Монако князі ІІ Альбердің Қазақстан Республикасына ресми сапарын дайындау және өткізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2012 жылғы 12 қарашадағы № 210-ө Өкімі

      Монако князі ІІ Альбердің Қазақстан Республикасына ресми сапарын дайындау және өткізу мақсатында:
      1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2012 жылғы 2 – 5 қараша кезеңінде Астана, Алматы қалаларында және Алматы облысында Монако князі ІІ Альбердің Қазақстан Республикасына ресми сапарын (бұдан әрі – сапар) дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.
      2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы (келісім бойынша) қосымшаға сәйкес «1+10» форматы бойынша Монако княздігінің ресми делегациясы мүшелеріне жоғары деңгейде қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шараларын қабылдасын, сапарды өткізуге арналған шығыстарды 2012 жылға арналған республикалық бюджетте 001 «Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды адамдарының қызметін қамтамасыз ету», 003 «Республикалық деңгейдегі халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы» және 004 «Жекелеген азаматтар санатына медициналық көмек көрсету» бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Монако княздігінің ресми делегациясы мүшелерінің Астана және Алматы қалаларының әуежайларында, тұратын және болатын орындарындағы қауіпсіздігін, жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді, сондай-ақ арнайы ұшақты күзетуді қамтамасыз етсін.
      4. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі белгіленген тәртіппен:
      1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Монако князі ІІ Альбердің арнайы ұшағының Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшып өтуін, Астана және Алматы қалаларының әуежайларына қонуын және олардан ұшып шығуын;
      2) Астана және Алматы қалаларының әуежайларында арнайы ұшаққа техникалық қызмет көрсетуді, оның тұрағын және жанармай құюды;
      3) Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасымен бірлесіп (келісім бойынша) белгіленген тәртіппен Алматы қаласының әуежайында тікұшаққа техникалық қызмет көрсетуді, олардың тұрағын (тікұшақтар алаңын) және жанармай құюды қамтамасыз етсін.
      5. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (келісім бойынша) және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті Монако княздігі ресми делегациясының мүшелеріне Астана және Алматы қалаларының әуежайларында қарсы алу және шығарып салу барысында тиісті жәрдем көрсетуді қамтамасыз етсін.
      6. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі:
      1) сапар бағдарламасына сәйкес князь ІІ Альбермен бірінші басшы деңгейінде бірге жүруді;
      2) сапарды бұқаралық ақпарат құралдарында жария етуді, Қазақстан Республикасы Президентінің атынан ресми және/немесе бейресми қабылдау кезінде концерттік бағдарлама ұйымдастыруды, сондай-ақ іс-шаралардың өткізу орындарын техникалық сүйемелдеуді (жарықтық, дыбыстық, сахнаны дайындау) қамтамасыз етсін.
      7. Астана және Алматы қалаларының, Алматы облысының әкімдіктері:
      1) Монако княздігінің ресми делегациясын Астана және Алматы қалаларының әуежайларында қарсы алу және шығарып салу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларын орындауды, әуежайларды және көшелерді безендіруді, сондай-ақ мәдени бағдарламаларды ұйымдастыруды қамтамасыз етсін;
      2) Монако княздігінің ресми делегациясы үшін сапар бағдарламасына сәйкес түскі/кешкі ас ұйымдастырсын.
      8. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы (келісім бойынша), Алматы облысының әкімі Монако княздігінің ресми делегациясы үшін сапар бағдарламасына сәйкес тікұшақпен саяхат ұйымдастырсын.
      9. Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі, Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитеті (келісім бойынша) сапар бағдарламасына сәйкес Астана және Алматы қалаларындағы спорт объектілеріне бару кезінде князь ІІ Альбермен бірінші басшы деңгейінде бірге жүруді қамтамасыз етсін.
      10. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі «Монако Ханшасы – Грейс Келли дәуірі» көрмесі экспонаттарының күзетілуін (Қазақстан Республикасының аумағы бойынша тасымалдау кезінде және Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында орналастыру кезеңінде), оларды әкелуге және әкетуге қатысты кедендік ресімдеу рәсімінің көрменің орналасқан жерінде жедел орындалуын қамтамасыз етсін.
      11. Қазақстан Республикасы Республикалық ұланы (келісім бойынша) сапардың бағдарламасы бойынша ресми рәсімдерге қатыссын.
      12. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.

      Премьер-Министр                                      С. Ахметов

Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің 
2012 жылғы 12 қарашадағы
№ 210-ө өкіміне   
қосымша       

Монако Княздігінің ресми делегациясы мүшелеріне қызмет
көрсету жөніндегі ұйымдастыру шаралары

      1. Монако Княздігінің ресми делегациясы мүшелерін (1+10 форматы бойынша) және Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі қызметкерлерін тұратын жерлерге орналастыру (Астана, Алматы қалалары).
      2. Баспа өнімдерін (бейдждер, сапардың бағдарламалары, автомобильдерге арнайы рұқсаттар, куверттік карталар, қабылдауға шақырулар және басқа) дайындау.
      3. Монако Княздігінің ресми делегациясын қарсы алу және шығарып салу кезінде Астана және Алматы қалаларының әуежайларында шай дастархандарын ұйымдастыру және гүлмен безендіру.
      4. Қазақстан Республикасының Президенті атынан Монако Князінің құрметіне қабылдаулар (таңғы, түскі, кешкі ас), бейресми қабылдау ұйымдастыру.
      5. Ресми делегацияның басшысы мен мүшелері үшін сыйлықтар мен кәдесыйлар сатып алу.
      6. Іс-шараларды өткізу орындарын гүлмен безендіру.
      7. Ресми делегацияның басшысына және мүшелеріне, сондай-ақ оларға еріп жүретін тұлғаларға Астана және Алматы қалаларында көліктік қызмет көрсету.
      8. Ресми делегацияның басшысына және мүшелеріне, сондай-ақ оларға еріп жүретін тұлғаларға медициналық қызмет көрсету.
      9. Астана және Алматы қалаларының қонақүйлерінде екіжақты кездесулер өткізу үшін залдарды жалға алу ақысын төлеуді қамтамасыз ету.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады