2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 197-бабының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 18 мамырдағы № 14-НҚ нормативтік қаулысы

                          ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

           2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 197-бабының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы


      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісінің өкілі – адвокат Д.П. Куряченконың,

      Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі – төрағаның орынбасары Ж.Ф. Елемесовтің,

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – министрдің орынбасары Қ.И. Сөнтаевтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр А.Қ. Мұқанованың,

      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің өкілі – Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қ.И. Миятовтың,

      Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің өкілі – Мұнай тасымалдау және өңдеу департаментінің директоры С.Қ. Мергеновтің,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      сарапшы – заң ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Қ.Ж. Балтабаевтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Ержан Хайроллаевич Шамиевтің 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – Қылмыстық кодекс) 197-бабының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Е.Ә. Оңғарбаевтың хабарламасын тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, халықаралық тәжірибеге, Қазақстан Республикасының және жекелеген шет елдердің заңнамасына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына Е.Х. Шамиевтің Қылмыстық кодекстің 197-бабын Қазақстан Республикасы Конституциясының 1-бабының 1-тармағына, 12-бабының 14-тармақтарына, 13, 14-баптарына, 16-бабының 1-тармағына, 17, 18, 21-баптарына, 24-бабының 1 және 2-тармақтарына, 26-бабына, 27-бабының 1 және 2-тармақтарына, 29-бабының 1 және 3-тармақтарына, 33-бабының 1, 2 және 4-тармақтарына, 39-бабына сәйкес келмейді деп тану туралы өтініші келіп түсті.

      Павлодар қаласы № 2 сотының 2022 жылғы 19 сәуірдегі үкімімен Е.Х. Шамиев Қылмыстық кодекстің 197-бабы төртінші бөлігінің 2) тармағында көзделген қылмысты жасауда кінәлі деп танылып, оған мүлкі тәркілене отырып, бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындалады, мұны Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы 2022 жылғы 3 тамыздағы қаулысымен өзгеріссіз қалдырады.

      Қылмыстық кодекстің дау айтылып отырған нормасына сәйкес мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдағаны, иемденгені, өткiзгені, сақтағаны, сондай-ақ мұнайды қайта өңдегені үшін адам қылмыстық жауаптылыққа тартылады.

      Өтініштен Қазақстан заңнамасында мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжат деген ұғым ашылып жазылмағанын түсінуге болады. Оның нысаны, мазмұны, оны бекіту және беру тәртібі жоқ. Құқық қолданушылар алып қоятын құжаттар мұнай өнімдерінің кәдімгі іскерлік айналымында қолданылады (ілеспе жүкқұжаттары, тарапқа қорлар беруге арналған жүқұжаттар және басқалар), мұнайды және мұнай өнімдерін тасымалдаудың, иемденудің, өткізудің, сақтаудың заңдылығын растайтын құжаттар ретінде әрекет етеді, бірақ олардың заңды шығарылуын растамайды. Бұдан басқа, Қылмыстық кодекстің 197-бабының "Меншiкке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар" деген тарауда орналасқанына қарамастан, қаралып отырған бап бойынша қылмыстық істерде меншік иесі болып табылатын жәбірленушілер жоқ.

      Өтініш нысанасына қатысты Қылмыстық кодекстің қаралып отырған нормасының конституциялылығын тексерген кезде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Конституцияның 34-бабының 1-тармағына сәйкес әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Әрбір адамға осы міндетті белгілеу конституциялық құрылысты қорғаудың, қоғамдық тәртіпті сақтаудың, мемлекеттің өз әлеуметтік-экономикалық, саяси және өзге де функцияларын орындауының, құқық үстемдігін қамтамасыз етудің қажетті құралы болып табылады.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының және заңнамасының нормаларын бұзу жасалған іс-әрекеттің сипатына және ауырлық дәрежесіне қарай жеке немесе мүліктік сипаттағы белгілі бір айырулар мен шектеулерді жүктей отырып, заңдық жауаптылыққа әкеп соғады.

      Адам құқықтарын шектеудің негіздері мен шегі және олардың сипаты Конституцияның 39-бабы 1-тармағының нормаларынан туындайды, оған сәйкес "адамның құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін".

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі өзінің бірқатар нормативтік қаулысында түрлі өтініштер нысанасы мәнмәтінінде Конституцияның 39-бабының 1-тармағына ресми түсіндіру берген болатын (2001 жылғы 9 шілдедегі № 11/2, 2003 жылғы 10 маусымдағы № 8, 2005 жылғы 1 шілдедегі № 4, 2007 жылғы 28 мамырдағы № 5).

      Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының резолюциясымен 1948 жылы 10 желтоқсанда 217 А (III) қабылданған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының 29-бабының 2-тармағында өзінің құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыру кезінде әр адам басқалардың құқықтары мен бостандықтарын тиісті түрде тану мен құрметтеуді қамтамасыз ету және демократиялық қоғамдағы моральдің, қоғамдық тәртіп пен жалпы игіліктің әділетті талаптарын қанағаттандыру мақсатында тек қана заңда белгіленген шектеулерге ғана ұшырауға тиіс деп атап өтіледі.

      2. Негізгі Заңның 61-бабы 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Парламент қабылдайтын қылмыстық заңда Конституциямен қорғалатын құндылықтар мен объектілерге ең ауыр қолсұғушылық үшін жауаптылық белгіленеді және азаматтардың құқықтары мен бостандықтары көп жағдайда шектеледі.

      Қандай да бір іс-әрекеттерге қылмыстық сипат беру кезінде заң шығарушы бірінші кезекте олардың қоғамға қауіптілігі дәрежесін негізге алады. Бұдан басқа, қылмысқа қарсы іс-қимылға бағытталып қабылданатын заңдардың әлеуметтік және экономикалық алғышарттары мен салдары ескеріледі.

      Конституциялық Сот құқыққа қарсы әрекетке қылмыстық сипат берумен байланысты мәселелерді шешу кезінде қылмыстық заң нормаларының диспозицияларында құқықтық ұйғарымдардың айқындылығы және олардың құқықтық реттеудің жалпы жүйесінде келісілу талаптары нақты сақталуға тиіс деп пайымдайды. Сондықтан кез келген қылмыстық құқық бұзушылық және ол үшін белгіленген жаза әрбір адам өзінің әрекеттерінің (әрекетсіздігінің) қылмыстық-құқықтық салдарын болжай алатындай болып көзделуге тиіс. Конституциялық Кеңестің 2008 жылғы 27 ақпандағы № 2 нормативтік қаулысында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектейтін заң мейлінше түсінікті тұжырымдалуға, оны әртүрлі түсінуге мүмкіндігіне жол бермей, құқық бұзушылық белгілері де, қорғау үшін қабылданған конституциялық мақсаттары да нақты көрсетілуге тиіс деп аталап өтілген.

      Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу әрекеттерін қылмыстық жазаланатын деп тануға мұнайдың және мұнай өнімдерінің көлеңкелі экономикасының ұлғайып отырған көлемі мен заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау қажеттігі себеп болды (Қылмыстық кодекстің 197-бабы). Мемлекет стратегиялық маңызды энергия тасымалдаушылар ретінде мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу жөнінде шараларды қабылдай отырып, елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, сондай-ақ халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыруды мақсат етеді.

      Қылмыстық кодекстің 197-бабына жүргізілген құқықтық талдау қылмыстық заңның нормаларын әртүрлі түсінуге және тиісінше түрлі қолдануға алып келетін жекелеген кемшіліктерге назар аудару қажеттігін куәландырады.

      Қылмыстық кодекстің 197-бабы құрылымының күрделілігі мен белгісіздігі құқық қолдану практикасында проблемалар туғызады. Заң шығарушы бір құрамда қылмыстық құқық бұзушылықтың екі нысанасын (мұнай және мұнай өнімдері) және олар үшін ортақ бірнеше әрекетті (тасымалдау, иемдену, өткізу, сақтау) біріктіріп, мұнаймен – оны қайта өңдеумен байланысты жеке жазаланатын әрекетті бөліп көрсетті.

      Мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттардың болмауы осы әрекеттерге қылмыстық сипат беру белгісі болып табылады.

      Нақ қандай құжат мұнайдың немесе мұнай өнімдерінің шығарылу заңдылығын растайтын құжат ретінде әрекет етеді деген дәлме-дәл және нақты заңнамалық анықтаманың болмауы құқық қолданушы тарапынан кеңінен түсінік беруге алғышарттар жасайды және азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын бұзуға алып келуі ықтимал.

      Қолданыстағы заңнамаға жүргізілген талдау мұнайдың және мұнай өнімдерінің айналымына байланысты құжаттарға қойылатын белгілі бір талаптар жеткіліксіз болса да белгіленгенін көрсетеді.

      Мәселен, "Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы" 2011 жылғы 20 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңында (бұдан әрі – 2011 жылғы 20 шілдедегі Заң) "шығарылуын растайтын құжат" ұғымы өнім берушілердің осындай құжаттары болған кезде мұнай өнімдерін өндірушілердің шикі мұнайды, газ конденсатын, қайта өңдеу өнімдерін иемдену, қайта өңдеуге қабылдау міндетіне қатысты ғана қолданылады (12-баптың 1-тармағының 10) тармақшасы).

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрінің 2014 жылғы 8 шілдедегі № 257 бұйрығымен Тауардың шығу тегін растайтын құжаттардың тізбесі (бұдан әрі – Тізбе) бекітілді. Аталған тізбе "Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы" 2013 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабының 8) тармақшасына сәйкес қалыптастырылды және кәсіпкерлік субъектілерінің сыртқы экономикалық қызметін дамыту саласында Ұлттық палатаның функцияларын іске асыруға бағытталады. Ұлттық палата тауарлардың шығарылу заңдылығын емес, оларды шығарған елді растау мақсатында тауардың шығарылуы туралы сертификат береді.

      2011 жылғы 20 шілдедегі Заңмен көтерме өнім берушілерге және бөлшек саудада өткізушілерге мұнай өнімдерінің айналымы кезінде олардың шығарылу заңдылығын растайтын құжаттардың болу міндеті жүктелмейді.

      2011 жылғы 20 шілдедегі Заңның 1-бабының 28) тармақшасына сәйкес мұнай өнімдерінің айналымын бақылауға арналған және мұнай өнімдерін босату мен қабылдап алу жөніндегі операцияларды, сондай-ақ мұнай берушілерге мұнай өнімдерін беру жөніндегі операцияларды ресімдеу үшін қажетті құжат тауарларға ілеспе жүкқұжат болып табылады.

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – Қаржы министрінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 1424 бұйрығымен Тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу жөніндегі міндет қолданылатын тауарлар тізбесі, сондай-ақ Тауарларға арналған ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу және олардың құжат айналымы қағидалары бекітілді.

      Құқық қолдану практикасы Қылмыстық кодекстің 197-бабы бойынша жауаптылық мәселесін қарау кезінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдары мен соттар мұнайдың және мұнай өнімдерінің шығарылу заңдылығын растау мәселелерін әр түрлі шешетіндігін куәландырады.

      Конституциялық іс жүргізуге қатысушылар Қылмыстық кодекстің қаралып отырған бабы бойынша қылмыстық қудалауды жүзеге асыру кезінде кәсіпкерлер мен тасымалдаушылар ұсынған шарттар, ілеспе жүкқұжаттар, шот-фактуралар және басқа да құжаттар назарға алынатынын атап өтеді.

      Конституциялық Сот Қылмыстық кодекстің 197-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының диспозициясында мұнайдың және мұнай өнімдерінің айналымына байланысты қандай да бір әрекеттерді жасаудың заңдылығын растайтын құжаттар туралы айтылып отыр деп пайымдайды. Мұндай құжаттардың болмауы адамды қылмыстық жауаптылыққа тартудың негізгі шарты болып табылады.

      3. Қылмыстық кодекстің дау айтылып отырған бабының конституциялылығына баға беру кезінде өзге де кемшіліктер анықталды. Қылмыстық кодекстің 197-бабының объективті жағының жекелеген әрекеттері аталған Кодексте (196-баптың үшінші бөлігінің 1) тармақшасы) және 2014 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде (283-1-баптың бесінші бөлігі) көзделген басқа құрамдармен бәсекелестікте болады.

      Конституциялық Сот қоғамға қауіпті қол сұғушылық объектісін дұрыс айқындаудың маңызды практикалық мәні бар, өйткені бұл қылмыстық жауаптылық көзделетін құқыққа қарсы әрекетті құқыққа сыйымды әрекеттен ажыратуға, сондай-ақ іс-әрекеттерді дұрыс саралауға септігін тигізеді деп есептейді.

      Конституциялық іс жүргізу барысында мемлекеттік органдардың өкілдері берген түсіндірулерден іс жүзінде қылмыстық құқық бұзушылықтың осы түрінің объектісі экономикалық қызмет саласындағы қоғамдық қатынастар болып табылатынын түсінуге болады, ал бұл кезде Қылмыстық кодекстің 197-бабы "Меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар" деген 6-тарауда тұрғаны шығады.

      Меншікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтардың тектік объектісі меншік институтымен байланысты қоғамдық қатынастар болып табылады. Сонымен бірге, Қылмыстық кодекстің 197-бабының диспозициясынан меншік құқығын қылмыстық-құқықтық қорғау міндеті тікелей байқалмайды. Бұдан басқа, көрсетілген бапта көзделген іс-әрекеттерді жасаған кезде мұнайдың немесе мұнай өнімдерінің меншік иесіне немесе өзге де иесіне зиян келтірілмеуі де мүмкін.

      Қылмыстық кодекстің 197-бабының бірінші және екінші бөліктерінде қылмыстық теріс қылық белгілері қамтылады. Бұл ретте заң шығарушы аталған іс-әрекеттерге қылмыстық сипат беру шегін белгілемеген. Демек, мұнайдың және мұнай өнімдерінің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдағаны, иемдегені, өткізгені, сақтағаны, сондай-ақ мұнайды қайта өңдегені үшін қылмыстық жауаптылық мұнайдың немесе мұнай өнімдерінің шамалы көлемімен осы іс-әрекеттер жасалған кезде де туындауы мүмкін.

      Қылмыстық жауаптылық үшін бірден-бір негіз болып табылатын қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілерін айқындаудың мұндай тәсілі құқық қолданушыға осы белгілерді кеңінен түсіндіруге мүмкіндік береді және адамның Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіруге алып келуі мүмкін.

      Осыған байланысты, іс-әрекетті қылмыстық жазаланатындар санатына жатқызу өлшемшарттары болып табылатын шекті мәндер басқа да біртекті қылмыстық құқық бұзушылықтармен ұқсастығы бойынша белгіленуге тиіс.

      Конституциялық Сот қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын заңнамалық регламенттеуге қатысты, тұтастай алғанда қылмыстық заңның нормалары айқындық, анықтық және тиянақтылық талаптарына барынша сәйкес келуге тиіс, ал баяндаудың бланкеттік нысаны кезінде олардың элементтері тиісті нормативтік құқықтық актілерде нақты ашылуға тиіс дегенді негізге алған жөн деп есептейді. Адамның конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтаудың, оларды мемлекеттік органдар тарапынан өз бетінше араласудан қорғаудың кепілі құқықтық айқындық болып табылады.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 63-бабының 3 және 4-тармақтарын, 64-бабының 4-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 197-бабы Конституциялық Сот берген түсіндірмеде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын:

      адамды мұнайды және мұнай өнімдерін тасымалдағаны, иемденгені, өткізгені, сақтағаны, сондай-ақ мұнайды қайта өңдегені үшін қылмыстық жауаптылыққа тартқан кезде олардың шығарылу заңдылығын растайтын құжаттар деп адамның аталған әрекеттерді жасау заңдылығын куәландыратын, Қазақстан Республикасының заңнамасында регламенттелген құжаттарды түсінген жөн.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы нормативтік қаулы жарияланғаннан кейін алты айдан кешіктірмей Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және өзге де заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын енгізсін.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады