Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту, Ұлыбритания Премьер-Министрі Дэвид Кэмеронның 2013 жылғы 30 маусым - 1 шілде кезеңінде Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарын (бұдан әрі – сапар) дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз ету мақсатында:
1. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі сапарды дайындау және өткізу жөніндегі протоколдық-ұйымдастыру іс-шараларын қамтамасыз етсін.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы (келісім бойынша) қосымшаға сәйкес «1+12» форматы бойынша Ұлыбританияның ресми делегациясы мүшелеріне жоғары деңгейде қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шараларын қабылдасын, сапарды өткізуге арналған шығыстарды 2013 жылға арналған республикалық бюджетте 001 «Мемлекет басшысының, Премьер-Министрдің және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды адамдарының қызметін қамтамасыз ету жөніндегі қызметтер», 003 «Республикалық деңгейде халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы» және 004 «Азаматтардың жекелеген санаттарына медициналық көмек көрсету» бағдарламалары бойынша көзделген қаражат есебінен қаржыландыруды қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша), Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ұлыбритания ресми делегациясы мүшелерінің әуежайлардағы, тұратын және болатын орындарындағы қауіпсіздігін, жүретін бағыттары бойынша бірге жүруді, сондай-ақ арнайы ұшақты Астана және Атырау қалаларында күзетуді қамтамасыз етсін.
4. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі белгіленген тәртіппен:
1) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігімен бірлесіп, Ұлыбритания Премьер-Министрі арнайы ұшағының Қазақстан Республикасы аумағының үстінен ұшып өтуін, Астана және Атырау қалаларының әуежайларына қонуын және олардан ұшып шығуын;
2) Астана және Атырау қалаларының әуежайларында арнайы ұшаққа техникалық қызмет көрсетуді, оның тұрағын және жанармай құюды қамтамасыз етсін.
5. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен (келісім бойынша) бірлесе отырып, іс-шараны жария етуге қатысатын отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін Атырау қаласында баспасөз орталығын техникалық (ұйымдастыру техникасын орналастыру, телевизиялық- және аудио хабар таратуға кәбіл өткізу, микрофондар, ілеспе аудармаға арналған жабдық, қалааралық және халықаралық шығысы бар телефон аппараттары, факс аппараттары, компьютер және көшірме техникасы, шығыс материалдары, интернет, оның ішінде сымсыз Wi-Fi, баспасөз орталығы орналасқан ауданда ұялы байланыс сигналын күшейту) жарақтандыруды, сондай-ақ Атырау қаласында «Болашақ» мұнай зауытының ашылу рәсімі барысында сымсыз Wi-Fi қамтамасыз етсін.
6. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі:
1) сапарды бұқаралық ақпарат құралдарында жария етуді қамтамасыз етсін;
2) Қазақстан Республикасының Президенті және/немесе Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі атынан ресми қабылдау (бейресми қабылдаулар) кезінде концерттік бағдарламалар мен іс-шараларды қажетті техникалық қолдауды (дыбыстық, жарықпен қолдау және сахнаны безендіру) ұйымдастырсын.
7. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігі Атырау қаласында экономикалық іс-шаралар ұйымдастырсын.
8. Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы (келісім бойынша) Астана қаласында экономикалық іс-шаралар ұйымдастырсын.
9. Астана қаласының әкімдігі Ұлыбританияның ресми делегациясын Астана қаласының әуежайында қарсы алу және шығарып салу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларын орындауды, әуежайды және көшелерді безендіруді, баратын орындарға бірге жүруді, сондай-ақ мәдени бағдарламаларды ұйымдастыруды қамтамасыз етсін.
10. Атырау облысының әкімдігі белгіленген тәртіппен:
1) Ұлыбританияның ресми делегациясын Атырау қаласының әуежайында қарсы алу және шығарып салу жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларын орындауды, шай дастарханын ұйымдастыруды және гүлмен безендіруді, көліктік қызмет көрсетуді, баратын орындарға бірге жүруді, сондай-ақ кешкі асты (бейресми) ұйымдастыруды, баспа өнімдерін (бейдждер, сапардың бағдарламалары, автомобильдерге арнайы рұқсаттар, куверттік карталар, қабылдауға шақырулар) дайындауды;
2) Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация, Қорғаныс және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, Ұлыбритания ресми делегациясы мүшелерінің Атырау – Қашаған кен орны – Атырау бағыты бойынша тікұшақпен ұшып өтуін қамтамасыз етсін.
11. Қазақстан Республикасы Республикалық ұланы (келісім бойынша) Ұлыбритания Премьер-Министрі Дэвид Кэмеронды Астана және Атырау қалаларында қарсы алу және шығарып салу ресми рәсімдеріне қатыссын.
12. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша) және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті Ұлыбританияның ресми делегациясын Астана және Атырау қалаларының әуежайларында қарсы алу және шығарып салу барысында тиісті жәрдем көрсетсін.
13. Астана және Атырау қалаларының халықаралық әуежайлары (келісім бойынша) ресми делегация басшысын және мүшелерін қарсы алу және шығарып салу кезінде VIP залдарда тегін қызмет көрсетуді қамтамасыз етсін.
14. Осы өкімнің іске асырылуын бақылау Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне жүктелсін.
Премьер-Министр С. Ахметов
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2013 жылғы 3 шілдедегі
№ 103-ө өкіміне
қосымша
Ұлыбритания ресми делегациясының мүшелеріне қызмет көрсету жөніндегі ұйымдастыру шаралары
1. Ұлыбритания ресми делегациясының мүшелерін («1+12» форматы бойынша) және Қазақстан Республикасының Президенті Күзет қызметінің қызметкерлерін Астана және Атырау қалаларындағы қонақүйлерге орналастыру.
2. Баспа өнімдерін (бейдждер, сапардың бағдарламалары, автомобильдерге арнайы рұқсаттар, куверттік карталар, қабылдауға шақырулар) дайындау.
3. Ұлыбританияның ресми делегациясын қарсы алу және шығарып салу кезінде Астана қаласының әуежайында шай дастарханын және гүлмен безендіруді ұйымдастыру.
4. Қазақстан Республикасының Президенті және/немесе Премьер-Министрі атынан Астана қаласында Ұлыбритания Премьер-Министрінің құрметіне қабылдаулар (таңғы, түскі, кешкі ас), бейресми қабылдау, сондай-ақ техникалық үстелдер ұйымдастыру.
5. Ұлыбритания ресми делегациясының басшысы мен мүшелері үшін сыйлықтар мен кәдесыйлар сатып алу.
6. Іс-шараларды өткізу орындарын техникалық қамтамасыз ету, тақырыптық және гүлмен безендіру.
7. Ұлыбритания ресми делегациясының басшысына және мүшелеріне, сондай-ақ оларға еріп жүретін адамдарға Астана қаласында көліктік қызмет көрсету.
8. Ұлыбритания ресми делегациясының басшысына және мүшелеріне, сондай-ақ оларға еріп жүретін адамдарға медициналық қызмет көрсету.
9. Астана және Атырау қалаларының қонақүйлерінде екіжақты кездесулер мен қабылдауларды өткізу үшін залдарды жалдау.