ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,
өтініш субъектісі А.А. Ващенконың өкілі – заң консультанты Е.Б. Кокшеневтің,
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр Л.К. Мерсалимованың,
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің сектор меңгерушісі Г. Жумагаликызының,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,
Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі – бас ғылыми қызметкер Н.Н. Турецкийдің,
Парламентаризм институтының өкілі – атқарушы директор А.К. Канатовтың,
сарапшы – заң ғылымдарының кандидаты А.Б. Омарованың қатысуымен,
өзінің ашық отырысында "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 37-бабы 6-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішті қарады.
Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы А.Е. Жатқанбаеваны және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының және жекелеген шет елдердің қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
анықтады:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) Кодекстің 37-бабы 6-тармағының Қазақстан Республикасы Конституциясының (бұдан әрі – Конституция) 6-бабының 1-тармағына, 14-бабының 1 және 2-тармақтарына, 26-бабының 2 және 3-тармақтарына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті. Кодекстің 37-бабының 6-тармағына сәйкес некесi (ерлі-зайыптылығы) бұзылған ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу туралы ерлi-зайыптылардың талаптарына неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған кезден бастап талап қоюдың ескіруінің үш жылдық мерзiмi қолданылады.
Іс материалдарынан ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезеңде жылжымайтын мүлік сатып алғанын түсінуге болады. 2019 жылы неке бұзылған, ал жауапкерден ақша сомасын өндіріп алу арқылы ортақ мүліктегі үлесті бөліп шығару туралы талап қою сотқа 2023 жылы берілген. Сот Кодекстің 37-бабы 6-тармағының нормасын негізге алып, атап айтқанда талап қоюдың ескіру мерзімінің – неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған кезден бастап 3 жыл өтуіне байланысты талап қоюды қанағаттандырудан бас тартқан.
Өтініш субъектісінің пікірінше, Кодекстің көрсетілген ережесі некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңде заңды негіздерде сатып алынған мүлкіне билік ету құқығына нұқсан келтіреді.
Өтініш субъектісі көрсеткен Кодекс нормасының конституциялылығын тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.
1. Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады. Меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі. Соттың шешімінсіз ешкімді де өз мүлкінен айыруға болмайды (26-баптың 1, 2 және 3-тармақтары).
Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының (Конституцияның 13-бабының 2-тармағы), оның ішінде меншік құқығының сот арқылы қорғалуына да құқығы бар.
Меншік міндет жүктейді, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игілігіне де қызмет етуге тиіс. Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің өз құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен шектері, оларды қорғау кепілдіктері заңмен белгіленеді (Конституцияның 6-бабының 2-тармағы).
Конституциялық Сот меншік құқығымен байланысты қатынастарды өз бетінше регламенттеуге болмайтынын, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең (Конституцияның 14-бабының 1-тармағы) дегенді қоса алғанда, құқықтық мемлекет қағидаттарына негізделуге тиіс екенін атап көрсетеді. Меншік құқығына, адамның кейбір басқа құқықтарына сияқты, Конституциямен және халықаралық құқық нормаларымен кепілдік беріледі.
Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының (Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1948 жылғы 10 желтоқсандағы 217 А (III) резолюциясымен қабылданған) 8 және 17-баптарында әр адамның мүлікті жеке өзі, сондай-ақ басқалармен бірлесіп иелену құқығы, өзіне конституциямен немесе заңмен берілген негізгі құқықтары бұзылған жағдайда, құқықтарын құзыретті ұлттық соттар арқылы тиімді түрде қалпына келтіру құқығы бекітілген.
2. Ерлi-зайыптылардың некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезде жинаған мүлкi, егер бұл мүлiк ерлi-зайыптылардың үлестiк меншiгi болатыны не олардың біреуіне тиесiлi немесе ерлi-зайыптылардың әрқайсысына тиiстi бөлiктерде меншiк құқығында тиесiлi екенi олардың арасындағы шартта көзделмесе, олардың бiрлескен меншiгi болып табылады (1994 жылғы 27 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (Жалпы бөлім) (бұдан әрі – АК) 223-бабының 1-тармағы).
Бірлескен меншік режимі некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезде жинаған, сондай-ақ осындай деп танылған (Кодекстің 33-бабының 1-тармағы және 36-бабы) кез келген жылжымалы және жылжымайтын мүлікке қолданылады, бұл АК-нің 115, 116-баптарына және 191-бабының 2-тармағына сәйкес, ерлі-зайыптылардың қайсысының атына сатып алынғанына не ерлі-зайыптылардың қайсысы ақша салғанына қарамастан, азаматтардың меншік құқығының объектісі болуы мүмкін. Бұл ерлі-зайыптылардың ортақ мүлікті иеленуге, пайдалануға және оған билік етуге тең құқығы бар, оларға билік ету олардың өзара келісімі бойынша ғана мүмкін болады дегенді білдіреді (Кодекстің 34-бабы).
Ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiн бөлу ерлi-зайыптылардың кез келгенiнiң талап етуі бойынша некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңінде де, ол бұзылғаннан кейiн де жүргiзiлуi мүмкiн (Кодекстің 37-бабының 1-тармағы). Сот ерлi-зайыптылардың ортақ мүлкiндегi олардың үлестерiнiң теңдiгi негiзiн ескермеуге құқылы болатын жағдайларды қоспағанда, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, ерлi-зайыптылардың әрқайсысының үлесi тең деп танылады (Кодекстің 38-бабының 1 және 2-тармақтары).
3. Кодекстің 8-бабының 1-тармағында бұзылған құқықты қорғау мерзімі Кодексте белгіленген жағдайларды қоспағанда, талап қоюдың ескіруі неке-отбасы (ерлі-зайыптылық-отбасы) қатынастарынан туындайтын талаптарға қолданылмайды деп бекітілген. Мұндай жағдай деп Кодекс ерлі-зайыптылардың некесі (ерлі-зайыптылығы) бұзылған кезде ортақ бірлескен мүлікті бөлу туралы талаптарына талап қоюдың ескіруінің үш жылдық мерзiмiн қолдануды таниды. Көрсетілген мерзім ерлі-зайыптылардың некесі (ерлі-зайыптылығы) бұзылған кезден басталады.
Талап қоюдың ескiруi адамның құқығының немесе заңмен қорғалатын мүдденiң бұзылуынан туындайтын талап қою талабының қанағаттандырылуы мүмкiн болатын уақыт кезеңiн білдіреді (АК-нің 177-бабының 1-тармағы). Тиісінше, талап қоюдың ескіру мерзімін қолдану талап қоюшы мен жауапкер арасында құқық туралы, тараптар өз бетінше шеше алмаған және оны соттың қарауына берген дау туындаған кезде ғана көзделеді. Даудың орын алмауы талап қоюдың ескіру мерзімін қолдану мүмкіндігінің болмауын да білдіреді.
4. Неке (ерлі-зайыптылық) мемлекеттің конституциялық қорғауының ерекше объектісі ретінде (Конституцияның 27-бабының 1-тармағы) ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және жеке мүліктік емес құқықтар мен міндеттерді туғызатын отбасын құру мақсатында заңда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімімен жасалған еркек пен әйел арасындағы тең құқықты одақ болып табылады.
Қазақстан Республикасының неке-отбасы заңнамасы отбасындағы ерлі-зайыптылар құқықтарының теңдігі; отбасының ісіне кімнің болса да өз бетінше араласуына жол берілмеушілік; отбасы ішіндегі мәселелерді өзара келісім арқылы шешу қағидаттарына негізделеді (Кодекстің 2-бабы).
Заң шығарушы осы қағидаттарды негізге ала отырып, егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше белгіленбесе, азаматтар неке-отбасы (ерлі-зайыптылық-отбасы) қатынастарынан туындайтын өздеріне тиесілі құқықтарды, оның ішінде осы құқықтарды қорғауға арналған құқықты өз қалауы бойынша пайдаланады (Кодекстің 6-бабы) деп белгілейді.
Аталған норманы сөзбе-сөз түсіну, Конституциялық Соттың пікірінше, азаматқа тиесілі құқықтарды пайдалану немесе оларды пайдаланудан бас тарту азаматтың өзінің ерік білдіруіне ғана негізделетінін және басқа адамдарға, сондай-ақ мемлекетке байланысты емес екенін білдіреді. Заң шығарушы бұл тәсілді ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлуді құқықтық реттеу кезінде де қолданады, бұл ерлі-зайыптылардың кез келгенінің талап етуі бойынша некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңінде де, ол бұзылғаннан кейін де жүргiзiлуi мүмкiн.
Заң шығарушы ортақ мүлікті бөлу жүргізілуге тиіс мерзімді белгілемейді, оны ерлі-зайыптылардың қалауына қалдырады, бұл отбасының ісіне кімнің болса да өз бетінше араласуына жол берілмеушілік қағидаттарына сәйкес келеді. Ортақ мүлікті бөлу процесі ерлі-зайыптылардың еркіне байланысты әр түрлі уақытта болуы мүмкін және келісімге қол жеткізумен, мүлікті бөлу туралы дауды медиация арқылы не сот тәртібінде шешумен аяқталуы мүмкін. Бұл ретте ерлі-зайыптылар арасында мүлікті бөлу туралы даудың туындау кезін қалай да бір алдын ала айқындау мүмкін емес.
5. Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу кезінде адамның құқығының немесе заңмен қорғалатын мүдденің бұзылуынан туындаған даудың орын алуы талап қоюдың ескіру мерзімін адам өз құқығын мәжбүрлеп жүзеге асыруды және қорғауды талап ете алатын азаматтық құқықтарды қорғау кезеңі ретінде енгізуді көздейді.
Заң шығарушының неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған кезден бастап ортақ мүлікті бөлу туралы талаптар бойынша талап қоюдың ескіруінің үш жылдық мерзiмiн белгілеуі некенің (ерлі-зайыптылықтың) бұзылу фактісін құқық бұзушылыққа теңестіреді. Конституциялық Сот оның қолданылу салдарын негізге ала отырып, көрсетілген мерзім ерлі-зайыптылардың мүлікті бөлу мүмкіндігі жасанды түрде шектелетін құқықтық жағдай туғызады деп пайымдайды. Талап қойғанға дейiн талап қою мерзiмiнiң өтiп кетуi соттың талап қоюдан бас тарту туралы шешiм шығаруына негiз болады. Басты талап бойынша талап қою мерзiмiнiң бiтуiне байланысты қосымша талаптар бойынша да талап қою мерзiмi бiтедi (АК-нің 179-бабының 3-тармағы).
Өтініш субъектісі көрсеткен норма мазмұнынан, егер ерлі-зайыптылар неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған күннен бастап үш жыл ішінде ортақ мүлікті бөлуді жүргізбесе, онда кейіннен олардың біреуі талап қоюдың ескіру мерзімін қолдану туралы талабын мәлімдеген кезде іс жүзінде екінші тарап дауды сотта шешу құқығынан айырылады деген шығады. Бұл барлық жағдайларға, оның ішінде ерлі-зайыптылардың бірі мүлікті (тараптардың келісімі бойынша да, сот тәртібімен де) бөлгеннен кейін және неке бұзылғаннан кейін үш жыл өткен соң құқықтарының немесе заңмен қорғалатын мүдделердің бұзылу фактілері туралы білген жағдайға да қатысты.
Ерлі-зайыптылар арасындағы некенің бұзылу фактісі олардың некеде тұрғанда (ерлі-зайыпты болғанда) сатып алған мүлкіне ортақ бірлескен меншік режимін өзгертпейтінін атап өту керек.
Меншiк құқығының мерзiмi шексiз (АК-нің 188-бабының 5-тармағы). Меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі, бұл әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына конституциялық құқығымен бірге алғанда меншік иесі өзінің мүліктік құқықтарының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап барлық жағдайларда оның өз талаптарын қоюға құқығы болуға тиіс дегенді білдіреді.
Осы мағынада Кодекстің 37-бабы 6-тармағының қолданыстағы нормасы АК-нің 180-бабында белгіленген талап қоюдың ескіруінің жалпы мерзімі қолданылатын сотта өзінің мүліктік құқықтары мен мүдделерін қорғайтын басқа адамдармен салыстырғанда ортақ бірлескен мүлкін бөлу кезінде өз құқықтарын қорғайтын ерлі-зайыптыларға қатысты кемсітушілік туғызады, бұл Конституцияның 14-бабында бекітілген заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең қағидатына сәйкес келмейді. Бұзылған құқықтарды қорғау және қалпына келтіру (Конституцияның 13-бабының 2-тармағы) үшін сот төрелігіне қол жеткізуде осындай шектеуді белгілеу заңды түрде алынған кез келген мүлікті (Конституцияның 26-бабының 1 және 2-тармақтары), атап айтқанда некеде тұрғанда (ерлі-зайыпты болғанда) сатып алынған мүліктегі үлесті жеке меншікте ұстау құқығына қол сұғады.
Конституциялық Сот некесі бұзылған ерлі-зайыптылардың ортақ бірлескен меншікті бөлуді өз қалауы бойынша жүзеге асыруға құқығы бар және мерзімдері шектелмейді, ал адамның құқығының немесе заңмен қорғалатын мүдденің бұзылу салдарынан туындаған дау орын алған кезде сот АК-нің 180-бабының 1-тармағын басшылыққа ала отырып, талап қоюдың ескіру мерзімін есептейді деп санайды.
Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 55 – 58, 62-баптарын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
қаулы етеді:
1. "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 37-бабы 6-тармағының нормасы "неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған кезден бастап" деген сөздер бөлігінде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келмейді деп танылсын.
2. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
3. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты |