Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңын және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігіне тексеру туралы"

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2018 жылғы 28 маусымдағы № 4 нормативтік қаулысы

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі, Төраға Қ.Ә. Мәми, Кеңес мүшелері А.Қ. Дауылбаев, В.А. Малиновский, И.Д. Меркель, Р.Ж. Мұқашев, Ә.А. Темірбеков және У. Шапак қатысқан құрамда, мыналардың:

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі – Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі Н.В. Панның,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі –Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Г.В. Кимнің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Н. Жаилғанованың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары А.И. Лукиннің,

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары М.С. Өсіповтің,

      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары Т.С. Мұхтаровтың,

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Р.Т. Жақыповтың,

      Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің меңгерушісі Д.В. Вагаповтың қатысуымен өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңын және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігіне тексеру туралы өтінішін қарады.

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшесі В.А. Малиновскийдің баяндамасын, отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздерін тыңдап, сарапшылар: Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Е.М. Абайдельдиновтің және заң ғылымдарының докторы, профессор М.А. Сәрсембаевтың қорытындыларымен танысып, конституциялық іс жүргізудің басқа да материалдарын зерделеп, жекелеген шет елдердің заңнамасы мен практикасын талдап, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі анықтады:

      "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңын және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңын Қазақстан Республикасының Парламенті 2018 жылғы 31 мамырда қабылдап, Мемлекет басшысының қол қоюына 2018 жылғы 4 маусымда ұсынған.

      Қазақстан Республикасының Президенті Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Конституциялық Кеңеске аталған заңдарды Республика Конституциясына сәйкестігі тұрғысынан қарау туралы өтініш жолдады.

      Аталған заңдардың конституциялылығын тексерген кезде Конституциялық Кеңес мынаны негізге алды.

      1. "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Қауіпсіздік Кеңесі туралы Заң) Конституция нормаларын іске асыру бойынша шара және "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2017 жылғы 10 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы арқылы жүргізілген конституциялық реформаның қисынды жалғасы болып табылады.

      Конституцияға енгізілген түзетулер конституциялық құндылықтар мен Республика қызметінің түбегейлі принциптерін жаңа мазмұнмен толықтыра түсті. Билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу, Конституциялық Кеңестің пікірінше, президенттік басқару нысанының негіздеріне, соның ішінде Республика Президентінің мәртебесіне, оның сыртқы саясатты, қорғаныс қабілетін, ұлттық қауіпсіздікті, елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі шешуші рөліне нұқсан келтірмейді (Конституциялық Кеңестің 2017 жылғы 9 наурыздағы № 1 нормативтік қаулысы).

      Сонымен бірге, жаһандық сын-қатерлер мен халықаралық тұрақсыздықтың күшеюінің қазіргі заманғы жағдайында Республиканың ең жоғары лауазымды тұлғасының қоғамдық келісімді және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, қауіпсіздік қатерлерінің алдын алу мен оларды еңсеру бойынша қызметі күрт артады, бұл оның ұйымдық-құқықтық кепілдіктерін жаңарту қажеттігін туғызады. Конституциялық Кеңес 2005 жылғы 23 тамыздағы № 6 нормативтік қаулысында Конституция заң шығарушыға мемлекет пен қоғамның айрықша қорғалатын мүдделерi мен құндылықтарына төнетiн қауiп-қатерге бара-бap құқықтық шаралар айқындау мүмкіншілігін береді, деп атап өтті.

      Бұрын Республика Қауіпсіздік Кеңесінің құқықтық мәртебесі Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган ретінде белгіленген болатын ("Қазақстан Республикасының Президентi туралы" 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 33-бабы "Қазақстан Республикасы Президентiнiң қызметiн қамтамасыз ету" деген V тарауына қосылған еді).

      "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы" 2012 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Ұлттық қауіпсіздік туралы Заң) "Қауіпсіздік Кеңесінің өкілеттіктерін, қызметінің ұйымдастырылуы мен тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды" деп бекітілген (11-баптың 2-тармағы).

      "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 20 наурыздағы № 88 Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы ереже бекітілді. Ол қазіргі уақытқа дейін өзгерістермен және толықтырулармен қолданылып келеді.

      Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің құқықтық мәртебесінің жекелеген ережелері 2017 жылы қабылданған конституциялық заңдарда нақтыланған болатын.

      "Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2017 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен "Қазақстан Республикасының Президентi туралы" 1995 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 33-бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Жекелеп алғанда, 33-бап 4-тармақпен толықтырылды, онда "Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін ұйымдастыру және оның өкілеттіктері заңда айқындалады" деп көрсетілген.

      "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" 2000 жылғы 20 шілдедегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтыру енгізілді, оған сәйкес Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне – Елбасына оның тарихи миссиясына байланысты өмір бойы Республиканың Қауіпсіздік Кеңесін басқару құқығы тиесілі (1-баптың бесінші бөлігінің 2) тармақшасы).

      Ұлттық қауіпсіздік саласының ел үшін ерекше маңыздылығы мен елеулі ерекшеліктері оны басқаруға қойылатын жоғары талаптарды айқындайды. Мемлекеттің осы функциясын тиімді іске асыруды одан әрі сақтауға Қазақстанның бірлігін, Конституцияның, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз еткен, өзінің конституциялық мәртебесі мен жеке қасиеттері арқасында егемен Қазақстанның, оның ішінде Негізгі Заңның конституциялық құндылықтары мен Республика қызметінің түбегейлі принциптерінің, қалыптасуы мен дамуына шешуші үлес қосқан тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы ретінде Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасының басшылық рөлі қызмет етеді (Конституциялық Кеңестің 2017 жылғы 9 наурыздағы № 1 нормативтік қаулысы).

      Конституциялық Кеңестің қарауына ұсынылған Қауіпсіздік Кеңесі туралы Заң Қауіпсіздік Кеңесінің құқықтық мәртебесін, құзыреті мен қызметін ұйымдастыруды құқықтық реттеудің жаңа неғұрлым жоғары деңгейін білдіреді. Осы органды құрудың мақсаты – ішкі саяси тұрақтылықты сақтау, конституциялық құрылысты, мемлекеттік тәуелсіздікті, аумақтық тұтастықты және халықаралық аренада Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғау.

      Қауіпсіздік Кеңесі туралы Заңда ол Қазақстан Республикасының Президенті құратын және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізуді үйлестіретін конституциялық орган ретінде айқындалған. Қауіпсіздік Кеңесі қызметінің құқықтық негізін Конституция, қаралып отырған Заң, ол туралы Ереже және өзге де нормативтік құқықтық актілер мен Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары құрайды. Қауіпсіздік Кеңесі қызметінің заңмен реттелмеген мәселелері Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы бекітетін Қауіпсіздік Кеңесі туралы ережеде реттеледі.

      Қауіпсіздік Кеңесінің басты міндеттері елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қорғаныс қабілетін нығайту, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын жоспарлау, қарау және олардың іске асырылуын бағалау болып табылады.

      Қауіпсіздік Кеңесінің тағайынына сәйкес міндеттерді шешу және қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін оған мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру, мемлекеттің стратегиялық құжаттарының орындалу жай-күйін мониторингтеу және бағалау, мемлекеттік бағдарламаларды, заң жобаларын және өзге де мемлекеттік-мәні бар бастамаларды кешенді талдау және бағалау, ұлттық қауіпсіздіктің ішкі және сыртқы қатерлерін болжау және бірқатар басқа да функциялар жүктеледі (Қауіпсіздік Кеңесі туралы Заңның 3-бабы).

      Қауіпсіздік Кеңесі туралы Заңның реттеу нысанасына Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін ұйымдастыру қатынастары да жатады: Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасы мен мүшелерінің өкілеттіктері, Қауіпсіздік Кеңесі қызметінің нысандары және шешімдері, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесі Аппараты қызметінің құқықтық негіздері.

      Жекелеп алғанда, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының Қауіпсіздік Кеңесінің қызметіне басшылықты жүзеге асыру, Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелеріне тапсырмалар беру, Кеңес Аппаратының ұйымдық-құқықтық мәртебесін айқындау, ол туралы Ережені және оның құрылымын белгілеу бойынша өкілеттіктері бекітілді. Кеңес Төрағасына Қауіпсіздік Кеңесінің қызметіне қатысты актілер, оның ішінде нормативтік-құқықтық сипаттағы актілер, шығаруға құқық берілген.

      Қауіпсіздік Кеңесі қызметінің нысандары болып отырыстар мен жедел кеңестер, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесі туралы ережеде айқындалатын өзге де нысандар анықталған. Отырыс кворумы (оның мүшелерінің кемінде үштен екісі болған кезде), шешім қабылдау тәртібі (қатысып отырған Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік даусымен) көзделген.

      Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы бекіткеннен кейін күшіне енеді, қажет болған кезде олар Қазақстан Республикасы Президентінің актілерімен іске асырылады. Қауiпсiздiк Кеңесi мен оның Төрағасының шешiмдері мiндеттi болып табылады және Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, ұйымдары мен лауазымды адамдарының мүлтіксіз орындауына жатады.

      Жүргізілген талдаудың нәтижесінде Конституциялық Кеңес Қауіпсіздік Кеңесі туралы Заңның Қауіпсіздік Кеңесінің айрықша конституциялық-құқықтық мәртебесін белгілейтін ережелері Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-9-баптарында және 91-бабы 2-тармағының нормаларында бекітілген конституциялық құндылықтарды қамтамасыз ету; Негізгі Заңның 40 және 44-баптарында белгіленген Мемлекет басшысының ұлттық қауіпсіздік саласындағы функциялары мен өкілеттіктерін іске асыру тиімділігін арттыру мүдделеріне жауап береді, деп пайымдайды. Республика Президенті Қауіпсіздік Кеңесін құрады, оның құрамын қалыптастырады, Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысын лауазымға тағайындайды және оны лауазымынан босатады, қажет болған кезде Қауіпсіздік Кеңесінің алқалы шешімдерін іске асыру үшін актілер шығарады (1-баптың 1 және 3-тармақтары, 6-баптың 5-тармағы, 7-баптың 2-тармағы).

      Қауіпсіздік Кеңесінің және оның Төрағасының функциялары мен өкілеттіктері мемлекеттік органдардың, мекемелердің және лауазымды адамдардың қызметін үйлестіруге бағытталған, ал олар қабылдайтын шешімдер мемлекеттік билік институттарының, ұйымдардың және мемлекеттік қызметшілердің орындауы үшін міндетті.

      Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі еліміздің егемендігінің, заңдылық режимінің, сондай-ақ ең қымбат қазынасы адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет принциптерін күшейтудің пәрменді кепілі. Бұл ретте, қаралып отырған Заң адамның құқықтық мәртебесін реттемейді, азаматтардың құқықтарын шектемейді және қосымша міндеттерді жүктемейді.

      Қауіпсіздік Кеңесінің жұмыс жасау нысанасы Қауіпсіздік Кеңесі туралы Заңда, Ұлттық қауіпсіздік туралы Заңды қоса алғандағы Республиканың өзге де нормативтік құқықтық актілерінде және Қазақстанның халықаралық шарттарында анықталған нақты бағытқа ие. Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының шешімдері қолданыстағы құқық жүйесіне кіреді және "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Құқықтық актілер туралы Заң) белгіленген талаптарға сай келеді.

      Қауіпсіздік Кеңесінің конституциялық-құқықтық мәртебесі оның айрықша жағдайын сипаттайды және Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 20) тармақшасымен үйлеседі.

      "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2017 жылғы 10 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына жасалған жүйелі талдауға негізделе отырып, Конституциялық Кеңес "түзетулер өз жиынтығында өзгертілген нормалардың мазмұнын айқындап қана қоймай, бірқатар жағдайларда Конституцияның түзетуге ұшырамаған ережелері мен нормаларының құқықтық мағынасын жаңартады. Бұл жағдай конституциялық қайта өзгертулердің жалпы заңдылықтары мен трендтерін және конституциялық нормаларды ресми түсіндірудің бағыт-бағдарларын бөліп көрсетуге негіз болады" деген тұжырымға келді (Конституциялық Кеңестің 2017 жылғы 17 сәуірдегі № 2 нормативтік қаулысы, Конституциялық Кеңестің "Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы" 2017 жылғы 9 маусымдағы жолдауы).

      2. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы негізгі Заңмен өзара байланысты және оның ережелерін бір-бірімен нысаналық байланыстағы заңнамалық актілерде нақтылайды.

      Ілеспе Заңда көзделген түзетулерде Қауіпсіздік Кеңесі туралы Заң, Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің тиісті ережелері, ұлттық қауіпсіздік және құқықтық актілер туралы заңдар үйлестірілген.

      Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының нормативтік құқықтық актілері нормативтік құқықтық актілердің негізгі түрлеріне жатқызылған және Құқықтық актілер туралы Заңның 10-бабында белгіленген нормативтік құқықтық актілер сатысынан тыс тұрады.

      Конституциялық Кеңес ілеспе Заңның осы ережелері Қауіпсіздік Кеңесі туралы Заңмен қаланған жаңа құқықтық реттеуден қисынды түрде туындайды және Қауіпсіздік Кеңесінің құқықтық мәртебесі, қолданыстағы құқық, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қолданысқа енгізу тәртібі мәселелерін реттейтін конституциялық нормалар шеңберінде қабылданған, деп санайды (Негізгі Заңның 4-бабы, 44-бабының 20) тармақшасы, 62-бабының 8-тармағы).

      Осылайша, Конституциялық Кеңес "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмейді, деп есептейді. Олар Ережеде және Қауіпсіздік Кеңесінің практикалық қызметінде және құқық қолданудың өзге де актілерінде дамытылып, нақтыланатын Қауіпсіздік Кеңесінің мәртебесі мен қызметінің негізгі бастамаларын бекітеді.

      Қарастырылып отырған заңдардың жобалары Конституцияның 61-бабының 1-тармағына сәйкес Үкіметтің заң шығару бастамасы тәртібінде Парламент Мәжілісіне енгізілді және Парламент оларды белгіленген конституциялық рәсімдерді сақтай отырып қабылдады (Негізгі Заңның 61-бабының 3 және 4-тармақтары, 62-бабының 1, 5 және 7-тармақтары).

      Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын, 31-33, 37-баптарын, 38-бабының 1-тармағын және 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасының Парламенті 2018 жылғы 31 мамырда қабылдаған және 2018 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің қол қоюына ұсынылған "Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Конституциясы 74-бабының 3-тармағына сәйкес нормативтік қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және түпкілікті болып табылады.

      3. Осы нормативтік қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасы
Конституциялық Кеңесінің Төрағасы
Қ.Ә. Мәми

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады