Өнеркәсіптік өнімнің заңсыз айналымына қарсы iс-қимыл жөнінде ведомствоаралық комиссия құру туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2015 жылғы 5 тамыздағы № 66-ө өкімі. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы 26 қаңтардағы № 8-ө өкімімен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Премьер-Министрінің 26.01.2018 № 8-ө өкімімен.

      Өнеркәсіптік өнімнің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл саласында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мақсатында:

      1. Өнеркәсіптік өнімнің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған:

      1) Комиссияның құрамы;

      2) Комиссия туралы ереже бекітілсін.

      3. Осы өкімнің орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Б.Ә. Сағынтаевқа жүктелсін.

      Премьер-Министр К. Мәсімов

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2015 жылғы 5 тамыздағы
№ 66-ө өкімімен
бекітілген

Өнеркәсіптік өнімнің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның
ҚҰРАМЫ

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, төраға

      Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы, хатшы

      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі

      Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі

      Қазақстан Республикасының Энергетика министрі

      Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі

      Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары

      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы

      "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары (келісім бойынша)

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2015 жылғы 5 тамыздағы
№ 66-ө өкімімен
бекітілген

Өнеркәсіптік өнімнің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Өнеркәсіптік өнімнің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) өнеркәсіптік өнімнің заңсыз айналымынан Қазақстан Республикасын қорғау бойынша ұсыныстар әзірлеуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші орган болып табылады.

      2. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Комиссия шешімдері ұсынымдық сипатта болады.

2. Комиссияның негізгі міндеттері

      4. Комиссияның негізгі міндеттері:

      1) өнеркәсіптік өнімнің заңсыз айналымы мәселелері бойынша бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын орталық және жергілікті атқарушы органдардың іс-қимылын үйлестіру, сондай-ақ олардың қоғамдық бірлестіктермен және ұйымдармен өзара іс-қимылын ұйымдастыру;

      2) өнеркәсіптік өнімнің заңсыз айналымына қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды әзірлеу;

      3) мемлекеттік органдардың өнеркәсіптік өнімнің заңсыз айналымы бойынша заңнаманы сақтауына бақылауды ұйымдастыру;

      4) өнеркәсіптік өнімнің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл саласында тұжырымдамалар, стратегиялар мен жоспарлар әзірлеу;

      5) өнеркәсіптік өнімнің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл саласында Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру;

      6) өнеркәсіптік өнімнің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл саласында халықаралық ынтымақтастыққа, оның ішінде Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарының жобаларын дайындауға қатысу;

      7) өнеркәсіптік өнімнің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша өзге де міндеттерді шешу бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

3. Комиссияның құқықтары

      5. Комиссия өз міндеттерін жүзеге асыру үшін:

      1) өнеркәсіптік өнімнің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметін ұйымдастыруға, үйлестіруге, жетілдіруге қатысты шешімдер қабылдауға;

      2) Қазақстан Республикасының Президентіне немесе Қазақстан Республикасының Үкіметіне белгіленген тәртіппен өнеркәсіптік өнімнің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ұсыныстар енгізуге;

      3) мемлекеттік органдардан және олардың лауазымды тұлғаларынан, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдардан қажетті материалдар мен ақпаратты белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;

      4) өнеркәсіптік өнімнің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша проблемаларды пысықтау және шешімдерді әзірлеу жөніндегі жұмыс топтарын құруға;

      5) отырыстарында өнеркәсіптік өнімнің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың, "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің лауазымды тұлғаларын тыңдауға;

      6) мемлекеттік органдардың, "Атамекен" Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, қоғамдық бірлестіктердің қызметкерлері қатарынан сарапшылар тартуға;

      7) заңнамаға сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

4. Комиссияның жұмыс тәртібі

      6. Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық етеді, отырыстарда төрағалық етеді, жұмысты жоспарлайды және шешімдердің icкe асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады және қолданыстағы заңнамаға сәйкес Комиссия жүзеге асыратын қызмет, Комиссия әзірлейтін шешімдер үшін дербес жауапты болады. Төраға болмаған кезде оның функцияларын Комиссия төрағасының орынбасары орындайды.

      7. Комиссияның жұмыс органының функциялары Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігіне жүктеледі.

      8. Комиссияның жұмыс органы Комиссияның жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде Комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар Комиссия отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні бұрын хаттама жобасымен қоса Комиссия мүшелеріне жіберілуге тиіс.

      9. Комиссия отырысы өткізілгеннен кейін Комиссия хатшысы хаттаманы ресімдейді.

      10. Хатшы Комиссияның мүшесі болып табылмайды.

      11. Комиссияның жұмыс отырыстарының материалдары төрағамен келісілгеннен кейін кемінде үш жұмыс күні бұрын Комиссияның әрбір мүшесіне жеткізіледі.

      12. Комиссия отырыстары қажеттігіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бip рет өткізіледі және егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екici қатысса заңды болып саналады.

      13. Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оларға Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру Комиссия отырысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультациялық-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа (бұдан әрі – Нұсқаулық) қосымшаға сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен өткізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      Комиссия мүшелерiнiң ерекше пiкiр білдіруге құқығы бар, оны бiлдiрген жағдайда, ол жазбаша түрде жазылуға және Нұсқаулықтың 24-тармағында көзделген Комиссияның есеп-хатына қоса берілуге тиiс.

      Комиссия отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша дауыс беру парақтарының негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған төраға мен хатшы қол қояды.

      Хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, Комиссия хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын Комиссия мүшелеріне келісу үшін жібереді.

      Комиссия мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не келіспеу туралы себептерін негіздей отырып жауап береді.

      14. Дауыс беру парақтарымен қоса, Комиссия материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды Комиссияның жұмыс органы жүзеге асырады.

5. Комиссияның қызметін тоқтату

      15. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімі Комиссия қызметін тоқтату үшін негіз болып табылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады