2003 жылғы 15 тамызда еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаев 2003-2006 жылдарға арналған Үкімет Бағдарламасын бекіту туралы Жарлыққа қол қойды.
Осы Бағдарлама Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес әзірленді, өйткені әрбір жаңа Үкімет өз қызметінің негізгі бағыттарын нақты белгілеуі тиіс. Атап өтерлік жәйт, аталған құжатты әзірлеу Үкіметтің бұрынғы Бағдарламасы іске асырыла бастаған жағдайда жүргізілді. Сондықтан жаңа Бағдарламаны әзірлеудегі негізгі талап жүргізіліп отырған экономикалық саясаттың негізгі бағыттарын сақтау қағидасы болып табылады. Оның ішінде, бұл әлеуметтік саланы дамыту мәселелеріне қатысты болып отыр.
Үкімет Бағдарламасының мақсаты мен міндеті, оның негізгі бағыттары мен басымдығы 2030-Стратегиясын одан әрі іске асыруға, еліміз дамуының 2010 жылға дейінгі мақсатты индикаторлық Стратегиялық жоспарына қол жеткізуге, сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкімет алдына қойған маңызды проблемаларды шешуге бағытталған.
Бағдарламаның басты мақсаты мыналарды қамтамасыз ету болып табылады:
қоғамдық-саяси тұрақтылық, орнықты және үдемелі әлеуметтік-экономикалық даму негізінде барлық өңірлерде халықтың тұрмыс деңгейін көтеру;
экономикалық және экологиялық қауіпсіздікті нығайту;
жүйелік тәуекелді төмендету;
халықаралық ынтымақтастықты дамыту.
Бұдан келіп, Үкімет өзінің 2003-2006 жылдарға арналған Бағдарламасында басымдық міндеттері ретінде келесі бағыттарды анықтады:
еліміз өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы айырмашылықтарды қысқарту, кедейшілік пен жұмыссыздықты азайту;
Мемлекеттік азық-түлік бағдарламасын іске асыру және ауылда тұрмыс жағдайын сапалық жағынан жақсарту;
еліміз дамуының Индустриялық-инновациялық стратегиясын іске асыру;
қоршаған ортаның сапалы тұрақтылығы;
ғылымның, білімнің, мәдениеттің және халықтың кәсіби біліктілігінің осы заманғы және тиімді жүйесін құру;
шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту;
өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту;
халықтың зейнетақымен және әлеуметтік жағынан қамтылуын одан әрі жетілдіру;
мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру;
астананың одан әрі дамуы.
Жоғарыда аталған басымдықтарды және өзге де міндеттерді іске асыру мынаны қамтамасыз етеді:
ішкі жалпы өнімнің 7-7,5%, оның ішінде өнеркәсіп өндірісі бойынша 9-9,5% орташа жылдық нақты өсімі;
халықтың жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім деңгейін 2006 жылы 2600 АҚШ долларына баламалы сомаға жеткізу;
орташа жылдық инфляцияның деңгейі 4,5-5,5%;
аралық ең төменгі деңгейден төмен табысы бар халықтың үлесін 20 %-ға дейін азайту.
Тұтастай алғанда Үкімет Бағдарламасында белгіленген шараларды орындау еліміз дамуының жоғарырақ деңгейіне қол жеткізуге бағытталған әлеуметтік-экономикалық процестерге үдемелі де мақсатты сипат береді.
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің Кеңсесі