжаттарын тұрақты сақтауға ерекше құқық берілетін Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік архивтері мен олардың филиалдарына беріледі.

      13. Қордың жеке меншіктегі құжаттарын сақтау мен пайдалану жөніндегі міндеттемелер олардың меншік иелері мен уәкілетті орган қол қоятын шарттарда тіркеледі.

      14. Қордың құжаттарын және олардың сақтандыру көшірмелерін мемлекеттік, ведомстволық және жеке архивтерде тұрақты және уақытша сақтау тәртібі уәкілетті органмен белгіленеді.

3. Құжаттарды, архивтерді, архивтік қорлар мен коллекцияларды
Қордың құрамынан шығару тәртібі

      15. Құжаттарды, архивтерді, архив қорлары мен коллекцияларды Қордың құрамынан шығару құжаттың құндылығын мемлекеттік сараптау негізінде уәкілетті органмен жүзеге асырылады.

      16. Егер құжат ерекше тарихи, ғылыми, әлеуметтік, экономикалық, саяси немесе мәдени маңызын жоғалтса, құжаттарды, архивтерді, архив қорлары мен коллекцияларды Қордың құрамынан шығару міндетті болып табылады.

      Қордың құрамынан саяси және идеологиялық пікірлерге байланысты шығаруға тыйым салынады.

      17. Қордың құжаттарын тұрақты сақтауға айрықша құқық берілетін мемлекеттік архивтер уәкілетті органға құжатты Қордың құрамынан шығару туралы өтініш жолдайды.

      18. Уәкілетті орган ОСТК немесе СТК оң қорытындыларының негізінде құжатты Қордың құрамынан шығару туралы шешім қабылдайды.

      Құжаттың құндылығын мемлекеттік сараптау нәтижесі теріс болған кезде мемлекеттік архивтерге құжатты Қордың құрамынан шығарудан бас тарту туралы жазбаша хабарлама жолданады.

      19. СТК қорытындыларына мемлекеттік архивтер ОСТК-ға шағым жасауы мүмкін.

4. Қордың құжаттарын есепке алу және сақтауды
ұйымдастыру тәртібі

      20. Қор құжаттарының меншік нысандарына қарамастан, олар орталықтандырылған мемлекеттік есепке алынуға тиіс.

      21. Қордың құжаттарын мемлекеттік есепке алу тәртібі орталықтандыру, біріздендіру, реттілік, толымдылық пен шынайылық қағидаттарына негізделеді.

      22. Қордың құжаттарын мемлекеттік есепке алуды уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады