"Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың 2020 жылға дейінгі болжамды схемасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 21 шілдедегі № 118 Жарлығыны түсініктеме

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы

      Бөлісу…
      Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 21 шілдедегі № 118 Жарлығымен Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың 2020 жылға дейінгі болжамды схемасы (бұдан әрі – Болжамды схема) қабылданды.
      Болжамды схема Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құрамдас құжаттарының бірі және экономика салаларын, инфрақұрылымды дамыту мен өңірлік даму мәселелері кешенді түрде қаралған Қазақстан Республикасы дамуының 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарын іске асыруының ең маңызды құралы болып табылады.
      Болжамды схеманың мақсаты еліміздің өңірлері мен экономика салаларының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану және дамыту негізінде халықтың әл-ауқатының өсуін қамтамасыз ететін жағдай жасау болып табылады.
      Айқындалған негізгі міндеттер:
      - өндірістік және еңбек ресурстарының «өсу нүктелерінде», экономикалық тұрғыдан перспективалы және тіршілікке қолайлы аудандарда аумақтық шоғырлануын ынталандыру;
      - ірі қалаларда инновациялық экономиканың негізін қалау мақсатында урбандалу мен агромерациялық процестерді ынталандыру мен реттеп-дамыту;
      - еліміздің және оның әрбір өңірінің ресурстық әлеуетін, олардың артықшылықтарын оңтайлы пайдалану;
      - еліміздің Еуразия құрлығындағы тораптық және транзиттік орналасуының артықшылықтарын іске асыру және еліміздің ішкі байланыстылығын күшейтуге бағытталған аумақтық-кеңістікте дамытудың арқаулы жүйесін құру;
      - өңірлердің республикалық, өңірлік және халықаралық еңбек бөлінісіндегі бәсекеге қабілетті экономикалық мамандануын қалыптастыру;
      - тұрғындардың мемлекет кепілдік берген әлеуметтік қызметтерге, әсіресе ауылдық жерлерде және шалғай аудандарда бірдей қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған, халықты және әлеуметтік объектілерді орналастырудың оңтайлы жүйесін қалыптастыру;
      - өндіргіш күштерді орналастыру мен халықты қоныстандыруды ұйымдастыра отырып инженерлік (көліктік, энергетикалық, сондай-ақ сумен қамтамасыз ететін) инфрақұрылым нысандарын перспективалы орналастыруды өзара ұштастыру;
      - ауыл шаруашылығын, орман шаруашылығын, тұрғын аймақтарын бөлуді ескере отырып, рекреациялық және индустриялық аймақтарды, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды ұйымдастыру мен аумақтық дамудың функционалды аймақтарының перспективалы құрамын қалыптастыру;
      - экономиканың барлық салаларында және өңірлік деңгейде мемлекеттік-жеке меншік серіктестік тетігін енгізу;
      - табиғатты ұтымды пайдалану және қоршаған ортаға экологиялық жүктемені азайту арқылы аумақтардың экологиялық жай-күйін және халықтың экологиялық қауіпсіздігін жақсарту;
      - шекара маңындағы аумақтарды дамыту және Бірыңғай экономикалық кеңістік пен Кеден одағының жұмыс істеуін ескере отырып, олардың сауда-экономикалық, көші-қон, өндірістік, ғылыми және мәдени байланыстарын күшейтуге жағдай жасау.
      Болжамды схема 4 бөлімнен тұрады.
      «І. Аумақтардың экономикалық әлеуетін талдау және бағалау» бөлімінде өңірлер әлеуметтік-экономикалық әлеуеті бойынша жіктелген, елдегі және өңірлер бөлігіндегі демографиялық даму мен урбандалу үрдістерін ескере отырып, демографиялық және еңбек әлеуетіне баға берілген, халықтың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі бағаланған.
      «ІІ. Аумақтық-кеңістікте дамытудың негізгі бағыттары» бөлімі елдің аумақтық-кеңістікте дамуының 2020 жылға дейінгі мақсаттарын, міндеттерін айқындайды, өңірлерді дамыту сценарийлері инерциялық және басқарылатын деп сипаттаған.
      Өңірлерді дамытудың негізгі стратегиялық бағыттары белгіленген:
      экономикалық даму, оның ішінде өнеркәсіп бойынша, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін қалпына келтіру және дамыту, қазіргі бар өндірістік әлеуетті қолдау, өңірлердің қажетін ескере отырып жаңа өндірістер құру;
      туристік-рекреациялық әлеуетті, көліктік-логистикалық қызметті және басқаларды дамыту;
      әлеуметтік саясат бойынша, оның ішінде еңбек нарығын дамыту, кедейлікті азайту, халықтың жұмысбастылығын қамтамасыз ету және кадр тапшылығын жою, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік қызметтер сапасын жақсарту.
      Құжаттың аясында аумақтардың экологиялық жай-күйін жақсартуға баса назар аударылған. Атмосфераға зиянды заттарды шығаруды азайту, өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды өңдеу-жаратуды жетілдіру мәселелері қарастырылған.
      «ІІІ. Қазақстан Республикасының экономика секторларын дамытудың болжамды схемасы» бөлімі индустриялық сектордың, агроөнеркәсіп кешенінің, инженерлік-көліктік инфрақұрылымның перспективалы даму схемасын айқындайды.
      «IV. Алдағы онжылдық кезеңінде Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың болжамды схемасын іске асыру мониторингінің индикаторлары» бөлімінде алдағы онжылдық кезеңінде өңірлерді дамытудың негізгі көрсеткіштері мен экономика салаларын дамытудың болжамды параметрлері тұрғысынан мониторинг жүргізу үшін индикаторлар көзделген.

      Қазақстан Республикасы
      Президенті Әкімшілігінің
      Стратегиялық әзірлемелер
      және талдау орталығы

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады