Малайзияның Премьер-Министрі Наджиб Тун Абдул Разактың Қазақстан Республикасына ресми сапарын дайындау және өткізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2011 жылғы 4 маусымдағы № 77-ө Өкімі

      Қазақстан Республикасы мен Малайзия арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту және Малайзияның Премьер-Министрі Наджиб Тун Абдул Разактың 2011 жылғы 5-7 маусым кезеңінде Қазақстан Республикасына ресми сапарын Астана қаласында дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз ету мақсатында:
      1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2011 жылғы 5-7 маусым кезеңінде Астана қаласында Малайзияның Премьер-Министрі Наджиб Тун Абдул Разактың Қазақстан Республикасына ресми сапарын (бұдан әрі - сапар) дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.
      2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы (келісім бойынша) қосымшаға сәйкес «1+1+10» форматы бойынша Малайзияның ресми делегациясы мүшелеріне жоғары деңгейде қызмет көрсету жөнінде ұйымдастыру шараларын қабылдасын, 2011 жылға арналған республикалық бюджетте 001 «Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды адамдарының қызметін қамтамасыз ету» және 003 «Республикалық денгейде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы» бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен сапарды өткізуге қатысты шығыстарды қаржыландыруды қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Малайзияның ресми делегациясы мүшелерінің Астана қаласының әуежайындағы, тұратын және болатын орындарындағы қауіпсіздігін, сондай-ақ жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді және арнайы ұшақты күзетуді қамтамасыз етсін.
      4. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Малайзияның Премьер-Министрі Наджиб Тун Абдул Разактың арнайы ұшағының Қазақстан Республикасының аумағы үстінен ұшып өтуін, Астана қаласының әуежайына қонуын және одан ұшып шығуын;
      2) Астана қаласының әуежайында арнайы ұшаққа техникалық қызмет көрсетуді, оның тұрағын және жанармай құюды қамтамасыз етсін.
      5. Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігі сапардың бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілуін қамтамасыз етсін.
      6. Қазақстан Республикасы Мэдениет министрлігі Қазақстан Республикасы Президенті және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің аттарынан берілетін ресми түскі астар кезінде концерттік бағдарлама ұйымдастырсын.
      7. Астана қаласының әкімдігі: Малайзия ресми делегациясын Астана қаласының әуежайында қарсы алу және шығарып салу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларын орындауды, әуежайды және көшелерді безендіруді, сондай-ақ мәдени бағдарламаны ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.
      8. Қазақстан Республикасының Республикалық ұланы (келісім бойынша) Астана қаласының әуежайында Малайзияның Премьер-Министрі Наджиб Тун Абдул Разакты қарсы алу және шығарып салу ресми рәсімдеріне қатыссын.
      9. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (келісім бойынша) Малайзия делегациясының мүшелеріне қатысты шекаралық бақылауды жеделдетілген тәртіппен («Бүркіт» бірыңғай ақпараттық жүйесіне суретке түсірусіз) ұйымдастырсын.
      10. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес Малайзия делегациясының мүшелеріне жедел кедендік бақылау мен кедендік ресімдеуді қамтамасыз етсін.
      11. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.

      Премьер-Министр                            К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің 
2011 жылғы 4 маусымдағы
№ 77-ө өкіміне   
қосымша       

Малайзияның ресми делегациясы мүшелерін қамтамасыз ету және
оларға қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шаралары

      1. Малайзия ресми делегациясының мүшелерін (1+1+10 форматы бойынша) және Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің қызметкерлерін Астана қаласындағы қонақүйде орналастыру.
      2. Баспа өнімдерін (бейдждер, сапардың бағдарламалары, автокөліктерге арнайы рұқсатнамалар, куверттік карталар, қабылдауға шақырулар) дайындау.
      3. Малайзияның ресми делегациясын қарсы алу және шығарып салу кезінде Астана қаласының әуежайында шай дастарханын ұйымдастыру және гүлмен безендіру.
      4. Қазақстан Республикасының Президенті және Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі аттарынан Астана қаласында Малайзияның Премьер-Министрі құрметіне ресми қабылдаулар ұйымдастыру.
      5. Делегация басшысы мен мүшелері үшін сыйлықтар мен кәдесыйлар сатып алу.
      6. Іс-шараларды өткізу орындарын гүлмен безендіру.
      7. Ресми делегация басшысы мен мүшелеріне және еріп жүретін адамдарға Астана қаласында көліктік қызмет көрсету.
      8. Ресми делегация басшысы мен мүшелеріне және еріп жүретін адамдарға медициналық қызмет көрсету.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады