Мемлекет басшысы өз Жарлығымен Қазақстан Республикасында ювенальды әділет жүйесін дамытудың 2009-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын мақұлдады.
Ювенальды әділет жүйесін дамыту мемлекеттің әлеуметтік-құқықтық саясатының басым бағыттарының бірі болып табылады.
Тұжырымдаманы қабылдаудың өзектілігі қылмыстық сот төрелігі жүйесінде жасөспірімдермен жұмыстың әдістерін өзгертудің, қылмыстық және азаматтық процесс шеңберінде тәжірибеде кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін көптеп сақтаудың қажеттігінен туындап отыр.
Тұжырымдамада Қазақстанда кәмелетке толмағандарға қатысты сот төрелігін жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде оның тиімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік беретін ювенальды әділет элементтерін кезең-кезеңмен енгізу және дамыту көзделген. Бұл әділет, ішкі істер, білім беру және ғылым органдарында, соттарда, прокуратуралар мен адвокатурада кәмелетке толмағандармен жұмыс бойынша мамандандырылған бөлімшелер құруды қамтиды.
Бұл орайда, ювенальды әділет жүйесінің маңызды буыны құқық қорғау органдарындағы, кәмелетке толмағандардың қараусыз қалуы мен құқық бұзушылықтарының алдын алу жүйелері мекемелеріндегі, адвокатура және құқық қорғау ұйымдарындағы мамандандырылған құрылымдармен өзара тығыз әрекет ететін мамандандырылған (ювенальды) сот болуы тиіс, бұл әрі жеткіншек сот ісін жүргізу шеңберіне түспес бұрын да, сондай-ақ ұйым шығарылғаннан кейін де жүруі керек.
Кәмелетке толмағандар үшін сот төрелігінің мақсаты - баланы қоғамнан айыру емес, оның жеке басының одан әрі қылмыс құрығында болуына жол берместен әлеуметтік оңалуына жәрдемдесу.
"Қазақстандағы ювенальды әділет" жобасының аясында Алматы қаласы мен Алматы облысында тәжірибе ретінде құрылған сот ісін жүргізуде кәмелетке толмағандарға еріп жүру жөніндегі мамандандырылған мекемелер өзінің тиімділігі мен қажеттілігін көрсетіп отыр.
Ювенальды әділет жобасының барлық қатысушыларын - судьяларды, полиция қызметкерлерін, прокурорларды, адвокаттарды жасөспірімдермен жұмыс жасайтын әлеуметтік және оқыту-тәрбиелеу қызметінің өкілдерін біріктіретін жобаның басты міндеті күнделікті қызметте баланың құқықтарын мүлтіксіз сақтау болып отыр.
Пилоттық жобаны іске асыру қылмыстық сот ісін жүргізу тәжірибесін жетілдіруге мүмкіндік берді. Тәжірибенің оң салдары кәмелетке толмағандарға қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шараларын қолданудың елеулі қысқартылып, жасөспірімді ата-аналарының, қамқоршыларының бақылауына беру секілді шараларды қолдануды көбейту бола түсті. Соттар кәмелетке толмағандарға қатысты бас бостандығынан айырумен байланысты емес балама жаза түрлерін жиі қолдана бастады.
Нәтижесінде Мемлекет басшысының 2007 жылғы 23 тамыздағы Жарлығымен Астана және Алматы қалаларында кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық істерді, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді және олардың мүдделерін қорғайтын азаматтық істерді қарауға өкілеттік берілген кәмелетке толмағандар істері бойынша мамандандырылған ауданаралық соттар құрылды.
Мамандандырылған (ювенальды) соттар қызметінің оң тәжірибесін тарату мақсатында осындай соттарды еліміздің барлық аумағында құру мәселесі пысықталуда.
Ювенальды әділет жүйесінің маңызды құрамдасы, сонымен қатар кәмелетке толмағандар мүддесіндегі өзіндік міндеттерді шешетін арнайы әлеуметтік қызметтердің іс-әрекеті болмақ.
Тұжырымдамада прокуратура органдарында кәмелетке толмағандар туралы заңнаманың қолданылуын қадағалауды ұйымдастыру бойынша мамандандырылған бөлімшелер, кәмелетке толмағандарға мемлекет кепілдік беретін білікті заң көмегін көрсететін мамандандырылған жаңа ювенальды заң консультацияларын құру, сондай-ақ қылмыстық-атқару инспекцияларында кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі маман-инспектор лауазымына енгізу көзделеді.
Тұжырымдама сондай-ақ балалардың құқығын қорғау жөніндегі өңірлік органдардың (балаларға және мүгедек балаларға арналған интернат мекемелерінің, кәмелетке толмағандарды және басқаларды уақытша оқшаулау және оңалту орталықтарының) қызметін жақсарту жөніндегі шараларды көздейді.
Ювенальды әділет жүйесін құру кәмелетке толмағандарға қатысты сот төрелігін жүзеге асырудың барлық кезеңдерінде оның сапасын арттыруға, әрбір балаға жеке көз қарасты қамтамасыз етуге, сондай-ақ пенитенциарлық жүйе мекемелеріндегі кәмелетке толмағандардың санын азайтуға ықпал етеді.
Қазақстан Республикасы
Президенті Әкімшілігінің
Мемлекеттік құқық бөлімі