"Қазақстан Республикасы Конституциясының 25-бабының 1-тармағын және 26-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы"

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2024 жылғы 19 сәуірдегі № 41-НҚ нормативтік қаулысы

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісінің өкілі – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы М.Б. Абишевтің,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр Д.М. Ваисовтың,

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі – Сот әкімшілігі басшысының орынбасары А.С. Мусралиновтың,

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өкілі – Заң департаменті директорының орынбасары А.Е. Абишеваның,

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі – Үйлестіру департаменті директорының орынбасары Н.С. Саховтың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің сектор меңгерушісі Г.А. Ауғанбаеваның,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,

      Республикалық нотариаттық палатаның өкілі – палата төрағасы А.Б. Жанабилованың,

      Қазақстан Республикасы жеке сот орындаушылары республикалық палатасының өкілі – төраға орынбасары Г.А. Смагуловтың,

      Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі – директор орынбасары Р.М. Джангарашевтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының (бұдан әрі – Бас Прокурор) Қазақстан Республикасы Конституциясының 25-бабының 1-тармағын және 26-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы С.Ф. Ударцевті және отырысқа қатысушыларды тыңдап, сарапшы – Каспий университетінің Жеке құқық ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты, доцент С.В. Скрябиннің қорытындысын, конституциялық іс жүргізудің басқа да материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

      анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) Бас Прокурордың Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 25-бабының 1-тармағын және 26-бабының 3-тармағын ресми түсіндіру туралы өтініші келіп түсті.

      Өтініштен "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2019 жылғы 21 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі – 2019 жылғы 21 қаңтардағы Заң) 2015 жылғы 31 қазандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (бұдан әрі – АПК) 252-бабының бірінші бөлігіне және "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" 2010 жылғы 2 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заң) 55-бабының 8-тармағына сот орындаушыларының атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы қаулыларын санкциялау міндетін прокурорға жүктейтін өзгерістер енгізілгенін түсінуге болады.

      Өтініш субъектісі қазіргі уақытта атқарушылық жазбалар, салық бұйрықтары және мемлекеттік органдардың айыппұл салу туралы қаулылары атқарушылық құжат болып табылады, оларды мәжбүрлеп орындау жалпы тәртіппен, оның ішінде борышкерлердің тұрғын үйін қоса алғанда, мүлкіне өндіріп алуды қолдану арқылы жүзеге асырылады деп атап өтеді. Оның пікірінше, прокурордың санкциясымен мүлікке мәжбүрлеп өндіріп алуды қолданудың енгізілген рәсімі сот актісінсіз жеке тұлғаны тұрғын үйінен және кәсіпкерлік субъектісін мүлкінен айыруға мүмкіндік береді, бұл Конституцияның 25-бабы 1-тармағының және 26-бабы 3-тармағының ережелеріне қайшы келеді.

      Бас Прокурор Конституциялық Сотқа "Конституцияның 25-бабының "соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді" және 26-бабының "соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды" деген нормаларын прокурордың санкциясы арқылы сот шешімінсіз мәжбүрлеп орындау процесінде мүлік пен тұрғын үйге өндіріп алуды қолдану мүмкіндігіне тікелей тыйым салады деп түсінуге болады ма" дегенге ресми түсіндірме алу және оларды түсіндіріп беру үшін жүгініп отыр.

      Бас Прокурордың Конституцияның 25-бабы 1-тармағының және 26-бабы 3-тармағының нормаларын ресми түсіндіру туралы өтінішін қарау кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Конституцияның бірқатар баптарында меншік құқығын, тұрғын үйді қоса алғанда, мүлікті қорғау туралы, сондай-ақ мемлекеттік органдардың осы мәселелерді шешуге қатысуына қатысты өкілеттіктері туралы нормалар бекітілген.

      Конституциялық ережелерде меншікке қолсұғылмаушылық қағидатының мазмұны беріледі, бұл өз мүлкін иелену, пайдалану және оған билік ету секілді барлық құрамдас бөліктерінде меншік құқығының кепілін білдіреді. Мүлікке меншік құқығы адамның жеке бас еркіндігінің негізгі көріністерінің бірі, кәсіпкерлік қызмет, оның ішінде экономика, мәдениет, ғылым және техника саласындағы еркіндіктің міндетті шарты болып табылады.

      Негізгі Заңның 6-бабының 1-тармағында мемлекеттік және жеке меншікті тану және бірдей қорғау белгіленеді. Конституцияның 6-бабының 2-тармағында: "Меншік міндет жүктейді, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игілігіне де қызмет етуге тиіс. Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің өз құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен шектері, оларды қорғау кепілдіктері заңмен белгіленеді" деп бекітілген.

      Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған кез келген мүлкін жеке меншігінде ұстай алады, меншікке, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі, соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды. Заңда көзделген айрықша жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығару оның құны тең бағамен өтелген жағдайда жүргізілуі мүмкін (Конституцияның 26-бабының 1, 2 және 3-тармақтары).

      Конституцияда мүліктің жалпы массасынан дәл осы тұрғын үй жекелеген 25-бапта қосымша бөліп көрсетіледі. Конституцияның 25-бабының 1-тармағында тұрғын үйге қолсұғылмаушылық туралы және "соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді" деген нормалар қамтылады. Конституцияда әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуы туралы жалпы құқыққа да кепілдік беріледі (13-баптың 2-тармағы), бұған меншік құқығын, мүлік пен тұрғын үйді сот арқылы қорғау да кіреді.

      Бұл ретте Конституцияның 25-бабы 1-тармағының және 26-бабы 3-тармағының нормалары Негізгі Заңның 39-бабының 3-тармағына сәйкес ешбір жағдайда да шектелуге жатпайтын құқықтар мен бостандықтар қатарына жатқызылмаған. Конституцияның 39-бабының 1-тармағына сәйкес "адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін".

      Конституцияда меншік құқығы қорғала отырып, мүліктен заңсыз айыруға жол бермеу баса айтылады және жекелеген конституциялық нормада тұрғын үй секілді мүлік түрін қорғау бөліп көрсетіледі. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің (бұдан әрі – Конституциялық Кеңес) 2005 жылғы 19 тамыздағы № 5 нормативтік қаулысында: "Негізгі Заңда конституциялық ережелердің орналасуын формальді түрде айқындайтын арнаулы норма жоқ. Алайда, түрлі конституциялық нормалардың ерекшелігін ескере отырып, түсіндіру барысында олардың кейбіріне нақты жағдайларда басымды маңызы бар деп артықшылық берілуі мүмкін. ... Конституциялық нормаларды түсіндірген кезде олардың бір-біріне мүмкін болған тең бағыныстылығы туралы мәселе нақты жағдайға қатысты қолданыста Негізгі Заң нормаларының бүкіл жүйесі мәтінінде шешілуге тиіс" деген қорытынды жасалды. Соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол бермеу туралы конституциялық норма (25-баптың 1-тармағы) ерекше маңызға ие, Конституцияның адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары туралы бірқатар басқа да ережелерімен тығыз байланысты.

      Ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде (Конституцияның 1-бабының 1-тармағы) Қазақстан Республикасында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалады (Конституцияның 25-бабының 2-тармағы). Бұл Конституцияда бекітілген азаматтардың денсаулық сақтау құқығымен де (29-баптың 1-тармағы), адамның қадір-қасиетіне қолсұғылмаушылықпен де (17-баптың 1-тармағы) және неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады (27-баптың 1-тармағы) дегенмен де байланысты.

      Тұрғын үйді қорғау туралы конституциялық нормалар (25-бап) Конституцияда Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасына жатқызылған адамның өмір сүру құқығын және жеке адамның басқа да құқықтары мен бостандықтарын (1-баптың 1-тармағы) қорғаумен тікелей байланысты.

      Сонымен бірге Конституцияда азаматтардың өзге тұлғалар мен мемлекет алдындағы өз міндеттемелерін орындау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу міндеттері көзделген. Мысалы, заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті болып табылады (35-бап); әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті (34-баптың 1-тармағы). Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс (12-баптың 5-тармағы) деген әмбебап қағида бекітілген.

      2. Бұған дейін Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларында Конституцияның 25-бабының 2-тармағына және 26-бабының 3-тармағына түсіндіру берілген болатын.

      Конституциялық Кеңестің 2000 жылғы 20 желтоқсандағы № 21/2 нормативтік қаулысының қарар бөлігінің 1-тармағында Конституцияның "соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды" (26-баптың 3-тармағы) деген бөліктегі нормасы "мүлікті иеліктен айыру кезінде алдын ала сот шешімінің міндеттілігін белгілемейді" деп атап өтілді. Осы нормативтік қаулының қарар бөлігі 2-тармағының екінші абзацында мүлікті иеліктен шығарудың жалпы қағидасы ретінде "Алдын ала сот шешiмi негiзiнде де, меншiк иесi мемлекеттiк органның тиiстi шешiмiне заңмен белгiленген тәртiппен шағымданған жағдайда, меншiктi иелiктен айырудың заңдылығы мен негiзділігiне мiндеттi түрде кейiнгi сот бақылауы кезiнде де заңға сәйкес мүлiктi иелiктен айыру мүмкiн" деп белгіленді.

      Конституциялық Кеңестің тағы бір 2000 жылғы 16 маусымдағы № 6/2 нормативтік қаулысының қарар бөлігінің 1-тармағында "Қазақстан Республикасы Конституциясы 26-бабы 3-тармағының "соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды" деген нормасын бұл қағида әкімшілік мәжбүрлеу шарасы ретінде айыппұл салу туралы алдын ала сот шешімінің барлық жағдайда болуын талап етпейді деп түсіну керек" деген түйін қамтылады.

      Конституциялық Кеңестің 2020 жылғы 21 қаңтардағы № 1 нормативтік қаулысында "Республика Конституциясы, елдің тұрғын үй заңнамасы және халықаралық актілер тұрғын үйді өмірлік мәні бар құндылық дәрежесіне дейін көтереді, осы саладағы мемлекеттің міндеттемелерін және олардың мазмұнын айқындайтын азаматтардың құқықтарын белгілейді" дегенге назар аударылды. Осы нормативтік қаулыда "Конституцияның 25-бабының 2-тармағын іске асыруға байланысты құқықтық қатынастарды заңнамалық реттеу әлеуметтік мемлекеттің миссиясын барынша ашу, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының үстемдігі, теңдік пен әділдік принциптері тұрғысынан жүзеге асырылуға тиіс" деген құқықтық ұстаным қамтылады.

      Мүлікті сатып алу тәсілдері және олардың меншік құқығының конституциялық кепілдіктерімен байланысы туралы мәселе Конституциялық Соттың қарау нысанасы болды.

      Мәселен, Конституциялық Соттың 2023 жылғы 11 шілдедегі № 20-НҚ нормативтік қаулысында: "Негізгі Заң заңды түрде иемденілген мүлікке ғана меншік құқығына кепілдік береді. Конституциялық кепілдіктер заңдарда белгіленген негіздер мен рәсімдерді бұза отырып иемденілген мүліктік игіліктерге, сондай-ақ оларды пайдаланудан алынған түсімдерге қолданылмайды" деп атап өтіледі. Аталған нормативтік қаулыда "бастапқыда заңсыз иемденілген, оның ішінде сыбайлас жемқорлық, алаяқтық жолмен немесе қызметтік жағдайды теріс пайдаланудан иемденілген мүлік заң негізінде және онда айқындалған тәсілдер мен рәсімдерге сәйкес заңды меншік иесіне, оның ішінде мемлекетке қайтарылуға тиіс" деп те танылады.

      Меншік құқығына шектеулер басқа конституциялық маңызы бар құндылықтарды қорғау үшін енгізілуі мүмкін, бұл ретте мұндай шектеулер әділдік, ақылға қонымдылық және мөлшерлестік (пропорционалдылық) талаптарына сай келуге тиіс.

      3. Конституциялық Сот Конституцияның 4-бабын басшылыққа ала отырып, адамның және азаматтың мүлкі мен тұрғын үйіне құқықтарын қамтамасыз ету туралы мынадай халықаралық нормаларға назар аударады.

      Мәселен, Біріккен Ұлттар Ұйымының (бұдан әрі – БҰҰ) Бас Ассамблеясы 1948 жылғы 10 желтоқсанда қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының (бұдан әрі – Декларация) 12-бабында "ешкім де ... өз үйінің қолсұғылмаушылығына өзгелердің озбырлықпен нұқсан келтіруіне ұшырамауға тиіс. Әр адамның осындай араласудан немесе осындай нұқсан келтірулерден заң арқылы қорғалуға құқығы бар" деп жазылған. Декларацияның 17-бабының 2-тармағында "ешкім де өз мүлкінен еріксіз айрылмауға тиіс" деп атап өтіледі. Декларацияның 25-бабының 1-тармағында әр адамның, баспананы қоса алғанда, өзінің және отбасының денсаулығы мен әл-ауқатын қамтамасыз ететіндей өмір сүру деңгейіне құқығы бар деп белгіленген.

      2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған 1966 жылғы 16 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде әрбір қатысушы мемлекет сот арқылы қорғалу мүмкiндiгін дамытуға мiндеттенедi (2-баптың 3-тармағы) деп бекітілген. Осы Пактіде "әрбір адам жеке және отбасылық өмiрiне өзгелердiң өз бетінше, немесе заңсыз араласуынан, өз бетінше немесе заңсыз озбырлық жасап, баспанасына ... нұқсан келтiрiлуiнен қорғалуы тиiс" (17-баптың 1-тармағы) және "әрбір адамның осындай озбырлық пен қол сұғушылықтан заңмен қорғалуына құқығы бар" (осы баптың 2-тармағы) деп көрсетіледі.

      2005 жылғы 21 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған 1966 жылғы 16 желтоқсандағы Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы халықаралық пактінің 11-бабының 1-тармағында "Осы Пактіге қатысушы мемлекеттер әркiмнiң өзi және отбасының жеткіліктi тамақтануын, киiмi мен баспанасын қамтитын, жеткiлiкті тұрмыс деңгейiнде өмiр сүру және тұрмыс жағдайын үнемi жақсарту құқығын таниды" деп белгіленген. Пактіге қатысушы мемлекеттер "осыған қатысты еркін келісімге негізделген халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор екенін тани отырып", осы құқықтың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдауға міндеттенеді.

      1979 жылғы 18 желтоқсандағы Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы конвенцияда (Конвенцияға қосылу туралы 1998 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңы) қатысушы мемлекеттер ауылды жерлерде тұратын әйелдерді "тиісті тұрмыс жағдайларын, әсіресе үй жағдайларын, санитарлық қызметтерді, электр және су жабдықтарын қолдану" құқығымен қамтамасыз етеді (14-баптың 2-тармағының h) тармақшасы) деп белгіленген.

      Тұрғын үйге қолсұғылмаушылық БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 1989 жылғы 20 қарашада қабылдаған және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 8 маусымдағы қаулысымен ратификацияланған Бала құқықтары туралы конвенцияда да (16-бап), БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы 2006 жылғы 13 желтоқсанда қабылдаған және 2015 жылғы 20 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияда да (22-бап) бекітілген.

      4. Конституцияға және конституциялық бақылау органының нормативтік қаулыларында оған берілген ресми түсіндіруге сәйкес қазіргі уақытта Қазақстан заңнамасы заң негізінде мүліктен және тұрғын үйден айыруды құқықтық бақылау мәселелері сот пен прокуратураның құзыретіне жатқызылуы мүмкін дегенге негізделеді.

      Қазақстан Республикасының заңнамасында сот шешімінің қажеттігі және адамдарды мүлкінен немесе оның бір бөлігінен айырудың заңдылығын тексеру және барлық жағдайларда оған дау айту үшін олардың сотқа жүгіну құқығы меншік құқығының кепілі ретінде қаралады. Конституцияның 76-бабының 2-тармағында сот билігі Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының негізінде туындайтын барлық істер мен дауларға қолданылады деп белгіленген.

      Заң шығарушы АК-нің (Жалпы бөлім) 249-бабының 2-тармағында меншiк иесiнен мүлiктi мәжбүрлеп иеліктен шығаруға жол берiлмейдi, бұған: меншiк иесiнiң мiндеттемелерi бойынша мүлiкке өндiрiлiп алынған ақы айналымға түскен; Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес аталған адамға тиесiлi бола алмайтын мүлiктi мәжбүрлеп иелiктен шығарған; реквизицияланған; тәркiленген; жер учаскесiн алып қоюға байланысты жылжымайтын мүлiктi мәжбүрлеп иеліктен шығарған; күтiмсiз ұсталған тарих және мәдениет ескерткіштерін, мәдени құндылықтарды алып қойған; мемлекет меншігіне алып қойған; ортақ мүлiктi бөлу не одан үлестi бөлiп шығару мүмкiн болмаған жағдайда сот шешімімен жария саудада мүлікті сатқан; Қазақстан Республикасының заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы заңнамасына сәйкес мүлік мемлекет кірісіне айналдырылған жағдайлар кірмейді деп белгілеген.

      "Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы" 1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңында ипотеканы сот тәртібімен және белгілі бір жағдайларда соттан тыс тәртіппен өткізу арқылы кепіл ұстаушының талаптарын қанағаттандыру мүмкіндігі көзделген (20-баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшалары). Бұл ретте негiзгi мiндеттеме бойынша кепіл беруші мен борышкердің, егер ол кепіл беруші болып табылмаса, сауда-саттықты өткiзудiң рәсімі бұзылған жағдайда ол өткізілгеннен кейін үш ай ішінде сотқа жүгіну құқығы бекітілген (33-бап).

      АПК-нің 250-1-бабының бірінші бөлігінде сот шешімін мәжбүрлеп орындау барысында берешекті өзге мүлік есебінен өтеу мүмкін болмаған кезде не мүлік жеткіліксіз болған кезде өндіріп алушы немесе сот орындаушысы борышкердің жылжымайтын мүлкіне өндіріп алуды қолдану туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы деп көзделген.

      АПК-нің 252-бабының бірінші бөлігіне сәйкес заңда белгіленген жағдайларда сот орындаушысы соттың не прокурордың санкциялауына жататын атқарушылық әрекеттерді жүргізу туралы қаулы шығарады. Санкция беруден бас тартылған жағдайда, атқарушылық әрекеттерді жүргізуге санкция беруден бас тарту туралы – судья тиісті уәжді ұйғарым, ал прокурор қаулы шығарады (осы баптың төртінші бөлігі).

      2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңның 32-бабында сот орындаушысы қолдануға міндетті, атқарушылық құжаттарды орындатуды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар, оның ішінде: борышкердiң өзiндегі не өзге де жеке немесе заңды тұлғалардағы жылжымалы және жылжымайтын мүлкін алып қою, құқық белгiлейтiн құжаттарды алып қою шаралары көзделген (2-тармақтың 2), 2-1) және 6) тармақшалары). 2019 жылғы 21 қаңтардағы Заңның 1-бабы 31-тармағының 2) тармақшасына сәйкес кейбір аталған және өзге де шараларды санкциялау соттың орнына прокурорға жүктелген.

      Борышкер мүлкіне өндіріп алуды қолдану тәртібі 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңның 55-бабында айқындалған. Борышкер мүлкіне өндіріп алуды қолдану мүлікті алып қоюды және (немесе) оны мәжбүрлеп сатуды не өндіріп алушыға беруді қамтиды (1-тармақ). Атқарушылық құжаттар бойынша өндiрiп алу, егер атқарушылық құжатта өзгеше тәртiп айқындалмаса, бiрiншi кезекте борышкердiң ақша сомасына, оның iшiнде банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы ақша сомасына да қолданылады (2-тармақ). Борышкердің берешекті өтеу үшін жеткілікті ақша сомасы болмаған кезде, өндіріп алу борышкерге тиесілі басқа мүлікке орындау жөніндегі шығыстар және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу шығыстары ескеріле отырып, атқарушылық құжатты орындау үшін қажетті мөлшерде және көлемде қолданылады. Борышкердiң басқа мүлкi жеткiлiксiз болған жағдайда, өндiрiп алу мүлік сатылғаннан кейін және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төленгеннен кейін, сондай-ақ орындау бойынша заңда белгіленген шығыстардан кейін қалған сома борышкерге қайтарыла отырып, атқарушылық құжат бойынша құны өндiрiп алу мөлшерiнен асатын борышкер мүлкiне қолданылуы мүмкiн (4 және 5-тармақтар).

      2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңда "борышкердің банктердегі және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сақтандыру ұйымдарындағы ақшасына, сондай-ақ жалақысына және борышкердің кірістерінің өзге де түрлеріне өндіріп алуды қолдануды қоспағанда, борышкердің мүлкіне, оның ішінде ортақ мүліктегі үлесіне өндіріп алуды қолдануды сот орындаушысы прокурор санкциясымен жүзеге асырады" (55-баптың 8-тармағы) деп белгіленген.

      "Нотариат туралы" 1997 жылғы 14 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – 1997 жылғы 14 шілдедегі Заң) 1-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасындағы нотариат "нотариаттық iс-әрекеттер жасау арқылы жеке, заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды" қамтамасыз етеді деп бекітілген.

      1997 жылғы 14 шілдедегі Заңның 92-1-бабына сәйкес борышкерден ақшаны өндіріп алу немесе өзге де жылжымалы мүлікті талап етіп алдыру үшін нотариус берешекті белгілейтін төлнұсқа құжат көрсетілген кезде бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе арқылы электрондық түрде атқарушылық жазба жасайды. Атқарушылық жазба негізінде берешекті өндіріп алу құжатпен расталған даусыз талаптар бойынша – берешек даусыз болған кезде және борышкер орындалмаған міндеттеме бойынша кінәсін мойындаған кезде ғана жүргізіледі. Осы Заңда атқарушылық жазбаның күшін жоюдың тиісті рәсімі көзделген (92-8-бап).

      Конституцияның 26-бабы 3-тармағының негізінде 2003 жылғы 20 маусымдағы Қазақстан Республикасы Жер кодексінің (бұдан әрі – ЖК) 84 – 90-баптарында және "Мемлекеттік мүлік туралы" 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – 2011 жылғы 1 наурыздағы Заң) 6-тарауында мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелері мен олардағы құрылыстарды, оның ішінде тұрғын үйлерді алып қою шарттары мен тәртібі көзделген.

      5. Конституциялық Сот Конституцияда "прокурордың санкциясы" ұғымы қолданылмайтынын атап өтеді. Қазақстан Республикасы прокуратурасының құзыреті, қызметінің ұйымдастырылуы мен тәртібі "Прокуратура туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында (бұдан әрі – 2022 жылғы 5 қарашадағы Конституциялық заң) айқындалған. Аталған Конституциялық заңда санкция прокурорлық қадағалау актілеріне жатқызылған (32-баптың 1-тармағының 1) тармақшасы). Прокурор заңдылыққа жоғары қадағалауды жүзеге асыра отырып, заңда белгіленген жағдайларда құқық шектейтін сипаттағы жекелеген әрекеттерді жасауға, заңмен қорғалатын құпияны қамтитын мәліметтерді алуға санкция (келісім) береді (34-баптың 1-тармағы).

      Прокурордың санкциясы (келісімі) сот орындаушысының атқарушылық іс жүргізуге қатысушылардың құқықтарын қозғайтын жекелеген шешімдерінің (әрекеттерінің) заңға сәйкестігіне алдын ала қадағалауды білдіреді.

      Прокурордың сот орындаушысының шешімдеріне (әрекеттеріне) келісім беру рәсімін атқарушылық іс жүргізуде адамның және азаматтың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тетіктерінің бірі ретінде қарау керек. Заң шығарушы уәкілетті органдардың (адамдардың) шешімдері (әрекеттері) міндетті түрде сот немесе прокурор санкциясының (келісімінің) болуын талап ететін жағдайлар мен тәртіпті айқындауға құқылы.

      2022 жылғы 5 қарашадағы Конституциялық заңда прокурордың мүлікті алып қоюға санкция беру жөніндегі өкілеттігі тікелей бекітілмеген. Сонымен бірге, 2019 жылғы 21 қаңтардағы Заңның қолданыстағы редакциясындағы 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңның 32-бабының 6-тармағына сәйкес сот орындаушылары прокурордың санкциясымен азаматтарды сот актісінсіз жылжымайтын мүлкінен, оның ішінде тұрғын үйінен айыра алады, ал прокурор заңға сәйкес мұндай қаулыларды санкциялайды.

      Конституцияда тұрғын үйге қолсұғылмаушылық құқығын қорғауға (25-баптың 1-тармағы) ерекше назар аударылу заң шығарушыны осы конституциялық ережені тұрғын үйге меншік құқығынан айырудың негіздері мен рәсімдерін заңнамалық тұрғыдан регламенттеу кезінде ескеруге міндеттейді.

      Атап айтқанда, мұндай тәсіл 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңның 72-бабының 1-тармағында бекітілген борышкер мүлкін өткізу кезектілігінде байқалады. Жеке тұлғаның мүлкiне өндiрiп алуды қолдану кезiнде осы мүлiктi өткізу мынадай кезектілікпен жүзеге асырылады: бірінші кезекте – бірінші кезектегі қажетті зат болып табылмайтын мүлік, бағалы қағаздар, валюталық құндылықтар, бағалы металдар мен асыл тастар, зергерлік бұйымдар, декор және жайластыру заттары; екінші кезекте – көлік құралдары, жылжымайтын мүлік (тұрғын үйден басқа); үшінші кезекте – тұрғын үй.

      1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңның 2-бабының 28) тармақшасында тұрғын үй (тұрғынжай) "тұрақты тұруға арналған және соған пайдаланылатын, белгіленген құрылыс, санитариялық, экологиялық, өртке қарсы және басқа да міндетті нормалар мен қағидаларға сай келетін жеке тұрғын үй бірлігі (дара тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме, модульдік (мобильді) тұрғын үй)" деп айқындалады. Осы Заңның 3-бабының 3-тармағында "тұрғынжайдан айыруға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда соттың шешімімен ғана жол беріледі" деп белгіленген.

      Тұрғын үй туралы конституциялық нормалар (25-бап) тұрғын үйдің барлық түріне қатысты.

      Соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол бермеу туралы норма, тұрғын үй мүлік пен меншіктің бір түрі ретінде (26-баптың 1 – 3-тармақтары) Конституцияның осы жалпы нормаларымен де қорғалатынына қарамастан, Конституцияда ерекше бөліп көрсетілген.

      Конституциялық Сот азаматтарды тұрғын үйінен олардың келісімінсіз айырумен байланысты атқарушылық іс жүргізудегі шешімдерді міндетті түрде сот қабылдауға тиіс (Конституцияның 25-бабының 1-тармағы, 26-бабының 2 және 3-тармақтары, 39-бабының 3-тармағы) деп есептейді. Соттың аталған конституциялық өкілеттігін азаматтарды тұрғын үйінен айыру мәселесін шешу кезінде өзге органдар мен лауазымды адамдарға, оның ішінде прокурорға беруге жол берілмейді.

      Осыған байланысты тұрғын үйге қолсұғылмаушылық және соттың шешімінсіз одан айыруға жол бермеу қағидатының (Конституцияның 25-бабының 1-тармағы) жеке конституциялық норма ретінде бөліп көрсетілуі және осы баптың 2-тармағында Қазақстан Республикасында "азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалады" деп жазылу кездейсоқ емес.

      6. Конституциялық Сот Қазақстан Республикасының Конституцияда демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет деп жариялануы азаматтарды тұрғын үйінен сот шешімімен айыру кезінде және сот орындаушысы бұл шешімді орындаудың кез келген сатысында орындаған кезде белгілі бір шектеулер қоюды және мемлекеттің минималды өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету міндеттемелерін білдіреді деп атап өтеді.

      Мәселен, "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" 2022 жылғы 30 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңында борышкердің Қазақстан Республикасындағы және одан тыс жердегі барлық жылжымалы және жылжымайтын мүлкі кіретін мүліктік массасының құрамына, атап айтқанда, "борышкердің міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету болып табылмайтын жалғыз тұрғын үйі кірмейді" (38-баптың 3-тармағы) деп көрсетілген.

      2010 жылғы 2 сәуірдегі Заң бойынша, егер "халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтардың Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғын үйінен жылыту маусымы кезеңінде" мәжбүрлеп шығарылуы талап етілсе, атқарушылық іс жүргізу тоқтатыла тұрады (42-баптың бірінші абзацының 6-1) тармақшасы). Жылыту маусымында халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтарды берешектеріне байланысты осылайша шығаруға тыйым салынады (1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңның 29-бабы 1-тармағының 1) тармақшасы және 3-1-тармағы).

      Атқарушылық құжаттар бойынша өндіріп алуды қолдануға болмайтын, борышкерге меншік құқығымен тиесілі немесе оның ортақ меншіктегі үлесі болып табылатын, борышкерге және оның асырауындағы адамдарға қажетті мүлік тізбесіне (2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңның 61-бабы) борышкердің және оның отбасы мүшелерінің жалғыз тұрғын үйі кірмеген. Бұл ретте қылмыстық-атқару заңнамасында сотталған адамның және оның отбасы мүшелерінің тұрғын үйіне қолсұғылмаушылықты қамтамасыз етудің ең төмен стандарттары көзделген. 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің (бұдан әрі – ҚАК) сотталған адамның тәркіленуге жататын мүлкіне арналған 78-бабының бесінші бөлігінде ҚАК-ке қосымшада белгіленген тізбеге сәйкес сотталған адамның мүлкін сот үкімімен тәркілеу мүмкіндігіне жол бермеу қамтылады. 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңның 61-бабының мазмұнын көп жағдайда қайталайтын осы қосымшада, өмір сүруге конституциялық құқықты (Конституцияның 15-бабының 1-тармағы) іске асыру үшін маңызы бар және сотталған адам мен оның асырауындағы адамдар үшiн қажеттi, оған жеке меншiк құқығымен тиесiлi немесе оның ортақ меншiктегi үлесi болып табылатын, "алаңы тұрғын үй заңнамасында отбасының әрбір мүшесіне белгіленген нормативтерден аспайтын, сотталған адамның және оның отбасының жалғыз тұрғын үйінің" тәркіленуге жатпайтынын белгілейтін 1) тармақша бар. Мұндай ең төмен нормативтер 1997 жылғы 16 сәуірдегі Заңның 75-бабының 1-тармағында қамтылады.

      Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында сотталған адамға өзі және оның отбасы мүшелері үшін тұрғын үйінің сақталуын қамтамасыз етудің ең төмен стандарттарын белгілеу түрінде тұрғын үй кепілдіктері көзделген, алайда борышкер және оның отбасы мүшелері тұрғын үйінен айырылған, оның ішінде сот орындаушысы кепіл нысанасы болмаған жалғыз тұрғын үйге өндіріп алуды қолданған жағдайда, мұндай кепілдіктер атқарушылық іс жүргізу туралы заңда жоқ. Конституциялық Сот осы мәселелерді ең қымбат қазына ретіндегі адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, оның отбасы мүшелерінің, әсіресе кәмелетке толмаған балалар мен еңбекке жарамсыз адамдардың құқықтары туралы конституциялық нормаларды, сондай-ақ Конституцияның Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, әлеуметтік және құқықтық мемлекет ретінде орнықтырады деген ережелерін ескере отырып шешу керек деп есептейді.

      БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссарының басқармасы "Мәжбүрлеп шығару, әдетте, күш қолдану арқылы жүргізіледі және бұл кедейлерге өте қатты әсер етеді, олар осыдан туындайтын, адамның басқа құқықтарының бұзылуынан зардап шегеді. Көп жағдайларда мәжбүрлеп шығару шешім табу үшін болжанып жүзеге асырылған проблеманы одан бетер ушықтырады" деп атап өтеді ("Жеткілікті тұрғын үй құқығы". № 21/Rev.1 актілері жазбасы).

      БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы Комиссары басқармасының осы құжатында адамның басқа құқықтарының бұзылуына әкелетін баспанасыздықтың өсуінің, атап айтқанда, қолжетімді тұрғын үйдің болмауымен, мәжбүрлеп шығарумен, әлеуметтік баспананың болмауымен, халықтың анағұрлым осал топтарының қажеттіліктерін елемеумен себептік байланысы көрсетіледі. "Мәжбүрлеп шығару үйсіз адамдардың пайда болуына алып келмеуге тиіс" деп баса атап көрсетіледі. Мемлекеттерге: 1) жеткілікті тұрғын үй құқығын құрметтеу, атап айтқанда, мәжбүрлеп шығару мен үйлерді қиратудан қалыс қалу; 2) қажетті заңнамалық және өзге де шараларды қабылдай отырып, үшінші тараптардың араласуына жол бермей, жеткілікті тұрғын үй құқығын қорғау ұсынылады.

      Осыған байланысты Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Парламентінің құзыретін (Конституцияның 61-бабы 3-тармағының 1) және 2) тармақшалары) – қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатында тұрғын үйден айыру кезінде кейбір шектеулер белгілеу мүмкіндігін, егер тұрғын үй меншік иесінің жалғыз тұрғын үйі болып табылса, әсіресе, егер ол кепіл нысанасы болмаса, жоғарыда атап өтілген тұрғын үйге қолсұғылмаушылықты қамтамасыз етудің ең төмен стандарттарын ескере отырып көздеуге, сондай-ақ әлеуметтік тұрғын үй қорын дамыту және құқықтық реттеу жөнінде қосымша шаралар қолдануға құқылы екенін атап өтеді.

      Конституциялық Сот 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңда құқықтық қатынастарға қатысушылардың құқықтары мен міндеттерінің теңгерімін сақтау үшін сот орындаушысының кредиторлар алдындағы қарызды жабу есебіне жалғыз тұрғын үйді сот шешімімен алып қоюы кезінде, борышкермен бірге тұратын кәмелетке толмағандар, еңбекке жарамсыздар, мүгедектер ескеріле отырып, борышкерде және оның отбасы мүшелерінде қалатын тұрғын алаңның ең төмен нормасын көздеген орынды болады деп есептейді.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын және 4-тармағын, 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын және 4-тармағының 4) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 64-бабының 3-тармағын, 65-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

      қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 26-бабы 3-тармағының "соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды" деген нормасын меншік құқығының маңызды конституциялық кепілі деп түсіну керек. Конституцияда азаматтардың заңды түрде алған кез келген мүлкінің меншік құқығына кепілдік беріледі. Барлық даулы жағдайларда мүліктен айыру сот алдын ала қабылдаған шешім негізінде немесе мүлікті иеліктен шығарудың заңдылығына кейіннен сот бақылауы мүмкіндігімен заңда көзделген өзге де тәсілдермен жүргізілуі мүмкін.

      Соттың шешімінсіз тұрғын үйден немесе өзге де мүліктен айыруға тыйым салу туралы конституциялық ережелер (25-баптың 1-тармағы және 26-баптың 3-тармағы) меншік иесінің ауысуы өз еркімен болмаған жағдайларға қатысты.

      Прокурор заңда белгіленген шектерде және нысандарда мүліктен айыру заңдылығының сақталуына жоғары қадағалауды жүзеге асырады және заңда көзделген жағдайларда борышкердің өзіндегі не өзге де жеке және заңды тұлғалардағы мүлкіне (тұрғын үйінен басқа) мәжбүрлеп өндіріп алуды қолдану рәсіміне санкция береді немесе санкция беруден бас тартады. Бұл ретте, егер осы мүлік ортақ бірлескен меншікте болса, оның басқа меншік иелерінің заңды мүдделері қозғалмауға тиіс. Қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда, жеке және заңды тұлғалар заңға сәйкес сотқа жүгінуге құқылы.

      2. Конституцияның 25-бабының 1-тармағында қамтылатын және "соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді" дегенді белгілейтін норманы тұрғын үй, мүлік және меншік құқығы, адамның өзге де құқықтары мен бостандықтары туралы конституциялық нормаларды ескере отырып, сөзбе-сөз түсіну қажет. Адам тұрғын үйінен прокурор санкциясының негізінде емес, сот шешімімен ғана айырылуы мүмкін. Прокурордың тұрғын үйге мәжбүрлеп өндіріп алуды қолдану рәсімін санкциялауы сот шешімінің күшін жоймайды, оны алмастырмайды және оған тең келмейді.

      Тұрғын үй адамның және оның отбасы мүшелерінің өмір сүру конституциялық құқығын іске асыруы үшін аса маңызды мүліктің ерекше түрі ретінде Конституцияда ерекше қорғауға ие. Өзін демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратын, сондай-ақ Қазақстанда азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасалады деген конституциялық ережелерді бекіткен Қазақстан Республикасында тұрғын үйге қолсұғылмаушылыққа және оның тек қана сот арқылы құқықтық қорғалуына кепілдік беріледі: адамды тұрғын үйінен оның келісімінсіз айырған жағдайда сот шешімі міндетті және баламасыз болады. Азаматты тұрғын үйінен, әсіресе жалғыз тұрғын үйінен айыру кезінде онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің, оның ішінде кәмелетке толмағандардың заңда бекітілген құқықтары ескерілуге тиіс.

      3. Атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуды қамтамасыз ететін органдар тұрғын үйдің меншік иелерінің конституциялық құқықтары мен заңдарда белгіленген кепілдіктерін сақтауға, азаматтарға мүлкі мен тұрғын үйіне мәжбүрлеп өндіріп алу қолданылғанға дейін олардың құқықтарын түсіндіруге, ал олар келіспеген жағдайда, Конституция талаптарының (25-баптың 1-тармағы және 26-баптың 3-тармағы) орындалуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.

      4. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотымен, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен және Қазақстан Республикасының басқа да мүдделі мемлекеттік органдарымен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларына берілген түсіндіруді және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарын ескере отырып, тұрғын үйден айыру рәсімін құқықтық реттеуді жетілдіру, соттың, прокуратура мен атқарушылық құжаттарды мәжбүрлеп орындатуды қамтамасыз ететін органдардың мүліктен және тұрғын үйден айыру кезіндегі құзыретін нақтылау, азаматтарды, кәмелетке толмағандарды қоса алғанда, олардың отбасы мүшелерін жалғыз тұрғын үйінен айырған кезде олардың тұрғын үй құқықтарын құқықтық қорғауды күшейту мәселелерін қарасын.

      5. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      6. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады