Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, төраға И.И.Рогов және Кеңес мүшелері Х.Ә.Әбішев, Қ.Ж.Балтабаев, С.Ф.Бычкова, А.Есенжанов, А.К.Котов, Қ.Ә.Омарханов қатысқан құрамда, мыналардың:
өтініш субъектісінің өкілі - Астана қаласы сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы Б.Б.Асқаровтың,
Республика Бас прокурорының орынбасары А.Қ.Дауылбаевтың,
Республика Әділет вице-министрі С.Н.Баймағанбетовтің,
Астана қаласы сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының судьясы Ж.С.Жұмабаеваның,
Республикалық нотариаттық палатаның төрайымы Ә.Б.Жанәбілованың,
Алматы қаласы нотариаттық палатасының мүшесі Қ.Қалабаеваның,
Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Е.Д.Ребенчуктің қатысуымен,
өзінің ашық отырысында Астана қаласы сотының "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 3-тармағының конституциялылығын тексеру туралы ұсынысын қарады.
Баяндамашыны - Конституциялық Кеңестің мүшесі Х.Ә.Әбішевті, отырысқа қатысушылардың сөздерін тыңдап және қолдағы бар материалдарды зерделеп,
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі мынаны
анықтады:
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесіне Астана қаласы сотының "Нотариат туралы" 1997 жылғы 14 шілдедегі N 155 Қазақстан Республикасы Заңының
15-бабының
3-тармағын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі мәнінде тексеру туралы ұсынысы келіп түсті.
Ұсыныстан келіп шығатыны, Алматы қаласы нотариаттық палатасы жекеше нотариустарының, Республика Әділет министрінің Жекеше нотариустардың аттестаттаудан өту ережесін (бұдан әрі - Ереже) бекіткен 2004 жылғы 25 мамырдағы N 148 бұйрығының күшін жою туралы талап-арызы және "Нотариат туралы" 1997 жылғы 14 шілдедегі N 155 Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң)
15-бабының
3-тармағын конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгіну туралы өтініші Астана қаласының сотында қарауда жатыр.
Заңның 15-бабы 3-тармағының конституциялылығына байланысты соттың күмәні мынаған келіп саяды:
1) нотариаттық палаталар қоғамдық бірлестіктер нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдар болып табылады. Заң арқылы жекеше нотариустарды аттестаттауды енгізу Республика Конституциясының
5-бабы
2-тармағына және
23-бабына
қайшы келеді, өйткені қоғамдық бірлестіктердің ісіне мемлекеттің араласуына жол беріледі. Мемлекет, жеке практикамен айналысатын нотариустарға ғұмырлық лицензия беріп, оларды қайтара аттестаттаудан өткізбеуі керек;
2) аттестаттау институты 2003 жылғы мамырда енгізілді, ал практика жүзінде барлық нотариустарға жеке практикалық қызметпен айналысатын уақытына қатыссыз қолданылады. Заңның 15-бабының 3-тармағы олардың жағдайын нашарлатып, жаңа міндеттер жүктейді, сондықтан Конституцияның
77-бабының
3-тармағы 5) тармақшасының талаптарына орай оның кері күші болмауға тиіс;
3) кәсіби қасиеттерінің деңгейін айқындау мақсатында жеке практикамен айналысатын нотариустарды Әділет министрлігі бес жылда бір рет аттестаттаудан өткізеді, ал мемлекеттік нотариустар заң бойынша мұндай аттестаттаудан өтпейді. Сол арқылы, Заңның 15-бабының 3-тармағы, заң алдында жұрттың бәрінің теңдігі принципін және азаматтардың кәсіби белгісіне қарай құқықтарын кемсітуге тыйым салынуын бекітетін Конституцияның
14-бабының
1 және 2-тармақтарының талаптарына қайшы келеді.
"Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы заңының
15-бабы
3-тармағының конституциялылығын тексере отырып,
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі
мынаны ескерді.
1.
Қазақстан Республикасындағы нотариат - құқықтар мен фактілерді куәландыруға, сондай-ақ заңда көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған нотариаттық іс-әрекеттерді жасау арқылы жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың заң жүзінде бекітілген жүйесі. Нотариаттық қызметтің конституциялық құқықтары мен бостандықтарға қатысы бар, өйткені соны іске асыру арқылы бұл құқықтар мен бостандықтардың жүзеге асырылуы қамтамасыз етіледі. Өз міндеттерін атқаруда нотариат соның ішінде әркімнің білікті заң көмегін алуға құқығын (Республика Конституциясының
13-бабының
3-тармағы) қамтамасыз етуді мақсат-міндет етіп қояды. Нотариаттың қызметі жария-құқықтық сипатта болғандықтан, мемлекетке адамның және азаматтың осы және өзге де құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің, оларды қорғау мен сақтаудың құқықтық механизмдерін белгілеудің заңдық міндеті жүктеледі.
Демек, мемлекет нотариаттық қызметті іске асырамын дейтін адамдар үшін міндетті шарттар мен шектеулер айқындауға хақылы, бұл шарттар мен шектеулер нотариаттың қызметіне заң арқылы, соның ішінде аттестаттау жолымен, мемлекеттік бақылау орнату қажеттілігіне байланысты болуы мүмкін. Заңнамалық шектеудің шектері адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың конституциялық жолмен айқындалған мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес болуға тиіс (Негізгі Заңның
39-бабының
1-тармағы).
Мынаны атап өткен жөн, Заңның
15-бабының
3-тармағына сәйкес аттестаттаудан жеке практикамен айналысатын нотариустардың бірлестігі болып табылатын нотариаттық палата емес, жеке практикамен айналысатын нотариустар өткізіледі, себебі нотариаттық қызмет көрсетумен тікелей нотариустардың өздері айналысады.
Ескерту. Қаулының 1-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2006.06.06.
N 3
қаулысымен.
2. "Нотариат туралы" Заңда оның аттестаттау мәселелерін регламенттейтін нормаларының кері күшін көздейтін ережелер жоқ. Заңды қолдану нәтижесінде Конституцияның 77-бабының 3-тармағы 5) тармақшасының талаптары бұзылатын қолдану практикасына келер болсақ, оның конституциялылығын тексеру Конституциялық Кеңестің құзырына жатпайды. Конституциялық құқықтар мен бостандықтарды қорғау бұл жағдайда сот тәртібімен жүзеге асырылады (Конституцияның 13-бабының 2-тармағы, 75 және 76-баптары ).
3.
Конституцияның 14-бабының 1-тармағы заң мен сот алдында жұрттың бәрінің теңдігін белгілейді. Бұл бір тектес қызмет түрін іске асырушы тиісті құқық қатынастары субъектілерінің барлығы үшін құқықтар мен міндеттердің теңдігін, талаптар мен құқықтық жауапкершіліктің бірыңғайлығын көздейді.
"Нотариат туралы" Заңның
15-бабының
3-тармағы, жекеше нотариустарды аттестаттаудың міндеттілігін белгілей отырып, мемлекеттік нотариустар үшін мұндайды көздемейді. Мемлекеттік қызметші мәртебесіне ие болғандықтан, мемлекеттік нотариустарға Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 21 қаңтардағы N 327
Жарлығымен
бекітілген, Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді аттестациядан өткізу ережесінің қағидалары қолданылады және ол нотариус қызметінің ерекшелігін көрсетпейді.
Мемлекеттік және жекеше нотариустар іске асыратын нотариаттық қызмет меншіктің түрлі нысанына негізделеді. Конституцияның 6-бабының 1-тармағына сай Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады. Мемлекеттік меншік пен жеке меншіктің бірдей қорғалатындығы туралы конституциялық талаптың мазмұны, сондай-ақ мемлекеттік меншік иесі мен жеке меншік иесінің заңмен рұқсат етілген және жол берілетін нақты құқықтық қатынастарда, көпшіліктік салада болсын, жеке салада болсын, бір ғана құқықтық тәртіпке бағынатынына келіп саяды (Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 3 қарашадағы N 19\2
қаулысы
). Алайда "Нотариат туралы"
Заң
нотариаттық қызмет көрсетудің мемлекеттік және жеке субъектілері қызметінің бірдей емес құқықтық жағдайын жасайды.
Осылайша, Заңның 15-бабының 3-тармағы, жекеше нотариустар үшін ғана аттестаттаудан өтуді белгілей отырып, заң алдында жұрттың бәрінің теңдігін белгілейтін Конституцияның
14-бабының
1-тармағына және мемлекеттік меншік пен жеке меншіктің танылуын және бірдей қорғалуын көздейтін Конституцияның
6-бабының
1-тармағына қайшы келеді.
Жазылғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының
72-бабының
2-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Конституциялық заңның
17-бабы
4-тармағының 1) тармақшасын,
31-
33,
37-баптарын
және
41-бабы
1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып,
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі
қаулы етеді:
1. "Нотариат туралы" 1997 жылғы 14 шілдедегі N 155 Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 3-тармағы Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 2-тармағына сай "Нотариат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабы 3-тармағы нормаларының заңдық күші жойылады және қолданылуға жатпайды.
3. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді және шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағымен көзделген ретті ескере отырып, түпкілікті болып табылады.