"Мамандандырылған ауданаралық экономикалық және әкімшілік соттарды құру туралы"

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік-құқық бөлімінің Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 9 ақпандағы N 803 Жарлығына түсініктемесі

      Мемлекет басшысы қол қойған бұл Жарлық "Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының мамандандырылған (әскери, экономикалық, әкімшілік және басқа) соттарды құру мүмкіндігі көрсетілген 3-бабына сәйкес талдап жасалды. 
      Экономикалық соттарды құру қажеттігі Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қарашадағы "Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі екінші мәжілісінің кеңестері мен ұсыныстарын орындау жөніндегі шаралар туралы" N 95 Өкімінде көрсетілген еді. Осыған орай Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 16 қаңтардағы N 535 Жарлығымен байқап көру ретінде Алматы және Қарағанды қалаларында ауданаралық мамандандырылған эконмикалық соттар құрылған болатын. 
      2001 жылғы маусымда өткен Қазақстан судьяларының үшінші съезінде республика Президенті мамандандырылған соттар жүйесін - бірінші кезекте экономикалық және әкімшілік соттарды кезең-кезеңмен құру жөніндегі жұмысты жалғастыру міндетін қойды. 
      Байқап көру ретінде құрылған экономикалық соттардың 2001 жылғы қызметін талдау республиканың барлық облыстары мен Астана қаласында экономикалық соттарды құру орынды болатынын көрсетті. Қазіргі кезде экономикалық соттардың қызметін қамтамасыз ету жөніндегі тиісті құқықтық база жасалды, атап айтқанда Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізілді, онда бұл соттардың қарауына жататын істер айқындалған. 
      Азаматтық іс жүргізу кодексінің 30-бабының 1-тармағына сәйкес мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар тараптары кәсіпкерлік қызметті заңды тұлға құрмастан жүзеге асыратын азаматтар, аталған кодекстің 28, 29-баптарына сәйкес облыстық және соған теңестірілген соттар мен Жоғарғы Сот қарауға жататын істерден басқа жағдайда заңды тұлғалар болып табылатын мүліктік және мүліктік емес даулар бойынша азаматтық істерді қарайды. 
      Сонымен бірге осы Жарлықпен байқап көру ретінде Астана және Алматы қалаларында мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар құрылып отыр. Мамандандырылған бұл соттар қарайтын істер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске және Азаматтық іс жүргізу кодексіне тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізілгеннен кейін айқындалады. Олар әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың шешімдері мен іс-әрекетіне дау келтіру жөніндегі азаматтық істерді қарайтын болады деп көзделіп отыр. 
      Әкімшілік соттарды құру қажеттігі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс қабылданғаннан кейін соттардың құзырына бұрын қаралатын құқық бұзушылықтың 54 құрамының орнына 228 құрам жатқызылып, мұның өзі істердің бұл категориясының санын 422 %-ға ұлғайтуынан туындады.
      Мамандандырылған экономикалық және әкімшілік соттарды құру аудандық соттардың шектен тыс жүктемесін елеулі түрде азайтып, сот төрелігін жүзеге асыру сапасын жақсартуға, оны азаматтар үшін әлдеқайда қол жетерлік етуге мүмкіндік береді.

      Қазақстан Республикасы
      Президенті Әкімшілігінің
      Мемлекеттік-құқық бөлімі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады