"Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы"

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2008 жылғы 23 маусымдағы № 09-6/1 жолдауы.

      Өткен 2007 жыл Қазақстанның конституциялық дамуы, саяси жүйені жетілдіру және елдегі қоғамдық тұрақтылықты нығайту үшін айтулы жыл болды. Жүргізілген конституциялық реформалар нәтижесінде саяси партиялардың рөлі арттырылды, Парламенттің өкілеттігі кеңейтілді, жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуына жол ашылды, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының байланысы күшейді, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың соттық және өзге де тетіктерін жетілдіруге жағдай жасалды.

      Бұл орайда республика Президенті тарапынан қазіргі кезеңде қойылып отырған басты міндет - конституциялық новеллаларды құқықтық заңдастыру және елдің бүкіл заңнамалық базасын жаңартылған Негізгі Заңға сәйкестендіру болып табылады.

      Осы мақсатта Конституциялық Кеңес өз бастамасымен конституциялық іс жүргізу қозғады және 2007 жылғы 8 қарашадағы № 9 нормативтік қаулымен, Негізгі Заңның бұрын қолданылып келген нормаларына негізделген өзінің бірқатар қорытынды шешімдерін қайта қарады. Конституциялық Кеңестің күші жойылған қаулыларында Президент сайланатын мерзімді өзгертуге, Парламенттің өкілеттігіне, оның депутаттарының саны мен оларды сайлау тәртібіне, кейбір мемлекеттік органдарды құру рәсіміне, сот қызметіне және құқық қорғау жүйесіне, жергілікті мемлекеттік басқаруға және өзін-өзі басқаруға, сондай-ақ тұтқындауды және қамауда ұстауды санкциялауға қатысты құқықтық ұстанымдар болатын.

      2008 жылғы 7 ақпандағы № 1 нормативтік қаулымен Конституциялық Кеңес, Қазақстандағы аралық соттардың қызметі және олардың шешімдерін орындау тәртібінің мәселелері жөніндегі 2002 жылғы 15 ақпандағы № 1 қаулыны, сондай-ақ осы қаулының негізінде қабылданған 2002 жылғы 12 сәуірдегі № 1/2 қосымша қаулыны қайта қарап, толық көлемінде күштерін жойды. Бұл аралық соттар мен халықаралық коммерциялық төреліктің қызметін реттейтін ұлттық заңнаманы жетілдіруге, шаруашылық дауларын сотқа дейін реттеу мүмкіншіліктерін кеңейтуге және баламалы сот төрелігі институттары негізінде кәсіби судьялардың жұмысбастылық проблемасын шешуге мүмкіндік береді.

      Жүргізілген жұмыс нәтижесінде Конституциялық Кеңес барлығы 13 нормативтік қаулыны өз бастамасымен қайта қарап, толық көлемінде, 5 қаулының ішінара күшін жойды. Бұл ретте, конституциялық жаңалықтарға сәйкес келмейтін жекелеген ережелерін алып тастағанда Конституция нормаларын түсіндірудің ішкі қисыны мен өзара байланысы, мазмұндылығы мен мағынасы жоғалмаған қаулылар ішінара қайта қаралып, күші жойылды. Шығарылған шешімдерді орындаудың тәртібін айқындай отырып, Конституциялық Кеңес қаулыларды қайта қарау конституциялық емес деп танылған заңдарға республика Президенті қол қоюы немесе оларға заңдық күш қайтарылуы мүмкін екендігіне әкеп соқтырмайды, мұндай заңдар Конституцияда және заңнамалық актілерде көзделген рәсімдердің бәрін сақтай отырып қана қайта қабылдануы мүмкін, деп атап көрсетті.

      Конституциялық Кеңестің қайта қаралған қаулыларының бәрі осыдан бұрын Негізгі Заңның күші жойылған немесе өзгертілген нормалары негізінде қабылданған болатын. Бұл қаулыларда болған құқықтық ұстанымдар қоғамдық және мемлекеттік институттардың бірігіп кетуіне және қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттік қаржыландыруға салынатын тыйымды алып тастауды, Парламенттің өкілеттігін, оның депутаттарының құқықтық мәртебесін, Үкіметті және өзге де мемлекеттік органдарды құру тәртібін өзгертуді көздейтін конституциялық новеллаларға сәйкес келмейтін. Конституциялық Кеңестің өз актілерін қайта қарауға бағытталған шешімдері мемлекеттік институттардың мән-мағынасын, мемлекеттік билік пен мемлекет функцияларының мақсатын, сондай-ақ оның азаматтық қоғаммен өзара іс-әрекеттесуі қағидаттарын тұжырымдамалы түрде жаңаша байыптауға жол ашады, олар, қажет болғанда, конституциялық реформа нәтижелерін ескере отырып қайтадан түсіндірілуі мүмкін.

      2007 жылғы 29 мамырда Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында "Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің бұдан бұрынғы жолдауы оқылған күннен бері Конституциялық Кеңес республика Парламенті депутаттарының және соттарының өтініштері бойынша басқа да, солардың ішінде, "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2007 жылғы 21 мамырдағы № 254-ІІІ Қазақстан Республикасының Заңы қабылдануына байланысты нормативтік қаулылар қабылдады.

      Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі, Парламент пен оның палаталарының жаңа өкілеттіктеріне, оларды құру тәртібіне, сондай-ақ жаңа конституциялық талаптарды ескере отырып, басқа да бірқатар мәселелерге қатысты конституциялық нормалардың қолданысқа енгізілу тәртібін айқындайтын Конституция ережелерін түсіндіру мақсатында үшінші сайланған Парламент Мәжілісі бір топ депутаттарының Конституциялық Кеңеске жүгінуіне негіз болды.

      "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2007 жылғы 21 мамырдағы № 254-ІІІ Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануына байланысты Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын ресми түсіндіру туралы" 2007 жылғы 18 маусымдағы № 7 нормативтік қаулыда Конституциялық Кеңес, Парламенттің және оның палаталарының жаңа конституциялық өкілеттіктері үшінші сайланған Парламент Мәжілісінің өкілеттік мерзімі аяқталған сәттен бастап қолданысқа енгізіледі, Парламенттің немесе Парламент Мәжілісінің конституциялық өкілеттік мерзімі аяқталған кезде де, республика Президенті оны таратып жіберген жағдайда өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде де осылай істеу мүмкін болады, деп атап көрсетті.

      Жер Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын Парламентте қарау барысында депутаттарда жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп алып қою тәртібіне қатысты сұрақтар туындап, соған байланысты бір топ Парламент депутаттары Негізгі Заңның тиісті нормаларын түсіндіруді сұрап, Конституциялық Кеңеске жүгінді.

      Осы өтініш бойынша қабылданған "Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабының 3-тармағын және 39-бабының 1-тармағын ресми түсіндіру туралы" 2007 жылғы 28 мамырдағы № 5 нормативтік қаулыда Конституциялық Кеңес мүліктің мемлекет меншігіне өтуі қажет болған кезде немесе мемлекеттің функцияларынан туындайтын және қоғамдық-маңызды мақсаттарды көздейтін мемлекеттік мүдделерді қанағаттандыру үшін ғана мемлекет мұқтажы үшін күштеп алып қою орын алуы мүмкін деп түсіндірді. Бұл ретте Конституциялық Кеңес мүлікті күштеп алып қою жағдайларының ерекшелігі, осындай мұқтаждықты қанағаттандырудың өзге тәсілі болмауын көздейді, деп атап көрсетті. Мемлекет мұқтажын қанағаттандырудың баламалы тәсілі, соның ішінде, құрылыс нысандарын орналастырудың басқа нұсқалары болған кезде заң мүлікті күштеп алып қою мүмкіндігіне жол бермеуге тиіс. Құрылысы көзделіп отырған нысанның елді мекеннің бас жоспарына енгізілу фактісінің өзі, Конституциялық Кеңестің пікірінше, осыдан келіп туындайтын құқықтық салдармен қоса алғанда, автоматты түрде ерекше жағдай деп таныла алмайды. Конституциялық Кеңестің қаулысынан келіп шығатынындай, елді мекендердің бас жоспарларын орындау, мемлекет мұқтажына орай қажеттігі туындаған объектілер құрылғанда, объектілерді орналастырудың басқа, мүлікті күштеп алып қоюмен байланысты емес нұсқалары болмағанда және олардың құрылысы тізбесі заңмен белгіленетін ерекшелік белгісіне сай келетін жағдайда ғана мемлекеттің жер учаскесін және өзге де жылжымайтын мүлікті күштеп алып қоюы үшін негіз бола алады.

      Алматы облысы Қапшағай қалалық сотының ұсынысы бойынша Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ететін мекемелердегі адамдар тобының осы мекемелердің қалыпты қызмет тәртібін тұрақсыздандыру не мекемелер қызметкерлерінің заңды қызметіне кедергі жасау мақсатында дене мүшелерін зақымдағаны үшін қылмыстық жауаптылығы көзделген 361-бабының бірінші және төртінші бөліктерінің конституциялылығын тексерді.

      2008 жылғы 27 ақпандағы № 2 нормативтік қаулыда Конституциялық Кеңес дене мүшелерін зақымдау пікір (қарсылық) білдірудің нысаны болып табылуы және бас бостандығынан айрылған адамдардың өз құқықтарын қорғауының тәсілі ретінде қарастырылуы мүмкін деп атап көрсетті. Мұндай жағдайларда дене мүшелерін зақымдағаны үшін жауаптылыққа тартуды Негізгі Заңның 20-бабымен кепілдік берілген сөз еркіндігінің құрамдас бөлігі болып табылатын пікірін еркін білдіру құқығын шектеу деп бағалаған жөн. Сондай-ақ бас бостандығынан айыруға сотталғандарды және қамаудағы өзге де адамдарды ұстау жағдайлары адамдық қадір-қасиет қорлануын болдырмайтын заңнама талаптарына әр кезде де сәйкес келе бермейтінін, ал қамаудағы адамның өзіне өзі зиян келтіріп, өзге адамдарға қатысты күш қолданбайтынын не өзге де заңсыз әрекеттер жасамайтынын ескере отырып, Конституциялық Кеңес оны қарсылық білдірудің соңғы нысаны ретінде қоғамнан оқшауланған адамдардың өз қадір-қасиетін қорғауының тәсілі болуы мүмкін деген ұйғарымға келді.

      Осыған байланысты дене мүшелерін зақымдауға қылмыстық сипат беру арқылы, бас бостандығынан айрылғандардың өз құқықтары мен бостандықтарына деген құқығын қорғау мүмкіншілігін шектеуге, мейлі заңмен болсын, Негізгі Заңның 39-бабы 1-тармағының талаптары бұлжытпай сақталғанда жол беріледі. Бұл заң шығарушы қылмыстық жауаптылық белгілеген кезде, конституциялық құқықтар мен бостандықтардың мәнін бұрмаламай және конституциялық анықталған мақсаттарға сәйкес келмейтін шектеулер енгізбей, адамның құқықтары мен бостандықтарын шектеудің жол берілетін конституциялық шегін негіз етіп алуға тиіс екенін білдіреді.

      Өтініш нысанына қатысты қолданыста Конституциялық Кеңес, Конституцияның 39-бабы 1-тармағының ережелері, егер мұндай шектеу заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болса және әділдік талаптарына жауап берсе, тепе-тең, мөлшерлес және конституциялық маңызы бар құндылықтарды қорғау үшін демократиялық мемлекетте қажет болып табылса, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге себеп бола алатынын білдіреді, деп түсіндірді. Бұл ретте адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектейтін заң мейлінше анық тұжырымдалып, оны көп мағынада түсіндіру мүмкіншілігіне жол бермей отырып, құқық бұзушылық белгілерін де, қорғау мақсатында өзі қабылданған конституциялық мақсаттарды да дәл көрсетуге тиіс.

      Соның нәтижесінде Конституциялық Кеңес қаралып отырған қылмыстық заңның нормалары оның мазмұнын орынсыз кең пайымдауға, демек негізсіз қылмыстық қудалауға жол беретінін, адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын заңмен шектеудің өлшемдеріне, сондай-ақ Негізгі Заңның 39-бабының 1-тармағында баяндалған конституциялық мақсаттарға жауап бермейтінін өзінің қорытынды шешімінде атап көрсетіп, Қылмыстық Кодекстің 361-бабының бірінші және төртінші бөліктерін конституциялық емес деп таныды.

      Қостанай қаласының № 2 сотының өтініші бойынша Конституциялық Кеңес "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы" 2007 жылғы 26 шілдедегі № 310-ІІІ Қазақстан Республикасы Заңының бірқатар нормаларын Конституцияға сәйкестігі тұрғысында тексерді. 2008 жылғы 23 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулыда Конституциялық Кеңес жылжымайтын мүлікті мемлекеттік тіркеудің міндетті сипаты, құжаттарды тіркеуге берудің заңмен белгіленген мерзімін бұзу айыпты тұлғалардың жауаптылығы (әкімшілік жауаптылығы) нысанындағы құқықтық салдарға әкеп соқтыруы мүмкін екендігін, бірақ құжаттар қабылдаудан және құқықты тіркеудің өзінен бас тарту үшін негіз болуға тиіс еместігін білдіреді, деп түсіндірді. Конституциялық Кеңестің құқықтық көзқарасынан келіп шығатыны, мемлекеттік тіркеуге құжаттарды беру мерзімін өткізіп алу азаматтардың және заңды тұлғалардың мүліктік құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруына кедергі келтірмеуге тиіс, өйткені, соның негізінде мемлекеттік тіркеуге құжаттарды қабылдаудан бас тарту салдарынан әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына (Негізгі Заңның 13-бабының 1-тармағы), Қазақстан азаматтарының заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алуына құқықтары, меншікке заңмен кепілдік берілуі (Конституцияның 26-бабының 1 және 2-тармақтары) шектеледі, сондай-ақ салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу жөніндегі міндетін атқаруына кедергі жасалады (Конституцияның 35-бабы). Бұл орайда, Негізгі Заңның 39-бабының 3-тармағына сай Конституцияның 13-бабында, 26-бабының 2-тармағында көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбір жағдайда да шектелмеуге тиіс.

      Осы баяндалғанды атай отырып, Конституциялық Кеңес жылжымайтын мүлікті және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеуге құжаттарды қабылдаудан бас тартуға негіз ретінде осындай құжаттарды берудің Заңның 9-бабының 1-тармағында белгіленген мерзімін өткізіп алуды көздейтін "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу туралы" Заңның 25-бабы 1-тармағы 6) тармақшасының нормасы Негізгі Заңның бірқатар нормаларына сәйкес емес деген ұйғарымға келіп, оны конституциялық емес деп таныды. Сонымен бір мезгілде республика Үкіметіне, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулысында баяндалған құқықтық ұстанымдарға сәйкестендіру мақсатында қолданыстағы заңнамалық актілерге өзгерістер енгізуге бастама жасау туралы мәселені қарау ұсынылды.

      Тиісті мемлекеттік органдардың Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларын уақтылы орындауы және жыл сайынғы жолдауларын жүзеге асыруы елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйін бағалаудың маңызды элементі және оны қамтамасыз етудің міндетті шарты болып табылады.

      Конституциялық Кеңестің 2007 жылғы 28 мамырдағы № 5 нормативтік қаулысында тұжырымдалған құқықтық көзқарастарды ескере отырып, Парламент 2007 жылғы 6 шілдедегі № 279-ІІІ Қазақстан Республикасының Заңымен Қазақстан Республикасының Жер Кодексіне ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп алып қоюдың тәртібін нақтылап, егжейлейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізді.

      Конституциялық Кеңестің әркімнің білікті заң көмегін алу, соның ішінде тегін алу құқығына берілетін конституциялық кепілдіктерді күшейту, сондай-ақ адвокаттардың құқық қорғаушылық функцияларын арттыру туралы бұдан бұрынғы жолдауда баяндалған ұсыныстары, Үкіметтің ақпараты бойынша, ол тарапынан Парламент қарауына енгізілген "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білікті заң көмегін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңның жобасында ескерілген. Одан тыс, Конституциялық Кеңестің жәбірленушілердің мүліктік құқықтары тиімді түрде жеткілікті қорғалмайды деген көзқарасы ескеріле отырып, аталған заң жобасына, сотталушының аса ауыр қылмыс жасау арқылы келтірген зиянның орнын толтыруға жететіндей мүлігі болмаған жағдайда, жәбірленушіге мемлекет есебінен ақшалай өтемақы алу құқығы берілетіндігі туралы норма енгізілді.

      Қазіргі уақытта Үкімет қылмыстық іс жүргізуге қатысушыларға қылмыстық қудалау органдарының қылмыстық іс қозғау туралы қаулыларына сотқа шағымдану құқығын беру (Конституциялық Кеңестің 2007 жылғы 24 қаңтардағы № 1 нормативтік қаулысын орындау мақсатында), сондай-ақ айыпталушыға (сотталушыға) алдын ала тергеудің аяқталғаны туралы хабарланған кезде ғана емес, қылмыстық іс бойынша сотта іс жүргізу кезінде басты сот талқылауы тағайындалған кезеңге дейін де өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініш жасауға мүмкіндік беру бөлігінде (Конституциялық Кеңестің 2007 жылғы 18 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысын орындау мақсатында) Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобаларын әзірлеуде.

      Конституциялық Кеңестің бұдан бұрынғы бірқатар жолдауларындағы ұсыныстарды жүзеге асыру мақсатында Үкімет, Конституцияны бұза отырып қазіргі уақытта қызметі заңға тәуелді актілермен реттелетін медициналық айықтырғыштарға, кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтарына, қабылдау-бөлу орындарына және кейбір өзге де мекемелерге орналастырылған азаматтарды ұстау тәртібін регламенттеуге бағытталған заң жобасын әзірлеуде.

      Республика Үкіметінің ақпараты бойынша, Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы заңнаманы үйлесімге келтіру қажет делінген бөлігінде Конституциялық Кеңестің 2005 жылғы 29 сәуірдегі № 3 қаулысын орындау мақсатында ол тарапынан шаралар қабылдануда.

      Сондай-ақ Үкіметтің 2008 жылғы 16 сәуірдегі № 355 қаулысымен Қолданыстағы құқық жүйесін Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына сәйкестендіру жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспары бекітіліп, онда, атап айтқанда, Әділет министрлігіне нормативтік құқықтық актілер жобаларын және заңжобалық жұмыстар жоспарларын дайындаған кезде мемлекеттік органдардың Конституциялық Кеңестің шешімдерін ескеруі міндетті екендігі туралы ережені бекітетін Үкімет қаулысының жобасын дайындау тапсырылды.

      Конституциялық Кеңес өзінің қорытынды шешімдері мен жыл сайынғы жолдауларында айтылатын ұсыныстарын орындау тиімділігі артуына осы мәселенің Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшылығында және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңесте қаралуы септігін тигізгенін атап көрсетеді.

      Дегенмен, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулылары мен жолдауларындағы заңнама арқылы шара қолдануды қажет ететін кейбір ұсыныстары жүзеге асырылмай отыр.

      Осы уақытқа дейін Қазақстан Республикасының кейбір халықаралық шарттарын, соның ішінде "Байқоңыр" ғарыш айлағын жалға берудің нормативтік құқықтық базасын құрайтын келісімдерді Негізгі Заңға сәйкестендіру үдерісі аяқталған жоқ, бұл жөнінде Конституциялық Кеңес жолдауларында бірнеше рет көрсетілген болатын. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ақпаратынан келіп шығатынындай, Қазақстан және Ресей Федерациясы Үкіметтері арасында 2006 жылғы 3 қазанда Құқық қорғау органдарының "Байқоңыр" кешені аумағында құқық тәртібін қамтамасыз етуде өзара іс-әрекеттесуі туралы Келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Хаттамаға, ал 2008 жылғы 20 ақпанда - "Байқоңыр" кешенін жалға беру туралы Шартқа өзгерістер енгізу туралы Хаттамаға қол қойылды. Алайда, "Байқоңыр" кешені аумағында Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтарына кепілдік берілуіне қатысты қол жеткізілген уағдаластық әлі күнге дейін екіжақты міндетті ратификациялау рәсімінен өткен жоқ. Ал Конституцияның 4-бабының 1-тармағынан және 74-бабының 2-тармағынан, сондай-ақ "Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабының 7) тармақшасын ресми түсіндіру туралы" Конституциялық Кеңестің 2006 жылғы 18 мамырдағы № 2 қаулысынан келіп шығатыны, Қазақстан Республикасының халықаралық шарты немесе оның жекелеген ережелері Конституцияға қайшы деп танылған жағдайда, мұндай шарт немесе оның тиісті ережелері орындалуға жатпайды.

      Конституциялық Кеңестің "Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабының 2-тармағын және 61-бабы 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларын ресми түсіндіру туралы" 1999 жылғы 3 қарашадағы № 19/2 нормативтік қаулысында баянды етілген, мемлекеттік және жеке нысандағы меншікті қорғау және қалпына келтіру үшін мемлекеттің тең мүмкіндік жасауы қажеттігі туралы құқықтық ұстанымы жүзеге асырылған жоқ. Атап айтқанда, мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін оларды ұстауға арнап бекітілген смета шегінде шектейтін "Мемлекеттік кәсіпорын туралы" 1995 жылғы 19 маусымдағы № 2535 Қазақстан Республикасының Заңы және өзге де кейбір нормативтік құқықтық актілер ("Республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 20 наурыздағы № 225 қаулысы) осы құқықтық ұстанымға сәйкестендірілмеген.

      Нормативтік құқықтық актілердің қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің сәйкестігін қамтамасыз ету үшін тиімді шаралар қабылданбаған, ал бұл, конституциялық бақылау практикасы көрсеткеніндей, құқық қолдану практикасында кейде олардың нормаларын түрлі мағынада түсіндіруге алып келеді. Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 29 қазандағы № 20/2 және 2007 жылғы 14 ақпандағы № 2 нормативтік қаулыларынан нормативтік құқықтық актілердің қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің толығымен сәйкес болуы қажет екендігі келіп шығады, ал бұл шартты сақтамау конституциялық заңдылықты өрескел бұзу деп танылып, Конституциялық Кеңес атап көрсеткеніндей, нормативтік құқықтық актінің конституциялық емес деп танылуына негіз болып табылады. Бұл орайда Республика Президентінің жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің 2007 жылғы 30 наурыздағы Хаттамалық шешімімен Әділет министрлігіне Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу, Қылмыстық атқару және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстерге Конституцияға сәйкестігі және қазақ, орыс тілдеріндегі мәтіндерінің өзара сәйкестігі тұрғысында мониторинг жүргізу мақсатында жұмыс тобын құру тапсырылған болатын, алайда бұл шешімнің орындалғаны туралы ақпарат әлі күнге жоқ.

      Жаңартылған Негізгі Заңның әлеуетін толық жүзеге асыру, ондағы көзделген құқықтық институттарды уақтылы құру және ұлттық заңнаманы дамыту елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі мен өткізілген конституциялық реформаның тиімділігін білдіретін маңызды көрсеткіштер болып табылады.

      Негізгі Заңның жергілікті өзін-өзі басқаруды құру және іске асырудың қағидаттарын, әкімдерді тағайындау тәртібін және мәслихаттардың өкілеттігін белгілейтін нормалары қағидалы өзгерістерге ұшырауына байланысты, осы саладағы конституциялық жаңалықтарды жүзеге асыруға бағытталған заңнамалық актілердің тұтас бір дестесін қабылдау қажет.

      Саяси партиялардың конституциялық деңгейде рөлі артуын және оларды мемлекеттің қаржыландыруына салынатын тыйым алынып тасталуын ескере отырып, саяси партиялар туралы, қоғамдық бірлестіктер туралы заңдар және мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-әрекеті мәселелерін реттейтін өзге де заңнамалық актілер тексерілуге тиіс.

      Негізгі Заңның өмір сүру құқығына кепілдік беретін 15-бабының жаңа редакциясы өлім жазасын іс жүзінде жояды, өйткені, оның нормаларына сәйкес, жазаның бұл түрі соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін және адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін ғана заңмен көзделуі мүмкін. Бұл деген сөз, Қылмыстық Кодекстің Жалпы бөлімінде террористік қылмыстардың тізбесі белгіленуге тиіс, ал оның Ерекше бөлімінің ең ауыр жаза көзделетін және жаңа конституциялық талаптарға жауап бермейтін баптарының санкцияларынан өлім жазасы алынып тасталуға тиіс. Тиісті заңды қабылдай отырып, Парламент оның нормаларын Мемлекет басшысының 2002 жылғы 20 қыркүйектегі Жарлығымен бекітілген және осы жазаның қолданылу аясын бара-бара тарылтуға бет түзейтін Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасының ережелеріне сәйкестендіруге тиіс. Алайда, Конституциялық Кеңес Негізгі Заңның 15-бабы өзгертілгеніне бір жылдан астам уақыт өтсе де, бұл конституциялық норманы жүзеге асыруға бағытталған тиісті заң жобасы ел Парламентіне енгізілмегенін атап өтеді.

      Тұтқындауды соттың санкциялауы туралы норманың Негізгі Заңға енгізілуі және анықтау мен алдын-ала тергеуді сот пен прокуратурадан бөлетін конституциялық тыйымның алынып тасталуы, қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілуін қажетсініп қана қоймай, сотқа дейін іс жүргізудегі сот бақылауын кезең-кезеңімен кеңейтудің болашағы туралы мәселені талқылай бастауға мүмкіндік береді.

      Конституциялық Кеңес сондай-ақ республиканың Бас Прокурорына Конституцияға қайшы заңдарға наразылық білдіру құқығын беретін конституциялық норманың (Негізгі Заңның 83-бабының 1-тармағы) осы уақытқа дейін жүзеге асырылмай отырғанын атап көрсетеді. Іс жүзінде ол бұл құқықты пайдалана алмайды, себебі заңнамада осы өкілеттікті жүзеге асырудың құқықтық тетігі көзделмеген.

      Одан әрі саяси жаңғырту бағдарламасында сот төрелігі жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуға және тиімділігін арттыруға бағытталған, конституциялық-құқықтық дамудың жаңа кезеңіне барабар және халықаралық стандарттарға жауап беретін сот реформасына маңызды орын берілуге тиіс. Бұл орайда Конституциялық Кеңес, Негізгі Заңның 80-бабының соттарды қаржыландыру және судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету "сот төрелігін толық әрі тәуелсіз жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс" деген конституциялық талабы іс жүзінде жеткіліксіз орындалатынын, ал бұл судьяларды жергілікті атқарушы билік органдарына жиі тәуелді етіп қоятынын және сыбайлас жемқорлыққа бастайтынын қайталап атап көрсетеді.

      Сот ісін жүргізуде тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидаттарын күшейткен, сол арқылы азаматтардың өз құқықтарын сот арқылы қорғауының құқықтық мүмкіншіліктерін кеңейткен жөн. Әділ де тиімді сот төрелігінің негізін құрай отырып, бұл қағидаттар іс бойынша объективті шындықты анықтау үшін оңтайлы жағдай жасайды. Бұл алқабилер қатысуымен өтетін сот енгізілуіне орай айрықша маңызға ие болады. Конституциялық Кеңестің есептеуінше, сот актілерінің және прокуратура іске асыратын қылмыстық қудалаудың заңдылығын прокурорлық қадағалау функцияларының ара-жігін заңда нақтырақ ажырату қажет.

      Елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі көбінесе қолданыстағы заңдардың сапасы мен ұлттық нормативтік-құқықтық базаның тұрақтылығына байланысты болып келеді. Конституциялық бақылау материалдары, кейбір заңдардың тиісті түрде тұжырымдамалық дайындықсыз қабылданатынын, бір-біріне қайшы келіп жататынын, ал оларға негізсіз жиі енгізілетін түзетулер қолданыстағы заңнама мен құқық қолдану практикасының тұрақсыздығын туындататынын айғақтайды. Қазақстан Республикасының Жер Кодексіне өткен жылдың өзінде Парламент 10 рет өзгерістер мен толықтырулар енгізді, соның 7-еуі - шілде айында. Үкімет бастамашылық жасаған жекелеген заң жобаларын қарай отырып, депутаттар олардың тұжырымдамалары шегінен шығып қана қоймай, құқықтық нормалармен толықтырып та отырған. Бұл нормалар, Конституциялық Кеңестің есептеуінше, Конституцияда және өзге де заңнамалық актілерде көзделген барлық рәсімдерді сақтай отырып (негіздеме жасау, қаржы-экономикалық есептеу және ғылыми сараптама жүргізу, заңдық және әлеуметтік салдарына болжам жасау және т.б.) енгізілетін өз алдына бөлек заң жобасының нысаны болуға тиіс еді. Одан тыс, заң жобаларын әзірлеу және заңдарды қабылдау кезінде Парламенттің Конституцияның 54-бабы 1-тармағында және 61-бабы 3-тармағында белгіленген заң шығару өкілеттігінің шегі сақталғаны жөн. Соған орай Конституциялық Кеңес республика Үкіметінің, Парламентінің және заң шығару үдерісінің өзге де қатысушыларының өзара іс-әрекет жасау рәсімдерін жетілдіру, заң шығармашылығы қызметінің нәтижелерін және қолданыстағы заңнаманың тиімділігін ұдайы құқықтық тұрғыдан бақылаудың жүйесін қалыптастыру жөнінде заңнамалық шаралар қабылдау қажет деп пайымдайды.

      Конституциялық бақылау практикасы көрсеткеніндей, қолданыстағы заңнамада жекелеген құқық бұзушылықтар үшін жауаптылық белгілейтін, редакциялары жетілдірілмеген нормалар әлі күнге дейін бар, ал бұл құқық қолдануда қиыншылық туғызады. Атап өтілгеніндей, 2008 жылғы 27 ақпандағы № 2 нормативтік қаулыда Конституциялық Кеңес: "... адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын шектейтін заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл және әкеп соқтыратын салдары болжаулы болуға тиіс, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалып және заң ережелерін өзінше пайымдау мүмкіндігін жоққа шығара отырып, заңдылы мінез-құлықты заңсыздығынан мейлінше айқындықпен ажыратуға мүмкіндік беретін түсінікті өлшемдерге негізделуге тиіс", - деп түсіндірді.

      Конституциялық Кеңестің осы құқықтық көзқарасы, құқық бұзушылық құрамдарының белгілерін айқындайтын нормалардың кемшіліктерін тауып, жою мақсатында заң алдындағы жауаптылық шараларын көздейтін заңнамалық актілерге тексеру жүргізу үшін негіз болып табылады.

      Негізгі Заңның үстемдігін қамтамасыз етуге қатыса отырып, Конституциялық Кеңес өзінің нормативтік қаулылары арқылы қолданыстағы құқық нормаларын жасайды, сондай-ақ мемлекеттік билік тармақтарының конституциялық негізде өзара келісіп іс-әрекет етуіне, конституциялық заңдылықты нығайтуға, адамның және азаматтың Конституциямен кепілдік берілген құқықтары мен бостандықтары қорғалуына септігін тигізеді. Алайда, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының, Конституциялық Кеңес мүшелерінің қызметіне қандай болса да араласуға, сондай-ақ оларға қандай түрде болса да қысым жасауға немесе басқадай ықпал етуге жол берілмейді және бұл заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады, деп белгілейтін нормасы (11-баптың 1-тармағы) осы уақытқа дейін заңнамада іске асырылмады. Конституциялық Кеңес мұндай жауапкершілікті сотты құрметтемегені үшін белгіленген жауапкершілікпен ұқсастыра отырып енгізген жөн деп пайымдайды, ал бұл Мемлекет басшысының Конституциялық Кеңестің беделін көтеру және оның Негізгі Заңды қорғаудағы мүмкіншіліктерін күшейту қажет екендігі туралы тапсырмаларына сәйкес келеді ("Нұр Отан" халықтық-демократиялық партиясының VІІ съезінде сөйлеген сөзі).

      Елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйін бағалай отырып, Конституциялық Кеңес республиканың құқықтық жүйесі тұтас алғанда Конституция негізінде және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттары мен нормаларына сәйкес сәттілікпен дамып, жетіліп келе жатқанын атап көрсетеді.

      Конституцияның 53-бабының 6) тармақшасына сәйкес республика Парламентіне конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы осы жолдауды жібере отырып, Конституциялық Кеңес заң шығару қызметін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган, сондай-ақ республика Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар заңнама саласы мен оны қолдану практикасындағы аталған проблемаларды шешу үшін өз құзыреті шегінде қажетті шаралар қабылдайды деп сенім білдіреді. Бұл елімізде конституциялық заңдылық режимінің нығаюына және конституционализм қағидаттарының орнығуына септігін тигізеді.

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады