Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің "Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы" жолдауы (2021 жылғы 21 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында жария етілді)

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2021 жылғы 21 маусымдағы Жолдауы

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің "Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы" жолдауы

      (2021 жылғы 21 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында жария етілді)

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Қазақстан Республикасы Конституциясының 53-бабының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламентіне "Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы" жолдауын (бұдан әрі – КК жолдауы) ұсынады.

      Биылғы жыл Қазақстан Республикасы Мемлекеттік тәуелсіздігінің 30 жылдығымен ерекшеленіп отыр. 1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Конституциялық заңымен Ұлы дала Мәңгілік елінің көпғасырлық тарихының жаңа дәуірі басталды.

      Алғашқы бүкілхалықтық сайлауында қазақстандықтардан тікелей ел болашағын, оны іске асыру жолдары мен құралдарын айқындауға мандат алған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев аталған процеске бастамашылық жасады. Сол кезден бастап елдің, қоғамның және әрбір қазақстандықтың тағдырлары біріктіріліп, конституциялық, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетті дәйекті түрде қалыптастырудағы барлық ірі қадамдар 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес жүзеге асырылды.

      Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев атап өткендей, "осынау толағай табыстардың бәріне Елбасының дара көшбасшылығының һәм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынтымағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан, Елбасы Тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік".

I.

      Мемлекет басшысының іс-қимылдарымен Елбасының мемлекеттілікті одан әрі үдемелі дамыту жөніндегі стратегиялары мен дәстүрлерінің жалғасып жатқаны ақиқат. Олар стратегиялық жоспарлаудың негізгі құжаттарында қамтылған.

      Республика Президенті ел Тәуелсіздігінің төртінші онжылдығының басты мақсаттары ретінде қуатты әділ мемлекет пен кемел халық болуды айқындады. Оның нұсқауларына сәйкес, "бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды және сананы жаңғырту үдерісін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруымыз қажет".

      "Халық үніне құлақ асатын", тиімді, есеп беретін, кәсіби және прагматикалық мемлекет тұжырымдамасын іске асырып жатқан стратегиясы аясында Мемлекет басшысы еліміз алдағы бес жыл ішінде ұстанатын үш түйінді бағытты белгіледі. Олар: институттардың сапасы, азаматтардың әл-ауқаты және қуатты экономика.

      Қоғамдық жағдайды ауқымды пайымдау негізінде Республика Президентінің жарлықтарымен Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспары (2021 жылғы 15 ақпандағы), Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жалпыұлттық басымдықтары (2021 жылғы 26 ақпандағы), Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы (2021 жылғы 26 ақпандағы) бекітілді. Бұл құжаттарды іске асыру қазіргі кезеңнің сын-қатерлерін еңсеруге бағытталған және орта мерзімді перспективада, халықтың тұрмыс сапасы мен табысының шынайы артуымен қоса жүретін, елдің орнықты және сапалы экономикалық өсу жолына бағыт алуын қамтамасыз етуге арналған.

      Өткен 2020 жылы Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығы атап өтілді. Ол құқық үстемдігінің, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары басымдығының мызғымас жалпыға бірдей танылған құндылықтарына, меншік нысандарының теңдігіне, саяси әралуандылық пен идеологиялық плюрализмге негізделген мемлекет пен қоғамды қалыптастырудың берік іргетасына айналды. Жиынтығында Қазақстанның конституциялық бірегейлігін айқындайтын еліміздің өмірлік мүдделері мен ұлттық ерекшеліктері де көрініс тапқан.

      Мемлекет басшысының стратегиялары, жыл сайынғы жолдаулары және Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің өзге де құжаттары Негізгі Заңның ережелері мен нормаларын тиісті іске асырудың берік кепілдерін жасауға, өмірдің өзгеріп отыратын сұраныстарына, жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге сәйкес оларды тұрақты жаңартып тұруға ықпал етеді. Бұл ретте, ел Конституциясы қоғам мен мемлекетті орнықты жаңғыртудың саяси-құқықтық талаптарын бекітеді, жағымсыз салдарға соқтыратын теріс серпілістерді болдырмайды.

      Халықтың тікелей қатысуымен әзірленген конституциялық саясатының және республикалық референдумда қабылданған Конституцияның арқасында жоғары билік елдің қолданыстағы құқығын неғұрлым дәйекті, сындарлы және серпінді дамытып келеді. Бұл Қазақстанның қоғамдық құрылымындағы аса маңызды компоненттердің бірі болып табылады.

      2020 жылғы 27 тамызда өткен "XXI ғасыр Конституциясы – құқық үстемдігі, адам құндылығы және мемлекеттің тиімділігі" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Республика Президенті: "Ата Заңымыз қабылданған ширек ғасыр ішінде үш конституциялық реформа жасалды. Бұл жұмысқа азаматтық қоғам кең көлемде атсалысты. Дегенмен, Конституцияның жасампаздық әлеуеті әлі де зор. Әсіресе, қоғам тарапынан туындаған әлеуметтік-экономикалық және саяси сипаттағы талап-тілектерге толыққанды жауап беретіндей мүмкіндіктері мол екені сөзсіз",- деп атап өтті.

      Республика Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы жарлығымен 2020 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасы бекітіліп, іске асырылды. Бұл Тұжырымдама Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат жөніндегі бірінші тұжырымдамасының орнына қабылданды (Республика Президентінің 2002 жылғы 20 қыркүйектегі жарлығы). Өз кезегінде, Республика Президентінің 1994 жылғы 12 ақпандағы қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы Құқықтық реформаның мемлекеттік бағдарламасы жалпыға танылған өркениеттік құндылықтар мен қоғамның ұлттық-мәдени ерекшеліктері негізінде қазіргі заманғы қазақстандық құқықты бекіту бойынша мемлекеттің сабақтастық қызметін қалыптастырудың бастауы болды. Қазір 2030 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасының жобасы әзірленуде.

      Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспарына (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 25 қазандағы № 801 қаулысы) сәйкес мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер мен оқу орындары мемлекеттің тәуелсіздігін, Республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі қағидаттарын қамтамасыз етудегі Негізгі Заңның рөлін жария ету жөнінде үлкен жұмыс атқарды.

      Тәуелсіздік жылдары ішінде адамның конституциялық құқықтарын дамытуға арналған мақалалар, деректі фильмдер сериясы дайындалып, кейіннен республикалық және өңірлік деңгейлердегі электрондық БАҚ-та жарияланды.

      Ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу іс-шаралары Қазақстан Республикасындағы конституциялық даму мәселелеріне арналған жоғары оқу орындарының студенттері арасында конкурстар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, білім беру және өзге де ұйымдарда ашық сабақтар мен дәрістер өткізуді қамтыды.

      Конституциялық Кеңес ғылыми қоғамдастықпен бірлесе отырып дайындап, орталық мемлекеттік органдардағы серіктестерімен келесі басылымдарды басып шығарды: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде иллюстрацияланған Қазақстан Республикасы Конституциясының альбомы – мерейтойлық басылым; Қазақстан Республикасының құқықтық мемлекет қағидаттарын бекіту жолындағы жетістіктері туралы кітап (шетелдік заңгерлердің пікірлері); Қазақстан Республикасындағы конституциялық бақылау институтының қызметіне арналған монография; Қазақстан Республикасы Конституциясының энциклопедиялық анықтамалығы.

      Бұл кітапханада "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Тәуелсіз Қазақстанның конституциялық құрылысындағы рөлі: Елбасы тәжірибесі" атты бірегей басылым ерекше орын алады. Онда Н.Ә. Назарбаевтың конституциялық құрылыс мәселелері жөніндегі еңбектерінен алынған үзінділер, 1993 жылғы және 1995 жылғы Конституция жобаларын талқылау материалдары, Тұңғыш Президенттің Конституцияны әзірлеу жөніндегі жұмысқа қатысу құрметіне ие болған серіктестерінің мақала-естеліктері ұсынылды.

      Мемлекеттік тілде дайындалған, конституция халықтың мәдени құндылығы ретінде – "Жыр арқауы – Ата Заң" кітабында Негізгі Заң туралы поэтикалық шығармалар жинақталған.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығына арналған Республиканың жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында қашықтықтан өткізілген республикалық интернет-сурет конкурсына қатысуға ниет білдірушілер көп болды, кейіннен үздік суреттер "Бала өрген Ата Заң" альбомында жарияланды.

      Ел басшылығының, беделді халықаралық ұйымдар, шет елдердің конституциялық әділет органдары және ғылыми қоғамдастық өкілдерінің қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласында Азиялық конституциялық соттар және баламалы институттар қауымдастығының IV Конгресі өтті.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының кезекті жылдығына арналған негізгі іс-шаралар "Негізгі Заң аптасы" аясында өткізілді.

      Республика Конституциясы мерейтойының атап өтілуі қоғамның әртүрлі топтарында осы тақырыпқа деген жоғары қызығушылық, жастар арасында конституциялық патриотизм сезімі кең таралғанын көрсетті, бұл өз жиынтығында осы жұмысты тұрақты негізде жалғастыру үшін қолайлы негіз болып табылады. Конституциялық Кеңестің пікірінше, оның түпкі мақсаты тәуелсіз Қазақстанның азаматтық құндылықтары мен мұраттарын нығайту болмақ.

      Өткен 2020 жылы Қазақстан ішкі саяси күн тәртібі шеңберінде жұмыс істеді.

      2019 жылы президенттік өкілеттіктердің көшуінен кейінгі кезең Қазақстан үшін Елбасы мен Республика Президенті институттарының қатар әрекет етуі жағдайындағы президенттік басқару нысанының тиімділігін, орындылығын және орнықтылығын көрсетіп отыр. Осы ынтымақтастық COVID-19 пандемиясының қиын кезеңінде және оның салдарынан экономикалық жүйенің барлық секторларында және азаматтық қоғамның әлеуметтік блогында туындаған қиындықтар, халықаралық күн тәртібі көлемінің артуы жағдайында ерекше өзекті болды.

      Ағымдағы жылдың қаңтар айында, эпидемиологиялық ахуалдың күрделілігіне қарамастан, партиялық тізімдер бойынша және Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезекті сайлауы қолданыстағы жаңартылған заңнамаға қатаң сәйкестікте өтті. Олардың нәтижелері бойынша депутаттық корпустың құрамына Nur Otan партиясының, "Ақ жол" Қазақстан демократиялық партиясының және Қазақстан Халық партиясының фракциялары кірді.

      Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік құқығымен және уақытша жер пайдалану құқығымен шетелдіктерге сату немесе жалға беру туралы мәселеге түпкілікті нүкте қойылды.

      Республика Президентінің өтініші бойынша Конституциялық Кеңес Парламент қабылдаған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адвокаттық қызмет және заң көмегі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігіне тексерді. Бұл Заң Конституцияға қайшы емес деп танылды (2021 жылғы 4 маусымдағы нормативтік қаулы).

      Конституциялық Кеңес атап көрсеткендей, білікті заң көмегін алу құқығы әрбір адамның өзі заңдық маңызы бар әрекеттер жасаған кезде жоғары білікті заңгерлердің кәсіби көмегін пайдалану мүмкіндігін көздейді. Осыған орай мемлекет жеке адамның аталған құқығына кепілдік беру үшін де, білікті заң көмегін көрсететін тұлғалар қызметінің тиімділігін қамтамасыз ету үшін де тиісті жағдайлар жасау мақсатында қажетті нормативтік-құқықтық, ұйымдастырушылық және өзге сипаттағы шараларды қабылдауы тиіс.

      Конституцияның 25 жылдығы аясында Қазақстан конституционализм құндылықтарын қорғаудың белсенді әрі құрметті көшбасшыларының бірі ретінде өз позициясын нығайтты. Конституциялық Кеңестің Конституциялық бақылау органдарының Еуразиялық қауымдастығына және Азиялық конституциялық соттар және баламалы институттар қауымдастығына төрағалық етуі жалғасуда.

II.

      Ел Тәуелсіздігінің кезекті мерейтойына орай Конституциялық Кеңестің шешімдері мемлекеттік егемендіктің негізгі діңгектерін ашуға, іске асыруға және нығайтуға көп жағдайда ықпал еткенін атап өткен жөн.

      25 жыл ішінде Конституциялық Кеңестің қаулыларында елдің конституциялық құрылысының негіздері, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, Қазақстан Республикасының азаматтығы, сайлау жүйесі, Республика Президентінің, Парламенттің, Үкіметтің мәртебесі мен өкілеттіктері, билік тармақтарының өзара қарым-қатынасы, заң шығару процесі, соттардың және өзге де мемлекеттік органдардың құзыреті мен қызметі мәселелері қаралды. Бірқатар шешімдер Конституцияда бекітілген мемлекеттің ұзақ мерзімді түпкі мақсаттарына қатысты болды.

      Мәселен, 2001 жылғы 21 желтоқсандағы нормативтік қаулыда Конституциялық Кеңес Конституцияның "Қазақстан Республикасы өзін ... әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады..." деп көрсететін 1-бабының 1-тармағына ресми түсіндірме берді. Бұл конституциялық норма Қазақстан өз азаматтарының лайықты өмір сүруі және жеке адамның еркін дамуы үшін мемлекеттің мүмкіндіктеріне барабар жағдай жасау міндеттемесін өзіне алатын мемлекет ретінде дамуға ниетті екенін білдіреді.

      Конституциялық Кеңестің ресми түсіндірмесінің нысанасы ретінде Негізгі Заңның азаматтық институтын реттейтін нормалары болды (2003 жылғы 1 желтоқсандағы нормативтік қаулы). Кеңес түсіндіргендей, азаматтық институты Республика егемендігінің, тәуелсіздігі мен конституциялық құрылысының айқындаушы белгісі болып табылады, өйткені мемлекеттің азаматтарынан тұратын Қазақстан халқы ғана "мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы" болып табылады және "билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді" (Конституцияның 3-бабының 1 және 2-тармақтары). Сонымен бірге, онда Қазақстанда көпазаматтық, оның ішінде қосазаматтық институтына жол бермеу туралы құқықтық ұстаным көрсетілді. Кейбір шет елдерде жақында жүргізілген конституциялық реформалар мұндай ұстанымның маңыздылығын тағы да растады.

      Елдің тәуелсіздігі мемлекеттің аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету мәселелерін де қамтиды. 2003 жылғы 23 сәуірдегі нормативтік қаулысында Конституциялық Кеңес Конституциядағы Қазақстан аумағы деген ұғым оның егемендігі деген ұғыммен тығыз байланысты екенін атап көрсетті. Мемлекет аумағы сол мемлекет өмір сүретін және егемен билік ұйымы ретінде әрекет ететін кеңістік шегін білдіреді, бұл билік осы аумақтағы ең жоғары, біртұтас және тәуелсіз билік болып табылады. Мемлекеттің өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етуі экономикалық, саяси, әскери, құқықтық және ұйымдастырушылық сипаттағы шаралар кешенін әзірлеуді және жүзеге асыруды көздейді. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз етеді деп көрсетілген Қазақстан Республикасы Конституциясының 2-бабының 2-тармағын оның аумағын бөлшектеуге, мемлекеттің келісімінсіз табиғи ресурстарды пайдалануға және Қазақстан өңірлерінің мәртебесін өздігінше өзгертуге жол бермеу, мемлекеттік шекараның мызғымастығы және мемлекеттің ұлттық мүдделері мен егеменді теңдігіне нұқсан келтіретін аумақтық шегінуге тыйым салу деп түсінген жөн.

      Тіл саясаты тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап қоғамдағы келісім мен тұрақтылықтың маңызды кепілі болды. Конституциялық Кеңестің шешімдері тиісті конституциялық ережелердің мазмұнын нақты түсінуге және оларға сәйкес ел заңнамасының дамуын және оны қолдану практикасын бағыттауға мүмкіндік берді. Конституциялық Кеңестің пікірінше, қазақ тілінің мәртебесін мемлекеттік тіл ретінде конституциялық жолмен бекітуден келіп шығатыны, қазақ тілі Қазақстан мемлекеттілігін айқындайтын факторлардың бірі болып табылады, оның егемендігін рәміздейді және Қазақстан халқының бірлігін білдіретін, Республиканың конституциялық-құқықтық мәртебесінің элементі болып табылады. Конституцияның "мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады" деген 7-бабының 2-тармағы, мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ және орыс тілдері қандай да бір мән-жайларға қарамастан, тең дәрежеде, бірдей қолданылады деп бірмәнді түсініледі (1997 жылғы 8 мамырдағы, 2007 жылғы 23 ақпандағы, 2015 жылғы 18 мамырдағы және басқа да нормативтік қаулылар).

      Халықаралық қоғамдастықтың дербес және тең құқықты қатысушысы атанып, Қазақстан ұлттық құқықтық жүйені құруға кірісті. Конституциялық Кеңес бірқатар шешімдерінде ұлттық заңнаманың негізгі қағидаттарын айқындады. Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығы заңды субъектілер белгіленген тәртіппен қабылдаған нормативтік құқықтық актілерде: Конституцияда және оған сәйкес келетін заңдарда, Президенттің Жарлықтарында, Парламент пен оның Палаталарының, Үкіметтің қаулыларында, өзге де нормативтік құқықтық актілерде, Республиканың халықаралық шарттарында, Конституциялық Кеңестің және Жоғарғы Соттың нормативтік қаулыларында қамтылған нормалар жүйесі ретінде бағаланады. Қазақстан Республикасының Конституциясы жоғары заңдық күшке ие (1996 жылғы 28 қазандағы және 1997 жылғы 6 наурыздағы нормативтік қаулылар).

      Конституциялық Кеңестің шешімдерімен жеке адамның құқықтарын іске асыру мен қорғаудың түбегейлі мәселелері түсіндірілді. Олар заң шығарушы мен құқық қорғаушы үшін бағдар ретінде қызмет етеді және олардың қызметінің мазмұнын айқындайды.

      Конституциялық Кеңес адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең қымбат қазынасы деп тану туралы Конституция ережелерінің императивті рөлін үнемі атап көрсетеді. Жеке адам құқықтарын іске асырудың кепілдіктері мен тетіктері туралы конституциялық нормаларды түсіндіре отырып, Кеңес адамның құқықтары мен бостандықтарын абсолютті деп тану – Республика аумағындағы әрбір адамға, оның Республика азаматтығына қатыстылығына қарамастан, қолданылатынын атап өтті. Құқықтар мен бостандықтардан ешкім айыра алмайды дегеніміз Конституцияда және оның негізінде қабылданған заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, адамды Конституцияда белгіленген құқықтар мен бостандықтардан ешкім, оның ішінде мемлекет те айыра алмайды. Адамның аталған құқықтары мен бостандықтары заңдардың және өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуын айқындайды. Құқықтар мен бостандықтардың нақты бір түрінің конституциялық деңгейге дейін көтерілуі және Конституцияда олардың кепілділігі туралы жариялануы мемлекетке осы құқықтар мен бостандықтардың іске асырылуын қамтамасыз ету бойынша ерекше міндет жүктеуді көздейді. Заң шығарушы заңдарды қабылдау кезінде конституциялық құқықтар мен бостандықтардың мәнін бұрмаламай және конституциялық айқындалған мақсаттарға сәйкес келмейтін шектеулерді енгізбей, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеудің жол берілетін конституциялық шегін негізге алуға міндетті (1996 жылғы 28 қазандағы, 1999 жылғы 12 наурыздағы, 2005 жылғы 29 сәуірдегі, 2008 жылғы 27 ақпандағы және басқа да нормативтік қаулылар).

      Халықаралық құқық нормалары мен халықаралық стандарттар елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындауға елеулі ықпал етеді. Кеңестің нормативтік қаулылары олардың мемлекетішілік құқықпен өзара іс-қимыл қағидаттарын белгілеуге мүмкіндік берді, бұл мемлекеттің ұлттық-құқықтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және екі құқықтық тәртіптің үйлесімді дамуы үшін өте маңызды (2003 жылғы 23 сәуірдегі, 2003 жылғы 1 желтоқсандағы, 2006 жылғы 18 мамырдағы және басқа да нормативтік қаулылар).

      Мемлекеттік және жеке меншікті тану мен тең қорғауға негізделген нарықтық экономиканы енгізу тәуелсіз Қазақстанның даусыз жетістігі болып табылады (Конституцияның 6-бабы). Конституциялық Кеңес меншік құқығының құқықтық мәні мен оны жүзеге асыру шектерін ашатын бірқатар қағидатты құқықтық ұстанымды тұжырымдады. Олар елдің азаматтық заңнамасының негізіне айналды және азаматтардың іскерлік белсенділігі мен шетелдік инвестициялар ағынын қарқындатуға мүмкіндік берді. Мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару мынадай шарттар міндетті түрде сақталған кезде ғана: біріншіден, мемлекет мұқтажы үшін, екіншіден, заңдарда көзделген ерекше жағдайларда, үшіншіден, оның құны тең бағамен өтелген жағдайда мүмкін болады (1999 жылғы 3 қарашадағы, 2000 жылғы 20 желтоқсандағы, 2005 жылғы 31 қаңтардағы, 2005 жылғы 1 шілдедегі және басқа да нормативтік қаулылар).

      2017 жылы Республика Конституциясына енгізілген маңызды өзгерістердің бірі – 2-бапты Нұр-Сұлтан қаласының шегінде конституциялық заңға сәйкес қаржы саласында ерекше құқықтық режим белгіленуі мүмкін, деп бекітетін 3-1-тармақпен толықтыру болып табылады. Конституциялық Кеңес өзінің 2017 жылғы 9 наурыздағы нормативтік қаулысында оның Негізгі Заңның нормаларымен үйлесетінін растады. Аталған конституциялық түзетуді орындау үшін қабылданған шаралар "Астана" халықаралық қаржы орталығының инвестициялар тартуға, іскерлік белсенділікті арттыруға және елдің экономикалық өсуіне ықпал ететін тиімді тұғырнамаға айналғанын көрсетіп отыр.

      Конституцияда бекітілген біртұтас мемлекеттік билікті дербес тармақтарға бөлу жүйесін апробациялау процесінде Конституциялық Кеңес туындаған сұрақтарға уақтылы әрі толық жауап берген болатын. Олар мемлекеттік органдардың құқықтық жағдайына, миссиясы мен құзыретіне қатысты туындады.

      Мәселен, 2015 жылғы 24 ақпандағы нормативтік қаулысында Кеңес атап көрсеткендей, Республика Президенті жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде Республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы сайлайтын бірден-бір дара тұлға, Қазақстан халқының ең жоғары өкілі. Республика Президентін сайлау – оған мемлекеттегі жоғарғы билікті берудің нысаны болып табылады. Сайлау қорытындылары бойынша Мемлекет басшысы Қазақстанды басқаруға, ел ішінде және халықаралық қатынастарда халықтың атынан өкілдік етуге және оның мүддесін білдіруге мандат алады. Республика Президентінің шешімдері мен әрекеттері Конституцияның Кіріспесінде және "Жалпы ережелер" атты І бөлімінде, сондай-ақ басқа да ережелері мен нормаларында тұжырымдалған мақсаттарға қол жеткізуге және құндылықтарды қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс.

      Конституциялық Кеңестің шешімдері парламентаризмнің дамуында үлкен рөл атқарды. Кеңес Парламент Палаталарының қызметін ұйымдастырудың, депутаттардың құқықтық жағдайының, заң шығару процесінің, Үкіметпен өзара іс-қимыл жасаудың кейбір мәселелерін және т.б. мәселелерді реттеді. Реформалар жүргізу барысында Үкіметтің жекелеген өкілеттіктері, оны құру және жұмыс істеу қағидаттары нақтыланды.

      Конституциялық Кеңестің құқықтық ұстанымдары арқылы Парламент пен Үкімет арасындағы мемлекеттік органдардың мәртебесін бекітудегі келіспеушіліктер шешілді, бұл олардың арасындағы бәсекелестікке жол бермеді. Конституциялық Кеңес 2008 жылғы 15 қазандағы № 8 нормативтік қаулысында "мемлекеттік функция" және "мемлекеттік көрсетілетін қызметтер" ұғымдарына ресми түсіндірме беріп, "мемлекеттік органдарды ұйымдастыру мен олардың қызметінің негіздеріне" не кіретінін (Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 3) тармақшасы), сондай-ақ мемлекеттік органдардың құзыреті Республиканың Конституциясында, конституциялық заңдарында және заңдарында ғана емес, сонымен бірге заңға тәуелді актілерінде де белгіленетінін атап көрсетті. Кейінірек, Кеңес 2013 жылғы 16 мамырдағы № 2 қосымша қаулысында "мемлекеттік органдарды ұйымдастыру мен олардың қызметінің негіздері" түсінігін толықтырды және биліктің заң шығарушы мен атқарушы тармақтарының оларды бекіту бойынша салаларын айқындады.

      Тәуелсіздік жылдары ішінде құқық қорғау жүйесінде ауқымды шаралар кешені іске асырылды. Конституциялық Кеңестің біртұтас сот жүйесін мемлекеттік биліктің дербес және қуатты тармағы ретінде бекітуге ықпал еткен шешімдері бар. Оның қаулыларында сотта қорғалу құқығының мәні, сот жүйесінің құрылымы, сот төрелігі мен соттардың мамандану қағидаттары, сот ісін жүргізудің түрлері мен нысандары, сот актілерінің заңдық күші және судьялардың құқықтық мәртебесі ашылды.

      Қазіргі заманғы прокуратураның қалыптасуы процесінде Конституциялық Кеңес прокуратураның мемлекет тетігіндегі жағдайын, сот ісін жүргізудің түрлеріндегі функциялары мен өкілеттіктерін қозғайтын конституциялық негіздерін нақтылаған болатын.

      Осы жылдар ішінде Парламент Палаталарының бірлескен отырыстарында Конституциялық Кеңестің 25 жолдауы жария етілді. Олардың әрқайсысында елде конституционализмді бекіту жолындағы орын алған оқиғалар мен фактілерге егжей-тегжейлі талдау жасалды, негізгі құқықтық институттарды ғылыми-эмпирикалық түсінудің негіздері және олардың тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар берілді, заңнаманы және оны қолдану практикасын Негізгі Заңның талаптарына сәйкес одан әрі жетілдіру бойынша нақты ұсынымдар енгізілді.

      КК-нің 2016 жылғы 16 маусымдағы жолдауында егемендік пен тәуелсіздікті одан әрі нығайтудың құралдары ретінде мыналар: конституционализмді және конституциялық заңдылық режимін тұрақты нығайту, Негізгі Заңның құндылықтарын толығымен іске асыру, ел Конституциясының үстемдігін және тікелей қолданылуын қамтамасыз ету; қолданыстағы құқықты және құқық қолдану практикасын конституциялық құндылықтардың іске асырылуы тұрғысынан талдаудан тұратын, жаппай қамтитын конституциялық мониторингтің тиімді жүйесін ғылыми айқындалған индикаторлар негізінде қалыптастыру және енгізу; азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту үшін Негізгі Заңның 78-бабында көзделген соттардың бастамасы бойынша кейінгі конституциялық бақылауды тиімді пайдалану; азаматтардың тиісті конституциялық құқықтық түсінігін, құқыққа сай мінез-құлқын, олардың құқықты бұзушылықтар мен теріс пайдаланушылыққа төзбеуге ынталандыру, конституциялық патриотизмге тәрбиелеу ұсынылды.

      КК-нің 2020 жылғы 27 мамырдағы жолдауында айтылғандай, IT индустриясының және "Электрондық үкімет" инфрақұрылымының тез дамуы, мемлекеттік қызметтерді көрсету және мемлекеттік қызметтің жекелеген түрлерін (электрондық мемлекеттік органдар, онлайн қабылдау бөлмесі, электрондық денсаулық сақтау, қылмыстық қудалау, сот төрелігі және басқалары) жүзеге асыру кезінде цифрлық технологиялар қолданылуының тереңдеуі адамның бірқатар конституциялық құқықтарының іске асырылуы дәрежесіне тікелей әсер етіп, барабар құқықтық база қалыптастыру талабын айқындайды. Конституциялық құндылықтарға бас ию қоғамдық сананы жаңғыртудың тірегі болуы тиіс. Құқықты теріс және артық пайдалануға жол бермеу үшін құқыққа сыйымды мінез-құлықты ынталандыру маңызды болып табылады.

      Конституциялық Кеңес қоғамның назарын конституциялық патриотизм мемлекетін қалыптастыру жөніндегі жұмысты одан әрі жалғастыру қажеттігіне аударған болатын. Заңнамада және мемлекеттік органдардың ұйымдастырушылық-практикалық қызметінде конституциялық құндылықтарды одан әрі дамыту Қазақстанның Мемлекеттік Тәуелсіздігін орнықты және дәйекті нығайтуға ықпал ететін болады (КК-нің 2019 жылғы 5 маусымдағы жолдауы).

      Құқық үстемдігін құрметтеуді және жаппай заңға мойынсұнушылықты мақсатты және жүйелі түрде қалыптастыру қажет. Конституциялық Кеңес "Рухани Жаңғыру" ұлттық жобасы шеңберінде қоғамдық сананың құрамдас бөлігі ретінде азаматтардың конституциялық мәдениетін жаңғырту бойынша шаралар қабылдауда. Конституциялық Кеңес қазірдің өзінде бірнеше шешімінде заңдардың "конституциялық-құқықтық мағынасын" анықтауға бағытталған ұстанымды қолданған болатын. Бұл практиканы кеңейткен жөн (КК-нің 2018 жылғы 5 маусымдағы жолдауы).

      Саяси-құқықтық реформаның маңызды әдістемелік алғышарттарының бірі ретінде азаматтардың конституциялық патриотизмі, конституциялық тұрғыдан ойлауы және мәдениеті, конституциялық-құқықтық дүниетанымы мәселелерін ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың зерттегені орынды болар еді (КК-нің 2017 жылғы 9 маусымдағы жолдауы).

      Барлық қызмет ету нысандарының жиынтығында конституциялық әділеттің қазақстандық моделі отыз жыл бойы мемлекеттік тәуелсіздіктің конституциялық негіздерін нығайту стратегиясының қажетті атрибуты ретінде өзінің тиімділігін растады.

      Өткен 25 жыл ішінде Конституцияға, сондай-ақ конституциялық және жай заңдарға уақыт сын-қатерлеріне және заңнамадағы конституциялық негіздерді күшейту ұмтылысына негізделген өзгерістер мен толықтырулар енгізу арқылы Конституциялық Кеңестің мәртебесі айтарлықтай нығайтылып, құзыреті кеңейтілді.

      Мәселен, 2007 жылы Конституциялық Кеңеске Парламент пен оның Палаталары қаулыларының Конституцияға сәйкестігін қарау құқығы берілді; 2008 жылы "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Конституциялық заңға толықтырулар енгізілді, оларға сәйкес уәкілетті мемлекеттік органдар Конституциялық Кеңестің шешімдерінде қамтылған заңнаманы жетілдіру жөніндегі ұсынымдар мен ұсыныстарды міндетті түрде қарап, қабылданған шешім туралы Конституциялық Кеңеске міндетті түрде хабарлауы тиіс. Осылайша, Конституциялық Кеңестің ұсынымдары белгілі бір императивті сипатқа ие болды. 2017 жылы конституциялық реформа Конституциялық Кеңестің өкілеттіктер шеңберін кеңейтті, кейінгі конституциялық бақылау қызметі күшейтілді.

      Республиканың Тұңғыш Президенті – Елбасының Конституциялық Кеңестің құрамына оның ғұмыр бойы мүшесі ретінде кіруі және қызмет етуі қазақстандық мемлекеттілікті құқықтық құндылықтар негізінде нығайтудың, Кеңестің саясаттан тыс болуының, оның Конституция мен "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Конституциялық заң талаптарын сақтауының пәрменді кепілі болып табылады.

III.

      Елдегі конституциялық заңдылық режимін нығайту белгілі бір дәрежеде Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерінің орындалуы жағдайына байланысты. Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясы өз қорытындысында конституциялық әділет органы шешімдерінің орындалуы құқық үстемдігінің маңызды талабы болып табылатынын атап өтті.

      Қазақстанда бұл процеске барлық билік тармақтарының мүдделерін білдіретін мемлекеттік органдар тартылған. Конституциялық Кеңестің құқықтық ұстанымдары мен ұсынымдарының орындалуы мәселелері жыл сайын Республика Президенті жанындағы Құқықтық саясат жөніндегі кеңестің отырысында қаралады.

      Өткен 2020 жыл ішінде олар Кеңестің нормативтік қаулыларынан және бұрынғы жолдауларынан туындайтын бірқатар заңнамалық актілер мен өзге де шешімдерді қабылдады.

      Мәселен, өткен жылы Конституциялық Кеңес өз жолдауында азаматтық процеске қатысушылар құқықтарының конституциялық кепілдіктерін нығайту бойынша бағытты жалғастыру қажет екенін атап өтті.

      "Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 10 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңымен Азаматтық процестік кодекстің 330 және 333-баптарына ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмаған адамдарға қатысты өкіл-адвокаттың еңбегіне ақы төлеу мәселесін реттеуге бағытталған түзетулер енгізілді.

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді және қылмыстық заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 26 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңымен өндіріп алушының талап етуі бойынша атқарушылық құжат қайтарылған кезде оны орындауға берудің мерзімін есептеуге қатысты Конституциялық Кеңестің ұсынымы іске асырылды. Енді "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Заңда үзілістен кейін мерзімнің өтуі қайтадан басталады, бұл ретте үзіліске дейінгі өткен уақыт жаңа мерзімге есептеледі деп бекітілді (12-баптың 2-тармағы).

      КК-нің 2018 жылғы 3 шілдедегі № 5 нормативтік қаулысын және КК-нің 2018 жылғы 5 маусымдағы жолдауын орындау үшін жаңа "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының кодексінде психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзушылығына (ауруына) орай мәжбүрлеп емдеуге ресімделетін және медициналық куәландырудан жалтарып жүрген адамдарға қатысты күштеп әкелуді қолдану тәртібі реттелген (171, 172-баптар).

      КК-нің 2018 жылғы 5 маусымдағы жолдауында Азаматтық кодекстің мемлекеттік қызметшілерге сыйға тарту мәселелерін реттейтін ережелерін Қылмыстық кодекстің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауаптылықтан босату шарттарын регламенттейтін нормаларымен үйлестіру қажеттігі көрсетілген.

      2020 жылғы 6 қазанда Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, онда Азаматтық кодекстен мемлекеттік қызметшілерге және өзіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайтын өзге де адамдарға рұқсат етілетін сыйлық құнының шегі алып тасталды.

      Конституциялық Кеңес өзінің бірқатар шешімдерінде Конституцияның 16-бабының талаптарына сәйкес адамның жеке басының бостандығына құқығын сақтау кепілдіктерін нығайту бөлігінде заңнаманы жетілдіру қажеттігіне назар аударған болатын.

      Бұл ұсыным "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне адамдарды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу кезінде ұстап алу мерзімдерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 19 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңында іске асырылды. Мәжбүрлеп шығарып жіберуге жататын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қатысты сот санкциясымен жүріп-тұру еркіндігін алдын ала шектеу қолданылады.

      КК-нің 2016 жылғы 16 маусымдағы жолдауында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін одан әрі нығайту, оның ішінде заң жобалау жұмыстары жоспарларының тиімділігін арттыра отырып, құқықтық ортаны серпінді түрде конституцияландыру және заңнаманы жаңарту, заңдар жобаларының сапасын жақсарту, оларды қабылдаудың салдарын талдамалық және болжамдық тұрғыдан бағалау, заңнамалық актілердің және оларға ілеспе заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің қабылдануын үйлестіру арқылы жүзеге асырылуы мүмкін деп атап өтілді.

      2021 жылғы 12 наурызда Республика Президенті құқық шығармашылығы жұмысының барлық сатыларын жаңғыртуға бағытталған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне нормашығармашылықты жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңға қол қойды. Бұдан басқа, онда Конституциялық Кеңестің шешімін орындау үшін әзірленетін нормативтік құқықтық актілерді дайындаудың оңайлатылған тәртібі белгіленді.

      Республика аумағында халықаралық шарттар қолданысының тәртібі мен талаптарын заңнамалық түрде айқындау мақсатында, Конституцияның 4-бабының 3-тармағына сәйкес биыл "Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң қабылданды. Оның нормалары басқа мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар Қазақстан Республикасы алдындағы өзіне алған міндеттемелерін орындамаған жағдайда, Қазақстанның халықаралық шарттардың орындалуын тоқтата тұру түрінде қарымта шараларын қабылдауын көздейді.

      Конституциялық Кеңестің 2020 жылғы 21 қаңтардағы № 1 нормативтік қаулысын орындау үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңға түзетулер әзірледі. Бұл бағыттағы жұмысты ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

      Өткен жылы Конституциялық Кеңес құқықтық саясат саласындағы жаңа бағдарламалық құжатты бекітуді ұсынды, бұл қоғам, адам өмірінің сапасын арттыруға және құқық үстемдігі жағдайында мемлекеттілікті нығайтуға арналған елдің жүргізіп отырған бағытының сабақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді (КК-нің 2020 жылғы 27 мамырдағы жолдауы).

      Осыған байланысты, мүдделі мемлекеттік органдар 2030 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасының жобасын дайындап жатыр.

      Конституциялық Кеңестің шешімдерін орындау процесі жалғасуда.

IV.

      Қазақстан Республикасы дұрыс айқындалған мемлекеттің стратегиясына, конституциялық-құқықтық саясатына және ел қызметінің түбегейлі қағидаттарына негізделген эволюциялық жол бойынша дамып келеді.

      Конституциялық Кеңес қазіргі қазақстандық мемлекеттіліктің төртінші онжылдығының табалдырығында саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени қатынастар жүйесінің басты реттеушісі ретіндегі Конституцияның жасампаздық әлеуеті елдің даму бағытының қажеттіктеріне сай келеді және тиісті жағдайлардың қалыптасуына қарай Қазақстанның құқық үстемдігіне негізделген зайырлы, демократиялық және әлеуметтік мемлекет ретінде одан әрі орнығуына бағытталған қосымша жүйелі заңнамалық және өзге де шаралармен нығайтылуға тиіс деп есептейді. Конституциялық Кеңестің келесі ұсыныстары осы мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған.

      1. Республика Президенті мәлімдеген және жүргізіп отырған қоғам мен мемлекетті одан әрі біртіндеп демократияландыру, ел азаматтарын мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға белсенді түрде тарту бағыты қазіргі кезеңде конституциялық бақылау органының рөлін барабар арттыруды және Конституциялық Кеңес туралы заңнаманы жетілдіруді талап етеді.

      Бұл тұрғыда азаматтардың конституциялық бақылауға қол жеткізуін кеңейту қажет.

      Конституциялық Кеңес Конституцияның 72-бабында бекітілген өтініш субъектілерінің шеңберін келешекте кеңейту туралы мәселені бірнеше рет көтерген болатын. Бұл құқықты Бас Прокурорға, Әділет министріне беру ұсынылды (КК-нің 2001 жылғы 24 наурыздағы жолдауы).

      Осы жағдайды шешу бағыттарының бірі соттардың Конституциялық Кеңеске өтініш жасау тәртібін, соттардың сот ісін жүргізуге қатысушылардың конституциялық іс жүргізуге бастамашылық жасау туралы өтінішхаттарын қарау тәртібін жетілдіру болып табылады.

      Ағымдағы жылғы 19 наурызда Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясы Конституциялық Кеңестің құқықтық негіздерін жетілдіру тұжырымдамасы бойынша қорытынды қабылдады. Онда процестік кодекстерде тараптардың Конституциялық Кеңеске өтініш жасау туралы өтінішхаттарын жеке бөліп көрсетуге, оларды соттың қарауы тәртібін нақтылауға, бас тарту үшін нақты негіздерді бекітуге және оған жоғары тұрған сот сатыларына шағым жасауға қолдау білдірілді.

      Еуропалық сараптама органы атап өткендей, судьяның заңның конституциялық еместігіне деген толық сенімі емес, бұл мәселеде ақылға қонымды күмәндердің, соның ішінде сот процесіне қатысушылар көрсеткен, болуы соттың Кеңеске ұсыныс жолдауы үшін жеткілікті негіз болып табылады. Сонымен қатар, ол жалпы юрисдикциялы соттар мен басқа да мемлекеттік органдар басшылыққа алуы тиіс Конституциялық Кеңестің құқықтық ұстанымдары мен дәлелдемелерінің маңыздылығына назар аударды.

      2. Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес: "Ең алдымен адамдар" – "адамға бағдарланған" моделін қалыптастыру аясында жекелеген мемлекеттік функцияларды қайта қарау және олардың шеңберінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді бәсекелес ортаға беру жөніндегі саясат жалғастырылатын болады.

      Конституциялық Кеңес "мемлекеттік функция" және "мемлекеттік көрсетілетін қызметтер" ұғымдарының тең мағыналы еместігін және әр түрлілігін атап өткен болатын. Бұл ұғымдарды бір-бірімен тең түсіну азаматтық-құқықтық (жеке-құқықтық) институттардың жария-құқықтық институттармен араласып кетуіне, мемлекеттің жария-биліктік сипаттамасының көмескіленуіне әкеп соқтыруы мүмкін, ал бұл түптеп келгенде мемлекеттік биліктің, мемлекет пен оның органдарының мақсаты мен ұйымдастырылуының конституциялық негіздеріне қайшы келеді (2008 жылғы 15 қазандағы № 8 нормативтік қаулы, 2013 жылғы 16 мамырдағы № 2 қосымша қаулы).

      Сондықтан бұл бағыттағы одан әрі жұмыс осы конституциялық талаптар ескеріле отырып, жүйелі әрі тұрақты түрде жүргізілуге тиіс.

      3. Конституциялық Кеңес 2018 жылғы жолдауында заң шығару жұмысының деңгейін арттыру жөнінде нақты ұсыныстар енгізген болатын, олардың бір бөлігі іске асырылды. Халықтың осы процеске қатысуының қоғамдық негіздері мен нысандарын кеңейту прогрессивті идеяларды іздеуге және іске асыруға, құқықтық актінің мазмұнында барлық мүдделі субъектілердің пікірлерін ескеруге бағытталған.

      Сөйтсе де, заңнамалық шараларды талап ететін, үлкен қызығушылық тудыратын ұсыныстар мен ұсынымдар нормативтік құқықтық актілердің тұжырымдамалары мен жобаларын ведомствоаралық келісудегі проблемаларға, мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін жобаларға атқарушы билік органдарының оң қорытындысын алу рәсімінің күрделілігі мен жабықтығына байланысты жиі іске асырылмай қалады.

      Осыған орай, нормашығармашылық процесте келіспеушіліктерді шешудің, қорытынды берудің оңтайлы рәсімдерін, тіпті қабылдауға уәкілеттік берілген мемлекеттік органдарға толық келісілмеген құқықтық актілер жобаларын және қорытындыларды, сондай-ақ олардың балама нұсқаларын енгізудің оңтайлы рәсімдерін пысықтау қажет. Конституциялық Кеңеске Негізгі Заңның нормаларына ресми түсіндірме беру не қол қойғанға және қолданысқа енгізілгенге дейін заңның Конституцияға сәйкестігін қарау туралы өтініш жасау күмәнді жоюдың құралдарының бірі болып табылады.

      4. Қазақстанның басты мақсаттарының бірі адам құқықтарын жан-жақты қорғау болып қалуда. Бұл бағытта құқық қорғау және сот жүйелерін жаңғыртуға бағытталған кезекті реформалар жүргізілуде.

      4.1 Өткен жылдың соңында Қазақстан Республикасы Президентінің өтініші бойынша Конституциялық Кеңес Республика Конституциясының өлім жазасын қолдану мәселелерін регламенттейтін ережелеріне ресми түсіндірме берді.

      Кеңес атап өткендей, Конституцияға және жалпыға бірдей танылған халықаралық актілерге сәйкес өмір сүру құқығы демократиялық қоғамның негізгі құндылығы болып табылады және мемлекет барлық адамдар үшін осы құқықтың жүзеге асырылуына кепілдік беруге міндетті. Әлемдік қоғамдастықтың тең құқықты мүшесі ретінде Қазақстан алғашқы кезден бастап қылмыстық заңнамада өлім жазасының күшін жою үрдісін ескеріп келеді және осы жылдар ішінде елде ең жоғары жазаны қолданбаудың тұрақты құқықтық режимі қалыптасты. Негізгі Заң қылмыстық заңдағы қылмыстар үшін өлім жазасын белгілеу немесе одан бас тарту, олардың шеңберін қысқарту туралы мәселені Парламенттің қарауына қалдырады.

      Осы құқықтық ұстанымдарды ескере отырып, Қазақстан Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші Факультативтік хаттаманы ратификациялады. Осылайша, Республика өзіне Қылмыстық кодексті және өзге де заңдарды осы халықаралық актіге сәйкес келтіру міндеттемесін алды. Әркімнің өмір сүруге конституциялық құқығының түбегейлі сипатын, қылмыстық құқық қайнар көздерінің ерекшеліктерін, Негізгі Заңның және халықаралық шарттың талаптарын назарға ала отырып, Қылмыстық кодексті және өзге де заңнамалық актілерді Екінші Факультативтік хаттаманың ережелерімен үйлестіру жөніндегі жұмысты аяқтау қажет.

      4.2 Құқық қорғау жүйесін жаңғырту жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде қылмыстық процеске қатысушылар құқықтарының конституциялық кепілдіктерін нығайту бойынша бағытты жалғастыру керек. Конституцияның 13-бабының 2-тармағында әркімнің сот арқылы қорғалу құқығы көзделген, ол сот төрелігіне қол жеткізуді және қылмыстық құқық бұзушылықтан жәбірленушілерге келтірілген залал үшін жедел өтемақыны қамтамасыз етуге бағытталған. Осы мақсатта Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінде (бұдан әрі - ҚПК) сотқа дейінгі тергеп-тексеру қисынды мерзімде аяқталуға тиіс деген талап белгіленген, оны айқындаған кезде қылмыстық істің құқықтық және іс жүзіндегі күрделілігі, сотқа дейінгі іс жүргізуге қатысушылардың процестік құқықтарды іске асыруы, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның өз өкілеттіктерін сотқа дейінгі іс жүргізуді уақтылы жүзеге асыру мақсатында іске асыру тәсілі сияқты мән-жайлар ескеріледі (192-бап).

      Сот қызметіне қатысты ҚПК-да басты сот талқылауы қисынды мерзімде аяқталуға тиіс деп белгіленген (322-бап). Қылмыстық істерді негізінде қарау кезінде де сот ісін жүргізудің қисынды мерзімдерін айқындаудың жалпы өлшемшарттарын белгілеу сот төрелігінің конституциялық қағидаттарын толыққанды іске асыруға ықпал етер еді.

      Бұған қоса, сот ісін қисынды мерзімде жүргізу туралы талапты бұзғаны үшін өтемақыны жүзеге асыру шарттарын айқындайтын қосымша заңнамалық шаралар қабылдау мүмкіндігін зерделеген жөн, бұл сот арқылы қорғаудың және қылмыстық қудалау органдары қызметінің тиімділігін арттыруға оң әсерін тигізеді.

      4.3 Конституцияға сәйкес тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды (14-бап).

      Бұл конституциялық талаптар әлеуметтік ортаға етене араласу проблемаларын үнемі бастан кешіретін мүгедектерге қатысты ерекше мәнге ие. Осы санаттағы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуын барынша азайту, оларға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мақсатында халықаралық практикада қалыптасқан, негізін мүгедектер құқықтарының мазмұнын кеңейту қағидаты және оларды іске асырудың ерекше нысаны құрайтын нормалар мен стандарттар кешенін барынша пайдаланған жөн. Олар адамның қадір-қасиетінің құрметтелуіне, тең әлеуметтік мүмкіндіктерге, арнайы қызметтердің, инфрақұрылымның қолжетімділігіне және қоғам өмірінің барлық салаларына тиісінше етене араласуға кепілдік беруге тиіс.

      4.4 Конституциялық Кеңес өзінің қорытынды шешімдерінде мемлекеттік мәжбүрлеу, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары жауаптылықтың әділдігі мен мөлшерлестігі қағидаттарына, сондай-ақ Негізгі Заңда қорғалатын, ең қымбаты адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын құндылықтарға сәйкес келуі тиіс екенін бірнеше рет атап өткен болатын.

      Осыған байланысты, қылмыстық және әкімшілік заңнамада жасалған әрекеттің қоғамдық қауіптілік дәрежесіне, келтірілген залалдың сипаты мен мөлшеріне, құқық бұзушының жеке басына және өзге де факторларға қарай жауаптылықты дараландыру және саралау үшін қосымша жағдайлар жасаған жөн. Қылмыстық құқық бұзушылықтарды сыныптау өлшемшарттарына қатысты жаңа көзқарастарды іске асыруды, қажет болған жағдайда, жекелеген санаттағы қылмыстардың жазалануы шегін ұлғайту тұрғысынан қайта қарай отырып, аяқтау қажет. Қылмыстық теріс қылықтар мен әкімшілік құқық бұзушылықтарды келешекте бір заңнамалық актіде біріктіре отырып, олардың аражігін нақты ажыратқан жөн.

      Ізгілендіру саясаты шеңберінде рақымшылық жасау актісі негізінде әкімшілік жауаптылықтан босату институтын (Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 63-бабы) пайдалану мүмкіндігін қарау орынды болады.

      4.5 Конституцияның 39-бабына сәйкес адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін. Конституциялық Кеңес атап көрсеткендей, осы құндылықтарды қорғау құқықтар мен бостандықтарды шектеуге, егер мұндай шектеу заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болса және демократиялық мемлекетте конституциялық маңызы бар құндылықтарды қорғау үшін пропорционалды және қажетті болып табылса, негіз бола алады. Сонымен қатар, сотталғандықтың және ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық қудалауды тоқтатудың жалпы құқықтық салдарын қайта пайымдауға назар аударылды.

      Алайда, кейбір заңнамалық актілерде көзделген шектеулер осы конституциялық талаптарға сәйкес келмейді. ҚПК-да мемлекеттік айыптаушы айыптаудан бас тартқан кезде қылмыстық істі тоқтатудың құқықтық сипаты айқындалмаған.

      4.6 Қазіргі уақытта борышкердің жалғыз тұрғын үйі атқарушылық құжаттар бойынша өндіріп алуды қолдануға болмайтын мүліктің құрамына кірмейді ("Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 61-бабы). "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңында халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын тұрғын үйден жылыту маусымында ғана шығаруға жол берілмейді.

      Ал, қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін сотталған адамның жалғыз тұрғын үйі сот үкімі бойынша тәркіленуге жатпайтын мүлік тізбесінде (Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексіне қосымша) қамтылған.

      Атқарушылық құжаттар бойынша азамат пен оның отбасы мүшелері үшін тұрақты тұруға жарамды жалғыз орын болып табылатын тұрғын үй-жайға өндіріп алуды қолдануға тыйым салу кредитор мен борышкердің мүдделерін неғұрлым әділ қорғауға, адамның қадір-қасиетіне және оның тұрғын үйіне қолсұғылмаушылық қағидаттарын іске асыруға, әлеуметтік мемлекеттің конституциялық міндетінің, оның ішінде азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі, тиімді орындалуына ықпал етер еді.

      4.7 Цифрландыру ауқымының өсуіне байланысты дербес деректерді қорғаудың және азаматтардың қадір-қасиетіне, жеке өміріне қол сұғылмауына, жеке және отбасылық құпиясы болуына конституциялық құқықтарын іске асырудың, сондай-ақ оларға тікелей әсер ететін мемлекеттік қызметтің жекелеген түрлерін (мемлекеттік көрсетілетін қызметтер, сот ісін жүргізу және т.б.) атқару сапасының проблемалары өзекті болып отыр.

      Ақпараттық технологияларды қолдануды тереңдету мемлекеттік егемендіктің маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңмен қорғалатын мәліметтерге қол жеткізу тетіктерін күшейту, аталған конституциялық құндылықтарды жүзеге асыру кепілдіктерін нығайту, сондай-ақ дәстүрлі құқықтық институттардың (құқық бұзушылық пен жауаптылық субъектісі, құқық бұзушы, жәбірленуші және басқалары) мазмұнын қайта пайымдау жөніндегі шаралармен қоса жүргізілуге тиіс. Осы салада қолданылып жүрген нормативтік құқықтық актілердің әр түрлілігін ескере отырып, оларды бір салалық заңнамалық акт шеңберінде біріктіру мүмкіндігін зерделеуге болады.

      4.8 Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң жобасы әзірленуде, оның аппаратын күшейту және өңірлерде өкілдіктер құру бойынша шаралар қабылдануда. Бұл тұрғыда осы кезеңде омбудсменнің маңызды өкілеттіктерінің бірі ретінде оның сот арқылы заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актінің конституциялылығын тексеру туралы мәселемен Конституциялық Кеңеске өтініш жасауға бастамашылық етуі қарастырылуы мүмкін. Мұндай тәжірибе әлемде кең таралған. 2007 жылы Еуропа Кеңесінің Венеция комиссиясы Қазақстанға осындай құқықты Адам құқықтары жөніндегі уәкілге беруді ұсынды.

      4.9 Конституцияға сәйкес ана мен бала, сол сияқты неке мен отбасы, әке мемлекеттің қорғауында болады (27-баптың 1-тармағы).

      Конституциялық Кеңестің 2015 жылғы 18 мамырдағы № 3 нормативтік қаулысында Конституцияның осы ережелері балалардың ерекше құқықтық мәртебесін, олардың құқықтары мен бостандықтарын, оларды іске асыру кепілдіктерін салалық заңнамада бекіту және реттеу үшін мызғымас конституциялық құндылық ретінде балалықты қорғаудың кешенді жүйесінің әлеуметтік-экономикалық және саяси-құқықтық бастауларын қалайды деп түсіндірілген.

      Конституциялық Кеңес ана мен бала институттарын қорғау мақсатында қосымша заңнамалық шаралар қабылдау қажет деп есептейді, бұл туралы оның 2018 жылғы 10 сәуірдегі № 3 нормативтік қаулысында көрсетілген болатын.

      4.10 Құзыретін Қазақстан Республикасы мойындаған БҰҰ шарттық органдарының шешімдерін имплементациялаудың тиімді тетігін құру туралы мәселені қараған жөн.

      Бұл Конституцияның адам құқықтары мен бостандықтарының ең жоғары құндылығы, ратификацияланған халықаралық шарттардың оның заңдарынан басымдығы және Республиканың халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларын құрметтеуі туралы 1, 4 және 8-баптарының ережелерінен туындайды.

      4.11 Конституцияның 17-бабының 2-тармағына сәйкес ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды. Республика Президенті ұлттық заңнаманы Қазақстан ратификациялаған Азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлеріне қарсы конвенцияның талаптарына сәйкес келтірудің, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатудың өзектілігі туралы бірнеше рет атап өткен болатын.

      Осыған байланысты, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ішкі тәртіпті реттейтін қылмыстық-атқару заңнамасының кейбір талаптары мен қағидаларын қайта қараған жөн, оларда әлі күнге дейін бұрынғы тәжірибенің таптаурындары байқалады. Мұндай жұмыс күдіктілерге, айыпталушыларға және сотталғандарға, оның ішінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың нақты түрлері үшін, қатысты стандарттарды қамтитын Конституция ережелерін және халықаралық актілерді ескеру арқылы жүргізілуге тиіс.

      Жеке адамға физикалық қол сұғылмаушылыққа, адамның денсаулығына және оның қадір-қасиетіне қол сұғатын құқық бұзушылықтарға қарсы күрес шаралары зорлық-зомбылыққа тиімді қарсы іс-қимылды қамтамасыз етуі керек. Олар мұндай іс-әрекеттердің қоғамдық қауіптілік дәрежесін, олардың жасалу жиілігін, құқық бұзушыға бұрын қолданылған жазалау шараларының әсерін ескеруі тиіс. Осы мақсатта, қажет болған жағдайда, әкімшілік жазалар қылмыстық жауаптылық шараларымен, оның ішінде әкімшілік преюдициясы бар қылмыстық құқық бұзушылықтардың құрамдарын пайдалану арқылы, толықтырылуы мүмкін.

      Конституциялық Кеңес алдынғы жолдауларда айтылған, әлі іске асырылмаған басқа да ұсыныстар мен ұсынымдардың өзектілігін растайды.

      Қазақстанның тәуелсіздігін одан әрі нығайту азаматтардың әл-ауқатын, өмір сүру сапасын арттыруға, мемлекеттік институттардың тиімділігін көтеруге, құқық үстемдігін, дамыған азаматтық қоғамды және елдің әлемдік аренадағы жоғары беделін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Конституциясы қоғам мен мемлекетті жан-жақты жаңғыртудың аса маңызды саяси-құқықтық негізі ретінде қала береді.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Кеңесі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады