"Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 39-бабы 1-тармағы 1) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 6 желтоқсандағы № 36-НҚ нормативтік қаулысы.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі Д.А. Кожахметовтің,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі М.Т. Кемаловтың,

      Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің өкілі – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы Н.О. Сисенованың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр А.Қ. Мұқанованың,

      "Қазақстан Республикасының Судьялар одағы" республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі – хатшының міндетін атқарушы Б.Н. Нұржанның қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Д.А. Кожахметовтің "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі – Конституциялық заң) 39-бабы 1-тармағы 1) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы А.Е. Жатқанбаеваны және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) Конституциялық заңның 39-бабы 1-тармағы 1) тармақшасының Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 77-бабының 1 және 2-тармақтарына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.

      Өтініш субъектісі Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің 2020 жылғы 20 ақпандағы шешімі негізінде сот ісін қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін судья лауазымынан босатылған.

      Өтініш субъектісінің пікірінше, Конституциялық заңның 39-бабы 1-тармағы 1) тармақшасының мазмұны судья сот істерін қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылуы мүмкін дегенді білдіреді және бұл жазадан қорықпай, әкімшілік өкілеттіктері бар адамдар тарапынан бақылауға немесе ықпал етуге ұшырамай, заңды басшылыққа алуға тиіс судьяның тәуелсіздігіне теріс әсер етеді.

      Конституциялық заңның 39-бабы 1-тармағы 1) тармақшасының конституциялылығын тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады (75-баптың 1-тармағы). Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды (76-баптың 1-тармағы).

      Судьяның конституциялық-құқықтық мәртебесі оның тұрақты судья болуын, тәуелсіздігін және ешкімнің тиіспеуін көздейді (Конституцияның 79-бабының 1 және 2-тармақтары) және ол сот төрелігін толық әрі тәуелсіз жүзеге асыру үшін жеткілікті әлеуметтік және өзге де кепілдіктердің болуымен қамтамасыз етіледі (Конституцияның 80-бабы).

      Судьялардың тәуелсіздігіне судьялардың істерді қарау кезінде ешкімге есеп бермейтіндігі, сот төрелігін іске асыру жөніндегі сот қызметіне араласуға жол берілмейтіндігі және заң бойынша жауаптылыққа әкеп соғатыны туралы конституциялық ережелермен кепілдік беріледі (Конституцияның 77-бабының 2-тармағы). Кеңесу бөлмесінің құпиясы барлық жағдайларда қамтамасыз етілуге тиіс (Конституциялық заңның 25-бабының 3-тармағы).

      Судья сот төрелігін іске асыру кезінде істің барлық мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге негізделген өзінің ішкі нанымын басшылыққа ала отырып, Конституция мен заңдар негізінде шешім қабылдайды (Конституцияның 77-бабының 1-тармағы). Сот билігінің дербестігі мен тәуелсіздігінің конституциялық кепілдіктері оның конституциялық мақсатын алдын ала айқындайды және судья лауазымын атқаратын азаматтың жеке басының артықшылығы болып табылмайды (Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2004 жылғы 23 маусымдағы № 6 нормативтік қаулысы).

      Конституцияның 3-бабына сәйкес халық тармақтарының бірі сот билігі болып табылатын мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы бола отырып, бұл билікті жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға, оның ішінде сот төрелігі бөлігінде соттарға береді.

      Конституциялық Сот мемлекет судьяға Конституцияға, заңдарға және өзінің ішкі нанымына негізделген шешімдерді еркін қабылдауына кедергі келтіретін кез келген құқыққа сыйымсыз ықпал ету мүмкіндіктеріне жол бермейтін сот төрелігін іске асыру және сот билігін ұйымдастыру жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті деп есептейді. Судьялардың өкілеттіктерін тоқтатудың немесе тоқтата тұрудың негіздері мен рәсімдері судьялардың тәуелсіздігі туралы конституциялық қағидаттың іске асырылуын қамтамасыз етуге тиіс.

      Сот жүйесіне қоғамның сот билігіне деген сенімінің жоғары деңгейін қамтамасыз ету міндеті жүктелген, бұл шығарылатын шешімдердің әділдігіне, объективтілігіне және бейтараптығына күмән келтіруге жол бермейтін кәсібилік деңгейінің болуын көздейтін судьяның ерекше мәртебесін бекіту арқылы іске асырылады.

      Осыны негізге ала отырып, Қазақстан Республикасының Парламенті судья лауазымына кандидаттарға да, жұмыс істеп жүрген судьяларға да ерекше біліктілік талаптарын, сондай-ақ олардың өкілеттіктерін тоқтатудың не тоқтата тұрудың жеке тәртібін енгізуге құқылы.

      2. Конституциялық заңның өтініш субъектісі дау айтып отырған 39-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында судьяны сот істерін қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін тәртіптік жауаптылыққа тарту мүмкіндігі көзделеді. Судьяларға қатысты қолданылатын жазалардың мынадай түрлері айқындалған: ескерту; сөгіс; қызметтік міндеттерін тиісінше атқармағаны үшін сот төрағасы немесе сот алқасының төрағасы қызметінен босату; сондай-ақ осы Конституциялық заңда көзделген негіздер бойынша судья қызметінен босату (40-баптың 1-тармағы). Әрбір бұзушылық үшін тәртіптік теріс қылықтың сипаты, судьяның жеке басы туралы деректер және оның кінәсінің дәрежесі ескеріле отырып, тек бір тәртіптік жаза қолданылады (40-баптың 2-тармағы).

      Конституциялық заңның 39-бабының 3-тармағымен судья судьялық қате жасағаны, сондай-ақ сот актісінің күшін жойғаны немесе оны өзгерткені үшін жауаптылықтан босатылады. Бұған материалдық және (немесе) процестік құқық нормалары елеулі түрде бұзылған кезде жоғары тұрған сот сатысының сот актісінде көрсетілген заңды өрескел бұзу фактісі кірмейді.

      Бұған дейін Конституциялық Сот мемлекеттің судья тәртіптік жауаптылыққа тартылған кезде әр сатысында судьяның өзінің қатысуымен алқалы түрде шешім қабылданатын көп сатылы іс жүргізуді белгілегенін көрсеткен болатын (Конституциялық Соттың 2023 жылғы 21 сәуірдегі № 10 нормативтік қаулысы).

      Мұндай түсіну кезінде Конституциялық заңның 39-бабы 1-тармағының 1) тармақшасы Конституция нормаларына қайшы келмейді.

      3. "Заңды өрескел бұзу" ұғымы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының "Қазақстан Республикасында сот билігі туралы заңнаманы қолданудың кейбір мәселелері туралы" 1998 жылғы 14 мамырдағы № 1 нормативтік қаулысында қамтылады.

      Аталған нормативтік қаулыда заңды өрескел бұзу деп судья қасақана жасаған немесе оның тиянақсыздығының, салақтығының немесе заңды жете білмеуінің салдарынан болған анық және айтарлықтай заң бұзушылығы танылады (11-тармақ).

      Судьяны елеулі құқықтық салдарды көздейтін жауаптылыққа тарту негізі ретінде "заңды өрескел бұзу" ұғымының мазмұны, Конституциялық Соттың пікірінше, заң деңгейінде белгіленуге тиіс. 1999 жылғы 17 қарашада Халықаралық Судьялар Қауымдастығының Орталық Кеңесі қабылдаған Судьялардың жалпыға бірдей хартиясында бұл талап сот билігі тәуелсіздігінің маңызды элементі ретінде қаралады (8-тармақ).

      Заңды өрескел бұзудың белгілерін айқындау кезінде, ең алдымен, конституциялық мақсаттарды (Конституцияның 76-бабының 1-тармағы) және сот төрелігі қағидаттарын (Конституцияның 77-бабының 3-тармағы) негізге алу керек.

      4. Конституциялық заңның 39-бабының 3-тармағында заңды өрескел бұзу фактісі жоғары тұрған сот сатысының сот актісінде көрсетіледі деп көзделеді.

      Төмен тұрған сатыдағы сот тарапынан заңның өрескел бұзылуын Конституцияның 76-бабы 3-тармағының ережелері ескеріле отырып, жоғары тұрған сот сатысының актісінде көрсету судьяның жұмыс сапасына баға беруге міндетті күш береді және судьяға қатысты тәртіптік іс жүргізу қозғалғанға дейін оның кінәсін айқындайды.

      Конституциялық Сот жалпы алғанда, судьяның конституциялық мәртебесін ескере отырып, оның жұмысының сапасына өзге сот актісінде емес, нақты істер бойынша жоғары тұрған соттардың қорытынды шешімдерінде баға берудің өзі сот талқылауы нысанасына кірмейді деп айрықша атап өтеді. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының процестік заңнамасында судьяға осы сатыда құқықтық қорғанудың тиісті құралдарын, оның ішінде сотта шағым жасау құқығын пайдалану мүмкіндігі берілмейді.

      Осыған байланысты, сот төрелігін іске асыру кезінде судьяның тәуелсіз болуының және оның Конституция мен заңға ғана бағынуының процестік кепілдіктерін күшейту мақсатында судьяны тәртіптік жауаптылыққа тарту бөлігінде заңнаманы одан әрі жетілдіру талап етіледі. Конституциялық заңның нормалары судьяны жауаптылыққа өз бетінше тартуға және судьяның конституциялық-құқықтық мәртебесіне, тәуелсіздігіне және оған ешкімнің тиіспеуіне қол сұғуға жол бермеуге тиіс.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 64-бабының 3-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 39-бабы 1-тармағының 1) тармақшасы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, сот жүйесі туралы заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобасын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізу ұсынылсын.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады