Қазақстан Республикасы Конституциясының 51-бабы 4-тармағының "тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрған" нормасы бөлігіне ресми түсіндірме беру туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999 жылғы 18 наурыздағы N 5/2 қаулысы

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі құрамында Кеңес Төрағасы Ю.А.Ким, Кеңес мүшелері О.Қ.Ықсанов, В.В.Мамонов, С.Ғ.Темірболатов және В.Д.Шопин қатысқан, өтінім субъектісінің өкілі Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Е.Ж.Жұмабаевтың қатысуымен өзінің ашық отырысында Парламент Сенатының Төрағасы Ө.Байгелдидің Қазақстан Республикасы Конституциясының 51-бабы 4-тармағының "тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрған" нормасы бөлігіне ресми түсіндірме беру туралы өтінімін қарады.
      Баяндамашы - Конституциялық Кеңестің мүшесі В.В.Мамоновтың хабарламасын, өтінім субъектісі өкілінің сөйлеген сөзін тыңдап, сондай-ақ мамандардың қорытындысымен таныса келіп, Конституциялық Кеңес мынаны анықтады:
      1999 жылғы 25 ақпанда Қазақстан Республикасының Конституциялық кеңесіне Парламент Сенатының Төрағасы Ө.Байгелдидің Қазақстан Республикасы Конституциясының 51-бабы 4-тармағының "тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрған" нормасы бөлігіне ресми түсіндірме беру туралы өтінімі келіп түсті.
      Сенат Төрағасы Ө.Байгелди өз өтінімінде осы нормада белгіленген тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұру шарты Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының тұрғылықты жерін өзгертіп, Алматыдан Астанаға көшуіне және Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылымының өзгеруіне байланысты екіұшты ұғым туғызады деп дәлелдеген.
      Осы баптың орыс тіліндегі "постоянно проживающий" нормасы мемлекеттік тілдегі мәтіндегі "тұрақты тұрған" дегеннен басқаша ұғымды білдіреді. Осыған байланысты өтінімде мынадай сұрақтар қойылған:
      Төрт жылға сайланған, тұрғылықты жерін Алматы қаласына, одан кейін Астана қаласына ауыстырған Сенат депутаттары келесі мерзімге сайлану үшін қайтадан дауысқа түсе ала ма?
      Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымының өзгеруі нәтижесінде таратылған не қайта құрылған облыстың аумағында тұрған уақыты тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында тұрақты тұрып жатқан үш жыл мерзімге есептеле ме?
      Қазақстан Республикасы Конституциясының 51-бабы 4-тармағының "тұрақты тұрған" және "постоянно проживающий" деген мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нормасын қалай түсіну керек?
      Конституцияның 51-бабының 4-тармағы контексінде қойылған сұрақтарға түсіндірме бергенде Конституциялық Кеңес мынаны негізге алады.
      Конституцияның көрсетілген нормасы Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарға қойылатын басқа талаптармен қатар тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кем дегенде үш жыл тұрақты тұруын талап етеді.
      Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің (жалпы бөлім) 16-бабының 1-тармағына сәйкес азамат тұрақты немесе көбінесе тұратын елді мекен оның тұрғылықты жері болып табылады.
      Қандайда болмасын азаматтың Сенатқа депутат болып сайлануына байланысты оның тұрақты тұратын жері өзінен-өзі өзгермейді. Сенат депутаты Парламентте өз өкілеттіктерін жүзеге асырған кезде қызметке сайланатын, тағайындалатын басқа да адамдар сияқты өзінің тұрғылықты тұратын жерінің шегінен тысқары жерде жүргенде өзінің депутаттық өкілеттіктерін жүзеге асыратын жері бойынша уақытша тұрушы болып табылады.
      Төрт жылға сайланған Сенат депутаттарының қайтадан дауысқа түсу мүмкіндігіне келсек, не конституциялық нормалар, не Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Z952464_ конституциялық заң күші бар Жарлығы қайтадан сайлануға тиым салмайды. Сол себепті, егер депутат өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде өзінің тұрғылықты тұратын жерін өзгертпеген болса, қайтадан Сенатқа дауысқа түсуге құқылығы бар. Егер Сенат депутаттары өзінің тұрақты тұратын жерін өзгерткен жағдайда ол нақты әкімшілік-аумақтық бөліктен Сенат депутаттығына кандидат болып дауысқа түсу құқығынан айрылады, өйткені ол Республиканың тиісті аумағында тұрақты тұру туралы жоғарыда көрсетілген талапқа сәйкес келмейтін болады.
      Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бөлігінің атауының өзгеруі, таратылуы не қайта құрылуы тұрақты тұратын жердің өзгеруі ретінде қаралмайды.
      Демек, Республиканың тиісті аумағында тұрақты тұратын үш жылдық мерзімге Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымының өзгеруі нәтижесінде таратылған не қайта құрылған облыстар аумағында тұрған уақыты да есептеледі.
      Ескерту. Дәлелдеу бөлігіне өзгеріс енгізілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2011.04.27 № 4 нормативтік қаулысымен.
      Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының K951000_ 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" U952737_ конституциялық заң күші бар жарлығының 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Конституцияның 51-бабы 4-тармағының "тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрған" деген нормасы бөлігіне ресми түсіндірме беру ретінде, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі қаулы етеді:
      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 51-бабы 4-тармағын былай деп түсіну қажет:
      - төрт жылға сайланған Сенат депутаттарының, егер де олар өздерінің тұрғылықты тұратын жерін өзгертпеген болса, Сенатқа қайтадан дауысқа түсуге құқығы бар;
      - Сенат депутаттығына кандидатқа қойылатын мемлекеттік тілдегі "тұрақты тұрған" және орыс тіліндегі "постоянно проживающий" деген конституциялық талапты Республиканың тиісті аумағында оны депутаттыққа кандидат етіп тіркеген сәтте тұрақты тұрып жатқан деп түсіну қажет.
      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Конституциялық Кеңесінің 2011.04.27 № 4 нормативтік қаулысымен.
      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабы 3-тармағына K951000_ сәйкес қаулы қабылданған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" U952737_ конституциялық заң күші бар Жарлығының 38-бабы 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларды ескере отырып, шағымдануға жатпайды.

     Қазақстан Республикасы
     Конституциялық Кеңесінің
     Төрағасы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады