Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Регламентіне толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2020 жылғы 15 сәуірдегі № 3 нормативтік қаулысы

      "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 9-бабының 2-тармағына және Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2002 жылғы 19 сәуірдегі № 1 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Регламентінің 34-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2002 жылғы 19 сәуірдегі № 1 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі Регламентіне мынадай толықтырулар енгізілсін:

      1) мынадай мазмұндағы 20-1-тармақпен толықтырылсын:

      "20-1. Конституциялық іс жүргізу толық немесе ішінара электрондық форматта жүзеге асырылуы мүмкін, бұл туралы қаулы шығарылады.

      Мұндай формат кезінде Конституциялық Кеңестің және оның лауазымды адамдарының, конституциялық іс жүргізуге қатысушылардың актілері мен әрекеттері электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық құжат нысанында ресімделуі мүмкін. Бұл жағдайда ақпараттық технологиялар мен жүйелер қолданылып, электрондық іс қалыптастырылады.

      Конституциялық Кеңестің бастамасы бойынша конституциялық іс жүргізуге қатысушылар, олардың өкілдері, сондай-ақ сарапшылар, мамандар, аудармашылар және өзге де адамдар техникалық байланыс құралдарын пайдалану арқылы Кеңес отырысына қатыса алады.

      Конституциялық іс жүргізу барысында техникалық құралдар мен ақпараттық сервистерді қолдану тәртібін Конституциялық заңның, осы Регламенттің және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын ескере отырып, Конституциялық Кеңестің Аппараты айқындайды.";

      2) мынадай мазмұндағы 31-1-тармақпен толықтырылсын:

      "31-1. Конституциялық Кеңес мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың, ұйымдардың және өзге де тұлғалардың назарын конституциялық іс жүргізу барысында анықталған заңнаманың бұзылуы фактілеріне, құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен және тиісті шаралар қабылдауды талап ететін себептер мен жағдайларға, Кеңестің заңды талаптарын тиісінше орындамауға, сондай-ақ өтінішті жан-жақты әрі сапалы қарауға және конституциялық заңдылық режимін нығайтуға көмектескен тұлғалардың азаматтық немесе қызметтік борышын орындау кезінде көрсеткен жоғары санасы мен кәсібилігіне аударатын қаулы қабылдауға құқылы.".

      2. Нормативтік қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Кеңесі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады