"Қазақстан Республикасында өлім жазасын мораторий енгізу туралы" Жарлыққа Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік-құқық бөлімінің түсіндірмесі

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Мемлекеттік-құқық бөлімінің 2003 жылғы 17 желтоқсандағы N 1251 Жарлығына түсіндірме

      Мемлекет басшысының "Қазақстан Республикасында өлім жазасына мораторий енгізу туралы" Жарлығы қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру туралы Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасының қағидаларын іске асыруға бағытталған және өлім жазасын қолдануды шектеу жөніндегі бағдарламалық құжаттармен бекітілген бағыттың заңды жалғасы болып табылады. Республика Президенті 1994 жылғы наурызда бекіткен Құқықтық реформа бағдарламасының өзінде-ақ өлім жазасын кезең-кезеңмен жоюдың перспективасы нақты белгіленген болатын. Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында-ақ ұрлық, жалған ақша жасаушылық, валюталық операциялар туралы ережелерді бұзушылық, қарақшылық, түзеу мекемелерінің жұмысына іріткі салатын әрекеттер, зорлау мен пара алу үшін өлім жазасы заң жүзінде жойылды. Келесі қадам 1998 жылғы 1 қаңтарда жаңа Қылмыстық кодекстің қолданысқа енгізілуі болды, онда өлім жазасы бейбіт кезде іс жүзінде ауырлататын мән-жайларда қасақана кісі өлтіргені үшін ғана сақталды. Бұдан басқа, Кодекс әйелдерге, 18 жасқа дейін қылмыс жасаған, сондай-ақ үкім шығарылған кезде 65 жасқа жеткен адамдарға өлім жазасын тағайындауға тыйым салды. Өлім жазасын айыптыға тек барлық судьялардың бірауыздан шығарған шешімі бойынша тағайындау, ал үкімді ол күшіне енген сәттен бастап бір жылдан кейін ғана орындау туралы ережелер заң жүзінде бекітілді. Сонымен бір мезетте қасақана кісі өлтіргені үшін 15 жылдан 20 жылға дейін, ал қылмыстардың жиынтығы бойынша 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы жазаның ең көп мерзімі заң жүзінде ұлғайтылды. Нәтижесінде соттар шығарған өлімге кесу үкімдерінің саны бірнеше есе кеміді, мұның өзі аса ауыр қылмыстардың өсуіне әкелген жоқ. Әрі-беріден соң, қасақана кісі өлтіру саны тіпті азая түсті. Мұның өзі өлім жазасының болуы немесе болмауы қылмыстылықтың серпініне айтарлықтай әсер ете қоймайтынын сенімді түрде дәлелдейді. Жазаның қатаңдығының өзі-ақ адамды қылмыс жасаудан тартындыра алады дегенде иек арту әрдайым орынды бола бермейді, өйткені қылмыскер, әдетте, жауаптылықтан құтылатынына сенімді.
      Көптеген әлеуметтік сауалдамалар біздің ел халқының басым көпшілігінің өлім жазасын толық жоюға әлі ертерек деп санайтындығын куаттады. Қоғамның пікірін ескермеуге болмайды, сондықтан жазаның ең ауыр түрін қолдануды одан әрі шектеуге кезекті қадам ретінде өлім жазасын орындауға мораторий таңдап алынды.
      Жарлық соттар шығарған өлім жазасы туралы үкімдердің орындалуын тоқтата тұруды көздейді және Жарлықты іске асыруға бағытталған әрі 2004 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа жаза - өлім жазасына нақты балама болып табылатын өмір бойына бас бостандығынан айыруды қолданысқа енгізу туралы заң жобасын Парламентке енгізу жөніндегі Үкіметке тапсырманы қамтиды. Бұл орайда өлім жазасының өзі қылмыстық жаза түрі ретінде жойылмайды, тек соттар шығарып қойған өлімге кесу үкімдерін орындау тоқтатыла тұрады. Мораторийдің мерзімдік шегі жоқ, бірақ қажетті жағдайда оның күші жойылуы мүмкін.
      Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тиісті мемлекеттік органдар мораторийдің қолданылуымен байланысты елдегі қылмыстық ахуалға ұдайы мониторингті жүзеге асырып отыратын болады және де, оның нәтижесіне қарай болашақта өлім жазасын толық жою мүмкіндігі туралы мәселе шешілетін болмақ.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады