Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүлдің Қазақстан Республикасына ресми сапарын дайындау және өткізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2010 жылғы 25 мамырдағы № 71-ө Өкімі

      Түрік Республикасының Президенті Абдулла Гүлдің Қазақстан Республикасына ресми сапарын дайындау және өткізу мақсатында:
      1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2010 жылғы 23 - 26 мамырда Астана қаласында және Оңтүстік Қазақстан облысында Түрік Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасына ресми сапарын (бұдан әрі - сапар) дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.
      2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы (келісім бойынша):
      1) қосымшаға сәйкес «1+10» форматы бойынша Түрік Республикасы ресми делегациясының мүшелеріне қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шараларын қабылдасын;
      2) 2010 жылға арналған республикалық бюджетте 001 «Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды тұлғаларының қызметін қамтамасыз ету» және 003 «Республикалық деңгейде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы» бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен сапарды өткізуге арналған шығыстарды қаржыландыруды қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы (келісім бойынша) Мемлекет басшылары үшін тікұшақтарды қамтамасыз етсін және пайдаланғаны үшін шығыстарды төлесін.
      4. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ресми делегация мүшелерін және Оңтүстік Қазақстан облысында бірге жүретін адамдарды көлік қызметімен қамтамасыз етсін.
      5. Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Түрік Республикасының ресми делегациясы мүшелерінің Астана, Шымкент қалаларының әуежайларында, тұратын және болатын орындарындағы қауіпсіздігін, жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді, сондай-ақ арнайы ұшақты күзетуді қамтамасыз етсін.
      6. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Түрік Республикасының Президенті арнайы ұшағының Қазақстан Республикасының аумағы үстінен ұшып өтуін, Астана, Шымкент қалаларының әуежайларында қонуын және одан ұшып шығуын;
      2) Астана, Шымкент қалаларының әуежайларында арнайы ұшаққа техникалық қызмет көрсетуді, оның тұрағын және жанармай құюды қамтамасыз етсін.
      7. Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі сапарды бұқаралық ақпарат құралдарында жария етуді қамтамасыз етсін.
      8. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Қазақстан Республикасы Президентінің атынан ресми қабылдау уақытында концерттік бағдарлама ұйымдастырсын.
      9. Астана қаласының және Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдіктері Түрік Республикасының ресми делегациясын Астана, Шымкент қалаларының әуежайларында қарсы алу және шығарып салу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларын орындауды, әуежайларды және көшелерді безендіруді, баратын орындарға бірге жүруді, сондай-ақ мәдени бағдарламалар ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.
      10. Қазақстан Республикасы Республикалық ұланы (келісім бойынша) Астана қаласының әуежайында Түрік Республикасының Президентін қарсы алу және шығарып салу ресми рәсімдеріне қатыссын.
      11. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.

      Премьер-Министр                                     К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің 
2010 жылғы 25 мамырдағы
№ 71-ө өкіміне   
қосымша       

Түрік Республикасы делегациясының мүшелеріне қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шаралары

      1. Түрік Республикасы ресми делегациясының мүшелерін (1+10 форматы бойынша) және Қазақстан Республикасының Президенті Күзет қызметінің қызметкерлерін Астана және Шымкент қалаларындағы қонақ үйлерде орналастыру.
      2. Баспа өнімдерін (бейдждер, сапардың бағдарламалары, автокөліктерге арнайы рұқсатнамалар, куверттік карталар, қабылдауға шақырулар) дайындау.
      3. Түрік Республикасының ресми делегациясын қарсы алу және шығарып салу кезінде Астана қаласының әуежайында шай дастарханын ұйымдастыру және гүлмен безендіру.
      4. Қазақстан Республикасының Президенті атынан Астана және Шымкент қалалаларында Түрік Республикасы Президентінің құрметіне қабылдаулар (таңғы, түскі, кешкі) ұйымдастыру.
      5. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі атынан Астана қаласында Түрік Республикасы Президентінің құрметіне қабылдау ұйымдастыру.
      6. Түрік Республикасы делегациясының басшысы мен ресми мүшелері үшін сыйлықтар мен кәдесыйлар сатып алу.
      7. Іс-шаралар өткізілетін орындарды гүлмен безендіру.
      8. Түрік Республикасы ресми делегациясының мүшелеріне және бірге жүретін адамдарға Астана қаласында көлік қызметін көрсету.
      9. Түрік Республикасы ресми делегациясының мүшелеріне және бірге жүретін адамдарға медициналық қызмет көрсету.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады