Ватиканның Мемлекеттік хатшысы Тарчизио Бертоненің Қазақстан Республикасына ресми сапарын дайындау және өткізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2010 жылғы 29 қарашадағы № 152-ө Өкімі

      Ватиканның Мемлекеттік хатшысы Тарчизио Бертоненің Қазақстан Республикасына ресми сапарын дайындау және өткізу мақсатында:
      1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2010 жылғы 29 қараша - 4 желтоқсан аралығында Астана қаласында Ватиканның Мемлекеттік хатшысының Қазақстан Республикасына ресми сапарын (бұдан әрі - сапар) дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.
      2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы (келісім бойынша):
      1) қосымшаға сәйкес Ватиканның ресми делегациясының мүшелеріне «1+5» форматы бойынша қызмет көрсету жөнінде ұйымдастыру шараларын қабылдасын;
      2) сапарды өткізуге арналған шығыстарды 2010 жылға арналған республикалық бюджетте 001 «Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды адамдарының қызметін қамтамасыз ету» және 003 «Республикалық деңгейде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы» бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ватиканның ресми Делегациясы мүшелерінің Астана қаласының әуежайында, тұратын және болатын орындарындағы қауіпсіздігін, жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді, сондай-ақ арнайы ұшақты күзетуді қамтамасыз етсін.
      4. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Ватиканның Мемлекеттік хатшысының арнайы ұшағының Қазақстан Республикасының аумағынан ұшып өтуін, Астана қаласының әуежайында қонуын және одан ұшып шығуын;
      2) Астана қаласының әуежайында арнайы ұшаққа техникалық қызмет көрсетуді, оның тұрағын және жанармай құюды қамтамасыз етсін.
      5. Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі сапарды бұқаралық ақпарат құралдарында жария етуді қамтамасыз етсін.
      6. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің атынан ресми қабылдау кезінде концерттік бағдарлама ұйымдастырсын.
      7. Астана қаласының әкімдігі Ватикан ресми делегациясын Астана қаласының әуежайында қарсы алу және шығарып салу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларын орындауды, әуежайды және көшелерді безендіруді, баратын орындарда бірге жүруді, сондай-ақ мәдени бағдарламалар ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.
      8. Қазақстан Республикасы Республикалық ұланы (келісім бойынша) Астана қаласының әуежайында Ватиканның Мемлекеттік хатшысын қарсы алу және шығарып салу ресми рәсімдеріне қатыссын.
      9. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.

      Премьер-Министр                            К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы 
Премьер-Министрінің  
2010 жылғы 29 қарашадағы
№ 152-ө өкіміне    
қосымша        

Ватиканның ресми делегациясының мүшелеріне
қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шаралары

      1. Ватикан ресми делегациясының мүшелерін (1+5 форматы бойынша) және Қазақстан Республикасының Президенті Күзет қызметінің қызметкерлерін Астана қаласының қонақ үйінде орналастыру.
      2. Баспа өнімдерін (бейдждер, сапардың бағдарламалары, автомобильдерге арнайы рұқсатнамалар, куверттік карталар, қабылдауға шақырулар) дайындау.
      3. Ватиканның ресми делегациясын қарсы алу және шығарып салу кезінде Астана қаласының әуежайында шай дастарханын ұйымдастыру және гүлмен безендіру.
      4. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімовтың атынан Астана қаласында Ватиканның Мемлекеттік хатшысы Т.Бертоненің құрметіне қабылдаулар (таңғы, түскі, кешкі астар) ұйымдастыру.
      5. Ватиканның ресми делегациясының басшысы мен мүшелері үшін сыйлықтар мен кәдесыйлар сатып алу.
      6. Іс-шараларды өткізу орындарын гүлмен безендіру.
      7. Ватиканның ресми делегациясының мүшелеріне және бірге жүретін адамдарға көліктік қызмет көрсету.
      8. Ватиканның ресми делегациясының мүшелеріне және бірге жүретін адамдарға медициналық қызмет көрсету.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады