Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Мемлекетаралық кеңесінің үкімет басшылары деңгейіндегі он сегізінші мәжілісін дайындау және өткізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2007 жылғы 16 сәуірдегі N 93-ө Өкімі

      2007 жылғы 17-19 сәуірде Астана қаласында Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Мемлекетаралық кеңесінің үкімет басшылары деңгейіндегі он сегізінші мәжілісін (бұдан әрі - мәжіліс) дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз ету мақсатында:
      1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мәжілісті дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.
      2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы:
      қосымшаға сәйкес Беларусь Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы ресми делегацияларының (бұдан әрі - делегациялар) мүшелеріне қызмет көрсету жөніндегі қажетті ұйымдастыру шараларын қабылдасын;
      мәжілісті өткізуге арналған шығыстарды 2007 жылға арналған республикалық бюджетте 001»"Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды адамдарының қызметін қамтамасыз ету" және 003»"Республикалық деңгейде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы" бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті делегациялар мүшелерінің әуежайдағы, тұратын және болатын орындарындағы қауіпсіздігін, жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді, сондай-ақ арнайы ұшақтарды күзетуді қамтамасыз етсін.
      4. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі белгіленген тәртіппен:
      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, делегациялардың арнайы ұшақтарының Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшып өтуін, Астана қаласының әуежайына қонуын және одан ұшып шығуын;
      Астана қаласының әуежайында арнайы ұшақтарға техникалық қызмет көрсетуді, олардың тұрағын және жанармай құюды қамтамасыз етсін.
      5. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәжілісті бұқаралық ақпарат құралдарында жария етуді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Қажымқанұлы Мәсімовтің атынан ресми қабылдау кезінде делегациялардың құрметіне концерттік бағдарлама ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.
      6. Астана қаласының әкімі делегацияларды қарсы алу және шығарып салу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларын орындауды, Астана қаласының әуежайы мен көшелерін безендіруді, делегациялардың болатын орындарында бірге жүруді, сондай-ақ мәдени бағдарлама ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.
      7. Делегацияларға қызмет көрсету деңгейін арттыру мақсатында: Беларусь Республикасына - Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Виктор Вячеславович Храпунов, Қырғыз Республикасына - Қазақстан Республикасының Энергетика және минералдық ресурстар министрі Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов, Ресей Федерациясына - Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрі Ғалым Ізбасарұлы Оразбақов, Тәжікстан Республикасына - Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Әбілдаұлы Ысқақов, Өзбекстан Республикасына - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Ахметжан Смағұлұлы Есімов бекітілсін.
      8. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.

       Премьер-Министр

Қазақстан Республикасы  
Премьер-Министрінің   
2007 жылғы»16 сәуірдегі 
N 93-ө өкіміне    
қосымша    

Делегациялар мүшелеріне қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шаралары

      1. Ресми делегациялар мүшелерін "1+6" форматы бойынша және Еуразиялық экономикалық коғамдастықтың бас хатшысын Астана қаласының
қонақ үйлеріне орналастыру және тамақтандыру, сондай-ақ оларға көліктік қызмет көрсету.
      2. Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі қызметкерлерін делегациялар басшылары орналасқан жерлерге орналастыру.
      3. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Қ.Мәсімовтің, делегациялар басшыларының қатысуымен екі жақты кездесулер өткізу үшін, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық қоғамдастық Мемлекетаралық кеңесінің шағын және кеңейтілген құрамдардағы мәжілістері үшін залдарды жалға алу. 
      4. Залдарды техникалық жабдықпен (2 ксерокс, 2 компьютер, 2 принтер, 2 телефон, 1 сканер) және кеңсе бұйымдарымен қамтамасыз ету. 
      5. Іс-шаралар өтетін орындарды гүлмен көркемдеу.
      6. Баспа өнімдерін (бейдждер, автокөліктерге арнайы рұқсатнамалар, куверттік карталар, қабылдауға шақырулар) дайындау.
      7. Делегациялардың басшылары үшін сыйлықтар мен кәдесыйлар сатып алу.
      8. Делегацияларды Астана қаласының әуежайында қарсы алу және шығарып салу кезінде шай дастарханын ұйымдастыру.
      9. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Қ.Мәсімовтің атынан ресми қабылдау ұйымдастыру.
      10. Делегациялар мүшелеріне және бірге жүретін адамдарға медициналық қызмет көрсету.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады