"Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдама туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 17 қаңтардағы № 732 Жарлығына ТҮСІНДІРМЕ

Жаңа

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Әлеуметтік-экономикалық мониторинг бөлімінің Түсіндірмесі

"Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдама туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 17 қаңтардағы № 732 Жарлығына
ТҮСІНДІРМЕ

      Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тұжырымдама Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы "Қазақстан-2050" Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауын және Мемлекет басшысының 2013 жылғы 10-11 қыркүйекте өткізілген Дамушы нарықтардың еуразиялық форумының қорытындылары бойынша тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленген.

      Тұжырымдама 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру мақсатында елде әлеуметтік, экономикалық және институттық ортаны біртіндеп жетілдіру үшін негіз қалайды.

      Тұжырымдама Қазақстан Республикасының ағымдағы жағдайын талдауды, ұзақ мерзімді жаһандық трендтердің, сын-қатерлер мен мүмкіндіктер сипаттамасын, елдің 2050 жылғы пайымын, стратегиялық даму бағыттарын және Тұжырымдаманы іске асыру тетіктерін қамтиды.

      Қазақстанның 2050 жылға дейін ұзақ мерзімді дамуының негізгі стратегиялық басымдықтары:

      1) адами капиталды дамыту;

      2) институттық ортаны жетілдіру;

      3) ғылымды қажетсінетін экономика салаларын дамыту;

      4) ғылымды қажетсінетін инфрақұрылымды жедел қалыптастыру;

      5) әлемдік және өңірлік экономикаға интеграцияны тереңдету болып табылады.

      Елдің адами капиталы экономиканы жаңғыртудың және ғылымды қажетсінетін даму моделін қалыптастырудың басты қозғаушы күшіне айналмақ. Халықтың жоғары табиғи өсімін қамтамасыз ететін дұрыс демографиялық ахуал Қазақстанның бәсекеге қабілетті артықшылығы болады. Қазақстан жоғары ғылыми және шығармашылық әлеуетке, жоғары білікті және кәсіби еңбек ресурстарына ие болмақ. Осының бәрі білім беру, ғылым және мәдениет салаларын, әлеуметтік қорғау жүйесін, денсаулық сақтау саласын дамыту арқылы адамның өзін-өзі көрсетуі, шығармашылық дамуы мен өнімділігі жоғары еңбек етуі үшін мүмкіндіктерді кеңейтуді көздейді.

      Қазақстанда институттық ортаны жетілдіру жеке бастаманы дамыту үшін жағдай жасауға, сыбайлас жемқорлықтың төмен деңгейін қамтамасыз етуге және экономикалық әрі саяси өзгерістердің үйлесімді қабысуына бағытталатын болады.

      Ғылымды қажетсінетін экономика құруға өндіруші және өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, көрсетілетін қызметтер аясын кеңейту, сондай-ақ өндірістің жоғары технологиялық жаңа салаларын біртіндеп дамыту арқылы қол жеткізілетін болады. Бұл ретте өңдеуші өнеркәсіпті жедел дамытуға басты назар аудару көзделуде.

      Инфрақұрылымды жаңғырту жаңа технологияларды жасау мен меңгеру саласында кәсіпкерлердің, инвесторлардың тәуекелдері мен шығындарын барынша азайтуға, сондай-ақ оны неғұрлым дамыған елдердің деңгейіне жақындата отырып, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

      Қазақстанда "жасыл экономикаға" көшу бойынша орнықты дамудың, ғылыми-зерттеу әзірлемелерінің инновациялар мен кәсіпкерлікті дамытудың орталықтарына айналатын әлемдік деңгейдегі агломерациялар қалыптастырылатын болады. Олар жоғары сапалы білім беру, ақпараттық және көлік қызметтерін ұсыну, бәсекелестікті арттыру, шетелдік инвесторлар үшін тартымды жағдай жасау есебінен адами капиталды дамытуды және тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді.

      Бүгінгі таңда дамыған елдер ашықтық пен халықаралық қатынастар жүйесіне интеграцияланудың жоғары дәрежесін көрсетіп отыр. Жаһандық бәсекелестік жағдайында Қазақстан белсенді интеграциялық саясат жүргізуі қажет. Бұл ретте оның экономикалық аспектісі халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен көші-қонды реттеу мәселелерінен бөлек қарала алмайды.

      Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі жоғарыда аталған бағыттарды іске асыру үшін елдің ұзақ мерзімді дамуының мынадай басты көрсеткіштері айқындалған.

      Есептеулер бойынша 2050 жылға қарай әлемдік экономика қалыпты өскен жағдайда Қазақстанда жан басына шаққанда ІЖӨ 12 мыңнан 60 мың АҚШ долларына дейін (сатып алу қабілетінің паритеті бойынша түзетілумен 2005 жылғы бағалармен) өседі. Бұл үшін 4,3% деңгейінде орташа жылдық өсу қарқынына қол жеткізу қажет.

      Қолайлы экономикалық конъюнктура сақталған жағдайда Қазақстанда жан басына шаққанда ІЖӨ 70 мың АҚШ долларынан асады. Бұл ретте, ІЖӨ-нің орташа жылдық өсуі 5,5%-ды құрайды.

      Экономикадағы құрылымдық өзгерістер ІЖӨ құрылымындағы мұнай емес экспорттың үлесін 32%-дан 70%-ға дейін ұлғайту үшін жағдай жасайды, бұл экономиканың шикізат тауарлары бағасының құбылуына тәуелділігін төмендетуге және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

      Елдің экономикалық дамуында шағын және орта бизнес басты рөл атқаратын болады. Инфрақұрылымды жаңғырту және адами капиталға инвестицияларды ұлғайту, бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар жасау ІЖӨ құрылымындағы ШОБ үлесін 50 %-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

      Әл-ауқаттың артуымен, саламатты өмір сүру салтын нығайтумен және медицинаны дамытумен халықтың болжалды өмір сүру ұзақтығы 2050 жылға қарай 80 жасқа дейін ұлғаяды.

      Қазақстандықтардың бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыруға білім беру жүйесіне үштілділік қағидатын енгізу ықпал етеді. 2050 жылға қарай республиканың барлық азаматтары қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеретін болады.

      Инновациялық белсенділікті арттыру мақсатында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелерге арналған ішкі шығындарды ІЖӨ-ден 0,2%-дан 3%-ға дейін ұлғайту көзделуде.

      Осы Тұжырымдаманы іске асыру қолданыстағы және жоспарланатын стратегиялық бағдарламалық құжаттар, сондай-ақ тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізуді талап ететін заңнамалық және нормативтік құқықтық актілер арқылы жүзеге асырылатын болады.

      Тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде Қазақстан әлемнің ең дамыған мемлекеттерінің 30-дығына кіреді және халқының әл-ауқат деңгейі жоғары әрі оның құрылымында орта топтың үлесі басым елге айналды.

      Қазақстан Республикасы
Президенті Әкімшілігінің
Әлеуметтік-экономикалық
мониторинг бөлімі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады