2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 340-бабы үшінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2024 жылғы 24 сәуірдегі № 42-НҚ нормативтік қаулысы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі Р.А. Наушабаеваның өкілі – адвокат Н.К. Жолболовтың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Заңнама департаментінің директоры Ш.Ж. Манкешовтің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің сектор меңгерушісі Р.Ә. Адилованың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,

      Республикалық адвокаттар алқасының өкілі – төраға А.Ж. Бикебаевтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Р.А. Наушабаеваның 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 340-бабы үшінші бөлігінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Қ.Т. Жақыпбаевты және отырысқа қатысушыларды тыңдап, сарапшы – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы А.Н. Ахпановтың қорытындысын, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) ҚПК-нің 340-бабы үшінші бөлігінің Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 13 және 14-баптарына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.

      Өтініштен қорғаушы тараптың бірінші сатыдағы сотқа қаралып жатқан істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқан басқа қылмыстық іспен біріктіру туралы мәселені шешу үшін қылмыстық істі басты сот талқылауы сатысынан алдын ала тыңдау сатысына ауыстыру туралы өтінішхат бергенін түсінуге болады. Бірінші және апелляциялық сатылардағы соттар ҚПК-нің дау айтылып отырған нормасына сілтеме жасай отырып, өтінішхатты қанағаттандырусыз қалдырған.

      Өтініш субъектісі қорғаушы тараптың қылмыстық істі басты сот талқылауы сатысынан алдын ала тыңдау сатысына ауыстыру туралы өтінішхат беру құқығының болмауы өзінің қылмыстық процесте қорғалуын жүзеге асыру мүмкіндігін шектейді деп есептейді.

      ҚПК-нің қаралып отырған нормасының конституциялылығын тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Конституцияның 13 және 14-баптарының ережелері бұған дейін ресми түсіндірудің нысанасы болған.

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі (бұдан әрі – Конституциялық Кеңес) адамның өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына конституциялық құқығы бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтіру үшін әркімнің сотқа жүгіну мүмкіндігін көздейді деп баса назар аударған. Конституция осы конституциялық құқықты іске асыру тәртібін айқындамайды. Бұл тетік сот жүйесін ұйымдық-құқықтық құру және сот төрелігін іске асыру мәселелерін регламенттейтін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді (1999 жылғы 5 мамырдағы № 8/2 нормативтік қаулы).

      Осыған ұқсас ұстанымды Конституциялық Сот та ұстанып, 2023 жылғы 16 мамырдағы № 13-НҚ нормативтік қаулысында конституциялық маңызды құндылықтарды сот төрелігі арқылы тиімді қорғауға мүмкіндік беретін нақты құқықтық тетіктер Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледі деп атап өткен болатын. Конституцияда Қазақстан Республикасының Парламентіне сот құрылысы мен сотта іс жүргізу мәселелеріне қатысты негізгі қағидаттар мен нормаларды белгілейтін заңдар шығару құқығы беріледі. Бұл жағдайда заңдар Конституцияның, оның ішінде сот арқылы қорғалу құқығына байланысты нормалары негізінде және оларды дамыту үшін қабылданады.

      Негізгі Заңның 14-бабында заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең деп бекітіледі, бұл тиісті құқықтық қатынастардың барлық субъектілері үшін талаптар мен құқықтық жауаптылықтың біртұтастығын көздейді. Прокурорларға процеске басқа қатысушылардың құқықтарынан айырмашылығы бар процестік құқықтарды заңнамалық түрде берудің конституциялылығы мәселесі бұған дейін Конституциялық Кеңестің ресми түсіндіруінің нысанасы болды (1997 жылғы 6 наурыздағы № 3 нормативтік қаулы), онда Конституцияның 14-бабы 1-тармағының нормасы прокурордың заңнамада белгіленген процестік өкілеттігінің көлемін айқындамайды деп түсіндірілген. Конституцияның 83-бабының 1-тармағында прокурорға сотта мемлекеттің мүддесін білдіру міндеті жүктеледі, бұл оның процестік өкілеттігінің аясын кеңейтеді. Сот процесінің барлық басқа қатысушыларына сияқты прокурорға қолданыстағы заңнамамен процестік құқықтар беріледі.

      Конституциялық Соттың 2023 жылғы 14 шілдедегі № 21-НҚ нормативтік қаулысында қылмыстық процеске қатысушылардың түрлі процестік мүмкіндіктерінің болуы құқықтық нормалардың өзі заң алдында жұрттың бәрі тең деген конституциялық қағидаттың ықпалында болу мән-жайын жоққа шығармайды деп көрсетілген.

      Конституциялық Сот ҚПК-нің 42-тарауында басты сот талқылауының жалпы шарттары шеңберіндегі рәсімдерді регламенттеу істің мән-жайларын объективті және толық зерттеу үшін қажетті жағдайлар жасауға, тараптар құқықтарының теңдігін қамтамасыз етуге, соттың қалыпты жұмыс істеуін және процеске қатысушылардың қауіпсіздігін ұйымдастыруға бағытталған деп пайымдайды. ҚПК-нің 344-бабының төртінші бөлігіне сәйкес басты сот талқылауы барысында шығарылған қаулылармен келіспеу апелляциялық шағымға, прокурордың өтінішхатына, наразылыққа енгізілуі мүмкін.

      2. Өтініш субъектісі дау айтып отырған ҚПК-нің 340-бабының үшінші бөлігінде басты сот талқылауының шегі айқындала отырып, мыналар белгіленеді: "Егер басты сот талқылауы барысында қаралып отырған істі басқа қылмыстық іспен біріктіру, егер басқа адамдардың әрекеттері қаралып жатқан іспен байланысты болса және оларға қатысты істі бөлек қарау мүмкін болмаса, басқа адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тарту қажеттігі туындаса, сот айыптаушы тараптың өтінішхаты бойынша, процестің басқа қатысушыларының пікірін ескере отырып, істі қарауда үзіліс жасайды және осы Кодекстің 321-бабында көзделген тәртіппен алдын ала тыңдауды өткізеді".

      ҚПК-нің 340-бабының түрлі бөліктерінде баяндалған ережелерін бір-бірімен өзара байланыста, сондай-ақ өзге де қылмыстық-процестік нормалардың ережелерін ескере отырып қарау қажет.

      Қылмыстық істерді біріктірудің базалық мәселелері ҚПК-нің 43-бабында айқындалған. Бір немесе бірнеше қылмыстық құқық бұзушылықты сыбайласып жасаған бірнеше адамға қатысты қылмыстық істер, бірнеше қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамға қатысты істер, сондай-ақ осы қылмыстарды күні бұрын уәде бермей жасырғандығы немесе олар туралы айтпағандығы үшін күдік келтірілетін, айыпталатын адамға қатысты істер бір іс жүргізуге біріктірілуі мүмкін. Күдікті анықталмаған, бірақ бірнеше қылмыстық құқық бұзушылықты бір адам немесе адамдар тобы жасады деп пайымдауға жеткілікті негіздер болған жағдайларда да қылмыстық істерді біріктіруге жол беріледі. Қылмыстық істерді біріктіру қылмыстық процесті жүргізетін органның қаулысы негізінде жүргізіледі. Қылмыстық процеске қатысушылардың құқығы адамдарға өздеріне қатысты біріктірілген істер бойынша ғана тиесілі болады.

      ҚПК-нің 340-бабының бірінші бөлігінде бекітілген жалпы қағидаға сәйкес басты сот талқылауы адамның сотқа берілген айыптау шегінде жүргізіледі. Егер айыптауды өзгерту айыпталушының қорғалу құқығын бұзбаса, айыптауды өзгертуге жол беріледі.

      Қылмыстық сот ісін жүргізу айыптаушы және қорғаушы тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы қағидаты негізінде жүзеге асырылады. Заң шығарушы қылмыстық процестің осы қағидатын ҚПК-нің 23-бабында бекіте отырып, қылмыстық қудалау, қорғау және соттың істі шешуі бір-бірінен бөлінген және оларды әртүрлі органдар мен лауазымды адамдар жүзеге асырады деп белгіледі. Адамның қылмыстық құқық бұзушылықты жасаудағы кінәлілігін дәлелдеу және оның өзін қорғайтын дәлелдерін теріске шығару міндеті – қылмыстық қудалау органдарына, ал сотта іс жүргізу кезінде мемлекеттік және жекеше айыптаушыларға жүктеледі.

      Заң шығарушының қаралып жатқан істі басқа қылмыстық іспен біріктіру, егер басқа адамдардың әрекеттері қаралып жатқан іспен байланысты болса және жаңа адамдарға қатысты істі бөлек қарау мүмкін болмаса, басқа адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тарту мәселелерінде бастама жасауды айыптаушы тарапқа бекітіп беруі объективті факторларға негізделген. ҚПК-де көзделген басты сот талқылауының шегін айқындау тәртібі (прокурордың қылмыстық істі соттылығы бойынша сотқа жіберуі, ал жекеше айыптау істері бойынша – жәбірленушінің адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы шағымды сотқа жіберуі) қылмыстық процестің табиғатына, қылмыстық қудалауды қорғаудан бөліп алу, яғни онда айыптаушы және қорғаушы тараптардың рөлдерін бөлу қағидатына сәйкес келеді.

      Қылмыстық істерді қарау кезінде басты сот талқылауының шегі осы нақты талқылаудың нысанасын айқындайды және сол арқылы сотталушының қорғалу құқығын іске асыруды қамтамасыз етеді, өйткені оған қандай іс-әрекет жасауда өзіне айыптау тағылып отырғанын білуге мүмкіндік беріледі. Айыптаушы тараптың басты сот талқылауының шегін дәлме-дәл айқындауы қорғаушы тарапқа сот процесіне уақтылы дайындалуға мүмкіндік бере отырып, процесте жарыспалылықтың басталуын дамытады.

      Дәл осындай тәсілдер шетел практикасында қалыптасқан, бұларға сәйкес сот процесі басталар алдын айыптау шағымы (талап қою) немесе өзге де айыптау құжаты жария етіліп, соның шегінде дәлелдемелерді ұсыну және зерттеу жүзеге асырылады. Бұл ретте сот ісін жүргізудің жалпы схемасы айыпталушының қорғалу құқығының кепілдіктері қамтамасыз етілген жағдайда айыптаушының бастамасымен айыптау шегін кеңейту мүмкіндігін де көздейді.

      Сот Негізгі Заңның 76-бабының 1-тармағымен құқықтық өзара байланыста 75-бабы 1-тармағының ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасында сот төрелігін жүзеге асырады, ал тікелей сот билігі өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды, Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды.

      Соттың конституциялық мақсаты оның қылмыстық қудалау органы болып табылмайтынын, айыптаушы немесе қорғаушы тарап жағында әрекет етпейтінін және құқық мүдделерінен басқа, қандай да бір мүдделерді білдірмейтінін алдын ала белгілейді (ҚПК-нің 23-бабының бесінші бөлігі), тиісінше, сот өз бастамасымен қаралып жатқан істі басқа қылмыстық іспен біріктіру және (немесе) басқа адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тарту арқылы басты сот талқылауының шегін кеңейтуге құқылы емес.

      Сотталушыға неғұрлым ауыр немесе бастапқыдан ерекшеленетін айыптау тағу қажеттігі туындаған жағдайда (оның ішінде қылмыстық істер біріктірілген кезде де) сот істі қарауды кейінге қалдырады, содан кейін іс сот юрисдикциясында болған кезде айыптау шегін кеңейту туралы мәселені шешудің процестік тәртібі айқындалған ҚПК-нің 340-бабында көзделген салдар туындайды.

      ҚПК-нің 340-бабының үшінші бөлігінде көзделген, тиісті өтінішхатта көрсетіліп, негізгі мәнге ие болатын айыптаушы тараптың бастамасы сотталушының немесе сот қарап жатқан іс бойынша сотталушы мәртебесіндегі емес өзге адамның құқықтық жағдайының ықтимал нашарлауының объективті факторына, сондай-ақ процеске қатысушылардың қылмыстық-процестік құқықтарын бөлуге негізделеді. Сонымен бірге, осы норманың құрылымы процеске басқа қатысушылардың, оның ішінде қорғаушы тараптың ұстанымын да ескеруге мүмкіндік береді.

      Айыптау актісінің қарар бөлігінде айыпталушының (айыпталушылардың) тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде), оған жасады деп айыптау тағылып отырған іс-әрекет сараланатын қылмыстық заңның нақты бабы, бабының бөлігі мен тармағы, айыпталушыны сотқа беру және қылмыстық істі соттылығы бойынша сотқа жіберу туралы шешім көрсетіледі (ҚПК-нің 302-1-бабының төртінші бөлігі). ҚПК-нің қолданыстағы редакциясында сотқа берудің процестік сатысы жеке регламенттелмейді. Айыпталушы сотқа тергеп-тексеру аяқталып, айыптау актісі жасалған қылмыстық іс шеңберінде ғана беріледі. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру айыптау актісі жасалмай аяқталған жағдайларда, прокурор айыпталушыны сотқа беру туралы мәселені формальды түрде шешпей, қылмыстық істі сотқа жібереді.

      Прокурор мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жалғастыра отырып, өзі ұсынған және қолдайтын мемлекеттік айыптаудың шегін айқындайды, сондай-ақ нақты және заңды негіздерді ескере отырып, сот алдында айыптауға түзету енгізу туралы мәселеге бастама жасайды.

      Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының жүргізуіндегі қылмыстық істер бойынша дәл осы органдар қылмыстық іс бойынша дәлелденуге жататын барлық мән-жайлар анықталды деп табады және сотқа дейінгі тергеп-тексерудің аяқталуымен байланысты рәсімдерді орындайды. Бұл ретте сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылумен аяқталуы мүмкін, бұл туралы уәжді қаулы шығарылады немесе тергеп-тексеру қорытындысы бойынша қылмыстық іс прокурорға беріледі, ол әртүрлі шешім нұсқаларын қабылдауы, оның ішінде қылмыстық істі тоқтатуы немесе оны сотқа жіберуі мүмкін.

      Бұдан басқа, басты сот талқылауының дайындық бөлігі шеңберінде (ҚПК-нің 362-бабы) қорғаушы тарап жаңа куәларды, сарапшыларды, мамандарды шақыру және заттай дәлелдемелер мен құжаттарды талап етіп алдыру туралы өтінішхаттарын мәлімдеуге құқылы. Бұл ретте өтінішхатты мәлімдеген тұлға қандай мән-жайларды анықтау үшін қосымша дәлелдемелердің қажет екенін көрсетуге міндетті.

      Сот өтінішхатын қанағаттандырудан бас тартқан тұлға сот талқылауы барысында оны одан әрі мәлімдеуге құқылы.

      Осы жазылғандарды ескере отырып, Конституциялық Соттың пікірінше, басты сот талқылауының шегін айқындаудың қолданыстағы моделі, әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу құқығын (13-баптың 2-тармағы), сондай-ақ заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең екенін (14-баптың 1-тармағы) қоса алғанда, Конституция ережелеріне қайшы келмейді.

      3. Конституциялық Сот бұған дейін құқық нормаларын жеткілікті дәрежеде анық, заң ережелерін өз бетінше интерпретациялау мүмкіндігіне жол бермейтіндей етіп тұжырымдау қажеттігін көрсеткен болатын (2023 жылғы 22 ақпандағы № 3, 2023 жылғы 16 мамырдағы № 13-НҚ нормативтік қаулылар және басқалар).

      Сот төрелігінің конституциялық негіздері және қылмыстық сот ісін жүргізу арқылы сот билігін іске асыру соттың тараптар басты сот талқылауы барысында ұсынған барлық дәйектемелерді қарауын және оларға мәні бойынша баға беруін білдіреді.

      ҚПК-нің 8-бабына сәйкес әділ сот талқылауы және қылмыстық заңды дұрыс қолдану да қылмыстық процестің міндеттері болып табылады, бұл қылмыстық құқық бұзушылықтың барлық мән-жайлары, оны жасаған тұлғалар және қылмыстық істі заңды, негізді және әділ шешу үшін маңызы бар өзге де нақты деректер анықталған кезде ғана мүмкін болады.

      Осыған байланысты сот істі дұрыс шешуге қажетті және жеткілікті мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін заңда көзделген барлық шараларды қолдануға міндетті. Ол істе бар және сот отырысында тараптар ұсынған дәлелдемелерді зерттеудің қажеттілігі мен жеткіліктілігі мәселелері бойынша тараптардың пікірімен байланысты болмайды (ҚПК-нің 24-бабының бірінші және төртінші бөліктері).

      Сонымен бірге, Конституциялық Сот дау айтылып отырған қылмыстық-процестік норманың редакциясында айыптаушы тараптың қаралып жатқан істі басқа қылмыстық іспен біріктіру, басқа адамдарды қылмыстық жауаптылыққа тарту қажеттігі туралы өтінішхатына қатысты соттың процеске қатысушылардың пікірлерін қаншалықты ескеретіні жеткілікті түрде анық емес деп атап өтеді. ҚПК-нің 7-бабының 2) тармағында берілген түсіндіруді ескере отырып, "айыптаушы тарап" деген жалпыланған ұғымды ҚПК-нің 340-бабының үшінші бөлігінде пайдалану тиісті өтінішхат субъектілеріне қатысты әртүрлі құқық қолдануға жол беруі мүмкін.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын, 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 6265-баптарын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 340-бабының үшінші бөлігі Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес қылмыстық-процестік заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселесін қарау ұсынылсын.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

  Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады