"Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабы 2-тармағы 11) тармақшасының және "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-тармағы 9) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 31 тамыздағы № 27-НҚ нормативтік қаулысы

                          ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

           "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабы 2-тармағы 11) тармақшасының және "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-тармағы 9) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы


      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі Р.А. Байжановтың,

      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өкілі – министр орынбасары Д.М. Ахмедиевтің,

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының міндетін атқарушы Қ.М. Ақтановтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – Заңнама департаментінің директоры Ш.Ж. Манкешовтің,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі М.Т. Кемаловтың,

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі – Заң департаменті бастығының міндетін атқарушы Е.К. Баялиннің қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Р.А. Байжановтың "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" 2012 жылғы 16 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Әскери қызмет туралы заң) 38-бабы 2-тармағы 11) тармақшасының және "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Құқық қорғау қызметі туралы заң) 6-бабы 2-тармағы 9) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Б.М. Нұрмұхановтың хабарламасын тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан Республикасының заңнамасына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына Әскери қызмет туралы заңның 38-бабы 2-тармағы 11) тармақшасының және Құқық қорғау қызметі туралы заңның 6-бабы 2-тармағы 9) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.

      Өтініштен 2013 жылы өтініш беруші қатарынан үш және одан көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмағаны үшін әскери қызметтен шығарылғанын түсінуге болады. Бірнеше жыл өткеннен кейін ол тиісті мемлекеттік органдарға әскери қызметте және құқық қорғау қызметінде лауазымдарға орналасу мүмкіндігін түсіндіру өтінімімен жүгінген. Алайда оған аталған заңдарға сілтеме жасала отырып, қызметке қабылдану мүмкін еместігі туралы жауаптар берілген.

      Өтініш субъектісі өзін осы нормалар әскери қызметке және құқық қорғау қызметіне қол жеткізу құқығынан өмір бойына айырады, бұл әділетсіз және тым қатаң деп ойлайды. Ол өзі жұмыстан шығарылған кезде Әскери қызмет туралы заңның 38-бабы 2-тармағының 8) тармақшасында теріс себептермен мемлекеттік немесе әскери қызметтен шығарылған адам, егер қызметтен шығарылған күннен бастап үш жыл өтпесе, келісімшарт бойынша әскери қызметке қабылданбайды деп белгіленгенге де назар аударады.

      Аталған заңнамалық актілердің дау айтылып отырған ережелерінің конституциялылығын тексеру кезінде өтініш нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Конституцияның 36-бабына сәйкес Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті. Республика азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады.

      Әскери қызмет – егемендікті, аумақтық тұтастықты жəне Қазақстан Республикасы Мемлекеттік шекарасының қол сұғылмаушылығын қарулы қорғаумен байланысты əскери қауіпсіздікті тікелей қамтамасыз етуге бағытталған Қарулы Күштер, басқа да əскерлер мен əскери құралымдар əскери қызметшілерінің мемлекеттік қызметінің ерекше түрі (Әскери қызмет туралы заңның 1-бабының 16) тармақшасы).

      Конституциялық Сот 2023 жылғы 6 наурыздағы № 4 нормативтік қаулысында мемлекеттік қызметтің миссиясын, мемлекеттік қызметшілердің ерекше құқықтық мәртебесін, олардың алдына қойылған міндеттердің өзіндік ерекшелігін ескере отырып, мемлекет азаматтар үшін, кандидаттарға қойылатын талаптарды және тиісті шектеулерді қоса алғанда, мемлекеттік қызметке кіру және оны өткеру қағидаларын айқындауға құқылы, бұлар мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық сенімін және берілген өкілеттіктердің теріс пайдаланылуына жол бермеуді қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты болуы мүмкін деп атап өтті. Бұл құқықтық ұстанымдар мемлекеттік қызметтің ерекше түрі ретінде әскери қызметке де қатысты, оған кіру де азаматтардың мемлекеттік қызметке қол жеткізу, еңбек ету бостандығы, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдау құқықтарын іске асырумен байланысты (Негізгі Заңның 24-бабының 1-тармағы және 33-бабының 4-тармағы).

      Мызғымас конституциялық құндылықтарды қарулы қорғау кез келген жағдайда, оның ішінде өмірі тәуекелге тігілген жағдайда да қойылған міндеттерді тиімді шешу мақсатында әскери бөлімшелердің жауынгерлік қабілеттілігінің жоғары деңгейін және тәртіпті қамтамасыз етуді талап етеді. Әскери қызметшілердің конституциялық маңызы бар функцияларды орындауы олардың арнаулы құқықтық мәртебесін алдын ала айқындайды. Бұл мемлекеттік қызметшілердің басқа санаттарымен салыстырғанда оларға жоғары талаптар қою және шектеулер, оның ішінде өздеріне жүктелген жалпы, лауазымдық және арнайы міндеттерді орындамауына немесе тиісінше орындамауына байланысты шектеулер белгілеу мүмкіндігін көздейді. Азаматтар әскери қызметке ерікті түрде кіре отырып, оны өткерудің ерекше қағидаларымен, оларды сақтамағаны үшін жауаптылық шараларымен келіседі және әскери қызметшінің құқықтық жағдайынан туындайтын тыйым салулар мен шектеулерді өзіне қабылдайды.

      Азаматтардың мемлекеттік қызметке, оның ішінде әскери қызметке және құқық қорғау қызметіне қол жеткізуге конституциялық құқығы заңдармен ғана және конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана шектелуі мүмкін. Конституциялық Сот бірнеше рет атап өткендей, заң шығарушы мұндай заңдарды қабылдай отырып, конституциялық құқықтар мен бостандықтардың мәнін бұрмаламай және Конституцияда айқындалған мақсаттарға сәйкес келмейтін шектеулерді енгізбей, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеудің жол берілетін конституциялық шегін негізге алуға міндетті. Адам құқықтары мен бостандықтарына кез келген заңнамалық шектеулер заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болуға және әділдік, пропорционалдық және мөлшерлестік талаптарына сай келуге тиіс. Атап айтқанда, әскери қызметке қабылдауға тыйым салулар белгіленген кезде бұл жол берілген бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесі, оның салдары, мән-жайы, кінәлілік нысаны, жасалу себептері мен жағдайлары, құқық бұзушының жеке басын сипаттайтын мән-жайлар және басқа да факторлар ескеріле отырып қамтамасыз етілуге тиіс.

      Теріс себептермен әскери қызметті мерзімінен бұрын тоқтату әлеуметтік және өзге де кепілдіктерден айырумен де ұштасады және елеулі жалпықұқықтық салдарға әкеп соғады, осыған байланысты әскери қызметшіні бұлайша жұмыстан шығару үшін кез келген емес, адамның әскери қызмет талаптарына сәйкес келмейтіндігін анық куәландыратын, заңнаманы елеулі бұзушылықтары негіз болуға тиіс. Өтініш нысанасына қатысты бұл әскери қызметшінің қатарынан үш және одан көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмауы, егер оны бірнеше рет жасаса, әскери қауіпсіздік мүдделеріне елеулі зиян келтіруге алып келсе немесе алып келуі мүмкін болса (ұрыс қимылында, соғыс уақытында, жұмылдыру кезеңінде, төтенше жағдай, терроризмге қарсы операция режимі жағдайларында және өзге де жағдайларда жол берілсе), осындай негіз ретінде қарастырылуы мүмкін деп көзделеді.

      2. Әскери қызмет туралы заң Қазақстан Республикасы азаматтарының әскери қызметті өткеруі саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді және оның күші ведомстволық бағыныстылығына қарамастан барлық әскери қызметшілерге қолданылады (Кіріспе, 4-бап). Ол әскери қызмет және әскери қызметшілер мәртебесінің қағидаттарын, сондай соңғылардың жалпы міндеттерін, оның ішінде Конституцияны және басқа да нормативтік құқықтық актілерді, жалпыәскери жарғы талаптарын сақтау, тәртіпті, қырағы болу міндеттерін және басқа да міндеттерді белгілейді (3-бап, 7-баптың 1-тармағының 1) және 5) тармақшалары).

      Әскери қызмет туралы заңның дау айтылып отырған нормасы оның әскери қызметшіні теріс себептермен әскери қызметтен шығару жағдайларын айқындайтын өзге де ережелерімен (26-баптың 2-тармағы) тығыз байланысты. Заңның 26-бабы 2-тармағының Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органының немесе ішкі істер органының әскери қызметшісінің қатарынан үш және одан көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмауы сияқты негізді қамтитын 8) тармақшасын қоспағанда, бұлар барлық әскери қызметшілерге қатысты болады.

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларына сәйкес әскери қызметшілерді осындай теріс себеппен әскери қызметтен шығару қызметтік тергеп-тексеру қорытындысы негізінде жүргізіледі. Әскери қызметтен шығарылған адамдар қызметтен шығару туралы шешімге жоғары тұрған қолбасшылық алдында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сотта шағым жасауға құқылы (168-тармақтың 8) тармақшасы, 172-тармақ).

      Келтірілген ережелерден осы тәртіп бұзушылық қызметі азаматтардың әскери қызмет өткеруімен байланысты түрлі мемлекеттік органдарда әскери қызметшілерді әртүрлі жауаптылық шараларына әкеп соғатыны шығады. Аталған мемлекеттік органдарда ол өзге мән-жайларға (салдарға, жағдайларға және басқаларға) қарамастан, бір рет қана бұзу фактісі анықталған кезде тоқтатылады. Мұндай іс-әрекеттің құқықтық саралануының және одан туындайтын салдарының да айырмашылығы болады. Мәселен, Қорғаныс министрлігі әскери қызметшісінің қатарынан үш және одан көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмауы жұмыстан шығару үшін теріс себеп деп танылатын дербес негіз ретінде көзделмеген және тиісінше әскери лауазымдарға қайта орналасуына кедергі келтірмейді, заңдарда көзделген басқа да жалпықұқықтық салдарға әкеп соқпайды. Осылайша мемлекеттік қызметтің бір түрі шеңберінде ұқсас әскери тәртіп бұзушылықтың түрліше саралануы қызмет орнына (органына) қарай әскери қызметшілерді әртүрлі жауаптылық шараларына алып келеді және бірдей емес салдарға әкеп соғады. Жұмыстан шығару негіздерінің және олармен байланысты шектеулердің мұндай жіктелуінде объективті және ақылға қонымды негіздеме жоқ, әскери қызметтің жалпы қағидаттарына сәйкес келмейді және заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең екенін (Конституцияның 14 және 39-баптары) бұзуға алғышарттар жасайды.

      Жұмыскердің (қызметкердің) қатарынан үш және одан көп сағат бойы дәлелді себепсіз жұмыста (қызметте) болмау фактісін анықтау бір жұмыс күні немесе жұмыс ауысымы шеңберінде жүзеге асырылатын басқа заңдардан (2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 8) тармақшасы, Құқық қорғау туралы заңның 80-бабы 1-тармағының 19) тармақшасы) айырмашылығы Әскери қызмет туралы заңда мұндай кезең көрсетілмеген. Әскери қызметшілер түрлі жағдайларда – әскери қызмет өткерудің барлық уақыты ішінде де (мысалы, мерзімді әскери қызмет кезінде, әскери жиындар барысында), күн тәртібімен белгіленген қызмет уақыты ішінде әскери бөлімнің аумағында болған жағдайларда да әскери қызмет міндеттерін орындауда болды деп есептеледі (5-баптың 3-тармағының 7) тармақшасы). Заңда әскери қызметшінің уақытша (бір жұмыс күні ішінде немесе қатарынан) болмауы белгіленетін жалпы уақыт аралығын көрсетпеу, әскери қызметтің ерекшеліктерін ескере отырып, құқық қолдану практикасында құқықтық норманы түрліше түсінуге жол береді. Конституциялық Сот заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл талаптарына сәйкес келуге және салдары болжаулы болуға тиіс, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалуға және өзінше интерпретациялау мүмкіндігіне жол бермейтін түсінікті өлшемшарттарға негізделуге тиіс дегенге назар аударады (2023 жылғы 18 мамырдағы № 14-НҚ нормативтік қаулысы және басқалар).

      Әскери қызметшілер қылмыстар, теріс қылықтар және өзге де құқық бұзушылықтар үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстық, әкімшілік, азаматтық-құқықтық және тәртіптік жауаптылықта болады. Әскери қызметшінің қатарынан үш және одан көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмауы мән-жайларға қарай тәртіптік немесе қылмыстық құқық бұзушылық ретінде саралануы мүмкін (2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 441449-баптары).

      Конституциялық Сот түсіндіргендей, ұқсас немесе бірдей іс-әрекеттер үшін жауаптылықтың салааралық жіктелуі қылмыстық-құқықтық, әкімшілік-құқықтық және өзге де ықпал ету шаралары, олардың салдарының сипаты мен қатаңдығы жасалған құқық бұзушылық ауырлығына сәйкес келуге, әділдік, мөлшерлестік және нысана тұрғысынан өзара байланысты, әртүрлі салаға тиесілі нормалардың өзара үйлесімділік талаптарына сай келуге тиіс дегенге де негізделеді, бұл Конституцияның 39-бабының ережелерінен туындайды (2023 жылғы 6 наурыздағы № 4 нормативтік қаулы).

      Бұрын қатарынан үш және одан көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметінде болмағаны үшін одан шығарылған адамдарға әскери қызметке кіруге мерзімсіз тыйым салуды белгілеу бөлігінде Әскери қызмет туралы заңның 38-бабы 2-тармағының 11) тармақшасы аталған талаптарға сай келмейді. Талдау көрсеткендей, әскери қызметшінің дәлелді себепсіз қызметте болмауынан көрінген қылмыстық теріс қылықтар жасауы оны жұмыстан шығаруға негіз болып табылмайды, өйткені қылмыс жасағаны үшін соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуі (26-баптың 2-тармағының 1) тармақшасы) мұндайға негіз деп танылады. Бұдан басқа, келісімшарт бойынша әскери қызметке сот белгілі бір мерзім ішінде мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан айырған адам, сондай-ақ қызметке кірер алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін өзіне қатысты соттың айыптау үкімі шыққан немесе қызметке кірер алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) жəне 12) тармақтары немесе 36-бабы негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылған адам қабылданбайды (38-баптың 2-тармағының 3) және 10) тармақшалары). Бұл белгілі бір кезең өткеннен кейін Әскери қызмет туралы заң әскери және өзге де қылмыстық теріс қылықтар жасаған адамдардың әскери қызметке қайта кіруіне жол беретінін білдіреді (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 443-бабының бірінші бөлігі және басқалар).

      3. Құқық қорғау қызметі – құқық қорғау органдары лауазымдарындағы мемлекеттік қызметтің ерекше түрі, сондай-ақ өзге де жағдайлардағы қызмет (Құқық қорғау қызметі туралы заңның 1-бабының 6) тармақшасы). Ол жария-құқықтық сипатқа ие және конституциялық маңызы бар міндеттерді шешуге бағытталған.

      Құқық қорғау қызметінің қызметшілерге қойылатын талаптар, кіру және өткеру шарттары, қолданылатын құралдар және басқа да белгілер бойынша әскери қызметпен көптеген ортақ ұқсастықтары бар. Мемлекеттік қызметтің осы түрлерінің өзара тығыз байланысы мен жақындығын назарға ала отырып, қолданыстағы заңнамада соңғы жылдары құқық қорғау қызметі мен әскери қызметтің кейбір ортақ мәселелерін құқықтық реттеуді ақылға қонымды етіп біріздендіру, қызметкерлерге (қызметшілерге) белгілі бір қағидаларды, тыйым салулар мен шектеулерді қолданудың әмбебап тәсілдерін енгізу қаралуда.

      Құқық қорғау қызметі туралы заңда құқық қорғау қызметін өткеру кезінде қызметкерлер Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын, құқық қорғау органдарының қызметінде маңызды рөл атқаратын қызметтік және еңбек тәртібін сақтауға міндетті екендігі бекітілген (16-баптың 1-тармағының 1) және 5) тармақшалары).

      Қызметкерді құқық қорғау қызметінен шығару негіздерінің бірі – оның бір жұмыс күні ішінде қатарынан үш және одан көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмауы. Бұл ретте әскери қызметтен (арнаулы мемлекеттік органдар мен ішкі істер органдарының әскери қызметшілеріне қатысты) және арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметтен айырмашылығы, бұл теріс себеп деп танылмайды және тиісінше құқық қорғау қызметінде лауазымдарға орналасуға немесе әскери қызметке кіруге кедергі келтірмейді (Құқық қорғау қызметі туралы заңның 6-бабы 2-тармағының 9) тармақшасы, 80-бабы 1-тармағының 19) тармақшасы және 3-тармағы, Әскери қызмет туралы заңның 38-бабы 2-тармағының 11) тармақшасы).

      Әскери қызметшінің қатарынан үш және одан көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмауы сияқты негіз бойынша әскери қызметті тоқтату кейіннен адамды құқық қорғау қызметіне жіберу кезінде ескерілуі мүмкін. Мысалы, азамат осындай негізбен жұмыстан шығарылғаннан кейін үш жыл өткен соң мемлекеттік қызметке кіруге құқылы ("Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 14) тармақшасы). Алайда, осыған байланысты шектеулер өзара үйлесімді және Конституцияның 39-бабы 1-тармағының талаптарына сай келуге тиіс.

      Конституциялық Сот құқық қорғау қызметі және әскери қызмет туралы қолданыстағы заңнамада белгіленген, қызметкердің (қызметшінің) дәлелді себепсіз уақытша болмауынан көрінген қызметтік тәртіпті ұқсас бұзушылықтарға сипаты мен салдары бойынша айырмашылығы болатын теріс қылықтар (теріс себеп немесе ондай емес) ретінде баға беру тәсілдері объективті түрде ақталмайды, мемлекеттік қызметтің сол бір немесе ұқсас түрлерін атқаратын адамдардың құқықтарында негізсіз айырмашылықтар туғызады, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеу бойынша бастапқыда қойылған конституциялық маңызы бар мақсаттарға қол жеткізуге әкелмейді деп пайымдайды.

      4. Әскери қызмет туралы заңның 38-бабы 2-тармағының аталған адамдарға әскери қызметке кіруге (үш жылдың орнына) мерзімсіз тыйым салу енгізілген 11) тармақшасы қолданылып жүрген редакцияда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қорғаныс және әскери қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2017 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Заң) жазылған. Осы Заңның қолданысқа енгізу тәртібін реттейтін оның 2-бабында жаңа талаптың кері күші туралы ережелер көзделмеген.

      Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 10 наурыздағы № 2/2 нормативтік қаулысында Парламент қабылдаған заңдар, егер бұл туралы шешім заңның өзінде немесе оны қолданысқа енгізу туралы қаулыда бекітілген болса, кері күшімен қолданылуы мүмкін деп түсіндіріледі. Бұдан басқа, "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңында нормативтiк құқықтық актiнiң немесе оның бiр бөлiгiнiң керi күшi оның өзiнде немесе нормативтiк құқықтық актiнi қолданысқа енгiзу туралы актiде көзделген, сондай-ақ кейiнгiсi азаматтарға жүктелген міндеттерді алып тастайтын немесе олардың жағдайын жақсартатын жағдайларды қоспағанда, нормативтiк құқықтық актiнiң күшi ол қолданысқа енгiзілгенге дейiн туындаған қатынастарға қолданылмайды. Азаматтарға жаңа міндеттерді жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды деп белгіленген (43-бап).

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62, 64-баптарын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабы 2-тармағының 8) тармақшасымен өзара байланысты болу үшін қатарынан үш және одан көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмағаны үшін әскери қызметтен шығарылған адамдардың әскери қызметке және құқық қорғау қызметіне кіруіне мерзімсіз тыйым салуды белгілеу бөлігінде "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабы 2-тармағының 11) тармақшасы және "Құқық қорғау қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-тармағының 9) тармақшасы осы құқықтық шектеудің мөлшерлестігінің болмауына байланысты Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы нормативтік қаулы жарияланғаннан кейін алты айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Қазақстан Республикасының заңнамасын Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес келтіруге бағытталған заң жобасын енгізсін.

      Қолданылған шаралар туралы көрсетілген мерзімде Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына ақпарат берсін.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады