Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 7-тармағын және 53-бабының 7) тармақшасын ресми түсіндіру туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Қаулысы 1999 жылғы 27 қыркүйек N 18/2.

      Ескерту. Қаулыға өзгеріс енгізілді – ҚР Конституциялық Кеңесінің 17.04.2017 № 2 нормативтік қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Төраға Ю.А. Ким, Кеңес мүшелері Н.І. Өкеев, Ж.Д. Бұсырманов, А.Е. Есенжанов, А.К. Котов, Қ.Ә. Омарханов және В.Д. Шопин қатысқан құрамда Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы негізінде өзінің ашық отырысында Республика Үкіметінің өкілі - Әділет министрі Б.Ә. Мұхамеджановтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 7-тармағын және 53-бабының 7) тармақшасын ресми түсіндіру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашыларды - Конституциялық Кеңестің мүшелері В.Д. Шопинді, А.К. Котовты және өтініш субъектісінің өкілін тыңдап, қолда бар материалдарды зерделеп, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мынаны анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесіне 1999 жылғы 27 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 7-тармағын және 53-бабының 7) тармақшасын ресми түсіндіру туралы өтініші келіп түсті. Өтініште мынадай мәселелер қойылған еді:

      1. Парламенттің Үкімет енгізген заң жобасын қабылдамауы дегенде нені түсіну керек? Егер, заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдау немесе оны қабылдамай тастау туралы депутаттардың ұсыныстары дауыс беруде қажетті дауыс санын ала алмаса, онда ол қабылданбады деп есептеле ме?

      2. Егер Конституцияның 61-бабының 7-тармағында дауысқа салу аталған мәселе қойылған сәттен бастап қырық сегіз сағаттан кешіктірілмей жүргізілуі көзделген болса, Үкіметке сенім білдіру туралы Премьер-Министр қойған мәселені Парламенттің қарап шығуы мерзімінің шегі қандай?

      3. Конституцияның 53-бабының 7) тармақшасындағы "әр Палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен Үкіметке сенімсіздік білдіріледі" деген сөздерде не түсінік бар және егер "Парламент Сенаты депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату бөлігіндегі Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 3 және 5-тармақтарын ресми түсіндіру туралы" Конституциялық Кеңестің 1997 жылғы 16 мамырдағы N 11/2 қаулысына сәйкес олардың өкілеттігі Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістерге қатыссыз жарамды деп танылса, Сенат депутаттарының жалпы саны қалай есептеледі.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 7-тармағын түсіндіруде Конституциялық Кеңес мынаны ескерді.

      Қазақстан Республикасы Парламентінің Палаталардың бірлескен отырысында Үкімет енгізген заң жобаларын қабылдауының тәртібі Конституцияның 62-бабының 1, 5 және 7-тармақтарында белгіленген. Олар Палаталар депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады және Конституцияға қайшы келмеуге тиіс. Бұл ретте Үкімет енгізген заң жобалары бойынша Парламент Палаталарының бірлескен отырысындағы оқылымдар санын Конституция шектемейді, бірақ Парламент Палаталарының бірлескен отырысында тиісті заңдарды қабылдау немесе оларды қабылдамай тастау түрінде заң жобаларын нәтижелі талқылау қорытындысын біржақты көзде тұтады.

      "Әр Палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен" Парламент Үкіметке сенімсіздік білдіруі бөлігіндегі Конституцияның 53-бабының 7) тармақшасын Конституциялық Кеңес әр Палата депутаттарының Конституцияда белгіленген саны ғана Парламенттің өкілеттігін және оның шешімдерінің заңдылығын анықтайды деп түсінеді. Сондықтан "әр Палата депутаттарының жалпы саны" дегенде Сенат үшін санының құрамы Конституцияның 50-бабының 2-тармағында белгіленгенін түсіну керек, яғни әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Республиканың астанасынан екі адам және Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын жеті депутат. Қазіргі Сенатта, Конституцияға және "Парламент Сенаты депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату бөлігіндегі Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабының 3 және 5-тармақтарын ресми түсіндіру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1997 жылғы 16 мамырдағы N 11/2 қаулысына сай депутаттардың жалпы саны 42 (39 депутат және жойылған бес облыстан 3 депутат; жойылған облыстардан 2 депутат Конституцияның 52-бабының 5-тармағына сәйкес өз өкілеттіктерін тоқтатты.)

      Мәжіліс үшін санының құрамы Республика Конституциясының 50-бабының 3-тармағында 77 депутат деп белгіленген. 1995 жылғы желтоқсанда сайланған қазіргі Мәжіліс депутаттарының жалпы саны 1995 жылғы 30 тамыздағы редакциясындағы Республика Конституциясының 50-бабының 3-тармағына сәйкес 67 депутаттық мандаттан келіп шығып есептелуге тиіс.

      Демек, қазіргі Парламенттің Сенаты мен Мәжілісі "депутаттарының жалпы саны" деген ұғым - бұл олардың конституциялық саны - тиісінше 42 және 67.

      Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 4) тармағының 4) тармақшасын, Қазақстан Республикасы Президентінің "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" конституциялық заң күші бар Жарлығының 17-бабы 3-тармағының 1) тармақшасын, 37-бабын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 7-тармағын және 53-бабының 7) тармақшасын ресми түсіндіру ретінде, Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі қаулы етеді:

      1. Қазақстан Республикасы Парламентінің Үкімет енгізген заң жобасын қабылдамауы дегенде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 7-тармағына сәйкес, Қазақстан Республикасының Парламенті Палаталарының бірлескен отырысында дауысқа салынған заң жобасы Конституцияда көзделген әр Палата депутаттарының оны қабылдау үшін көпшілік даусын ала алмады деп түсіну керек.

      Егер дауыс бергенде депутаттардың заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдау немесе қабылдамай тастау туралы ұсыныстары қажетті дауыс санын ала алмаса, онда Қазақстан Республикасы Парламентінің шешімі заңды деп есептелмейді және Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 7-тармағына сәйкес Үкіметке сенім білдіру туралы мәселе қоюға әкеліп соқтырмайды.

      2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 7-тармағы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Үкіметке сенім білдіру бойынша дауыс беру жедел түрде, Қазақстан Республикасының Конституциясы белгілегендей сенім білдіру туралы мәселе қойылған сәттен бастап қырық сегіз сағат біткеннен кейін жүргізіледі дегенді білдіреді.

      3. Алып тасталды – ҚР Конституциялық Кеңесінің 17.04.2017 № 2 нормативтік қаулысымен.

      4. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес осы қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, шағымдануға жатпайды, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті және Қазақстан Республикасы Конституциясының 73-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларды ескеріп, түпкілікті болып табылады.

      Қазақстан Республикасы
      Конституциялық Кеңесінің
      Төрағасы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады