"Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 16 қаңтардағы № 731 Жарлығына ТҮСІНДІРМЕ

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік құқық бөлімінің Түсіндірмесі

"Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 24 тамыздағы № 858 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 16 қаңтардағы № 731 Жарлығына
ТҮСІНДІРМЕ

      2009 жылы Қазақстан Республикасының құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданды, онда 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған елдің құқықтық жүйесін дамытудың негізгі бағыттары айқындалған.

      Осы уақыт ішінде Қазақстанның орнықты дамуын қамтамасыз ететін маңызды заңнамалық актілер қабылданды.

      Мұнымен қатар, әлемдік бәсекелестіктің өсу жағдайында Мемлекет басшысы "Қазақстан-2050" Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Қазақстан халқына 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Жолдауында жария және жекеше құқық салаларында құқықтық жүйенің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру қажеттігін атап көрсеткен болатын.

      Осыған байланысты, жаңа талаптарды ескере отырып, ел Президентінің 2014 жылғы 16 қаңтардағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Құқықтық саясатының тұжырымдамасына Қазақстанның құқықтық жүйесінің дамуын айқындайтын өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

      Бұл өзгерістер мен толықтырулар Мемлекет басшысының 2014 жылғы 17 қаңтардағы "Қазақстан жолы – 2050": бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ" атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған құқық жүйесін жетілдіру жөніндегі міндеттермен бір арнаға тоғысып жатыр.

      Осылайша, Тұжырымдамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, елдегі мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көңіл аударуды күшейту мақсатында олар үшін еңбектің қауіпсіздігі мен шарттарына қатысты арнайы талаптар белгілене отырып, олардың еңбек қызметіне, ең алдымен ұлттық компаниялардың, даму институттарының қызметтеріне қатысуын құқықтық реттеу көзделген.

      Мемлекет басшысының Жолдауда қойған міндеттерін ескере отырып, Тұжырымдамада мемлекеттік және өзін-өзі басқару бастауларын тиімді бөлу үшін жергілікті маңызы бар мәселелерді шешу мен жергілікті өкілді және атқарушы органдардың өкілеттіктерін нақтылауда азаматтардың рөлін арттыру қажеттігі көрсетілген.

      Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтер көрсету стандарттары мен "e-justice" жүйесінің элементтерін әрі қарай ендіру мемлекеттік-құқықтық дамудың маңызды серпіні ретінде атап көрсетілді, олар жиынтығында мемлекеттік органдарға азаматтар мен ұйымдар өтініш бергенде қағазсыз құжат айналымға кезең-кезеңімен көшуге мүмкіндік береді.

      Құқық қорғау органдары жұмысының сапасын арттыру мақсатында осы саладағы заңнаманы жаңғырту жөнінде жүргізіліп отырған жұмысты ескере отырып, Тұжырымдамада азаматтардың құқықтарын жоғары деңгейде қорғаудағы қылмыстық саясаттың жеделдігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды іске асыру көзделген.

      Тұжырымдамаға сәйкес әкімшілік-деликтік заңнама да реформалауға ұшырайды, мұнда әкімшілік деликтер нақты айқындалатын, әкімшілік жауапкершілікке тарту рәсімдері жаңғыртылатын болады. Бұл жөнінен қазір жаңа Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің жобасы әзірленіп, Парламенттің қарауына енгізілген.

      Мемлекет басшысының Республика судьяларының ІV съезінде берген тапсырмаларын ескере отырып, азаматтық сот ісін жүргізуді жетілдіру шеңберінде Тұжырымдамада әзірленіп жатқан Азаматтық іс жүргізу кодексінің жаңа редакциясына қатысты негізгі тәсілдер айқындалуда.

      Кәсіпкерлік саласында оны құқықтық реттеудің көпжақтығы мен қолайсыздығын болдырмау мақсатында Тұжырымдамада шаруашылық саласындағы заңнаманы жетілдіру шаралары айқындалған. Осыған байланысты әзірленіп жатқан Кәсіпкерлік кодекс кәсіпкерлік қызметке мемлекеттік араласудың шектерін белгілей отырып, шаруашылық қызметті жүзеге асыруда жария және жекеше мүдделердің тепе-теңдігін қамтамасыз етудің кепілі болуы тиіс.

      Қалыптастырылатын инновациялық экономика елдің бәсекеге қабілеттілігіне және оның игілігіне тікелей ықпал ететін болады, олар зияткерлік меншікті құқықтық сақтау, қорғау және пайдалану үшін қаншалықты қолайлы жағдай жасалғанына көп байланысты болады. Сондықтан Құқықтық саясат тұжырымдамасына енгізілген түзетулерде осы салада да құқықтарды қорғауды күшейту жөнінде қосымша жүйелі шаралар кешені көзделген.

      Қолданыстағы Тұжырымдама жер қойнауын пайдалану саласындағы ұлттық заңнаманы дамытудың пайымымен де толықтырылған, ол ХХІ ғасырда ресурс сақтаушы құндылықтарға негізделген құқықтық мәдениетті қалыптастыра отырып, табиғи ресурстарға қамқорлық пен тиімді қатынасты ынталандыруға және "жасыл экономиканы" дамытуға бағытталуы тиіс.

      Қазақстан Республикасы құқықтық саясатының тұжырымдамасына қабылданған түзетулер әлемдік құқықтық кеңістікте болып жатқан қазіргі заман болмысы мен үрдістеріне жауап беретін және қазақстандық құқықтық жүйенің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін ұлттық заңнаманың келесі буынын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

      Президент Әкімшілігінің
Мемлекеттік құқық бөлімі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады