Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьері Вэнь Цзябаоның Қазақстан Республикасына ресми сапарын дайындау және өткізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2008 жылғы 29 қазандағы N 262-ө Өкімі

      Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасының (бұдан әрі - ҚХР) арасындағы екі жақты ынтымақтастықты нығайту және 2008 жылғы 29 - 31 қазан кезеңінде Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьері Вэнь Цзябаоның Қазақстан Республикасына ресми сапарын Астана қаласында дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз ету мақсатында:
      1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2008 жылғы 29 - 31 қазан кезеңінде Астана қаласында Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьері Вэнь Цзябаоның ресми сапарын (бұдан әрі - сапар) дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.
      2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы (келісім бойынша):
      1) қосымшаға сәйкес "1+10" форматы бойынша ҚХР ресми делегациясының мүшелеріне қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шараларын қабылдасын;
      2) 2008 жылға арналған республикалық бюджетте 001 "Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды тұлғаларының қызметін қамтамасыз ету" және 003 "Республикалық деңгейде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы" бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен сапарды өткізуге арналған шығыстарды қаржыландыруды қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша) ҚХР ресми делегациясы мүшелерінің Астана қаласының әуежайында, тұратын және болатын орындарындағы қауіпсіздігін, жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді, сондай-ақ арнайы ұшақты күзетуді қамтамасыз етсін.
      4. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьері Вэнь Цзябаоның арнайы ұшағының Қазақстан Республикасының аумағы үстінен ұшып өтуін және Астана қаласының әуежайында қонуын және одан ұшып шығуын;
      2) Астана қаласының әуежайында арнайы ұшаққа техникалық қызмет көрсетуді, оның тұрағын және жанармай құюды қамтамасыз етсін.
      5. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі сапардың бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілуін қамтамасыз етсін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің атынан ресми түскі ас кезінде концерттік бағдарлама ұйымдастырсын.
      6. Астана қаласының әкімдігі ҚХР делегациясын Астана қаласының әуежайында қарсы алу мен шығарып салу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларын орындауды, әуежайды және көшелерді безендіруді, сондай-ақ мәдени бағдарламаны ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.
      7. Қазақстан Республикасы Республикалық ұланы (келісім бойынша) Астана қаласының әуежайында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Вэнь Цзябаоны қарсы алу және шығарып салу ресми рәсімдеріне қатыссын.
      8. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.

       Премьер-Министр                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің 
2008 жылғы 29 қазандағы
N 262-ө өкіміне  
қосымша      

Қытай Халық Республикасының ресми делегациясы мүшелеріне қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шаралары

      1. ҚХР ресми делегациясының мүшелерін (1+10 форматы бойынша), бірге жүретін адамдарды Астана қаласында қонақ үйге орналастыру, тамақтандыру және оларға көліктік қызмет көрсету.
      2. Қазақстан Республикасының Президенті Күзет қызметінің қызметкерлерін Астана қаласындағы қонақ үйге орналастыру.
      3. Баспа өнімдерін (бейдждер, сапардың бағдарламалары, автокөліктерге арнайы рұқсатнамалар, куверттік карталар, қабылдауға шақырулар) дайындау.
      4. Делегация басшысы мен мүшелері үшін сыйлықтар мен кәдесыйлар сатып алу.
      5. ҚХР ресми делегациясын қарсы алу және шығарып салу кезінде Астана қаласының әуежайында шай дастарханын ұйымдастыру.
      6. Іс-шараларды өткізу орындарын гүлмен безендіру.
      7. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімовтің атынан Астана қаласында Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің Премьері Вэнь Цзябаоның құрметіне ресми қабылдау ұйымдастыру.
      8. Ресми делегацияның мүшелеріне және бірге жүретін адамдарға медициналық қызмет көрсету.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады