ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,
өтініш субъектісі Н.А. Аскерованың өкілі – адвокат С.М. Сарсенбаевтың,
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Заңнама департаментінің директоры Д.А. Сүлейменовтің,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі М.Т. Кемаловтың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің сектор меңгерушісі А.К. Есимбекованың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,
Республикалық адвокаттар алқасының өкілі – ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі С.С. Дельмановтың,
Республикалық заң консультанттары алқасының өкілі – Астана қаласы заң консультанттары палатасының мүшесі А.А. Искакбековтің,
Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі – бас ғылыми қызметкер Н.Н. Турецкийдің,
Парламентаризм институтының өкілі – атқарушы директор А.К. Канатовтың,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының өкілі – арнайы заң пәндері кафедрасының профессоры В.В. Ханның,
сарапшы – заң ғылымдарының докторы, профессор А.Н. Ақпановтың қатысуымен,
өзінің ашық отырысында 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 94-бабы бірінші бөлігі 3) тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.
Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Б.М. Нұрмұхановты және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
анықтады:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) ҚПК-нің 94-бабы бірінші бөлігі 3) тармағының Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) 13-бабының 3-тармағына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті, оған сәйкес қорғаушы, сондай-ақ жәбірленушінің (жекеше айыптаушының), азаматтық талапкердің, азаматтық жауапкердің өкілі, егер олар қорғалушымен не сенім білдірушімен мүдделері қарама-қарсы адамға заң көмегін көрсетіп жүрсе немесе бұрын көмек көрсеткен болса, сол сияқты мұндай адамдармен туыстық немесе өзге де жеке тәуелділік қатынастарда болса, қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатыса алмайды.
Өтініштен және оған қоса берілген материалдардан өтініш субъектісіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде оның адвокатының ҚПК-нің 94-бабы бірінші бөлігінің 3) тармағына сілтеме жасала отырып, қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысудан шеттетілгенін түсінуге болады. Прокурордың мұндай процестік шешімді қабылдауына адвокаттың жақын туысының (әжесінің) күдікті басқаратын, қызметі қылмыстық іспен байланысты заңды тұлғаның клиенті болып табылуы негіз болды.
Конституциялық іс жүргізу барысында өтініш субъектісі мен оның өкілі өз ұстанымын нақтылап, ҚПК-нің көрсетілген нормасын қорғаушының қорғалушымен мүдделері қарама-қарсы адаммен туыстық қатынастарда болуына байланысты оны қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысудан шеттету бөлігінде ғана тексеру туралы өтінішін білдірді.
ҚПК-нің 94-бабы бірінші бөлігі 3) тармағының конституциялылығын нақтыланған өтініш ауқымы шеңберінде тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.
1. Конституцияның 13-бабының 3-тармағында кепілдік берілген әркімнің білікті заң көмегін алу құқығын іске асырудың құқықтық шарттары ҚПК-де және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында реттелген.
Конституцияға сәйкес ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбір адамның сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегін пайдалануға құқығы бар. Бұл құқық әртүрлі жағдайларда, оның ішінде сот ісін жүргізудің жекелеген нысандары шеңберінде жеке адамның құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға және қорғауға негіз болатын әркімнің білікті заң көмегін алуға анағұрлым жалпы құқығының мазмұнынан туындайды (13-баптың 3-тармағы және 16-баптың 3-тармағы).
Бұған дейін Қазақстан Республикасы конституциялық бақылау органының нормативтік қаулыларында түсіндірілгендей, мемлекет осы саладағы өз міндеттемелерін орындай отырып, нормативтік-құқықтық, ұйымдастырушылық және өзге де сипаттағы қажетті шараларды қабылдауға тиіс. Демек, Қазақстан Республикасының Парламенті заң көмегін көрсету жүйесін құқықтық реттеудің нақты модельдерін, ал осындай жария-құқықтық сипаттағы қызметті жүзеге асыруға ниет білдірген адамдар үшін міндетті талаптарды, шарттар мен шектеулерді айқындауға құқылы (Конституциялық Кеңестің 2021 жылғы 4 маусымдағы № 1 нормативтік қаулысы және Конституциялық Соттың 2023 жылғы 25 қыркүйектегі № 29-НҚ нормативтік қаулысы).
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1966 жылғы 16 желтоқсандағы 2200А (XXI) резолюциясымен қабылданған және 2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіде (бұдан әрі – Пакт) Пактіге қатысушы әрбір мемлекет құқығын қорғауды талап еткен кез келген адамның құқықтық қорғау құқығы мемлекеттің құқықтық жүйесімен көзделген құзыретті сот, әкімшілік немесе заң шығару биліктері немесе кез келген басқа құзыретті орган арқылы белгіленуін және сот арқылы қорғалу мүмкіндігінің дамуын қамтамасыз етуге міндеттенеді деп айқындалған (2-баптың 3-тармағының b) тармақшасы).
Пактінің 14-бабының 1-тармағына сәйкес сот пен трибунал алдында жұрттың бәрі тең. Әрбір адам өзіне тағылған кез келген қылмыстық айыптауды қарау кезінде немесе қайсыбір азаматтық процесте оның құқықтары мен міндеттерін анықтау кезінде заң негізінде құрылған құзыретті, тәуелсіз және әділ сот арқылы ісі әділетті және ашық қаралуын талап етуге құқылы.
Осыған ұқсас міндеттер мен қағидаттар Қазақстанның процестік заңнамасында, оның ішінде қылмыстық процесс шеңберінде бекітілген. ҚПК-нің 8-бабына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтардың жолын кесу, оларды бейтараптықпен, тез және толық ашу, тергеп-тексеру, оларды жасаған адамдарды әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту, әділ сот талқылауы және қылмыстық заңды дұрыс қолдану, адамдарды, қоғамды және мемлекетті қылмыстық құқық бұзушылықтардан қорғау қылмыстық процестің міндеттері болып табылады. Қылмыстық істер бойынша іс жүргізудің заңда белгіленген тәртібі адамды және азаматты негізсіз айыптау мен соттаудан, оның құқықтары мен бостандықтарын заңсыз шектеуден қорғауды, ал кінәсіз адам заңсыз айыпталған немесе сотталған жағдайда, оны дереу және толық ақтауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алуға, құқықты құрметтеу көзқарасын қалыптастыруға ықпал етуге тиіс.
Осылайша, белгіленген заңнамалық тәсілдер негізгі халықаралық құқықтық актілердің ережелерімен үйлеседі.
2. Қылмыстық процесс шеңберінде білікті заң көмегін көрсетудің конституциялық-құқықтық міндеті кәсіби қорғаушы ретінде әрекет ететін адвокаттарға жүктеледі (ҚПК-нің 66-бабының екінші бөлігі, 76-бабының бірінші бөлігі және 77-бабының бірінші бөлігі).
"Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы" 2018 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Адвокаттық қызмет туралы заң) Қазақстан Республикасындағы адвокатура адамның өз құқықтарын, бостандықтарын сот арқылы қорғауға және заң көмегін алуға мемлекет кепілдік берген және Конституцияда бекітілген құқықтарын іске асыруға жәрдемдесуге, сондай-ақ дауды бейбіт жолмен реттеуге ықпал етуге арналған деп бекітілген (31-баптың 1-тармағы).
Адвокатураға жүктелген миссияны тиісінше орындау мақсатында адвокаттардың қылмыстық, азаматтық және өзге де істер бойынша іс жүргізудегі жалпы (жоғары заң білімінің, адвокаттық қызметпен айналысуға лицензиясының, адвокаттар алқасына міндетті мүшелігінің болуы және басқа да) және арнайы құқықтық субъектілігіне, өздері көрсететін заң қызметтерінің сапасына қойылатын талаптар заңнамалық түрде белгіленген. Олар қандай да бір нысанындағы сот ісін жүргізудің міндеттеріне қол жеткізу және құқықтық көмектің жоғары деңгейін ұстап тұру қажеттігіне байланысты.
Заң көмегін көрсету қағидаттары ретінде басқалармен қатар заң үстемдігі, клиенттің құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу және қорғау, оның мүддесінде заң көмегін ұсыну айқындалған. Осы мақсатта адвокат клиенттің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған іс жүзіндегі мән-жайларды анықтау бойынша заңда тыйым салынбаған кез келген әрекеттерді орындауға міндетті (Адвокаттық қызмет туралы заңның 3-бабының 1), 3) және 4) тармақшалары және 33-бабы 7-тармағының 10) тармақшасы).
Адвокат пен азаматтың өзара қарым-қатынастары мәнмәтінінде білікті заң көмегін көрсету тараптардың өзара сеніміне негізделеді. Мұндай сенімді қамтамасыз етудің маңызды құралы адвокаттық құпияны сақтау болып табылады, оны адвокатқа өтініш жасау фактісі, көмек сұрап өтініш жасаған тұлғамен және басқа да тұлғалармен ауызша және жазбаша келіссөздердің мазмұны туралы, көмек сұрап өтініш жасаған тұлғаның мүдделерінде қабылданатын әрекеттердің сипаты мен нәтижелері туралы мәліметтер, сондай-ақ заң көмегін көрсетуге қатысты өзге ақпарат құрайды (Адвокаттық қызмет туралы заңның 37-бабының 1-тармағы).
Адвокаттық қызмет туралы заңда адвокаттың мүдделер қақтығысы, сондай-ақ процестік заңнамада көзделген, адвокаттың іске қатысуын болғызбайтын мән-жайлар болған кезде заң көмегін көрсетуіне тыйым салынады деп белгіленеді. Мұндай жағдайларда адвокат заң көмегін көрсетуге кедергі келтіретін мән-жайлардың туындауы салдарынан оны көрсетуге қатысудан бас тартуға және бұл туралы клиентке хабарлауға міндетті (33-баптың 7-тармағының 6) тармақшасы және 8-тармағы). Бұл ретте мүдделер қақтығысы деп заң көмегін көрсететін тұлғаның жеке мүдделері мен клиенттің мүдделері арасындағы заң көмегін көрсетпеуге немесе сапалы көрсетпеуге алып келуі мүмкін қайшылық түсініледі (1-баптың 9) тармақшасы).
Заң көмегі жоғары кәсіптік және әдептік нормалар негізінде көрсетіледі. Адвокат өзінің кәсіптік міндеттерін орындаған кезде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын, адвокаттың антын және Адвокаттардың кәсіптік әдеп кодексін сақтауға тиіс (Адвокаттық қызмет туралы заңның 10-бабы және 33-бабы 7-тармағының 1) және 2) тармақшалары). 2014 жылғы 26 қыркүйекте адвокаттар алқалары делегаттарының екінші республикалық конференциясында бекітілген Адвокаттардың кәсіптік әдеп кодексінде адвокат өзінің кәсіби қызметінде жеке мүдделерінің немесе басқа адамдардың мүдделері алдында сенім білдірушінің мүдделерін басымдық ретінде негізге алуға міндетті деп бекітілген (12-тармақ).
Аталған ережелерді сақтаудың процестік кепілдіктерінің бірі – қорғаушының қылмыстық процеске қатысу мүмкіндігін болғызбайтын мән-жайлар институты (ҚПК-нің 94-бабы). Осы институт қорғаушының өз міндеттерін тиісінше орындауын, бұрын жүктелген лауазымдық міндеттеріне, процестік рөлдері мен функцияларына, әлеуметтік байланыстар сипатына, туыстығына, адамгершілік құндылықтарына және басқа да факторларға байланысты ықтимал теріс пайдалануға жол бермеуді қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады.
Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, Конституциялық Сот мүдделер қақтығысын қоса алғанда, заңда белгіленген мән-жайлар болған кезде қорғаушыны қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысудан шеттету Конституцияға қайшы келмейді, өйткені ол қылмыстық сот ісін жүргізудің әділдігі мен заңдылығын және іс бойынша дұрыс шешім қабылдауды қамтамасыз етуге бағытталған деп есептейді. Адвокаттардың білікті қорғаушы ретіндегі қызметі Негізгі Заңда бекітілген сот арқылы қорғалу құқығын және сот төрелігі қағидаттарын жүзеге асырумен тығыз байланысты және қылмыстық істер бойынша шешімдер қабылдау кезінде объективтілікті, бейтараптылықты және әділдікті қамтамасыз ету бойынша жария мүдделерді іске асыруға бағытталған.
3. Конституциялық Сот өзінің 2023 жылғы 25 қыркүйектегі № 29-НҚ нормативтік қаулысында Адвокаттық қызмет туралы заңнан басқа, өзге де нормативтік құқықтық актілерде заң көмегін көрсету ерекшеліктерін белгілеу құқықтық процестің ерекшелігі назарға алына отырып, осындай көмек көрсететін адамдардың қызметі үшін ерекше жағдайлардың жасалуын білдіруі мүмкін деп көрсеткен болатын.
Аталған жалпы ережелер ескеріле отырып, қылмыстық процеске қатысушылардың білікті заң көмегін алу және оларға оны көрсету тәртібі ҚПК-де нақтыланған. Әрбір ұсталған, қамауға алынған, қылмыс жасады деп айыпталған адамның тиісінше ұсталған, қамауға алынған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегін пайдалану құқығы бірінші кезекте адвокатты өз бетінше таңдау және шақыру арқылы іске асырылады (ҚПК-нің 64-бабы тоғызыншы бөлігінің 3) тармағы және 65-1-бабы екінші бөлігінің 6) тармағы). Мұндай таңдау белгіленген талаптарға сай келетін адвокаттар арасынан жүзеге асырылады, бұл жеке адамның мүддесінде қорғаушы тараптың белсенді қызметін қамтамасыз ету арқылы өзі үшін істің қолайлы нәтижесіне қол жеткізуде өзінің аталған құқығын тиісінше жүзеге асырудың қосымша кепілі болып табылады.
Қылмыстық процеске қатысатын қорғаушы күдікті, айыптауды теріске шығаратын немесе күдіктінің, айыпталушының жауаптылығын жеңілдететін мән-жайларды анықтау мақсатында қорғаудың барлық заңды құралдары мен тәсілдерін пайдалануға және оларға қажетті білікті заң көмегін көрсетуге міндетті. Қорғаушы: қорғалушының мүдделеріне қарсы қандай да бір әрекеттер жасауға және оған тиесілі құқықтарды жүзеге асыруына кедергі келтіруге; қорғалушының ұстанымына қарамастан, оның қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы барын және оны жасауда кінәлі екенін мойындауға, қорғалушының жәбірленушімен татуласқаны туралы мәлімдеуге; азаматтық талап қоюды мойындауға; қорғалушы берген шағымдар мен өтiнiшхаттарды кері қайтарып алуға; заң көмегін көрсетуге өтініш білдіруге және оның жүзеге асырылуына байланысты өзіне белгілі болған мәліметтерді жария етуге құқылы емес (ҚПК-нің 70-бабының бірінші және бесінші бөліктері).
ҚПК-нің 94-бабының бірінші бөлігінде қорғаушының қылмыстық процеске қатысу мүмкіндігін болғызбайтын мән-жайлар тізбесі қамтылған, олар оның жалпы және арнайы құқықтық субъектілігімен байланысты. Мұндай мән-жайлар болған кезде қорғаушы қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысудан шет қалуға міндетті не оған қылмыстық процеске қатысушылардың қарсылық білдіретіні мәлімделуге тиіс (86-баптың бірінші бөлігі).
ҚПК-нің 94-бабы бірінші бөлігінің 3) тармағында қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қорғаушы ретінде қатысу мүмкіндігін болғызбайтын мән-жайларға оның қорғалушымен мүдделері қарама-қарсы адаммен туыстық қатынастарда болуы жатқызылған.
ҚПК-де "туыстық қатынастар" ұғымының мазмұны ашып көрсетілмейді. Оны "жақын туыстар" (ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер, ата, әже, немерелер) және "туыстар" (арғы атасы бір, үлкен атасы мен үлкен әжесіне дейін туыстық байланыстағы адамдар) деген ұғымдармен бірге жүйелі талқылау арқылы ғана белгілеуге болады, оларға анықтама ҚПК-нің 7-бабының 11) және 50) тармақшаларында берілген. Мұндай интерпретациялау кезінде қылмыстық-процестік заңның қаралып отырған ережелерін дұрыс қолдану үшін туыстық қатынастардағы адамдар тобын нақты айқындауға болады.
Бұдан басқа, ҚПК-де қорғаушыны осы негіз бойынша шеттетуді қорғалушымен мүдделері қарама-қарсы адамның қандай да бір процестік мәртебесінің болуымен байланыстырмайды, қандай іс шеңберінде белгіленген қарама-қарсы мүдделер болуға тиіс екені, олардың сипаты мен білдіру дәрежесі нақтыланбайды.
Конституциялық Соттың пікірінше, қорғалушымен қарама-қарсы мүдделер адамдардың (айыптаушы және қорғаушы тараптар) процестік жағдайымен, зиянды өтеу туралы наразылықтармен және субъектілер мүдделерінің елеулі алшақтығын көрсететін басқа факторлармен байланысты болуы мүмкін. Сондықтан қорғалушымен мүдделері қарама-қарсы адамның (осы адамға процестік мәртебенің берілуіне қарамастан) жақын туыстары және туыстары болып табылатын адвокаттарды қорғаушылар қатарынан алып тастау қылмыстық процестің барлық қағидаттары, оның ішінде сот ісін жүргізуді тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығы негізінде жүзеге асыру, қорғалуға және білікті заң көмегіне құқықтарды қамтамасыз ету және басқалар мүлтіксіз сақтала отырып, қылмыстық процестің міндеттеріне қол жеткізуге бағытталған (ҚПК-нің 23, 26 және 27-баптары). Адвокаттың қорғалушымен (айыпталушымен) мүдделері қарама-қарсы бар адаммен (жәбірленушімен) туыстық қатынастарда болуы мүдделер қақтығысына байланысты адвокат пен оның клиентінің өзара қарым-қатынастарында қажетті сенім деңгейінің болуына күмән келтіреді, адвокаттық қызметтің сапасына теріс әсер етуі мүмкін, бұл қорғалу құқығы мен қылмыстық процестің іргелі бастауларының бұзылуының елеулі тәуекелдерін туғызады. Мұндай жағдайларда адвокаттың қылмыстық процеске қатысуға жіберілмеуі адвокатты мүдделер мен адамгершілік қағидаттарының коллизиялары жағдайында процестік қызметті жүзеге асыру міндетінен қорғай отырып, оның өзінің де мүдделеріне сәйкес келеді.
Қорғалушымен, атап айтқанда жәбірленушімен мүдделері қарама-қарсы адаммен туыстық қатынастардағы қорғаушыны іске жіберу қорғалушыға өз адвокатында жақын (туыстық) өзара қарым-қатынастарға негізделген көздерден алынатын қосымша ақпараттың (таңдалған ұстаным, тактика, оны қорғау тәсілдері және басқалары) болуына байланысты белгілі бір артықшылықтар беріле отырып, сол адамның (айыптаушы тараптың) процестік мүмкіндіктеріне де теріс әсер етуі мүмкін.
Мұндай түсіну кезінде адвокатты қорғалушымен мүдделері қарама-қарсы адаммен туыстық қатынастарда болуы негізінде қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысудан шеттету Конституцияның 13-бабының 3-тармағында бекітілген әркімнің білікті заң көмегін алу құқығына нұқсан келтірмейді.
4. Адвокатпен қатар қорғаушы ретінде басқа адамдар да: жұбайы (зайыбы) немесе жақын туысы, қорғаншысы, қамқоршысы не қорғалушыны қорғаншылыққа немесе асырауына алған ұйымның өкілі (ҚПК-нің 66-бабының екінші бөлігі) жіберілуі мүмкін. Бұл ретте қылмыстық-процестік заңда мұндай адамдарға қорғаушыны шеттету негіздері қолданылатыны-қолданылмайтыны нақтыланбайды.
Конституциялық Сот ҚПК-нің 94-бабының бірінші бөлігінде санамаланған, қорғаушыны қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысудан шеттетуге әкеп соғатын мән-жайлар қорғаушы ретінде қатысатын адвокаттарға ғана қатысты деп пайымдайды.
Қаралып отырған қылмыстық-процестік норманың редакциясында басқа да кемшіліктер бар. Оның бірінші бөлігінде қорғалушымен не сенім білдірушімен мүдделері қарама-қарсы адам туралы жекеше түрде айтылса, ал екінші бөлігінде бұл ұғым көпше түрде (мұндай адамдармен туыстық қатынастарда болса) тұжырымдалған. Норманың құрылымында "мұндай адамдармен" деген сөздер түрліше түсінуге жол береді және оларға қорғалушымен мүдделері қарама-қарсы адамды ғана емес, сонымен бірге қорғалушының өзін де жатқызуға мүмкіндік береді, алайда қылмыстық-процестік заңда айыпталушының өзінің қорғаушысы (адвокаты) ретінде жақын туысын (туысын) таңдауына тыйым салынбайды.
Қорғаушыны қылмыстық процеске қатысудан босату (шеттету) рәсімін барынша егжей-тегжейлі реттеген және бұл ретте пайдаланылатын ұғымдарды біріздендірген жөн. ҚПК-нің 86-бабының бірінші бөлігінде қорғаушы қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысудан шет қалуға (яғни өздігінен бас тартуды мәлімдеуге) міндетті не оған қылмыстық процеске қатысушылардың қарсылық білдіретіні мәлімделуге тиіс деп көрсетілген. Қорғаушыға қарсылық білдіру ҚПК-нің 529-бабы бірінші бөлігінің 9) тармағында да көрсетіледі, оған сәйкес іс сотқа келіп түскеннен кейін судья істі іс жүргізуге қабылдап және қылмыстық теріс қылық туралы істі қарауға кірісе отырып, егер қорғаушыға қарсылық білдіру істің мәні бойынша қаралуына кедергі келтіретін болса, көрсетілген қарсылық білдіруге байланысты істі қарауды кейінге қалдыру туралы қаулы шығарады. Алайда, негіздер және тиісті процестік шешімдерді қабылдайтын субъектілер айқындалған ҚПК-нің 94-бабында қарсылық білдіру (өздігінен бас тарту) туралы айтылмайды, басқа термин – "қорғаушыны қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысудан шеттету" қолданылады, бұл қорғаушыға қарсылық білдіру (оның өздігінен бас тартуы) туралы мәселені шешу кезінде оның нормаларының қолданылуына қатысты әркелкілік туғызады.
Шеттету (өздігінен бас тарту) негіздері адвокат іске кіріскеннен кейін де туындауы немесе белгілі болуы мүмкін екенін ескере отырып, қорғаушының іс бойынша іс жүргізуге қатысудан өздігінен шет қалу міндетін және адвокаттың өзі мойнына алған қорғаудан бас тартуына жол бермеуді (ҚПК-нің 66-бабының бесінші бөлігі және 86-бабының бірінші бөлігі) бекітетін ҚПК ережелерін үйлестіру керек.
Заң, Конституциялық Сот өзінің қорытынды шешімдерінде бірнеше рет атап өткендей, заңдық тұрғыдан дәлме-дәл талаптарына сәйкес келуге және салдары болжаулы болуға тиіс, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалуға және заң ережелерін өзінше интерпретациялау мүмкіндігіне жол бермейтін түсінікті өлшемшарттарға негізделуге тиіс (2023 жылғы 18 мамырдағы № 14-НҚ, 2023 жылғы 31 тамыздағы № 27-НҚ, 2023 жылғы 25 қыркүйектегі № 29-НҚ нормативтік қаулылар және басқалар).
Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 55 – 58, 62-баптарын, 64-бабының 2, 3-тармақтарын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 94-бабы бірінші бөлігінің 3) тармағы қорғалушымен мүдделері қарама-қарсы адаммен туыстық қатынастардағы қорғаушының қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысуына тыйым салу бөлігінде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселесін қарау ұсынылсын.
Қабылданған шаралар туралы алты ай мерзімде Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына ақпарат берсін.
3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты |