"Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2015 жылғы 7 қазандағы № 89-ө өкіміне өзгеріс енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы 25 маусымдағы № 75-ө өкімі. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы 29 қарашадағы № 152-ө өкімімен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Премьер-Министрінің 29.11.2018 № 152-ө өкімімен.

      "Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2015 жылғы 7 қазандағы № 89-ө өкіміне мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген өкіммен бекітілген Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия туралы ереже осы өкімге қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      Премьер-Министр Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2018 жылғы 25 маусымдағы
№ 75-ө өкіміне
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2015 жылғы 7 қазандағы
№ 89-ө өкімімен
бекітілген

Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Комиссия қызметінің мақсаты мемлекеттік тіл саясатын іске асыру, мемлекеттік тілді енгізу тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

      3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      4. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту. және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      5. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет өткізіледі.

2. Комиссияның міндеттері

      6. Комиссияның негізгі міндеттері:

      1) мемлекеттік тіл саясатын жетілдіру бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу;

      2) мемлекеттік тіл саясатын және тілдік құрылыстың іске асырылу тетіктерін одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      3) мемлекеттік тілді кешенді және жүйелі дамыту мен енгізу, елде орыс тілін білуді сақтап қалу, ағылшын тілін тереңірек және қарқынды үйрену жүйесін құру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;

      4) тілдерді дамыту мен қолдануға бағытталған нысаналы мемлекеттік бағдарламалар мен жоспарлардың жобалары бойынша ұсынымдар әзірлеу;

      5) бірыңғай мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі қызметтің ақпараттық, әдістемелік қамтамасыз етілуі бойынша ұсынымдар әзірлеу.

3. Комиссия жұмысының ұйымдастырылуы және тәртібі

      7. Комиссия жұмысының ұйымдастырылуы және тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады