Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 1998 жылғы 9 желтоқсанда Республика Парламенті қабылдаған "Сауда-өнеркәсіп палаталары туралы" Заңның Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінімі жөнінде

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999 жылғы 18 ақпандағы N 15/2 Қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007 жылғы 8 қарашадағы N 9 Қаулысымен

       Қаулының күші жойылды - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2007.11.08.  N 9  Қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi құрамында Кеңес төрағасы Ю.А Ким және Кеңес мүшелерi Н.И.Акуев, Ж.Д.Бұсырманов, О.Қ.Ықсанов, В.В.Мамонов, С.F.Темiрболатов, В.Д.Шопин қатысқан, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң өкiлдерi - Энергетика, индустрия және сауда министрлiгiнiң Стандарттау метрология және сертификациялау жөнiндегi комитетiнiң төрағасы М.Х.Тұрысбековтың, Әдiлет министрлiгi Заңдар департаментi директорының орынбасары М.Ж.Шаншарбаеваның, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң өкiлдерi - Сенаттың Экономика, қаржы және бюджет комитетiнiң мүшесi А.В.Гусинскийдiң, Мәжiлiстiң Экономика, қаржы және бюджет жөнiндегi комитетiнiң мүшесi В.Н.Весниннiң, Мәжiлiстiң Заңдар және сот - құқықтық реформа жөнiндегi комитетiнiң мүшесi Н.С.Каптильдiң қатысуымен Парламент қабылдаған және Республика Президентiне қол қоюға ұсынған "Сауда-өнеркәсiп палаталары туралы" Қазақстан Республикасы Заңын конституциялық емес деп тану туралы Республика Премьер-Министрiнің өтiнiмiн ашық отырысында қарады. 
      Кеңес мүшелерi С.F.Темiрболатовтың, В.Д.Шопиннiң баяндамаларын, конституциялық iс жүргiзуге қатысушылардың пiкiрлерiн тыңдап және өтiнiм бойынша қолдағы бар материалдарды зерделей келiп, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi мынаны анықтады: 
      1998 жылғы 17 желтоқсанда Республика Конституциялық Кеңесiне Республика Премьер-Министрi Н.Балғымбаевтың 1998 жылғы 9 желтоқсанда Парламент қабылдаған және 1998 жылғы 11 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президентiне қол қоюға табыс етiлген "Сауда-өнеркәсiп палаталары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының Республика Конституциясына сәйкестiгiн қарау және оны Конституцияның 3-бабының 3-тармағына және 5-бабының 2-тармағына қайшы келедi деп тану туралы өтiнiмi келiп түстi. Республика Премьер-Министрiнiң өтiнiмiнде 1993 жылғы 24 қыркүйекте ТМД қатысушы - мемлекеттерi үкiмет басшыларының Кеңесi бекiткен Тауар шығарылған елдi анықтау ережелерiнiң 10-тармағына сәйкес тауар әкелiнген елдiң кеден органына тауардың қайда өндiрiлгенiн куәландыратын тек бiр ғана құжат-тауардың қайда жасалғаны туралы сертификат ұсынылады деп көрсетілген. Тауарлардың қайда өндiрiлгенi туралы сертификаттан басқа ешқандай құжат тауар өндiрiлген елдi куәландыра алмайды. Қабылданған Заңның 9-бабының 6) тармақшасы, халықаралық практикаға сәйкес, тауардың өндірілген елiн куәландыратын құжатты - тауардың өндiрiлуi туралы сертификатты ресiмдеу құқығын бiр жақты түрде сауда - өнеркәсіп палаталарына бередi. 
      Қабылданған Заңның нормаларын зерделеп және өтiнiм бойынша қолдағы бар материалдарды зерттей келіп, Конституциялық Кеңес мынаны негiзге алады: 
      Қабылданған Заңның 1 және 4-баптары сауда-өнеркәсiп палаталарының мәртебесiн мемлекеттiк емес деп белгiлейдi. 
      Заңның 9-бабының 6) тармақшасы сауда-өнеркәсiп палаталарына "қожалық етушi субъектiлердiң өтiнiмi бойынша, халықаралық сауда практикасына сәйкес, тауарлардың шығарылған елiн куәландыруға, сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметтi жүзеге асыруға байланысты құжаттарды айғақтауға" құқық бередi. 
      Республика Конституциясының 66-бабының 5) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Yкiметi туралы" конституциялық заң күшi бар жарлығының 9-бабының 14) тармақшасына сәйкес сыртқы экономикалық саясатты жүзеге асыру және сыртқы сауданы дамыту жөнiндегі шараларды жүргiзу Үкiметтiң құзыретiне жатады. 
      Тауарлардың шығарылған елiн куәландыру және сыртқы экономикалық қызметтi жүзеге асыруға байланысты құжаттарды айғақтау Yкiметтiң және басқа да мемлекеттiк өкiлеттi органдардың аталған құзыреттi жүзеге асыруының бiр нысаны болып табылады. 
      Қазақстан Республикасы Конституциясы 3-бабының 3-тармағына сәйкес мемлекеттiң атынан Үкiмет және басқа да мемлекеттiк органдар өздерiне берiлген өкiлеттiктер шегiнде әрекет етедi. 
      Демек, "Сауда-өнеркәсiп палаталары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 6) тармақшасында мемлекеттiк емес ұйым ретiнде тауарлардың шығарылған елiн куәландыруға және сыртқы экономикалық қызметтi жүзеге асыруға байланысты құжаттарды айғақтауға сауда-өнеркәсiп палаталарына құқық берiлуiнiң көзделуi Қазақстан Республикасы Конституциясы 3-бабының 3-тармағының талаптарына қайшы келедi. 
      Баяндалғандардың негiзiнде және Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 17-бабы 2-тармағының 
1) тармақшасын және 37-бабын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi қаулы етеді: 
      1. Қазақстан Республикасы Парламентi 1998 жылғы 9 желтоқсанда қабылдаған "Сауда-өнеркәсiп палаталары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 6) тармақшасы Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабының 3-тармағына сәйкес емес деп танылсын. 
      2. Қазақстан Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 39-бабының 1-тармағына сәйкес Конституцияға сәйкес емес деп танылған заңдарға қол қойылмайды және күшiне енгiзiлмейдi. 
      3. Қазақстан Республикасы Конституциясы 74-бабының 3-тармағына сәйкес 

 

қаулы қабылданған күнiнен бастап күшiне енедi, Республиканың бүкiл 

аумағында жалпыға мiндеттi, түпкiлiктi болып табылады және Қазақстан 

Республикасы Президентiнiң "Қазақстан Республикасының Конституциялық 

Кеңесi туралы" конституциялық заң күшi бар Жарлығының 38-бабының 2 және 

3-тармақтарында көзделген жағдайларды ескере отырып, шағымдануға жатпайды.

 

     Қазақстан Республикасы 

     Конституциялық Кеңесінің 

          Төрағасы

     

     Оқыған:

        Қасымбеков Б.А.

      

      

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады