Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Чыонг Тан Шангтың Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарын дайындау және өткізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2012 жылғы 8 қыркүйектегі № 165-ө Өкімі

      Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Чыонг Тан Шангтың Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарын дайындау және өткізу мақсатында:
      1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2012 жылғы
9 – 11 қыркүйек кезеңінде Астана қаласында Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Чыонг Тан Шангтың Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарын (бұдан әрі – сапар) дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.
      2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы (келісім бойынша) қосымшаға сәйкес Вьетнам Социалистік Республикасының ресми делегациясы мүшелеріне «1+1+10» форматы бойынша жоғарғы деңгейде қызмет көрсету жөнінде ұйымдастыру шараларын қабылдасын, сапарды өткізуге арналған шығыстарды 2012 жылға арналған республикалық бюджетте 001 «Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды адамдарының қызметін қамтамасыз ету», 003 «Республикалық деңгейде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы» және 004 «Жекелеген азаматтар санатына медициналық көмек көрсету» бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша) Вьетнам Социалистік Республикасының ресми делегациясы мүшелерінің Астана қаласының әуежайында, тұратын және болатын орындарындағы қауіпсіздігін, сондай-ақ жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді және арнайы ұшақты күзетуді қамтамасыз етсін.
      4. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Чыонг Тан Шангтың арнайы ұшағының Қазақстан Республикасының аумағы үстінен ұшып өтуін, Астана қаласының әуежайына қонуын және одан ұшып шығуын;
      2) Астана қаласының әуежайында арнайы ұшаққа техникалық қызмет көрсетуді, оның тұрағын және жанармай құюды қамтамасыз етсін.
      5. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі:
      1) сапардың бұқаралық ақпарат құралдарында жария етілуін;
      2) Қазақстан Республикасының Президенті атынан берілетін ресми түскі ас кезінде концерттік бағдарлама ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.
      6. Астана қаласының әкімдігі Вьетнам Социалистік Республикасының ресми делегациясын Астана қаласының әуежайында қарсы алу және шығарып салу, әуежайды және көшелерді безендіру, баратын орындарға бірге жүру, сондай-ақ мәдени бағдарламаларды ұйымдастыру жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларын орындауды қамтамасыз етсін.
      7. Қазақстан Республикасы Республикалық ұланы (келісім бойынша) Астана қаласының әуежайында Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Чыонг Тан Шангты қарсы алу және шығарып салудың ресми рәсімдеріне қатыссын.
      8. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (келісім бойынша) Вьетнам Социалистік Республикасы делегациясының мүшелеріне қатысты шекаралық бақылауды жеделдетілген тәртіппен («Бүркіт» бірыңғай ақпараттық жүйесіне суретке түсірусіз) ұйымдастырсын.
      9. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес Вьетнам Социалистік Республикасы делегациясының мүшелеріне жедел кедендік бақылау мен кедендік ресімдеуді қамтамасыз етсін.
      10. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.

      Премьер-Министр                              К. Мәсімов

Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2011 жылғы 8 қыркүйектегі
№ 165-ө өкіміне  
қосымша      

Вьетнам Социалистік Республикасы ресми делегациясының
мүшелеріне қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шаралары

      1. Вьетнам Социалистік Республикасы ресми делегациясының мүшелерін (1+1+10 форматы бойынша) және Қазақстан Республикасы Президенті Күзет қызметінің қызметкерлерін Астана қаласындағы қонақ үйде орналастыру.
      2. Баспа өнімдерін (бейдждер, сапардың бағдарламалары, автомобильдерге арнайы рұқсатнамалар, куверттік карталар, қабылдауға шақырулар) дайындау.
      3. Вьетнам Социалистік Республикасының ресми делегациясын қарсы алу және шығарып салу кезінде Астана қаласының әуежайында шай дастарханын ұйымдастыру және гүлмен безендіру.
      4. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың атынан Астана қаласында Вьетнам Социалистік Республикасының Президенті Чыонг Тан Шангтың құрметіне қабылдаулар (таңғы, түскі, кешкі ас), бейресми қабылдаулар ұйымдастыру.
      5. Вьетнам Социалистік Республикасы делегациясының басшысы мен мүшелері үшін сыйлықтар мен кәдесыйлар сатып алу.
      6. Іс-шаралар өткізілетін орындарды гүлмен безендіру.
      7. Вьетнам Социалистік Республикасы ресми делегациясының мүшелеріне, сондай-ақ бірге жүретін адамдарға көліктік қызмет көрсету.
      8. Вьетнам Социалистік Республикасы ресми делегациясының мүшелеріне, сондай-ақ бірге жүретін адамдарға медициналық қызмет көрсету.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады