Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан Республикасына ресми сапарын дайындау және өткізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2011 жылғы 3 ақпандағы № 11-ө Өкімі

      Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы екі жақты ынтымақтастықты нығайту және 2011 жылғы 4-5 ақпанда Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Алмазбек Атамбаевтың Қазақстан Республикасына ресми сапарын (бұдан әрі - сапар) дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз ету мақсатында:
      1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі сапарды дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.
      2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы (келісім бойынша) қосымшаға сәйкес Қырғыз Республикасы делегациясының мүшелеріне «1+10» форматы бойынша жоғары деңгейде қызмет көрсету жөнінде ұйымдастыру шараларын қабылдасын, сапарды өткізуге арналған шығыстарды 2011 жылға арналған республикалық бюджетте 001 «Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды тұлғаларының қызметін қамтамасыз ету» және 003 «Республикалық деңгейде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы» бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қырғыз Республикасының делегациясы мүшелерінің Астана қаласының әуежайындағы, тұратын және болатын орындарындағы қауіпсіздігін, сондай-ақ жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді және арнайы ұшақты күзетуді қамтамасыз етсін.
      4. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі А. Атамбаевтың арнайы ұшағының Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшып өтуін, Астана қаласының әуежайына қонуын және одан ұшып шығуын;
      2) Астана қаласының әуежайында арнайы ұшаққа техникалық қызмет көрсетуді, тұрағын және жанармай құюды қамтамасыз етсін.
      5. Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі сапардың бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілуін қамтамасыз етсін.
      6. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің атынан ресми түскі ас кезінде концерттік бағдарлама ұйымдастырсын.
      7. Астана қаласының әкімдігі Қырғыз Республикасының делегациясын Астана қаласының әуежайында қарсы алу және шығарып салу кезінде ұйымдастыру іс-шараларының орындалуын, сондай-ақ мәдени бағдарлама ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.
      8. Қазақстан Республикасы Республикалық ұланы (келісім бойынша) Астана қаласының әуежайында Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі А. Атамбаевты қарсы алу/шығарып салу ресми рәсімдеріне қатыссын.
      9. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (келісім бойынша) Қырғыз Республикасы делегациясының мүшелеріне қатысты шекаралық бақылауды жеделдетілген тәртіппен («Бүркіт» бірыңғай ақпараттық жүйесіне суретке түсірусіз) ұйымдастырсын.
      10. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес Қырғыз Республикасы делегациясының мүшелерін жедел кедендік бақылау мен кедендік ресімдеуді қамтамасыз етсін.
      11. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.

      Премьер-Министр                            К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің 
2011 жылғы 3 ақпандағы
№ 11-ө өкіміне   
қосымша       

Қырғыз Республикасы делегациясының мүшелерін қамтамасыз ету
және оларға қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шаралары

      1. Қырғыз Республикасы делегациясының мүшелерін «1+10» форматы бойынша және Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі қызметкерлерін Астана қаласындағы қонақ үйге орналастыру.
      2. Баспа өнімдерін (бейдждер, сапардың бағдарламалары, автомобильдерге арнайы рұқсатнамалар, куверттік карталар, қабылдауға шақырулар) дайындау.
      3. Қырғыз Республикасының делегациясын қарсы алу және шығарып салу кезінде Астана қаласының әуежайында шай дастарханын және гүлмен безендіруді ұйымдастыру.
      4. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К. Мәсімовтің атынан Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі А. Атамбаевтың құрметіне ресми қабылдауды (таңғы ас, түскі ас, кешкі ас) ұйымдастыру.
      5. Делегация басшысы мен мүшелері үшін сыйлықтар мен кәдесыйлар сатып алу.
      6. Іс-шараларды өткізу орындарын гүлмен безендіру.
      7. Делегация басшысы мен мүшелеріне және бірге жүретін адамдарға Астана қаласында көліктік қызмет көрсету.
      8. Делегация басшысы мен мүшелеріне, сондай-ақ бірге жүретін адамдарға медициналық қызмет көрсету.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады