2003-2005 жылдардың жазғы каникул кезеңiнде балалар мен жасөспiрiмдердiң демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2003 жылғы 22 сәуірдегі N 70-ө өкімі

      Жазғы каникул кезiнде балалар мен жасөспiрiмдердiң демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру, олардың шығармашылық дамуы үшiн қажеттi жағдайлар жасау, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылығының, қылмыс жасауының және қадағалаусыз қалуының алдын алу мақсатында:

      1. Облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкiмдерi, Қазақстан Республикасының Бiлiм және ғылым министрлiгi:
      1) мектептен тыс ұйымдарда қосымша бiлiм беру бағдарламаларын iске асыруға жергiлiктi деңгейде көзделген қаражат, сондай-ақ демеушiлiк және қайырымдылық көмектер тарту есебiнен жазғы каникул кезiнде балалар мен жасөспiрiмдер демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастырсын және өткiзсiн;
      2) жазғы кезеңде балалар мен жасөспiрiмдер демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру жөнiндегi облыстық, қалалық және аудандық комиссияларды құрсын;
      3) барлық лагерь мен демалыс аймағын есепке алуды жүргiзсiн, оларды заңнамаға сәйкес лицензиялауды, бос және иесiз лагерьлердiң болуына жол бермей, оларды толық пайдалануды қамтамасыз етсiн;
      4) облыстардың, қалалардың және аудандардың ерекшелiктерiн, экономикалық жағдайларын, ата-аналар мен балалардың ұйымдасқан демалысқа сұраныстарын ескере отырып, 2003-2005 жылдарға арналған балалар мен жасөспiрiмдер демалысы, сауықтырылуы және жұмыспен қамтылуы бағдарламаларын әзiрлесiн және бекiтсiн;
      5) бiрiншi кезектегi тәртiппен жетiм балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың, атаулы әлеуметтiк көмек алуға құқығы бар отбасылар, көп балалы, толық емес, аз қамтылған отбасылар балаларының, экологиялық қолайсыз аудандарда тұратын балалардың, мүгедек және даму мүмкiндiктерi шектеулi балалардың демалысы мен сауықтырылуын ұйымдастыруды қамтамасыз етсiн;
      6) жалпы бiлiм беретiн мектептердiң, мектептен тыс ұйымдардың жанындағы тамақтандыратын және тамақтандырмайтын күндiзгi уақыттағы лагерьлердi, еңбек және демалыс лагерьлерiн, мектеп орманшылығын, көркейту және көгалдандыру жөнiндегi жасақтарды ұйымдастырсын;
      7) барлық үлгiдегi лагерьлер желiсiн көбейту, олардың қызметiн жақсарту, педагог және басқа да мамандармен қамтамасыз ету, оларда балалардың болуы үшiн қажеттi материалдық-техникалық және тұрмыстық жағдай жасау жөнiнде тұрақты түрде шаралар қабылдасын;
      8) еңбек заңнамасына сәйкес каникул кезiнде жасөспiрiмдердi жұмыспен қамтуды, олар үшiн жеңiл еңбектiң уақытша жұмыс орындарын ұйымдастыруды қамтамасыз етсiн;
      9) балалардың өмiрi мен денсаулығын, олардың судағы қауiпсiздiгiн, сондай-ақ балалардың сауықтыру ұйымдарында өртке қарсы қауiпсiздiктiң сақталуын қамтамасыз етсiн.

      2. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлiгi жастар ұйымдары мен мәдениет ұйымдарының жазғы кезеңде балалар мен жасөспірiмдердiң жазғы демалысын өткізуге, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыруға қатысуына жәрдемдессiн. <*>
      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 2004.02.13.
N 37 өкімімен .

      2-1. Қазақстан Республикасының Ақпарат министрлiгі бұқаралық ақпарат құралдарында балалар мен жасөспiрiмдердiң жазғы демалысына, сауықтырылуына және жұмыспен қамтылуына дайындық пен оларды өткiзу барысының жариялануын қамтамасыз етсiн. <*>
      Ескерту. 2-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Үкіметінің 2004.02.13. N 37 өкімімен .

      3. Қазақстан Республикасының Iшкi iстер министрлiгi:
      1) балаларды тасымалдау қауiпсiздiгiн және балаларды сауықтыру ұйымдарында қоғамдық тәртiптiң сақталуын қамтамасыз етсiн;
      2) жазғы каникул кезiнде жолдар мен көшелерде балалардың жарақат алуын азайтатын алдын алу шараларын қабылдасын.

      4. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi:
      1) жазғы сауықтыру ұйымдарының санитарлық-гигиеналық жай-күйiн тұрақты бақылауды жүзеге асырсын, олар орналасқан жерлердегi санитарлық-эпидемиологиялық қолайлылықты қадағалаудың тиiстi деңгейiн қамтамасыз етсiн;
      2) балалар мен жасөспiрiмдерге медициналық қызмет көрсетудiң, оларды тамақтандыру мен сауықтырудың ұйымдастырылуын бақылауды қамтамасыз етсiн;
      3) санитарлық-гигиеналық нормалар мен ережелерге сай емес үй-жайларда балалардың сауықтыру лагерьлерiн ашуға жол бермесiн.

      5. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт жөнiндегi агенттiгi:
      1) жазғы кезеңде балалармен және жасөспiрiмдермен жұмыс iстеуге спорт ұйымдарының қатысуын қамтамасыз етсiн;
      2) балалар мен жасөспiрiмдер үшiн спорттық-бұқаралық, сауықтыру iс-шараларын өткiзудi ұйымдастырсын.

      6. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгi жазғы мектеп каникулы басталғанға дейiн балалар демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру орындарының өртке қарсы жай-күйін тексеруді жүргізсін, олардың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар әзірлесін.

      7. Осы өкімнің орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігіне жүктелсін.

      Премьер-Министр

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады