Қазақстан Республикасының аумағындағы уақытты есептеу үрдісін реттеу мақсатында Үкімет "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы қарашаның 23-індегі N 1749 және 2004 жылғы шілденің 20-сындағы N 775 қаулыларына өзгертулер енгізу туралы" N 1059 қаулысын қабылдады.
Бұл қаулыны қабылдауға, республика аумағының 3 сағат белдеуінде жатуы және қолданыстағы уақыт айырмашылықтары Қазақстанның әр өңіріндегі әкімшілік жұмыстарды үйлестіруге қиындық келтіретіндігі себеп болып отыр.
Бұған дейін де осы мәселені шешу аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі 2004 жылғы шілденің 20-сындағы N 775 қаулысымен, әкімшілік-аумақтық құрылымға сәйкес, Ақтөбе облысы мен Қостанай, Қарағанды, Қызылорда облыстары арасынан өтетін Қазақстан Республикасының сағаттық белдеулер шекарасын белгілеген болатын.
Бұл шекараларды 2004 жылы "қысқы" уақытқа ауысу кезінде - Қостанай және Қызылорда облыстары үшін, 2005 жылы "жазғы" уақытқа ауысу кезінде - Ақтөбе облысы үшін белгілеу жоспарланған еді. Алайда, екі уақыт белдеуі арасындағы сағат айырмашылығы 2 сағатты құраған болар еді.
Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Үкіметі қолданыстағы сағат белдеулерінің шекарасын белгіледі, бірақ, енді уақыт айырмашылығы 1 сағатты құрайтын болады. Сонымен декретті уақыт республиканың бүкіл аумағында белгіленеді. Белдеу шекаралары бұған дейін жоспарланғандай, екі кезеңде емес, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстары үшін "қысқы" уақытқа ауысуды бір мезгілде тоқтату жолымен жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Индустрия және
сауда министрлігінің Стандарттау, метрология
және сертификаттау комитеті