Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдамасы Қазақстан халқының әл-ауқатын, өмір сүру сапасын арттыру және елдің әлемнің неғұрлым дамыған 30 елінің қатарына кіруі арқылы қоршаған ортаға түсетін жүктеме мен табиғи ресурстардың тозуын барынша азайта отырып, жаңа тұрпаттағы экономикаға көшу мақсатында терең жүйелі жаңартулар үшін негіз қалайды.
Ел алдында тұрған «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі негізгі басым міндеттер:
1) ресурстарды (су, жер, биологиялық және басқа) пайдалану мен оларды басқару тиімділігін арттыру;
2) қолда бар инфрақұрылымды жаңғыртып, жаңаларын салу;
3) қоршаған ортаға қысымды жұмсартудың рентабельдік жолы арқылы халықтың әл-ауқаты мен қоршаған ортаның сапасын арттыру;
4) ұлттық қауіпсіздікті, соның ішінде су қауіпсіздігін арттыру болып табылады.
Осыған байланысты «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі тұжырымдама үш кезеңмен іске асырылады:
2013-2020 жж. – осы кезеңде мемлекеттің негізгі басымдығы ресурстарды пайдалануды оңтайландыру және табиғат қорғау қызметінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ «жасыл» инфрақұрылымды құру болады;
2020-2030 жж. – қалыптасқан «жасыл» инфрақұрылым базасында суды ұқыпты пайдалануға, жаңартылатын энергетика технологияларын дамытуды көтермелеп, ынталандыруға және оны кеңінен пайдалануға, сондай-ақ құрылыстарды энергия тиімділігінің жоғары стандарттарының базасында салуға бағдарланған ұлттық экономиканы жаңарту басталады;
2030-2050 жж. – ұлттық экономиканың табиғи ресурстардың жаңартылуы мен орнықтылығы қағидаттарында пайдалануды талап ететін «үшінші өнеркәсіптік төңкеріс» деп аталатын қағидаттарға көшуі.
Су ресурстарын орнықты пайдалану, орнықты және өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығын дамыту, энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, электр энергетикасын дамыту, қалдықтарды басқару жүйесі, ауаның ластануын азайту және экожүйелерді сақтап қалу және тиімді басқару бағыттары бойынша «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі іс-шаралар Тұжырымдамаға сәйкес жүзеге асырылатын болады.
«Жасыл экономикаға» көшуді іске асыру мәселелері «жасыл экономикаға» көшу мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен реттелетін болады.
Экономика секторлары бойынша Тұжырымдаманың нақты міндеттерін іске асырудың құралдары ауа сапасын жақсарту, өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқару, құрғақшылыққа, жердің тозуына қарсы күрес және топырақтың құнарлылығын арттыру, балық шаруашылығын, аквадақылдарды дамыту мен балық ресурстарын молықтыру сияқты мәселелерге жаңа екпін түсірілетін және түзетілетін «Агробизнес-2020» Қазақстан Республикасында агорөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі 2013-2020 жылдарға арналған бағдарламасы, Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, аумақтарды дамыту бағдарламалары, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары, 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» салалық бағдарламасы мен басқа да салалық бағдарламалар сияқты, Тұжырымдаманың негізгі бағыттарын енгізу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу ескерілетін қолданыстағы бағдарламалық құжаттар болып табылады.
Сонымен қатар, Су ресурстарын басқару жөніндегі 2014-2040 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама әзірлеу жоспарланып отыр.
Есептеу бойынша 2050 жылға қарай «жасыл экономика» шеңберіндегі жаңартулар жалпы ішкі өнімді 3 пайызға қосымша ұлғайтып, 500 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға, өнеркәсіп пен қызмет көрсетулердің жаңа салаларын қалыптастыруға, халық үшін сапалы өмір сүру стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы
Президенті Әкімшілігінің
Әлеуметтік-экономикалық
мониторинг бөлімі.