Қазақстан Республикасы мен Черногория арасындағы екі жақты ынтымақтастықты нығайту, Черногорияның Премьер-Министрі Мило Джукановичтің 2008 жылғы 11 қарашада Қазақстан Республикасына ресми сапарын (бұдан әрі - сапар) дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз ету мақсатында:
1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі сапарды дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы (келісім бойынша):
1) қосымшаға сәйкес Черногория ресми делегациясының мүшелеріне "1+5" форматы бойынша қызмет көрсету жөнінде ұйымдастыру шараларын қабылдасын;
2) сапарды өткізуге арналған шығыстарды 2008 жылға арналған республикалық бюджетте 001 "Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды тұлғаларының қызметін қамтамасыз ету" және 003 "Республикалық деңгейде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы" бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша) Черногория ресми делегациясы мүшелерінің Астана қаласының әуежайындағы, тұратын және болатын орындарындағы қауіпсіздігін, сондай-ақ жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді және арнайы ұшақты күзетуді қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Черногорияның Премьер-Министрі Мило Джукановичтің арнайы ұшағының Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшып өтуін, Астана қаласының әуежайына қонуын және одан ұшып шығуын;
2) Астана қаласының әуежайында арнайы ұшаққа техникалық қызмет көрсетуді, тұрағын және жанармай құюды қамтамасыз етсін.
5. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі сапарды бұқаралық ақпарат құралдарында жария етуді қамтамасыз етсін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің атынан ресми түскі ас кезінде концерттік бағдарлама ұйымдастырсын.
6. Астана қаласының әкімдігі Черногорияның ресми делегациясын Астана қаласының әуежайында қарсы алу және шығарып салу жөнінде ұйымдастыру іс-шараларын орындауды, әуежай мен көшелерді безендіруді, сондай-ақ мәдени бағдарлама ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.
7. Қазақстан Республикасының Республикалық ұланы (келісім бойынша) Астана қаласының әуежайында Черногорияның Премьер-Министрі Мило Джукановичті қарсы алу/шығарып салу ресми рәсімдеріне қатыссын.
8. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.
Премьер-Министр К. Мәсімов
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2008 жылғы 10 қарашадағы
N 269-ө өкіміне
қосымша
Черногория ресми делегациясының мүшелеріне қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шаралары
1. Черногория ресми делегациясының мүшелерін Астана қаласындағы "Риксос Президент Отель Астана" қонақ үйіне "1+5" форматы бойынша орналастыру, тамақтандыру және оларға көліктік қызмет көрсету.
2. Қазақстан Республикасының Президенті Күзет қызметінің қызметкерлерін Астана қаласындағы "Риксос Президент Отель Астана" қонақ үйіне орналастыру.
3. Баспа өнімдерін (бейдждер, сапар бағдарламалары, автокөліктерге арнайы рұқсатнамалар, куверттік карталар, қабылдауға шақырулар) дайындау.
4. Черногория ресми делегацияның басшысы мен мүшелері үшін сыйлық және кәдесыйлар сатып алу.
5. Ресми делегацияны қарсы алу және шығарып салу кезінде Астана қаласының әуежайында шай дастарханын ұйымдастыру.
6. Іс-шаралар өткізілетін орындарды гүлмен көркемдеу.
7. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Қ. Мәсімовтің атынан Черногорияның Премьер-Министрі М.Джукановичтің құрметіне Астана қаласында ресми түскі ас ұйымдастыру.
8. Ресми делегация мүшелеріне және бірге жүретін адамдарға медициналық қызмет көрсету.