Қазақстан Республикасы Конституциясының 49-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің Қаулысы 1999 жылғы 14 шілде N 13/2

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Төраға Ю.А.Ким, Кеңес мүшелері Н.І.Өкеев, А.Есенжанов, А.К.Котов, В.Д.Шопин қатысқан құрамда, өтінім субъектілерінің өкілдері - Сенат депутаты С.Г.Темірболатов және Мәжіліс депутаты Н.С.Каптильдің қатысуымен ашық отырысында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісі Төрағаларының Қазақстан Республикасы Конституциясының 49-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы өтінімін қарады.
      Қолда бар материалдарды зерделей келе және баяндамашы - Конституциялық Кеңестің мүшесі В.Д.Шопиннің хабарын, өтінім субъектілері өкілдерінің сөздерін тыңдап, Конституциялық Кеңес
      мынаны анықтады:
      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне 1999 жылғы 22 маусымда Парламент Сенаты Төрағасы Ө.Байгелди мен Парламент Мәжілісі Төрағасы М.Оспановтың Қазақстан Республикасы Конституциясының 49-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы өтінімі келіп түсті. Өтінімде сондай-ақ көрсетілген норманы түсіндіруде мынадай: 1) бірінші шақырылған Парламент Мәжілісі депутаттарының төрт жылдық өкілеттік мерзімінің басталуы мен аяқталуы туралы; 2) екінші шақырылған Парламенттің бірінші сессиясын Қазақстан Республикасының Президенті Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабының 2-тармағында белгіленген мерзімде, яғни сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап отыз күннен кешіктірмей, шақыруға құқылы ма деген сұрақтарға жауаптар беру туралы өтініш орын алған.
      Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабы 2-тармағы нормасының мазмұнын талдауда Конституциялық Кеңес мынаны ескерді.
      Республика Конституциясының 49-бабының 2-тармағымен: "Парламенттің өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңадан сайланған Парламенттің бірінші сессиясы жұмысқа кіріскен кезде аяқталуы" белгіленген. Осылайша, Конституцияның 49-бабының 2-тармағы заң шығару қызметін жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкілді органы ретінде Қазақстан Республикасы Парламентінің сол мерзім ішінде Конституциямен өзіне жүктелген өкілеттіктерді орындайтын мерзімнің бастапқы және соңғы сәттерін белгілейді.
      Осы конституциялық нормаға сәйкес бірінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің өкілеттіктері оның бірінші сессиясы ашылған күннен - 1996 жылғы 30 қаңтардан басталған, ал жаңадан (екінші) шақырылған Парламенттің бірінші сессиясы жұмысының басталуымен аяқталуға тиіс. 1995 жылғы редакциядағы Қазақстан Республикасының Конституциясына және Конституциялық Кеңестің 1999 жылғы 17 наурыздағы қаулысына сай бірінші шақырылған Парламенттің өкілеттік мерзімі төрт жылдан тұрады.
      Парламенттің алқалы мемлекеттік орган ретіндегі өкілеттігі өзінің ұзақтығы жағынан өз депутаттарының өкілеттіктерімен түгелдей сәйкес келмейді, себебі Парламент Мәжілісі мен Сенаты депутаттарының өкілеттіктері "Қазақстан Республикасының Парламенті мен оның депутаттарының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 24-бабының 2-тармағына сай Орталық сайлау комиссиясы оларды Парламент депутаттары ретінде тіркеген сәттен басталады. Мәселен, 1995 жылғы 9 желтоқсанда сайланған Мәжілістің 29 депутаты 1995 жылғы 16 желтоқсанда тіркелген, қайта дауыс беруде сайланған 33 депутат 1995 жылғы 29 желтоқсанда тіркелген. Келтірілген деректер депутаттар өкілеттіктерінің бір уақытта басталмайтындығына куә болады.
      Бірінші шақырылған Парламент Мәжілісі депутаттарының және Сенат депутаттарының бір бөлігінің өкілеттіктері Республиканың өкілді органы ретінде Парламент өкілеттігімен бір уақытта - жаңадан шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталғанда аяқталады.
      Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабының 2-тармағына сәйкес Парламенттің бірінші сессиясын Қазақстан Республикасының Президенті сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап отыз күннен кешіктірмей, Парламент сессияларын өткізу үшін "Қазақстан Республикасының Парламенті мен оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңның 7-бабында белгіленген кворум болғанда шақырады.
      Конституцияның 59-бабы 2-тармағының, "Қазақстан Республикасының Парламенті мен оның депутаттарының мәртебесі туралы" Конституциялық заңның 6-бабының 2-тармағында да қайталанған нормасы императивті болып табылады, Республика Президенті Парламенттің бірінші сессиясын көрсетілген мерзімде шақыруға міндетті дегенді білдіреді.
      Республика Конституциясының 51-бабының 1-тармағы Мәжіліс депутаттарының кезектегі сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымының өкілеттік мерзімі аяқталуға кемінде екі ай қалғанда өткізілуін белгілейді. Парламент депутаттарын сайлаудың қорытындылары туралы хабарлауды "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 44-бабы 4-тармағының 1) тармақшасына сай Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап он күннен кешіктірмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялайды. Парламенттің бірінші сессиясы, Конституцияда белгіленгендей, сайлаудың қорытындылары жарияланған күннен бастап отыз күннен кешіктірілмей шақырылуға тиіс. Конституцияның және жоғарыда аталған Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының келтірілген нормаларында көрсетілген мерзімде орындалуға тиіс нұсқамалар бар.
      Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығының 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, 37-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 49-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру тәртібінде Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі
      қаулы етеді:
      1. Қазақстан Республикасы Конституциясының 49-бабының 2-тармағын Қазақстан Республикасының Парламенті заң шығару қызметін жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган ретінде оған Қазақстан Республикасының Конституциясымен жүктелген сол мерзім ішінде өкілеттіктерді орындайтын уақытқа, мерзімге шек белгілеу деп түсіну керек. Көрсетілген мерзім Парламенттің бірінші сессиясының ашылу сәтінен басталады және жаңадан шақырылған Парламенттің бірінші сессиясының жұмысы басталуымен аяқталады.
      Қазақстан Республикасы Конституциясының 59-бабының 2-тармағын Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясын Республика Президенті сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап отыз күннен кешіктірмей шақыруға тиіс деп нұсқайтын норма деп түсіну керек.
      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына

сәйкес осы қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, шағымдануға 
жатпайды. Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және 
Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген 
жағдайларды ескеріп, түпкілікті болып табылады.
     
     Қазақстан Республикасы
     Конституциялық Кеңесінің
     Төрағасы
  
     Оқығандар:
       Қобдалиева Н.
       Омарбекова А.
      
      


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады