Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путиннің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарын дайындау және өткізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2012 жылғы 30 мамырдағы № 111-ө Өкімі

      Ресей Федерациясының Президенті Владимир Владимирович Путиннің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарын дайындау және өткізу мақсатында:
      1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2012 жылғы 7-8 маусымда Астана қаласында Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путиннің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарын (бұдан әрі – сапар) дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.
      2. Қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы (келісім бойынша) «1+3+7» форматы бойынша Ресей Федерациясы ресми делегациясының мүшелеріне жоғары деңгейде қызмет көрсету бойынша ұйымдастыру шараларын қабылдасын, сапарды өткізуге арналған шығыстарды 2012 жылға арналған республикалық бюджетте 001 «Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды тұлғаларының қызметін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер», 003 «Республикалық деңгейде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы» және 004 «Жекелеген азаматтар санаттарына медициналық көмек көрсету» бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ресей Федерациясының ресми делегациясы мүшелерінің Астана қаласының әуежайында, тұратын және болатын орындарындағы қауіпсіздігін, жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді, сондай-ақ арнайы ұшақты күзетуді қамтамасыз етсін.
      4. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путиннің арнайы ұшағының Қазақстан Республикасының аумағы үстінен ұшып өтуін, Астана қаласының әуежайына қонуын және одан ұшып шығуын;
      2) Астана қаласының әуежайында арнайы ұшаққа техникалық қызмет көрсетуді, оның тұрағын және жанармай құюды қамтамасыз етсін.
      5. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі сапарды бұқаралық ақпарат құралдарында жария етуді және Қазақстан Республикасы Президентінің атынан ресми қабылдау кезінде концерттік бағдарлама ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.
      6. Астана қаласының әкімдігі Ресей Федерациясының ресми делегациясын Астана қаласының әуежайында қарсы алу және шығарып салу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларын орындауды, әуежайды және көшелерді безендіруді, баратын орындарға бірге жүруді, сондай-ақ, мәдени бағдарламалар ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.
      7. Қазақстан Республикасы Республикалық ұланы (келісім бойынша) Астана қалаcының әуежайында Ресей Федерациясының Президентін қарсы алу және шығарып салу салтанатты рәсімдеріне қатыссын.
      8. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.

      Премьер-Министр                                     К.Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2012 жылғы 30 мамырдағы
№ 111-ө өкіміне  
қосымша       

Ресей Федерациясы ресми делегациясының мүшелерін қамтамасыз ету
және оларға қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шаралары

      1. Ресей Федерациясы ресми делегациясының мүшелерін («1+3+7» форматы бойынша) және Қазақстан Республикасының Президенті Күзет қызметінің қызметкерлерін Астана қаласындағы қонақ үйге орналастыру.
      2. Баспа өнімдерін (бейдждер, сапардың бағдарламалары, автокөліктерге арнайы рұқсатнамалар, куверттік карталар, қабылдауға шақырулар) дайындау.
      3. Ресей Федерациясының ресми делегациясын қарсы алу және шығарып салу кезінде Астана қаласының әуежайында шай дастарханын ұйымдастыру және гүлмен безендіру.
      4. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың атынан Астана қаласында Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путиннің құрметіне қабылдаулар (таңғы, түскі, кешкі, оның ішінде, бейресми ас) ұйымдастыру.
      5. Ресми делегацияның басшысы мен мүшелері үшін сыйлықтар мен кәдесыйлар сатып алу.
      6. Іс-шараларды өткізу орындарын гүлмен безендіру.
      7. Ресми делегацияның басшысына және мүшелеріне, сондай-ақ, бірге жүретіндерге көлік қызметін көрсету.
      8. Ресми делегацияның басшысына және мүшелеріне, сондай-ақ, бірге жүретіндерге медициналық қызмет көрсету.
      9. Астана қаласындағы қонақ үй залдарын жалға алу ақысын төлеуді қамтамасыз ету.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады