Қазақстан Республикасы Конституциясы 13-бабының 2-тармағына, 14-бабының 1-тармағына, 76-бабының 2-тармағына ресми түсіндірме беру туралы

Жаңа

ҚАУЛЫ Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі 1999 жылғы 29 наурыз N 7/2.

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі құрамында Кеңес Төрағасы Ю.А. Ким, Кеңес мүшелері Н.І. Өкеев, Ж.Д. Бұсырманов, О.Қ. Ықсанов, В.В. Мамонов, С.Ғ. Темірболатов, В.Д. Шопин қатысқан, өтінім субъектісінің өкілі - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Заңдар және сот жүйесі мәселелері жөніндегі бөлім меңгерушісі Т.С. Донақовтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Конституциясы 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы және Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығы 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасы негізінде өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Конституциясы 13-бабының 2-тармағына, 14-бабының 1-тармағына, 76-бабының 2-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтінімін қарады.

      Баяндамашы - Конституциялық Кеңестің мүшесі В.Д. Шопиннің хабарламасын, конституциялық іс жүргізуге қатысушы - Қазақстан Республикасы Президентінің өкілі Т.С. Донақовтың сөйлеген сөзін тыңдап, конституциялық өндіріс материалдарын зерделей келіп, Конституциялық Кеңес мынаны анықтады:

      1999 жылғы 4 наурызда Конституциялық Кеңеске Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Конституциясы 13-бабының 2-тармағына, 14-бабының 1-тармағына, 76-бабының 2-тармағына ресми түсіндірме беру туралы өтінімі келіп түсті. Өтінімде осы көрсетілген конституциялық нормалар бойынша қызметінен босатылған Қазақстан Республикасының судьялары оларды атқарып отырған қызметінен босату туралы тиісінше Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтарына және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қаулыларына сотқа шағынуға құқығы бар ма деген мәселе қойылған.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының нормаларын, қаралып отырған өтінім бойынша материалдарды зерделеп, Қазақстан Республикасы Президентінің өкілінің сөйлеген сөзін тыңдай келіп, Конституциялық Кеңес мынаны негізге алады.

      "Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар" деген Қазақстан Республикасы Конституциясы 13-бабы 2-тармағының нормасы кез келген адамның және азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қорғау және қалпына келтіру үшін сотқа шағынуға құқығы бар екенін білдіреді. Бұл құқықты пайдалану заңмен белгіленген негізде және тәртіппен жүзеге асырылады. Судьяларды қызметіне тағайындауды және сайлауды Республика Конституциясы 82-бабында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Президенті мен Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты жүзеге асырады. Республика Конституциясы 79-бабының 1-тармағына сәйкес судьялардың өкілеттігі тек заңда белгіленген негіздер бойынша ғана тоқтатылуы мүмкін. Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасындағы соттар және судьялардың мәртебесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығы 47-бабының 2-тармағында судьяларды қызметінен босатудың ерекше тәртібі анықталып, судьяларды қызметінен босату туралы мәселелерді тиісінше Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесі мен Әділет біліктілік алқасының қарауы көзделген, олардың ұсынысы негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынымы бойынша Парламент Сенаты және Әділет министрінің ұсынымы бойынша Республика Президенті тиісінше қаулылар мен шешімдер қабылдайды. Қазақстан Республикасы Президентінің аталған Жарлығы сондай-ақ шағым берудің ерекше тәртібін белгілейді: егерде судья мен Әділет біліктілік алқасының шешімімен келіспесе, ол Жоғары Сот Кеңесіне арыздана алады.

      Қазақстан Республикасы Президентінің - мемлекет басшысының, сондай-ақ Сенаттың - Республиканың жоғары өкілді органы болып табылатын Қазақстан Республикасы Парламентінің екі палатасының бірі есебінде ерекше конституциялық мәртебесіне байланысты Қазақстан Республикасы Конституциясында олардың актілерін бұзу туралы нормалар жоқ, ал Үкіметтің, министрліктердің, Республиканың басқа да орталық және жергілікті атқарушы органдарының, сондай-ақ жергілікті өкілді органдардың (44-баптың 3)-тармақшасы, 66-баптың 7) тармақшасы, 88-баптың 3 және 4-тармақтары) актілеріне қатысты бұған жол беріледі.

      Жоғарыда баяндалғандар Қазақстан Республикасы судьяларын қызметінен босатудың ерекше тәртібіне байланысты оларды қызметінен босату туралы тиісінше Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары мен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қаулыларына сотқа шағымдануға олардың қақысы жоқ екенін білдіреді.

      "Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең" деген Республика Конституциясы 14-бабының 1-тармағы адамдардың құқықтары мен міндеттерінің теңдігін, осы құқықтарды мемлекеттің тең қорғауын және әркімнің заң алдында жауапкершілігі бірдей екендігін белгілейді. Заң алдында тең болу адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға мүмкіндік беретін нақтылы шарттар мен жағдаяттардың нақ осы заңдарда анықталатынын білдіреді. Судья қызметін атқарып жүрген адамдар судьяларды тағайындау және судья қызметінен босатудың ерекше тәртібін белгілейтін заң алдында тең.

      "Сот билігі Республикасы Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының негізінде туындайтын барлық істер мен дауларға қолданылады" деген Қазақстан Республикасы Конституциясы 76-бабы 2-тармағының нормасын Республикада сот әділдігін сот ісін жүргізудің заң белгілеген нысаны арқылы тек сот жүзеге асырады деп түсіну қажет. Заң негізінде адамның және азаматтың кейбір конституциялық құқықтарын шектеуге жол беретін шешімдер, үкімдер және өзге де қаулылар қабылдауға, лауазымды адамдардың заңсыз іс-әрекеттеріне жасалған шағымдарды қарауға, мемлекеттік органдардың Конституция мен Республика заңдарына қайшы келетін заңсыз актілерін бұзуға сотқа құқық берілген. Алайда, Қазақстан Республикасы Конституциясы 47-бабының 2-тармағына сәйкес өз міндеттерін орындау кезіндегі Президенттің іс-әрекеттері сот қарайтын нысана бола алмайды.

      Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясы 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығының 33, 37, 38-баптарын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасы Конституциясы 13-бабының 2-тармағына, 14-бабының 1-тармағына, 76-бабының 2-тармағына ресми түсіндірме беру ретінде Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі қаулы етеді:

      1. Өтінім мәселесіне қолданыста Қазақстан Республикасы Конституциясы 13-бабының 2-тармағын Қазақстан Республикасы судьяларын сайлаудың, тағайындаудың және қызметінен босатудың ерекше конституциялық тәртібіне байланысты оларды судья қызметінен босату туралы тиісінше Қазақстан Республикасы Президентінің жарлықтары мен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қаулыларына сотқа шағымдануға олардың қақысы жоқ деп түсіну қажет.

      2. Осы өтінімге қолданыста Қазақстан Республикасы Конституциясы 14-бабының 1-тармағын судья қызметін атқарып жүрген адамдар судьяларды сайлау, тағайындау және оларды судья қызметінен босатудың ерекше тәртібін белгілейтін заң алдында тең деп түсіну қажет.

      3. Қазақстан Республикасы Конституциясы 76-бабының 2-тармағын заң негізінде адамның және азаматтың кейбір конституциялық құқықтарын шектеуге жол беретін шешімдер, үкімдер және өзге де қаулылар қабылдауға, лауазымды адамдардың заңсыз іс-әрекеттеріне жасалған шағымдарды қарауға, мемлекеттік органдардың Конституция мен Республика заңдарына қайшы келетін заңсыз актілерін бұзуға сотқа құқық берілген деп түсіну қажет. Алайда, Қазақстан Республикасы Конституциясы 47-бабының 2-тармағына сәйкес Президенттің іс-әрекеттері сот қарайтын нысана бола алмайды.

      4. Қазақстан Республикасы Конституциясы 74-бабының 3-тармағына сәйкес осы қаулы қабылданған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығының 38-бабының 2 және 3-тармақтарында көзделген жағдайларды ескере отырып, шағымдануға жатпайды.

Қазақстан Республикасы


Конституциялық Кеңесінің


Төрағасы



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады