Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы екі жақты ынтымақтастықты нығайту, 2007 жылғы 13-15 желтоқсанда Түркия Республикасының Президенті А. Гүлдің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарын (бұдан әрі - сапар) дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз ету мақсатында:
1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі сапарды дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы (келісім бойынша):
қосымшаға сәйкес Түркия Республикасы делегациясының мүшелеріне "1+1+10" форматы бойынша қызмет көрсету жөнінде ұйымдастыру шараларын қабылдасын;
сапарды өткізуге жұмсалатын шығыстарды қаржыландыруды 2007 жылға арналған республикалық бюджетте 001 "Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды адамдарының қызметін қамтамасыз ету" және 003 "Республикалық деңгейде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы" бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Түркия Республикасының делегациясы мүшелерінің Астана және Алматы қалаларының әуежайларындағы, тұратын және болатын орындарындағы қауіпсіздігін, жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді, сондай-ақ арнайы ұшақты күзетуді қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі белгіленген тәртіппен:
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Түркия Республикасының Президенті А. Гүлдің арнайы ұшағының Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшып өтуін, Астана және Алматы қалаларының әуежайларына қонуын және одан ұшып шығуын;
Астана және Алматы қалаларының әуежайларында арнайы ұшаққа техникалық қызмет көрсетуді, тұрағын және жанармай құюды қамтамасыз етсін.
5. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі сапарды бұқаралық ақпарат құралдарында жария етуді қамтамасыз етсін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің атынан ресми түскі ас уақытында концерттік бағдарлама ұйымдастырсын.
6. Астана және Алматы қалаларының әкімдері Түркия Республикасының делегациясын Астана және Алматы қалаларының әуежайларында қарсы алу және шығарып салу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларын орындауды, баратын орындарында бірге жүруді, сондай-ақ мәдени бағдарлама ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.
7. Қазақстан Республикасы Республикалық ұланы (келісім бойынша) Астана және Алматы қалаларының әуежайларында Түркия Республикасының делегациясын қарсы алуға/шығарып салуға қатыссын.
8. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.
Премьер-Министр
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2007 жылғы 13 желтоқсандағы
N 375-ө өкіміне
қосымша
Түркия Республикасы делегациясының мүшелеріне қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шаралары
1. Түркия Республикасы делегациясының мүшелерін Астана қаласындағы "Риксос Президент-отель Астана" қонақ үйіне және Алматы қаласындағы "Интерконтиненталь" қонақ үйіне "1+1+10" форматы бойынша орналастыру, тамақтандыру және оларға көліктік қызмет көрсету.
2. Қазақстан Республикасының Президенті Күзет қызметінің қызметкерлерін Астана қаласындағы "Риксос Президент-отель Астана" және Алматы қаласындағы "Интерконтиненталь" қонақ үйіне орналастыру.
3. Баспа өнімдерін (бейдждер, сапар бағдарламалары, автомобильдерге арнайы рұқсатнамалар, куверттік карталар, түскі асқа шақырулар) дайындау.
4. Түркия Республикасы делегациясының басшысы, жұбайы мен мүшелері үшін сыйлық және кәдесыйлар сатып алу.
5. Түрік делегациясын қарсы алу және шығарып салу кезінде Астана және Алматы қалаларының әуежайларында шай дастарханын ұйымдастыру.
6. Іс-шаралар өткізілетін жерлерді гүлмен безендіру.
7. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан Түркия Республикасының Президенті А. Гүлдің құрметіне ресми түскі ас ұйымдастыру.
8. Делегация мүшелеріне және бірге жүретін адамдарға медициналық қызмет көрсету.