Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Конституциялық Кеңестің Төрағасы Ю. А. Кимнің, Конституциялық Кеңес мүшелері Н.И. Акуевтің, Ө.Қ. Ихсановтың, В.В. Мамоновтың, С.Н. Сәбікеновтің, С.Ғ. Темірболатовтың, В.Д. Шопиннің құрамында, Қазақстан Республикасы Президентінің өкілі Н.С. Мәшімбаевтың, маман, "Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін" кафедра меңгерушісі, заң ғылымының кандидаты Т.М. Абайділденовтің қатысуымен 1997 жылғы 16-21 сәуірде ашық мәжілісте Қарағанды қаласы Ленин аудандық сотының Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 26 желтоқсандағы заң күші бар "Мемлекеттік қызметі туралы" Жарлығының 33-бабы 2-тармағының конституциялық еместігін тану туралы ұсынысын қарады.
Баяндамашы - Конституциялық Кеңестің мүшесі Н.И. Акуевтің хабарламасын, Қазақстан Республикасы Президентінің өкілі Н.С. Мәшімбаевтың, маман Т.Т. Абайділденовтің, Қазақстан Республикасы Президентінің заң шығару және сот жүйесі мәселелері жөніндегі бөлімнің меңгерушісі Б.Ә. Мұхамеджановтың сөздерін тыңдап, сондай-ақ сарапшы В.И. Макалкиннің қорытындысымен таныса келіп, Конституциялық кеңес ұйғарды:
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне Қарағанды қаласы Ленин аудандық сотының оның төрағасы Қ. Қамзабаевтың қолы қойылған Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар "Мемлекеттік қызметі туралы" Жарлығының 33-бабының 2-тармағын конституциялық еместігін тану туралы ұсынысы келіп түсті. Өтінуге Азамат С. К. Сартаевтың Қарағанды облысы әкімі аппаратының оған мемлекетті қызметші ретінде біліктілік сыныбы үшін қосымша ақы, көп жылғы еңбегі үшін үстеме қосуға байланысты заңсыз бас тартуы туралы талап арызын сотта қарау себеп болды. С.К. Сартаев Қазақстан Республикасының "Ішкі істер органдары құрамындағы басшы және қатардағы әскери қызметшілерді және олардың отбасын зейнетақымен қамтамасыз ету туралы" заңына сәйкес зейнеткер бола жүріп, Қарағанды облысының әкімшілігінде әкімнің әскери мәселелер жөніндегі көмекшісі болып істейді. Аталған заңның 57-бабына сәйкес оған басқа кіріс түрлері мен еңбек ақысынан басқа зейнетақы толық төленеді.
Қарағанды қаласының Ленин аудандық соты "Мемлекеттік қызметі туралы" Жарлықтың 33-бабының 2-тармағындағы осы Жарлық ықпалының бұрын зейнеткерлікке шыққан сондай-ақ Жарлық күшіне енген сәтте мемлекеттік қызметші қатарында тұратын зейнеткерлерге таратылмайтынын Қазақстан Республикасы Конституциясында бекітілген азаматтар құқықтарына нұқсан келтіреді деп қараған. Бұл жерде сот көзқарасын Қазақстан Республикасы Конституциясының: 14-бабы барлығының заң мен сот алдындағы теңдігі және 24бабы ешбір кемітусіз еңбегі үшін сыйақы құқығының бары туралы нормаларына сілтеме жасай отырып негіздейді.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 26 желтоқсандағы заң күші бар "Мемлекеттік қызметі туралы" Жарлығының 33-бабының 2-тармағын талдау барысында Конституциялық Кеңес оған төмендегідей жайлар тұрғысынан қарайды.
Қазақстан Республикасы Конституциясы 33-бабының 4-тармағында Республика азаматтарының мемлекеттік қызметке кіруге құқығы бар делінген. Мемлекеттік қызметкер лауазымына кандидатқа қойылатын талап тек лауазымдық міндеттің сипатына қатысты және оны заң белгілейді.
"Мемлекеттік қызмет туралы" Жарлықтың 33-бабының 2-тармағында Жарлықтың күші бұрын зейнетке шыққан адамдарға, сондай-ақ ол күшіне енген сәтте мемлекеттік қызметте жүрген зейнеткерлерге қолданылмайды деп көрсетілген.
Зейнетке бұрын шыққан адамдар мемлекеттік қызметкер болып табылмайды, себебі мұндай қызметкерлердің санаты талдау жасалып отырған Жарлықпен заңға тұңғыш рет енгізілді. Жарлық күшіне енген сәтте мемлекеттік қызметте жүрген зейнеткерлерге келетін болсақ, оның күші оларға жүрмейді, олардың қызметі Қазақстан Республикасының еңбек заңымен реттеледі.
Бұрын зейнетке шыққан адамдарға, сондай-ақ ол күшіне енген сәтте мемлекеттік қызметте жүрген зейнеткерлерге аталған Жарлық күшінің қолданылмауы азаматтардың заң алдында тең және кемсітуге (Конституцияның 14 және 24 баптары) болмайды деген принципті бұзу деп қарамау керек, себебі көрсетілген шектеу Қазақстан Республикасының Конституциясының 33-бабының 4тармағы талаптарына сай белгіленген, олар ағымдағы заңдарда нақты көрсетілетін болады. Демек, "Мемлекеттік қызмет туралы" Жарлықтың 33 бабының 2-тармағы Конституцияда бекітілген азаматтың құқығымен бостандығына нұқсан келтірмейді.
Ескерту. Дәлелдеу бөлігіне өзгеріс енгізілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2011.04.27 № 4 нормативтік қаулысымен.
Айтылғандардың негізінде және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 2-тармағын, Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық заң күші бар "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Жарлығының 33,37,38-баптарын басшылыққа ала отырып, Конституциялық Кеңес қаулы етті:
1. Қазақстан Республикасы Президентінің заң күші бар "Мемлекеттік қызмет туралы" Жарлығының 33-бабының 2-тармағы Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес деп танылсын.
2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес қаулы қабылданған күннен бастап күшіне енеді, Қазақстан Республикасының барлық аумағына бірдей жалпы міндетті болып табылады, Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық заң күші бар "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Жарлығының 38-бабының 2 және 3-тармақтарында көрсетілген жағдайларда ол түпкілікті және арыздануға жатпайды.
Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің "Қарағанды қаласындағы Ленин аудандық сотының Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық заң күші" Мемлекеттік қызметі туралы" Жарлығының 2-бабы конституциялық емес деп тану жөніндегі ұсынысы туралы" 1997 жылғы 21 сәуірдегі N 6/2 Қаулысы
ЖаңартылғанҚазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1997 жылғы 21 сәуірдегі N 6/2 қаулысы
Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз