2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 645-бабы төртінші, бесінші және алтыншы бөліктерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2025 жылғы 29 қантардағы № 63-НҚ нормативтік қаулысы

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Е.Ә. Оңғарбаев, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі Г.К. Арыстановтың өкілі – адвокат С.М. Сарсенбаевтың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр Л.К. Мерсалимованың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің бас консультанты Б.С. Исаметовтің,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,

      Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының өкілі – бас ғылыми қызметкер, заң ғылымдарының докторы А.Н Ахпановтың,

      Парламентаризм институтының өкілі – атқарушы директор, заң ғылымдарының кандидаты А.К. Канатовтың,

      сондай-ақ сарапшы – заң ғылымдарының докторы, профессор М.Ч. Когамовтың қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында Г.К. Арыстановтың 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі – ҚПК) 645-бабы төртінші, бесінші және алтыншы бөліктерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы Қ.С. Мусинді және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп және Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқық нормаларына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) ҚПК-нің 645-бабы төртінші және алтыншы бөліктерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына (бұдан әрі – Конституция, Негізгі Заң) сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.

      Конституциялық Сотқа жүгінуге, өтініш берушінің пікірінше, Қазақстан Республикасы қылмыстық-процестік заңнамасының жетілдірілмегені негіз болып табылады, соның салдарынан төрағалық етушінің алқабилердiң қайсыбiреуiнiң сот отырысына қатысу мүмкiндiгiнiң жоқтығы анықталған жағдайда, кеңесу бөлмесiне кеткеннен кейін және кесім бойынша дауыс берілгеннен кейін алқабилерді ауыстыруға құқығы болады. Егер шығып қалған алқабиді қосалқы алқабимен ауыстыру мүмкіндігі таусылған болса, өткен сот талқылауы жарамсыз деп танылып, істің алқабиге кандидаттарды алдын ала таңдау кезеңіне қайтарылуына әкеп соғады (ҚПК-нің 645-бабы).

      Өтініш субъектісі қолданыстағы ҚПК-де кеңесу бөлмесінде алқабилерді ауыстыруға жол беретін түпкілікті кездің шегі нақты реттелмеген, бұл судьяға ауқымды дискрециялық өкілеттік береді және "Алқабилер туралы" 2006 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Алқабилер туралы заң) және ҚПК-де кепілдік берілетін алқабилер мен судья арасындағы теңдіктің бұзылуына әкеп соғады деп мәлімдейді.

      Сонымен қатар, ҚПК-де төрағалық етушінің сот қаулысында емес, сот отырысының хаттамасында ғана көрсетілетін осындай процестік шешіміне шағым жасау құқығының болмауы, өтініш субъектісінің пікірінше, өзінің сот арқылы қорғалу құқығын шектейді.

      Конституциялық Сот отырысы барысында өтініш субъектісінің өкілі дау айтылып отырған нормалар қатарына төрағалық етушіге сот талқылауының кез келген кезеңінде, оның ішінде кесім шығарылғаннан кейін кеңесу бөлмесінде де алқабиді іске қатысудан шеттетуге мүмкіндік беретін ҚПК-нің 645-бабының бесінші бөлігін қосу туралы өтінішхатын білдіріп, өтініш көлемін ұлғайтты.

      Дау айтылып отырған ҚПК нормаларының конституциялылығы мәселесін қарау кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      1. Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын, сот арқылы қорғалуды қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғау құқығына конституциялық кепілдік және қандай да бір мән-жайларға қарамастан осы құқықты шектеуге тікелей тыйым салу (Конституцияның 13-бабының 1 және 2-тармақтары, 39-бабының 3-тармағы) құқықтық мемлекетте адамның құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің маңызды құралдары болып табылады. Бұған дейін Конституциялық Сот Негізгі Заңның аталған нормаларының конституциялық-құқықтық мағынасын түсіндіре отырып, мемлекет сот арқылы қорғалу құқығын заңды, тәуелсіз, құзыретті және бейтарап сот құрамының жүзеге асыруын қамтамасыз етуге міндетті деп көрсетті (2023 жылғы 14 шілдедегі № 21-НҚ нормативтік қаулы).

      Сот арқылы қорғалу құқығын осылайша түсіну Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 1966 жылғы 16 желтоқсандағы 2200А (XXI) резолюциясымен қабылданған, 2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакті де қамтылады.

      Конституцияның 75-бабында сот төрелігін тек қана соттың сот ісін жүргізудің азаматтық, қылмыстық және заңмен белгіленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асыруы туралы түбегейлі норма қамтылады. Аталған баптың 2-тармағында заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот ісін жүргізу алқабилердің қатысуымен жүзеге асырылады деп белгіленген.

      Бұған дейін конституциялық бақылау органы азаматтардың қылмыстық істер бойынша сот төрелігін іске асыруға алқабилер ретінде қатысуының ерекше конституциялық-құқықтық маңызы бар екенін атап өткен болатын. Қылмыстық істі соттың алқабилердің қатысуымен қарау мүмкіндігі айыпталушының құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына Конституцияда бекітілген процестік кепілдіктердің қатарына жатады (Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2021 жылғы 24 қарашадағы № 2 нормативтік қаулысы).

      Алқабилер қоғамның әртүрлі әлеуметтік, мәдени және кәсіби топтарын білдіреді. Олардың сот процесіне қатысуы қылмыстық істерді тергеп-тексеру сапасын арттыруға, сот процесінің тәуелсіздігін, объективтілігі мен жарыспалылығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ қоғамның сот төрелігіне деген сенімсіздігін еңсеруге және осылайша сот билігінің нығаюына ықпал етуге мүмкіндік береді.

      2. Негізгі Заң әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу конституциялық құқығын іске асыру тәртібін бекітпейді, бұл мәселені реттеуді заң деңгейіне қалдырады.

      Конституцияның 61-бабы 3-тармағы 6) тармақшасының және 75-бабының мазмұнынан мұндай мәселелер сот жүйесінің ұйымдық-құқықтық құрылысын және сот төрелігін іске асыру рәсімдерін белгілейтін заңдармен реттелетіні шығады.

      Осылайша, алқабилердің құқықтық мәртебесi, тәуелсiздiгінің кепiлдiктерi, олардың қызметiн қамтамасыз етудiң құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негiздерi, алқабилер қатысатын істер бойынша іс жүргізудің қылмыстық-процестік нысаны, олардың әрекеттері мен шешімдерінің шарттары, негіздері, реттілігі, осындай сотта қылмыстық істі қарау қорытындыларын ресімдеу "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" 2000 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңымен (бұдан әрі – Конституциялық заң), ҚПК-мен (630666-баптар) және Алқабилер туралы заңмен реттеледі.

      Конституциялық заңның 1-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасында сот билiгi тұрақты судьялар, сондай-ақ заңда көзделген жағдайларда және тәртiппен қылмыстық сот iсiн жүргiзуге тартылған алқабилер арқылы соттарға ғана тиесiлi деп айтылады.

      Осыған байланысты ҚПК-нің 52-бабында бірінші сатыдағы соттарда қылмыстық істерді қарауды – судья жеке-дара, ал аталған бапта көрсетілген қылмыс санаттары бойынша айыпталушының өтінішхаты бойынша сот алқабилердің қатысуымен бір судья және он алқаби құрамында жүзеге асырады деп белгіленеді.

      ҚПК-де де алқабилерге қылмыстық іс-әрекеттің болғандығын, оны сотталушының жасағандығының дәлелденгенін немесе дәлелденбегенін және оған тағылған іс-әрекетті жасауда кінәлілігін анықтауға айрықша өкілеттік беріледі.

      3. Соттың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы сот билігі органдары қызметінің негізгі бастауларының бірі болып табылады. Конституция 77-бабының 1 және 2-тармақтарында судья сот төрелігін іске асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады, сот төрелігін іске асыру жөніндегі соттың қызметіне қандай да болсын араласуға жол берілмейді және ол заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғады деп жария ете отырып, бұған ерекше назар аударады.

      Конституциялық Сот өзінің нормативтік қаулыларының бірінде "мемлекет судьяға Конституцияға, заңдарға және өзінің ішкі нанымына негізделген шешімдерді еркін қабылдауына кедергі келтіретін кез келген құқыққа сыйымсыз ықпал ету мүмкіндіктеріне жол бермейтін сот төрелігін іске асыру және сот билігін ұйымдастыру жағдайларын қамтамасыз етуге міндетті" деп атап өткен болатын (2023 жылғы 6 желтоқсандағы № 36-НҚ нормативтік қаулы).

      Алқабилерге жүктелген міндеттің тиімді орындалуына ҚПК-де олардың құқықтарын, осы құқықтарды іске асыру кепілдіктерін, міндеттері мен жауапкершілігін бекіту, яғни алқабидің процестік мәртебесін айқындау ықпал етеді.

      Алқаби сотта өз мiндеттерiн жүзеге асырған кезеңде оған судьялардың тәуелсiздiгiне Конституцияның 77-бабының 1 және 2-тармақтарында, Конституциялық заңның 1, 4, 25, 26 және 28-баптарында, ҚПК-нің тиісті нормаларында, сондай-ақ Алқабилер туралы заңның 17-бабында белгіленген кепiлдiктер қолданылады.

      Атап айтқанда, сотта міндеттерін атқару кезінде алқабидің тәуелсіздігі: 1) сот төрелігін жүзеге асырудың заңда көзделген рәсімімен (ҚПК-нің 630666-баптары); 2) сот төрелігін жүзеге асыруға қатысу бойынша алқабидің қызметіне кімнің болса да араласуына жауаптылық қаупі арқылы тыйым салумен (2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 407 – 411-баптары) қамтамасыз етіледі. Бұған қоса, алқаби, оның отбасы мүшелерi және олардың мүліктері мемлекеттiң қорғауында болады. Қылмыстық процестi жүргізетін орган, егер алқабиден тиісті өтініш келіп түссе, сондай-ақ аталған адамдардың қауіпсіздігіне немесе олардың мүліктерінің сақталуына қауіп төнудің басқа да айғақтары анықталған жағдайларда, алқабидің, оның отбасы мүшелерінің қауiпсiздiгiн, оларға тиесілі мүліктердің сақталуын қамтамасыз ету бойынша қажетті шараларды қолдануға мiндеттi (ҚПК-нің 95 – 98 баптары, "Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы" 2000 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы).

      4. Алқабилер сотының бейтараптылығы алқабиге кандидаттарды іріктеудің және соттағы алқабиге кандидаттардың бірыңғай тізімінен оларды кездейсоқ таңдау арқылы алқабилер алқасын қалыптастырудың ерекше рәсімімен қамтамасыз етіледі. Осы рәсім барысында: төрағалық етушiнiң алқабиге кандидаттарды iстi қарауға қатысудан босатуы; алқабиге кандиттардың өздігінен бас тартуы және оларға прокурордың, жәбірленушінің, азаматтық талап қоюшының, азаматтық жауапкердің және олардың өкілдерінің, сотталушының және оның қорғаушысының қарсылық білдіруі туралы мәселелерді шешу; алқабиге кандидаттарға мемлекеттік айыптаушының, сондай-ақ сотталушының және (немесе) оның қорғаушысының уәжсіз қарсылық білдіруі жүзеге асырылады (ҚПК-нің 639644-баптары).

      Конституциялық Сот сот талқылауының осы кезеңінде соттың қаралатын нақты қылмыстық істің мән-жайларына объективті және бейтарап баға бере алатын және қорытынды кесімге күмәнді сейілтетін алқабилер құрамын таңдауда назарына алуға тиіс болатын көптеген факторлар бар екенін атап өтеді. Алқабиге кандидатты iстi қарауға қатысудан босату туралы мәселені объективтi түрде шешу мақсатында төрағалық етушi және тараптар алқабилердi iрiктеу кезiнде кандидаттарға алқабилер алқасын қалыптастыру үшін маңызы бар сұрақтар қоя алады. Алқабиге кандидат төрағалық етушiнің және тараптардың iстi қарауға қатысу үшiн iрiктеу кезiнде қойған сұрақтарына шынайы жауап беруге, сондай-ақ олардың талап етуі бойынша өзi туралы және iске қатысатын басқа адамдармен қарым-қатынастары туралы өзге де қажеттi ақпаратты ұсынуға тиiс (ҚПК 639-бабының төртінші және бесінші бөліктері).

      Соттың бейтараптылығын қамтамасыз ету мақсатында заңдарда (ҚПК-нің 647-бабы, Алқабилер туралы заңның 13-бабы) алқабилерге ерекше шектеулер қойылады. Оларға: 1) істi тыңдау кезiнде сот отырысының залынан кетуге; 2) iстi тыңдау кезiнде сот құрамына кiрмейтiн адамдармен төрағалық етушiнің рұқсатынсыз сөйлесуге; 3) iстi талқылау барысында мәлiметтердi сот отырысынан тыс жинауға; 4) жабық сот отырысына қатысуына байланысты өздерiне белгiлi болған мән-жайлар туралы мәлiметтердi жария етуге, сондай-ақ кеңесу бөлмесiнiң құпиясын бұзуға тыйым салынады.

      Алқабидiң өз міндеттерін орындамауы, сондай-ақ аталған шектеулердi сақтамауы заңда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

      Алқабилер міндеттерін атқаруға кірісе отырып, өз міндеттерін адал және бейтарап атқаруға, істің сотта қаралған барлық дәлелдемелерін, дәлелдерін, мән-жайларын назарға алуға, ерiктi азамат және әдiл адам ретiнде iстi өзiнiң iшкi нанымы мен ар-ожданы бойынша шешуге ант береді (ҚПК-нің 646-бабының екінші бөлігі).

      Алқабилер, жоғарыда атап өтілгендей, кеңесу құпиясын және өздерінің алдына қойылған мәселелер бойынша дауыс беру құпиясын бұзуға құқылы емес (ҚПК-нің 647-бабы төртінші бөлігінің 4) тармағы), ал олардың кеңесуі, дауыс беруі және кесім шығаруы кеңесу бөлмесінде жүзеге асырылады, оған судьяны қоспағанда, өзге адамдардың қатысуына жол берілмейді (ҚПК-нің 655-бабы).

      5. Алқабилер соты сот жүйесінің ерекше элементі болып табылады және фактінің негізгі үш мәселесі бойынша шешім қабылдайтын кәсіби судья мен алқабилер алқасынан тұрады. Сот процесінің негізгі бөлігін осы санаттағы істерді қарауға жеткілікті өкілеттігі бар кәсіби судья сот талқылауының объективтілігі мен толықтығын қамтамасыз ете отырып, кәсіби емес судьялар құрамының ықтимал біржақтылығын және алқабилердің жеке, кәсіби қасиеттерінен, олардың заңдық тұрғыда білікті еместігінен, қоғам қысымынан туындаған және сол сияқты бірқатар басқа да мән-жайлардың орын алуын тиісінше теңестіру үшін ұйымдастырады.

      Осы үшін сот әділдігі мен бейтараптылығының қосымша кепілдіктері ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуде заң шығарушы алқабиді іске қатысудан босату не шеттету және оны қосалқы алқабимен ауыстыру институттарын көздеген.

      ҚПК-нің 645-бабының үшінші бөлігіне сәйкес, егер сот талқылауы барысында, бiрақ алқабилер мен судья кесім шығару үшiн кеңесу бөлмесiне кеткенге дейiн алқабилердiң қайсыбiреуiнiң сот отырысына одан әрi қатыса алмайтыны немесе төрағалық етушiнің оны сот отырысына қатысудан шеттеткенi анықталса, онда ол қосалқы алқабилердiң тегi көрсетiлген билет жәшiктен қандай тәртiппен алынса, сол тәртiппен қосалқы алқабимен ауыстырылады. Шығып қалған алқабилердi қосалқы алқабилермен ауыстыру мүмкiндiгi таусылған жағдайда, төрағалық етушi өткен сот талқылауын жарамсыз деп жариялайды және сот талқылауын ҚПК-нің 638-бабына сәйкес алқабиге кандидаттарды алдын ала таңдау кезеңiне қайтарады.

      ҚПК-нің 645-бабының төртінші бөлігіне сәйкес, егер алқабилердiң қайсыбiреуiнiң сот отырысына қатысу мүмкiндiгiнiң жоқтығы кеңесу бөлмесiне кеткеннен кейiн анықталса, онда судья мен алқабилер сот отырысы залына кiрiп, алқабидi қосалқы алқабимен ауыстыруға және қайтадан кеңесу бөлмесiне кетуге тиiс. Егер шығып қалған алқабиді қосалқы алқабимен ауыстыру мүмкіндігі таусылған болса, төрағалық етуші өткен сот талқылауын жарамсыз деп жариялайды және сот талқылауын алқабиге кандидаттарды алдын ала таңдау кезеңіне қайтарады (бұдан әрі – алқабилер алқасының таратылуы).

      Алқаби сот отырысына одан әрi қатыса алмайтын мән-жайлар ҚПК-нің 640-бабының екінші, үшінші және бесінші бөліктерінде және 642-бабында, Алқабилер туралы заңның 10-бабының бірінші және үшінші бөліктерінде белгіленген.

      Мұндай мән-жайлар сотқа алқабилерді алдын ала іріктеу кезеңінде ғана емес, кейіннен сот талқылауы барысында да белгілі болуы мүмкін.

      Төрағалық етушінің іске қатыса алмайтын не заңда белгіленген шектеулерді бұзған алқабиді шеттету және оны қосалқы алқабимен ауыстыру өкілеттігі сотталушының құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалу конституциялық құқығын және заңды сот құрамына құқығын қамтамасыз ететін процестік тетіктің қажетті әрі маңызды элементі болып табылады. ҚПК-нің 645-бабы төртінші бөлігінің нормаларын қоса алғанда, заңның аталған ережелері тәуелсіздік пен бейтараптылық талаптарына сай келетін алқабилер алқасын қалыптастыруды мақсат етіп қояды және қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысушылардың құқықтарын бұзбайды, керісінше, оларды Конституция талаптарына сәйкес қамтамасыз етуге бағытталған.

      Сонымен бірге, қолданыстағы ҚПК-де сот талқылауы басталғаннан кейін алқабилерді ауыстыруға және алқабилер алқасының таратылуына жол бермейтін сот талқылауының нақты кезеңі туралы нормалар қамтылмайды. Конституциялық Сот бұл құқықтық олқылықтың конституциялылығына баға беруден қалыс қалады, алайда процестік құқықтың осы маңызды мәселесі бойынша өз ұстанымын білдіру қажет деп есептейді.

      ҚПК-нің 656-бабына сәйкес судья мен алқабилердің кеңесу бөлмесіндегі қызметі рет-ретімен жүретін екі кезеңнен тұрады: сұрақ парағының негізгі және қосымша сұрақтары бойынша дауыс беру және үкім шығару. Дауыс беру сот талқылауының аса маңызды элементі болып табылады, оның нәтижелері бойынша айыптау не ақтау кесімі шығарылады және бұл, сөзсіз, судьялар кеңесуінің келесі кезеңі үшін айқындаушы рөл атқарады. Дауыс беру дауыстарды санаумен, қылмыстық іс материалдарына қоса тіркелетін, алқабилер мен судьяның жауаптары бар бюллетеньдерді конвертке салып желімдеумен және сұрақ парағына судья мен алқабилердің қол қоюымен аяқталады. Аталған әрекеттер орындалғаннан кейін ғана судья мен алқабилер сот талқылауының соңғы кезеңіне – үкім шығаруға өтуге құқылы.

      Конституциялық Сот, егер алқаби сот отырысына одан әрі қатыса алмайтын мән-жайлар алқабилер алқасы мен судья кеңесу бөлмесінде сұрақ парағының негізгі және қосымша сұрақтары бойынша дауыс беруге кіріскенге дейін анықталмаса және оны ауыстыру жөнінде шаралар қабылданбаса, дауыс беру аяқталып, кесім шығарылғаннан кейін алқабиді іске қатысудан шеттету және қосалқы алқабилердің болмауы себебінен алқаның таратылуы өзінің құқықтық мәнін және қорғау функциясын жоғалтады деп пайымдайды.

      Кесім шығарылғаннан кейін алқабиді ауыстыру және осыған байланысты алқабилер алқасының таратылуы сотталушының әділ сот талқылау құқығына нұқсан келтіреді. Бұл, егер кесім ақтау кесімі болса, ерекше маңызды. Егер алқабилер алқасы кесім шығарған болса, алқабилерді ауыстыруды және осыған байланысты алқаның таратылуын қоса алғанда, кез келген араласу әділ сот талқылауының негізгі кепілдіктерінің құқықтық мәнін, шешім түпкіліктілігі мен құқықтық айқындылығы қағидатын жоққа шығарады және Конституцияның 77-бабының 2-тармағын бұзады.

      Қылмыстық-процестік заңның басқа да елеулі кемшілігі – алқабилер алқасының таратылу себебі. ҚПК-нің 644-бабының бірінші бөлігіне сәйкес сотта iстi қарайтын алқабилер алқасы негiзгi құрамдағы он және қосалқы екi алқаби санында жеребе тастау арқылы құрылады. ҚПК-нің 645-бабына сәйкес, егер қосалқы алқабилер саны алқаны қалыптастыру үшін жеткіліксіз болса, алқабилер алқасы міндетті түрде таратылады. Алқабилерді ауыстыру олардың бейтараптығы мен әділдігіне байланысты емес, объективті мән-жайлардан туындаған жағдайда алқа құрамынан екеуден көп алқабидің шығып қалуы жоғарыда аталған барлық келеңсіз салдармен оның автоматты түрде таратылуына әкеп соғады.

      Алқабилердің таратылуы және жаңа алқабилер алқасының қалыптастырылуы істі жаңа сот құрамының жаңадан қарауын білдіреді. Кез келген басқа оқиға секілді сот талқылауын да абсолютті дәлдікпен қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Жаңа алқабилер алқасының қабылдау ерекшеліктерін, өмірлік тәжірибесін, құндылық көзқарастарын ескере отырып, олардың дәлелдемелерге баға беруінде айырмашылықтар болатыны сөзсіз және бұл мән-жай қылмыстық істің нәтижесіне әсер етуі мүмкін.

      Осыған байланысты Конституциялық Сот Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасын одан әрі жетілдіру кезінде осы құқықтық ұстанымдарды ескеруді, сондай-ақ онда негізгі құрамдағы алқабилерді қосалқы алқабилермен ауыстыру қажеттігі алқабилер алқасының мәжбүрлі таратылуына алып келмейтін не мұндай тәуекелдердің орын алуын едәуір азайтатын (мүмкін қосалқы алқабилер санын ұлғайту арқылы) жағдайларды көздеуді ұсынады.

      Конституциялық Сот алқабидің белгіленген шектеулерді бұзуын заңды, тәуелсіз, құзыретті және бейтарап сот құрамы жүзеге асыратын, Конституцияда және халықаралық шарттарда кепілдік берілген сот арқылы қорғалу құқығына тікелей әсер ететін, Конституцияның 77-бабында белгіленген сот төрелігі қағидаттарын бұзушылық деп баға береді. Адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары конституциялық басымдыққа ие екенін ескере отырып, Конституциялық Сот кез келген алқаби ҚПК-нің 647-бабының төртiншi бөлiгiнде белгiленген шектеулердi сақтамаған жағдайда, iстi қараудың кез келген кезеңiнде іске одан әрi қатысудан шеттетілуі мүмкiн дегенді белгілейтін ҚПК-нің 645-бабының бесінші бөлігі Конституциялық Соттың осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдары ескеріле отырып, Конституцияға қайшы келмейді деп ойлайды.

      6. Өтініште төрағалық етушінің алқабилерді шеттету туралы шешімінің нысаны (ҚПК-нің 645-бабының алтыншы бөлігі) және мұндай шешімге дербес шағым жасау мүмкіндігі туралы мәселе қозғалады.

      ҚПК-нің 344-бабының бірінші бөлігіне сәйкес басты сот талқылауы кезiнде сот шешетiн барлық мәселелер бойынша сот қаулылар шығарады, олар сот отырысында жария етілуге жатады. Аталған баптың екінші бөлігіне сәйкес істi тоқтату, iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұру, бұлтартпау шарасын таңдау, өзгерту немесе оның күшiн жою, қарсылық білдірулер, сараптама тағайындау туралы қаулылар және жекеше қаулылар кеңесу бөлмесiнде шығарылады және жеке құжат түрiнде жазылады. Өзге қаулылар соттың қалауы бойынша не ҚПК-нің 344-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген тәртiппен не сол орнында – сот отырысы залында қаулыны сот отырысының хаттамасына енгiзе отырып шығарылады (ҚПК-нің 344-бабының үшінші бөлігі).

      Заң шығарушы ҚПК-нің 415 және 484-баптарында ереже белгілеген, оған сәйкес бұлтартпау шарасы, ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы қаулыларды қоспағанда, сот талқылауы барысында бірінші сатыдағы сот шығарған басқа шешімдердің көпшілігі апелляциялық және кассациялық шағым жасауға жатпайды және оларды жоғары тұрған сот бір мезгілде және үкімге байланысты ғана тексеруі мүмкін.

      Әрбір аралық шешімге шағым жасау процестің тұтастығын бұзып, сол бір мән-жайлардың бірнеше рет қайта қаралуына алып келер еді.

      Алқабилер алқасын қалыптастыру немесе алқабилерді ауыстыру кезінде жол берілген, сот төрелігі үкімінің қаулысына ықпал еткен немесе ықпал етуі мүмкін бұзушылықтар ҚПК-нің 433-бабына, 662-бабының екінші бөлігіне және 665-бабына сәйкес үкімге апелляциялық немесе кассациялық шағым жасау шеңберінде жоғары тұрған сот сатысы үкімінің күшін жоюға немесе оны өзгертуге негіз болып табылады.

      Аталған заң ережесі сот тәуелсіздігі конституциялық қағидатына және Негізгі Заңда белгіленген сот төрелігі қағидаттарына сәйкес келеді.

      Конституциялық Сот судьяның алқабиді іске одан әрі қатысудан босату не алқабиді жіберген бұзушылықтарына байланысты шеттету туралы қаулысының айрықша маңызы бар және оған істі мәні бойынша шешпейтін, жәй аралық шешім ретінде қарауға болмайды деп пайымдайды. Қаулының ережесінде іс бойынша қорытынды тұжырым қамтылмайды. Алайда оның салдары көптеген процестік шешімдерге қарағанда едәуір ауқымды, өйткені әділ соттың тәуелсіздік, бейтараптылық және жарыспалылық секілді кепілдіктеріне тікелей әсер етеді, сот процесінің созылуына алып келуі мүмкін болғандықтан, тараптардың, әсіресе сотталушының процестік құқықтарын қозғайды.

      Конституциялық Соттың пікірінше, алқабиді ауыстыру туралы шешім пропорционалды шара болуға, жеке құжат түрінде ресімделуге, сот бейтараптығын, тараптар теңдігін және әділ сот талқылауы құқығын қамтамасыз ету тұрғысынан уәжді және негізделген болуға тиіс. Бұл, егер алқабилердің шығып қалуы бүкіл алқабилер алқасының сөзсіз таратылуына әкеп соқса, ерекше маңызды.

      Жоғарыда атап өтілгендей, ҚПК-нің 645-бабына сәйкес, егер шығып қалған алқабиді қосалқы алқабимен ауыстыру мүмкіндігі таусылған болса, алқабилер алқасы міндетті түрде таратылады. Алқабилер алқасының таратылуына заңда басқа негіздер көзделмейді. Шығып қалған алқабилерді ауыстыру үшін қосалқы алқабилердің жеткіліксіздігінің айқын фактісіне өз бетінше шағым жасау, Конституциялық Соттың пікірінше, әркімнің сот арқылы қорғалу құқығына кепілдік беру құралы бола алмайды, өйткені бұл фактіні жоғары тұрған сот сатысы жоя алмайды.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 64-бабының 3-тармағын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 645-бабының төртінші, бесінші және алтыншы бөліктері Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының осы нормативтік қаулыда жазылған құқықтық ұстанымдарына сәйкес қылмыстық-процестік заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселесін қарау ұсынылсын.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады